Жел 31, 2016 21:09 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 253-255 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

تِلْكَ الرُّسُلُ فَضَّلْنَا بَعْضَهُمْ عَلَى بَعْضٍ مِّنْهُم مَّن كَلَّمَ اللّهُ وَرَفَعَ بَعْضَهُمْ دَرَجَاتٍ وَآتَيْنَا عِيسَى ابْنَ مَرْيَمَ الْبَيِّنَاتِ وَأَيَّدْنَاهُ بِرُوحِ الْقُدُسِ وَلَوْ شَاء اللّهُ مَا اقْتَتَلَ الَّذِينَ مِن بَعْدِهِم مِّن بَعْدِ مَا جَاءتْهُمُ الْبَيِّنَاتُ وَلَكِنِ

اخْتَلَفُواْ فَمِنْهُم مَّنْ آمَنَ وَمِنْهُم مَّن كَفَرَ وَلَوْ شَاء اللّهُ مَا اقْتَتَلُواْ وَلَكِنَّ اللّهَ يَفْعَلُ مَا يُرِيدُ ﴿۲۵۳﴾

 

"Міне осы пайғамбарлардың кейбіреуін кейбіреулерінен жоғары қойды. Алла олардың кейбіреуімен (Мұса пайғамбармен) сөйлесті. Кейбіреуінің (Мұхаммед пайғамбардың) дәрежесін жоғарылаттық. Иса Мәриям ұлына (өліні тірілтетін, мылқауды сөйлететін, алапесті сауықтыратын) айқын мұғжизаларды бердік. Оны Рухулқудуспен (Жәбірейіл періштемен) күшейттік. Алла қаласа, олардан кейінгілер өздеріне айқын дәлелдер келгеннен кейін бірін-бірі қырғындамас еді, бірақ олар алтыбақан, алауыз болды. Олардың кейбіреуі иман келтірді, кейбіреуі қарсы шықты. Егер Алла қаласа, олар өзара соғыспас еді, бірақ Алла қалағанын істейді. (2:253)"

Осыдан бұрынғы аят Алла тағаланың хазірет Дәуітке (ғ) хикмет пен билік сыйлағанын баяндады. Бұл аят пайғамбарлар дәрежесінің айырмашылықтарына тоқталып: "Әрине барлық илаһи пайғамбарлар бір деңгейде емес. Хазірет Мұса (ғ) Алламен дәнекерсіз сөйлескендей немесе Жәбірейіл хазірет Ғайсаны (ғ) үнемі растағанындай олардың кейбіреуінің басқалардан артықшылықтары бар",-дейді. Сонан соң бұл аят халыққа қатысты тағы бір илаһи дәстүрге тоқталып: "Халық иман келтіре ме, мүшрік бола ма немесе мына пайғамбарға ере ме, әлде басқа пайғамбарға иман келтіре ме өз жолын өзі таңдауға ерікті. Әрине егер Алла қалағанда, халықтың қарама-қайшылыққа түсуіне жол бермей, оларды бір жолға салар еді. Бірақ Алланың дәстүрі бойынша халық дінді қабылдауға, не қабылдамауға ерікті",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, ерікті түрде таңдалған дін қадірлі. Сондықтан адамдардың осы саладағы қарама-қайшылықтары олардың ықтиярына байланысты табиғи іс.

Екіншіден, Алла тағала пайғамбарларды ашық дәлелдермен жіберді. Олардың шақыруын адамдар кейде өздерінің нәпсісі, ал кейде надандығы мен сауатсыздығы салдарынан қабылдамайды.

 

 

 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَنفِقُواْ مِمَّا رَزَقْنَاكُم مِّن قَبْلِ أَن يَأْتِيَ يَوْمٌ لاَّ بَيْعٌ فِيهِ وَلاَ خُلَّةٌ وَلاَ شَفَاعَةٌ وَالْكَافِرُونَ هُمُ الظَّالِمُونَ ﴿۲۵۴﴾

 

"Ей, мүміндер! Сауда-саттық, достық, жанашырлық болмайтын күн келуден бұрын өздеріңе берілген мал-мүліктен (Алла жолына) жұмсаңдар. Күпірлік етушілер – (өз басына) залымдық істеушілер. (2:254)"

Бұл аят мүміндерге: "Дүниеден өтпес бұрын қияметке өздеріңе жүк дайындаңдар. Алламен келісім жасаңдар, мал-мүліктеріңді Алла жолына жұмсаңдар. Өйткені қияметте бақытты тұрмысқа жағдай жасайтындай немесе жазаның айыппұлын төлейтіндей сауда-саттық жоқ. Оған сенетіндей ешқандай достық та, арашалайтын жанашырлық та болмайды",-деп ескертеді. Осы аяттан үйренетініміз:

Алла тағала біздің бойымызда қайырымдылық сезімін тудыру үшін бізге бірқатар ескертулер жасайды:

Қолдарыңдағы нәрселер өздеріңдікі емес, оны сендерге Біз бергенбіз.

Сендерге берілген нәрсенің барлығын емес, бір бөлігін ғана қайырымдылыққа жұмсаңдар дедік.

Бұл қайырымдылық қияметте кез-келген достан артық болады.

 

 

اللّهُ لاَ إِلَهَ إِلاَّ هُوَ الْحَيُّ الْقَيُّومُ لاَ تَأْخُذُهُ سِنَةٌ وَلاَ نَوْمٌ لَّهُ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الأَرْضِ مَن ذَا الَّذِي يَشْفَعُ عِنْدَهُ إِلاَّ بِإِذْنِهِ يَعْلَمُ مَا بَيْنَ أَيْدِيهِمْ وَمَا خَلْفَهُمْ وَلاَ يُحِيطُونَ بِشَيْءٍ مِّنْ عِلْمِهِ إِلاَّ بِمَا شَاء وَسِعَ كُرْسِيُّهُ

السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضَ وَلاَ يَؤُودُهُ حِفْظُهُمَا وَهُوَ الْعَلِيُّ الْعَظِيمُ ﴿۲۵۵﴾

 

"Бір Алладан басқа құдай жоқ; Ол мәңгі тірі әрі күллі болмыстың меңгерушісі; Ол қалғымайды, ұйықтамайды; Көк пен жердегінің баршасы Аллаға тән; Оның құзырында кім Оның рұқсатынсыз біреуге шапағат қыла алады? Алла олардың алдындағы (пәни дүниедегі) істерін де, артындағы (бақидағы) істерін де біліп тұрады. Олар Алланың (пайғамбарлар арқылы) білдірген аяттарынан басқа ешнәрсені білмейді, Алланың күрсісі (білімі) көк пен жерді түгел қамтиды. Көк пен жерді қорғау Оған ауыр келмейді, Ол бәрінен жоғары, бәрінен ұлы. (2:255)"

Аятта "Күрсі" сөзі болғандықтан "аят-ул-күрси" деп танымал осы аят заты мен сипатында Алланың бір екенін баяндайды. Барлық илаһи діндердің ең негізгі жолдауы – тәухид. Тәухид - адамды пұттар мен қолдан жасалған құдайларға құлшылық етуден құтқарушы бастама. Тәухид – азаттық пен азатшылдықтың жолы. Залым әкімдердің құлдығынан құтылып, бақыт пен шаттыққа жету. "Лә илаһа ил-лаллаһ" сөзі – дүниеге келген сәтте әр мұсылман сәбидің құлағына оқылып, оған тыныштық сыйлайтын және күнде азанның жаңғырығымен тұла бойға енетін таныс сөз. "Лә илаһа ил-лаллаһ" – яғни Одан басқа ешкім құлшылық етуге тұрмайды. Кемелдік пен сұлулықтың бастамасы Ол ғана. Оған құлшылық етіп, сүйіспеншілік білдіретіндей Одан басқа кемелдікке ие емес. Пәни болмас нағыз тіршілік Оған тән және Одан басқаның барлығы пәнилік. Тек Ол ғана ешкімге тәуелсіз және барлығы Оған мұқтаж. Ол әлсіремейді де шаршамайды және ұйықтамайды да көз ілмейді. Егер әлемді бір сәтке өз бетімен қалдырса, одан ештеңе қалмас еді. Ол -  жаратылыс иесі. Барлығы Оған тән. Біреудің мүлкі басқа біреудің мүлкіне неге табынсын? Өзіміздің Жаратушымыз бен Иемізге құлшылық етпей, басқаны неге іздейміз? Мүшріктер Алланы әлемнің Жаратушысы ретінде мойындайтын, бірақ пұттарды шапағат етуші деп санайтын. Бұл аят: "Өздеріңнің қиялды және жасанды панажайларыңды тастаңдар, өйткені Алланың рұқсатымен тек илаһи әулиелер ғана шапағат етеді",-дейді. Аяттың соңы шексіз илаһи білім мен құдіретті "билік тағы" мағынасын білдіретін "күрсі" деген сөзбен анықталған. Осылайша Алла тек әлемнің иесі ғана емес қайта барлық тіршілік иелері Оған тән және Оның билігінен ешнәрсе және ешкім тыс қалмағанын түсіндіреді. Ендеше білім мен құдіреттің және мейірімділіктің барлық кемелдігіне ие және кез-келген кемшіліктен ада Аллаға бас иейік.