Жел 31, 2016 21:45 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 215-218 аяты

Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

يَسْأَلُونَكَ مَاذَا يُنفِقُونَ قُلْ مَا أَنفَقْتُم مِّنْ خَيْرٍ فَلِلْوَالِدَيْنِ وَالأَقْرَبِينَ وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا تَفْعَلُواْ مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللّهَ بِهِ عَلِيمٌ ﴿۲۱۵﴾

 

"(Мұхаммед с.ғ.с) олар сенен Алла жолында не беретіндіктерін сұрайды. "Нендей қайыр сарып қылсаңдар; Әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі",-де. (2:215)"

Құранның көптеген аяттарында атап өтілген мүміндердің белгілерінің бірі - мұқтаж адамдарға қарасып, оларға көңіл бөлу болып табылады. Сондықтан Исламның алғашқы кезіндегі мұсылмандар Пайғамбардан (с): "Кедейлер мен жетім-жесірлерге қайырымдылық ретінде не нәрсе, және қандай мөлшерде беру керек?",- деп сұрайды. Қайырымдылықтың түрі мен мөлшері белгісіз болғандықтан ол тұрақты әрі белгілі іс емес, ол мұқтаж жан мен қайырымдылық жасаушының жағдайына байланысты. Сол себептен Құран бұл сұраққа былай деп жауап береді: "Қайырымдылықтың не және қандай мөлшерде болуы маңызды емес, сондықтан кәдеге жарайтын әрі пайдалы нәрсені берген жөн. Сенің қайырымдылығыңа зәру қарт ата-анаңа, кедей туыстарыңа және қоғамның түрлі топтарына көңіл аударған жөн". Бұл аяттың соңында: "Алла тағала қайырымдылық ретінде берілетін нәрсені де, басқаларға жасалатын кез-келген игі істеріңді де біледі. Қайырымдылықты жұртқа жарияламай, оны жасырын істеуге тырысыңдар, өйткені бұл адалдыққа жақын",-делінген. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қайырымдылық басқалардан гөрі ең алдымен мұқтаж ата-ана мен туыстарға жасалуы тиіс.

Екіншіден, игі іс ашық не жасырын болса да, оны басқалар білсе де, білмесе де ешқашан зая кетпейді.

 

 

كُتِبَ عَلَيْكُمُ الْقِتَالُ وَهُوَ كُرْهٌ لَّكُمْ وَعَسَى أَن تَكْرَهُواْ شَيْئًا وَهُوَ خَيْرٌ لَّكُمْ وَعَسَى أَن تُحِبُّواْ شَيْئًا وَهُوَ شَرٌّ لَّكُمْ وَاللّهُ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ ﴿۲۱۶﴾

 

"(Әй мүміндер) Сендерге сүйкімсіз болса да соғыс парыз қылынды. Бір жек көрген нәрселеріңнің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы да мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер. (2:216)"

Алла тағала дінді сақтау үшін мүміндерге дұшпанмен соғысуды парыз етті. Алайда рахат тұрмысты қалайтын адам әрине өлім мен жарақаттың себебі болатын және шығын шектіретін соғысты жек көреді. Бұл аят: "Дұшпанмен соғысу қиын болса да сендердің осы дүние мен ақыретте бақытты болуларың соған байланысты, сондықтан Алланың әмірі алдында өз қалауларың бойынша ненің жақсы, ненің жаман екенін айтпаңдар",-деп еске салады. Мысалы екпе сәбидің денсаулығы мен тіршілігіне қажет болғанымен, ол ине салдырудан қашады. Керісінше тәтті тағамдарды денсаулығына зиян болғанына қарамастан жақсы көреді. Сондықтан әрбір қуанышты жақсы, ал әрбір қиындықты жаман деуге болмайды. Бұл аяттан ұғатынымыз:

Біріншіден, жақсылық пен жамандықтың өлшемі адамның табиғаты негізінде емес, қайта оның бақытын көздейтін Алланың нұсқауларымен анықталады.

Екіншіден, адамның білімі шектеулі, ал Алланың білімі шексіз. Ендеше кейбір ережелердің жөнін түсінбесек те, немесе оны орындау қиынға түссе де Алланың нұсқауларына бойсұнайық.

 

يَسْأَلُونَكَ عَنِ الشَّهْرِ الْحَرَامِ قِتَالٍ فِيهِ قُلْ قِتَالٌ فِيهِ كَبِيرٌ وَصَدٌّ عَن سَبِيلِ اللّهِ وَكُفْرٌ بِهِ وَالْمَسْجِدِ الْحَرَامِ وَإِخْرَاجُ أَهْلِهِ مِنْهُ أَكْبَرُ عِندَ اللّهِ وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنَ الْقَتْلِ وَلاَ يَزَالُونَ يُقَاتِلُونَكُمْ حَتَّىَ يَرُدُّوكُمْ عَن دِينِكُمْ إِنِ اسْتَطَاعُواْ وَمَن يَرْتَدِدْ مِنكُمْ عَن دِينِهِ فَيَمُتْ وَهُوَ كَافِرٌ فَأُوْلَئِكَ حَبِطَتْ أَعْمَالُهُمْ فِي الدُّنْيَا وَالآخِرَةِ وَأُوْلَئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ ﴿۲۱۷﴾إِنَّ الَّذِينَ آمَنُواْ وَالَّذِينَ هَاجَرُواْ وَجَاهَدُواْ فِي سَبِيلِ اللّهِ أُوْلَئِكَ يَرْجُونَ رَحْمَتَ اللّهِ وَاللّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ ﴿۲۱۸﴾

 

"(Мұхаммед с.ғ.с) олар сенен құрметті айда соғысудан сұрайды. Оларға: "Ол айда соғысу зор күнә. Дегенмен, Алланың жолынан тию, Оған қарсы келу, Мәсжид Харамнан тыю және оның тұрғындарын шығару Алланың қасында тағы зор күнә",-де. Сондай-ақ жауыздық, кісі өлтіруден де зор. Егер олардың шамалары келсе, сендерді діндеріңнен қайтарғанға дейін өздеріңмен соғысуды үзбейді. Сендерден кім діннен қайтып, ол кәпір күйінде өлсе, олардың амалдары дүние, ақыретте де жойылып және олар тозақтық болып, олар онда мәңгі қалады. (2:217) Шынайы иман келтіргендер, ауа көшкендер және Алла жолында соғысқандар міне солар, Алланың рахметін үміт етеді. Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді. (2:218)"

Ыбырайым (ғ) заманынан бері арабтар арасында жылдың төрт айында соғысуға тыйым салынған болатын. Ислам осы жақсы салтты қабылдап, хижри қамари жыл санағы бойынша рәжәб, зил-қағде, зи-хажже және мұхаррам айларында соғыспауға бұйырды. Бірақ тарихта осы аят туралы: "Пайғамбар (с) Бәдр соғысынан бұрын сегіз мұсылманнан тұратын топ құрып, оларды дұшпаннан хабар алып келу үшін Мекке жаққа жібереді. Олар жол бойында Құрайыштың керуеніне жолығып, олардың арасынан кәпірлердің бір басшысын көреді. Пайғамбардың (с) жіберген адамдары құрметті айға қарамастан керуенге шабуыл жасап, әлгіні өлтіреді. Сонан соң бірнеше тұтқын мен соғыс олжасын алып Пайғамбардың (с) қасына келеді. Пайғамбар (с) олардың істегендеріне ренжіп: "Сендерге құрметті айда оларға шабуыл жасауға бұйрық берген жоқпын",-деп, тұтқындар мен олжаны алмай, басқа мұсылмандар да оларды айыптайды. Дұшпан осы оқиғаны кері мақсатта пайдаланып: "Хазірет Мұхаммед (с) құрметті айларда соғыс пен қан төгісті халал деп жариялап, оған мұсылмандарды ынталандырды",-деп келемеждейді. Сонда дұшпанның бұл үгіттеріне қарсы осы аят түсіп: "Құрметті айда соғысу харам болғанымен, бұл іс Пайғамбардың(с) рұқсатынсыз болды және шабуыл мұсылмандардың жетекшісі тарапынан болған жоқ. Алайда бірнеше ай емес, жылдар бойы барлық мұсылмандарды үйлерінен қуып, оларды азаптауларың және оларды Алланың үйіне кіргізбеулерің осының барлығының күнәсі осы өлтіруден де артық",-деп ескертеді. Сонан соң мұсылмандарға: "Қырағы болыңдар! Дұшпан сендерге тимейді деп ойламаңдар. Олар үнемі сендерді діннен тайдыруға тырысады. Кімде-кім иманын тастаса дүниеде қор болып, ақыретте тозаққа түседі",-дейді. Келесі жағынан өз керуендеріне шабуыл жасаған мұсылмандар дүние үшін емес Алла үшін жер аударып, джихад қылғандықтан Алла олардың күнәларын кешіріп, 218-ші аятты түсірді",-деп айтылған. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, дұшпан біздің қателіктерімізді өзімізге қарсы қолданып кетпеуі үшін іс-әрекеттерімізге абай болуымыз қажет.

Екіншіден, төрелік еткенде сыртқы көрініске ғана қарамай, шындықты ұстанайық. Бір қарағанда астыртын әрекет жасаған адам ешкімді өлтірмесе де, оның ісі көптеген жанжал мен қақтығыстарға себеп болып, көп адамның өліміне ұласуы мүмкін.