Бақара сүресі, 206-210 аяты
Бақара сүресі, 206-210 аяты
Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.
وَإِذَا قِيلَ لَهُ اتَّقِ اللّهَ أَخَذَتْهُ الْعِزَّةُ بِالإِثْمِ فَحَسْبُهُ جَهَنَّمُ وَلَبِئْسَ الْمِهَادُ ﴿۲۰۶﴾وَمِنَ النَّاسِ مَن يَشْرِي نَفْسَهُ ابْتِغَاء مَرْضَاتِ اللّهِ وَاللّهُ رَؤُوفٌ بِالْعِبَادِ ﴿۲۰۷﴾
"Ал қашан оған: "Алладан қорық!",-делінсе, оның паңдығы ұстап, өзін күнәкар етеді. Оған тозақ жетеді, нендей жаман орын. (2:206) Адамдардан Алланың ризалығын іздеп жанын сататындар да бар. Алла құлдарына тым жұмсақ. (2:207)"
Өтірікші мұнафықтардың зұлымдығы мен бұзақылығы жөніндегі бұрынғы аяттардан кейін 206-шы аят олардың тәкәппарлығы мен менменшілдігіне тоқталып: "Егер біреу оларды насихаттап, жаман істерден тыйдырса, олар құлақ аспақ түгілі, одан сайын ерегісіп, бұзақылығын жалғастырады. Осындай тәкәппар және дүниеқұмар адамдарға керісінше, Аллаға толық бағынатын пәк әрі адал адамдар бар. Олар Алланың ризашылығына бөлену үшін жанын беруге дайын",-дейді. Тәпсірлерде былай делінген: "Мекке мүшріктері түн ортасында Пайғамбарға (с) шабуыл жасап, оны қастандықпен өлтірмекші болады. Алайда Пайғамбарға (с) аян беріліп, олардың жоспарынан хабардар болып, Меккеден шығып кетпекші болады. Бірақ дұшпандар Пайғамбардың (с) орны бос екенін түсініп қалмас үшін, Әли ибн Әбутәліп (ғ) оның орнына жатып, ерлік жасайды. Сонан соң 207-аят түсіп, сол тарихи түн – "ләйләт-ул-мәбит" яғни "төсек орынмен ауысу түні" деп аталды". Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, күнәнің қайталану себептерінің бірі – тәкәппарлық және ақиқат алдында қырсығу болып табылады бұл адамның өкініп, тәубе етуінің орнына күнәға батуына себепші болады.
Екіншіден, мүмін – амал етуші, ол Алламен уәделесіп, Оның ризалығына бөленуге тырысады. Алайда мұнафық дүниемен мәміле жасап, халықтың ризалығына бөлену соңында болады.
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ ادْخُلُواْ فِي السِّلْمِ كَآفَّةً وَلاَ تَتَّبِعُواْ خُطُوَاتِ الشَّيْطَانِ إِنَّهُ لَكُمْ عَدُوٌّ مُّبِينٌ ﴿۲۰۸﴾فَإِن زَلَلْتُمْ مِّن بَعْدِ مَا جَاءتْكُمُ الْبَيِّنَاتُ فَاعْلَمُواْ أَنَّ اللّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ ﴿۲۰۹﴾
"Әй мүміндер! Исламға бүтіндей кіріңдер. Шайтанның ізіне ермеңдер. Өйткені ол, сендерге ашық дұшпан. (2:208) Сендерге ашық дәлелдер келгеннен кейін жолдан тайсаңдар, біліңдер Алла тым үстем, хикмет иесі. (2:209)"
Осы аяттар исламдық қоғамның – бірегей және достыққа толы қоғам болуы үшін және араздық пен кекшілдік орнатудағы шайтанның маңызды тетіктері болып саналатын қақтығыс пен теке-тіресті жою үшін барша мүміндерді бейбітшілік пен татулыққа шақырады. Негізінде ұлт, жыныс, тіл мен байлық секілді белгілер мен тағы басқа сыртқы айырмашылықтар адамдардың ерекшеленіп, бөлінуіне себепші болады. Сондықтан Аллаға иман ғана бірлік пен татулық орнатып, нағыз және әлемдік бейбітшілікті қамтамасыз ете алады. Шайтанның қадамдарынан аулақ болу керектігі туралы ақыл мен шариғаттың айқын дәлелдеріне сүйенетін болсақ, исламдық қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзатын кез-келген әрекет – иманнан ауытқу болып саналады. Мұндай адам құдіретті және дана Алланың алдында тұрғанын білуі тиіс. Осы аяттардан мынадай ой түйеміз:
Біріншіден, бейбітшілік пен тыныштыққа тек Аллаға деген шынайы иманның арқасында ғана қол жеткізуге болады. Имансыз және адамзаттың заңдарына сүйенумен дүниеде соғыс пен тәртіпсіздік ешқашан аяқталмайды.
Екіншіден, шайтан – бірліктің дұшпаны және кез-келген араздық айқайы – шайтаннан шығады.
هَلْ يَنظُرُونَ إِلاَّ أَن يَأْتِيَهُمُ اللّهُ فِي ظُلَلٍ مِّنَ الْغَمَامِ وَالْمَلآئِكَةُ وَقُضِيَ الأَمْرُ وَإِلَى اللّهِ تُرْجَعُ الأمُورُ ﴿۲۱۰﴾
"Олар (Исламға толық кірмегендер), бұлттың көлеңкесінде Алла және періштелер келіп, істің бітіп кетуін ғана күте ме? Істер Аллаға қайтады. (2:210)"
Адамдардың көбі иман келтіру үшін Алла мен періштелерді көріп, сөздерін естігісі келеді. Бірақ бұл мүмкін емес. Алла мен періштелер көзге көрінбейді. Алла тағала адамға ақыл мен шариғат беріп, оған тура жолды көрсетті, сондықтан мұндай қисынсыз талаптарды орындаудың қажеті жоқ. Осы аяттан үйренетініміз:
Алланы көру жөніндегі талап – орынсыз талап және қабылдауға жатпайтын сылтау. Аллаға иманның қадірі оның ақыл мен қисынға және табиғатқа сай болуында.