Бақара сүресі, 190-195 аяты
Бақара сүресі, 190-195 аяты
Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.
وَقَاتِلُواْ فِي سَبِيلِ اللّهِ الَّذِينَ يُقَاتِلُونَكُمْ وَلاَ تَعْتَدُواْ إِنَّ اللّهَ لاَ يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ ﴿۱۹۰﴾
"Өздеріңмен соғысқандармен Алла жолында соғысыңдар да шектен шықпаңдар. Негізінен Алла шектен шығушыларды жақсы көрмейді. (2:190)"
Дұшпан алдында қорғану адамның негізгі құқықтарының бірі болып саналады. Дегенмен Құран кез-келген шапқыншылықпен күресуді қуаттай отырып: "Дұшпанды Исламға шақырмастан бұрын қолға қару алып, соғыс бастаушы болмаңдар. Соғыс кезінде де сендермен шайқаспаған балалар мен әйелдерге және қарттарға күш көрсетпеңдер. Соғыста да адамгершілік қасиеттерді сақтаңдар",-дейді. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, джихад басқа елдерді басып алу үшін немесе ұлттық-тайпалық қарама-қайшылықтар негізінде емес, қайта Алла жолында және Алла үшін болуы тиіс.
Екіншіден, тіпті соғыста да әділетті орындау қажет. Алланың шектеуінен аспау керек.
وَاقْتُلُوهُمْ حَيْثُ ثَقِفْتُمُوهُمْ وَأَخْرِجُوهُم مِّنْ حَيْثُ أَخْرَجُوكُمْ وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ وَلاَ تُقَاتِلُوهُمْ عِندَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ حَتَّى يُقَاتِلُوكُمْ فِيهِ فَإِن قَاتَلُوكُمْ فَاقْتُلُوهُمْ كَذَلِكَ جَزَاء الْكَافِرِينَ ﴿۱۹۱﴾ فَإِنِ انتَهَوْاْ فَإِنَّ اللّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ ﴿۱۹۲﴾
"Оларды қайдан тапсаңдар да өлтіріңдер. Өздері, сендерді (Меккеден) шығарғандай оларды шығарыңдар. Бұзақылық кісі өлтіруден қиын. Мәсжид Харамның жанында олар сендермен соғыспайынша, ол жерде олармен соғыспаңдар. Егер олар сендерді өлтірсе, сендер де оларды өлтіріңдер. Кәпірлердің жазасы осылай. (2:191) Егер олар бұзақылықтан тыйылса, күдіксіз Алла жарылқаушы, ерекше мейірімді. (2:192)"
Осы аяттар мұсылмандарға: "Мекке мүшріктерімен сәйкес түрде күресіңдер",-дейді. Өйткені олар мұсылмандарды қалалары мен елді-мекендерінен қуып, оларды азаптағаны сонша Құран оны "өлімнен де жаман" дейді. Әрине Алла Мәсжид Харамның қадірін сақтау үшін ол жерде соғысуға рұқсат бермеген. Алайда осы қасиетті жерде мүшріктер соғыс бастайтын болса, кез-келген жерде қорғануға болады. Осы аяттан мынадай ой түйеміз:
Біріншіден, Ислам мен мұсылмандарға соққы беру үшін кез-келген мұрсатты пайдаланушылармен күресіп, олардың қастандық жасауына жол бермеу керек.
Екіншіден, Алланың үйі қадірлі мекен болғанымен, мұсылманның қадірі одан артығырақ. Сондықтан оны сақтау да қажеттірек.
Үшіншіден, дін дұшпандарына қатысты Исламдағы маңызды қағидалардың бірі – сәйкес жауап қайтару болып табылады.
وَقَاتِلُوهُمْ حَتَّى لاَ تَكُونَ فِتْنَةٌ وَيَكُونَ الدِّينُ لِلّهِ فَإِنِ انتَهَواْ فَلاَ عُدْوَانَ إِلاَّ عَلَى الظَّالِمِينَ ﴿۱۹۳﴾
"Олармен бұзақылық қылмай, дін Аллаға тән болғанға дейін соғысыңдар. Егер олар тыйылса, дұшпандық залымдарға ғана. (2:193)"
Исламда соғыс пен джихадтың мақсаты басқа елдерді жаулау, ұлтшылдық немесе соғыс олжаларына қол жеткізу емес, қайта зұлымдық пен басқыншылықты және серік қосуды жойып, әділеттің орнауы мен адамдардың бір құдайға құлшылық етуіне жағдай орнату болып табылады. Сондықтан біз дін мен мұсылмандарға қорлық көрсететіндермен ғана соғысамыз. Егер олар бұл ісін доғаратын болса, біз соғысты қайта бастамаймыз. Негізінде Исламнан басқа сенімі бар адамдарға қорлық көрсетілмейді. Бұл аяттан ұғатынымыз:
Біріншіден, жер бетінде дінді орнату үшін жалған сенім-нанымдарды жаятын залым әкімдермен күресіп, соғысу керек.
Екіншіден, әркім кез-келген жағдайда тәубе етуіне болады, тіпті соғыс майданында кәпірдің өзі сенімін өзгертіп, амал етсе Алла оны кешіреді.
الشَّهْرُ الْحَرَامُ بِالشَّهْرِ الْحَرَامِ وَالْحُرُمَاتُ قِصَاصٌ فَمَنِ اعْتَدَى عَلَيْكُمْ فَاعْتَدُواْ عَلَيْهِ بِمِثْلِ مَا اعْتَدَى عَلَيْكُمْ وَاتَّقُواْ اللّهَ وَاعْلَمُواْ أَنَّ اللّهَ مَعَ الْمُتَّقِينَ ﴿۱۹۴﴾
"Құрметті ай, құрметті аймен және құрметтер қарсы. (Құрметті айларда соғысу не соғыспай құрметтеулер, екі жаққа бірдей) Сонда кім сендерге соқтықса, сендер де олар сендерге соқтыққандай соқтығыңдар және біліңдер, шәксіз Алла тақуалармен бірге. (2:194)"
Ислам дінінде жылдың төрт айында соғысу харам болып саналады. Ол рәжәп, зи-қағде, зил-хажже және мұхаррам айлары. Мүшріктер осы илаһи үкімді кері мақсатта пайдаланып, харам айларда мұсылмандарға күтпеген жерден соққы бермекші болады. Олар осы айларда мұсылмандардың қарсы шықпайтындарын білетін еді. Бірақ олар мұсылманның қадірі осы айлардың қадірінен де артық екенін және өздеріне сәйкес шара қолданылатынын білмеді.
Осы аяттан мынадай ой түйеміз:
Біріншіден, дұшпан үнемі шабуыл жасауға дайын тұрады, ендеше оған мұрсат бермеу керек.
Екіншіден, әлеуметтік келісімшарттар екінші жақ оны бұзғанға дейін құрметтеледі.
Үшіншіден, дұшпанмен қақтығысқанның өзінде шектен шықпай, әділет сақтау керек.
وَأَنفِقُواْ فِي سَبِيلِ اللّهِ وَلاَ تُلْقُواْ بِأَيْدِيكُمْ إِلَى التَّهْلُكَةِ وَأَحْسِنُوَاْ إِنَّ اللّهَ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ ﴿۱۹۵﴾
"Алла жолында мал сарып қылыңдар. (Сараң қорқақ болып) өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар. Жақсылық істеңдер. Шын мәнінде Алла игілік істеушілерді жақсы көреді. (2:195)"
Осыған дейінгі аят кәпірлермен соғысуға және шабуылға сәйкес жауап қайтаруға бұйырды. Қаржылай және материалдық қолдау көрсетілмесе, күрескерлер мен олардың жанұяларының қажеттері қамтамасыз етілмесе соғысу қиын екендігі анық. Сондықтан егер мұсылмандар Алла жолында мал-мүлкін сарып қылмаса, жеңіліске ұшырап, қырылады. Бейбітшілік кезінде де байлар мен дәулет иелері қоғамдағы кедей-кепшіктерге садақа мен зекет беріп қараспаса, әлеуметтік топтар арасында айырмашылық ұлғайып, әділетсіздік пен тәртіпсіздіктер пайда болуы мүмкін. Осыған орай өзгелерге садақа беру байлықты теңестіріп, сақтайды. Әли ибн Әбу-Тәліп (ғ) айтқанындай: "Байлықтарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар". Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, әрқашан байлық жинау мен сараңдық таралса, қоғамның тәртібі мен беделі бұзылады.
Екіншіден, адамға зиян келтіретін әр нәрсе харам.