Жел 31, 2016 21:43 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 219-221 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

 

يَسْأَلُونَكَ عَنِ الْخَمْرِ وَالْمَيْسِرِ قُلْ فِيهِمَا إِثْمٌ كَبِيرٌ وَمَنَافِعُ لِلنَّاسِ وَإِثْمُهُمَآ أَكْبَرُ مِن نَّفْعِهِمَا وَيَسْأَلُونَكَ مَاذَا يُنفِقُونَ قُلِ الْعَفْوَ كَذَلِكَ يُبيِّنُ اللّهُ لَكُمُ الآيَاتِ لَعَلَّكُمْ تَتَفَكَّرُونَ ﴿۲۱۹﴾فِي الدُّنْيَا وَالآخِرَةِ وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْيَتَامَى قُلْ إِصْلاَحٌ لَّهُمْ خَيْرٌ وَإِنْ تُخَالِطُوهُمْ فَإِخْوَانُكُمْ وَاللّهُ يَعْلَمُ الْمُفْسِدَ مِنَ الْمُصْلِحِ وَلَوْ شَاء اللّهُ لأعْنَتَكُمْ إِنَّ اللّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ ﴿۲۲۰﴾

 

"(Мұхаммед с.ғ.с) олар сенен арақтан, құмардан сұрайды. Оларға: "Екеуінде де зор күнә бар. Адамға пайдасы бола тұра, пайдасынан көрі күнәсі зорырақ",-де. Ал және сенен: "Алла жолында не беретіндіктерін",-сұрайды. "Артығы беріледі",-де. Алла сендер түсінер деп аяттарын өстіп баян етеді. (2:219) Дүние, ақыретте ойланыңдар.... (Мұхаммед с.ғ.с) олар сенен жетімдердің жайынан сұрайды. Оларға: "Жетімдерді түзету жақсы. Тіпті оларды қосып алсаңдар, сонда олар туыстарың (бөтендігі жоқ). Алла бұзушыны, түзеушіден айырып біледі. Алла қаласа, әлбетте сендерді зорлар еді",-де. Шын мәнінде Алла өте үстем, хикмет иесі. (2:220)"

Осы аятта мұсылмандар Пайғамбардан (с) өмірде кездесетін үш мәселе жайлы сұрайды. Ол хазірет өз ойынан емес, илаһи аян бойынша олардың жауабын береді. Исламға дейін арабтардың шарап ішу мен құмар ойнау секілді жағымсыз әдеттері болған. Сол себепті мұсылмандар Пайғамбардан (с) шарап пен құмар жөніндегі Исламның үкімін сұрайды. Пайғамбар (с) да Алланың аяны негізінде жауап қайтарып: "Жүзім өсіріп, арақ әзірлеп оны сату кейбіреулеріңе экономикалық тұрғыдан пайда бергенімен немесе құмар ойындар тараптардың біреуіне көп ақша әкелгенімен, осы екі істің жамандығы сырттай пайдасынан әлдеқайда артық. Ендеше бұл істерден бас тартыңдар",-дейді.

Мұсылмандардың келесі сұрағы өзгелерге қайырымдылық көрсету мен көмектесу жайлы болды. "Қайырымдылық ретінде не нәрсені және қандай көлемде беру керек?",-деген сұраққа, Пайғамбар (с) илаһи аян бойынша былай дейді: "Қолдарыңдағы артық нәрсені беріңдер. Өздеріңе қажетті нәрселерді жұмсамаңдар және де өзгелер мұқтаж болып қалмау үшін кедей-кепшіктерге де селқос болмаңдар. Ортаны ұстаныңдар".

Пайғамбарға (с) қойылған келесі сұрақ жетімдерді бағу жөнінде еді. Өйткені кейбір мұсылмандар жетімдердің мал-мүлкінің өздерінің мал-мүлкімен араласып кетуіне алаңдап, тіпті олардың ас ішетін ыдыс-аяқтарын бөлек ұстайтын еді. Бұл мәселе оларға түрлі қиыншылықтар тудырды. Пайғамбар (с) бұл сұраққа да илаһи аян негізінде жауап қайтара: "Маңыздысы - жетімнің істерін реттеу болып табылады және оны өзіне пайдалы түрде бағу керек. Олардың мал-мүлкі өздеріңнің мал-мүліктеріңмен араласып кетеді деген алаңдаушылықпен, жетімдерді бағуға қатысты жауапкершіліктен қашпаңдар немесе оларды жалғыз тастаушы болмаңдар. Олардың мал-мүлкін шашпасаңдар және оны теріс пайдалануды көздемесеңдер, олардың тұрмысын өз тұрмыстарыңмен араластырудың оқасы жоқ. Алла сендердің барлық амалдарыңды бақылап тұрғанын және кімнің түзету соңында екенін, ал кімнің жаман ниетте екенін танитынын біліңдер. Алла тағала сендерге жетімдердің мал-мүлкін бөлек ұстаңдар деген бұйрық беріп, сендерге міндет жүктегісі келмейді. Ендеше өздерің сақ болыңдар",-дейді.

Осы аяттардан түсінетініміз:

Біріншіден, кәсіп таңдағанда табысы мол болғанымен жанымыз бен тәнімізге зиян келтіретін іске бармайық. Шарап жасау мен сату немесе құмар ойынының табысы мол болғанымен, Құран оған тыйым салады.

Екіншіден, қоғамның қауіпсіздігі мен еркіндігін қорғауымыз керек.  Шарап ақылды әлсіретіп, оның дәрменсіздігіне себеп болатындықтан, ал құмар ойындарының экономикалық келеңсіздіктер мен қылмыстың пайда болуына  себеп болғандығынан Алла тағала оларға тыйым салды.

Үшіншіден, мал-мүлікіміздің  артығын қисынды мөлшерде кедей-кепшіктерге беруіміз керек. Сонда өзгелердің де өмірін құтқарамыз, әрі өзіміз де ысырап етпейміз.

Төртіншіден, егер илаһи ережелер мен нұсқаулар жайлы ойланатын болсақ, олардың барлығының жеке және қоғамдық қажеттер негізінде құрылғанын түсінеміз. Ендеше оны орындауда олқылық жасамайық.

Бесіншіден, жетім балаларды қоғамда жалғыз қалдырмау керек. Исламдық қоғам олардың өзін қамқорлыққа алумен қатар, олардың мал-мүлкін де сақтауы тиіс.

 

 

وَلاَ تَنكِحُواْ الْمُشْرِكَاتِ حَتَّى يُؤْمِنَّ وَلأَمَةٌ مُّؤْمِنَةٌ خَيْرٌ مِّن مُّشْرِكَةٍ وَلَوْ أَعْجَبَتْكُمْ وَلاَ تُنكِحُواْ الْمُشِرِكِينَ حَتَّى يُؤْمِنُواْ وَلَعَبْدٌ مُّؤْمِنٌ خَيْرٌ مِّن مُّشْرِكٍ وَلَوْ أَعْجَبَكُمْ أُوْلَئِكَ يَدْعُونَ إِلَى النَّارِ وَاللّهُ يَدْعُوَ إِلَى الْجَنَّةِ وَالْمَغْفِرَةِ بِإِذْنِهِ وَيُبَيِّنُ آيَاتِهِ لِلنَّاسِ لَعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ ﴿۲۲۱﴾

 

"Мүшрік қатындармен олар иман келтіргенге дейін үйленбеңдер. Азат мүшрік қатыннан мүмін күң артық. Егер сендерді қызықтырса да. Және иман келтіргенге дейін мүшрік ерге мүмін әйелдерді де үйлендірмеңдер. Егер олар сендерді қызықтырса да. Мүшрік азат ерден мүмін құл артық. Олар, тозаққа шақырады да, Алла өз ұйғаруымен жаннатқа шақырады. Сондай-ақ адамдар үгіт алсын деп, аяттарын баян етеді. (2:221)"

Ислам үйлену мен отбасын құру мәселесіне ерекше мән беріп, жар таңдауда бірқатар шарттар белгілеген. Жар таңдаудағы ең бірінші және маңызды шарт – дұрыс иман мен сенім болып табылады. Тәжірибе дәлелдегендей перзент тәрбиелеуде отбасылық орта мен ата-ананың мінезі мен сөздері маңызды рөл атқарады. Өкінішке орай, бүгінде жар таңдауда адамдардың әлеуметтік жағдайы мен байлығы шешуші рөл атқарып, рухани құндылықтар мен қасиеттерге азырақ мән берілетін болған. Бірақ діни тұрғыдан әлеуметтік төмен деңгейде тұрған мүмін құл, мүшрік азат адамнан артық саналады. Өйткені Ислам көзқарасынша артықшылықтың өлшемі мал-мүлік пен мансапта емес, тақуалық пен пәктікте.

Осы аяттан мынадай ой түйеміз:

Біріншіден, қоғамға пәк ұрпақ беру үшін қасиетті отбасы иман негізінде құрылуы тиіс.

Екіншіден, жар таңдаған кезде өтпелі сыртқы әдемілік пен материалдық жағын емес, рухани құндылықтарды іздеген жөн. Үйлену бізді пейішке немесе тозаққа апара ма осының салдарын ойлайық.