Қаң 01, 2017 19:35 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 187-189 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

 

 

أُحِلَّ لَكُمْ لَيْلَةَ الصِّيَامِ الرَّفَثُ إِلَى نِسَآئِكُمْ هُنَّ لِبَاسٌ لَّكُمْ وَأَنتُمْ لِبَاسٌ لَّهُنَّ عَلِمَ اللّهُ أَنَّكُمْ كُنتُمْ تَخْتانُونَ أَنفُسَكُمْ فَتَابَ عَلَيْكُمْ وَعَفَا عَنكُمْ فَالآنَ بَاشِرُوهُنَّ وَابْتَغُواْ مَا كَتَبَ اللّهُ لَكُمْ وَكُلُواْ وَاشْرَبُواْ حَتَّى يَتَبَيَّنَ لَكُمُ الْخَيْطُ الأَبْيَضُ مِنَ الْخَيْطِ الأَسْوَدِ مِنَ الْفَجْرِ ثُمَّ أَتِمُّواْ الصِّيَامَ إِلَى الَّليْلِ وَلاَ تُبَاشِرُوهُنَّ وَأَنتُمْ عَاكِفُونَ فِي الْمَسَاجِدِ تِلْكَ حُدُودُ اللّهِ فَلاَ تَقْرَبُوهَا كَذَلِكَ يُبَيِّنُ اللّهُ آيَاتِهِ لِلنَّاسِ لَعَلَّهُمْ يَتَّقُونَ ﴿۱۸۷﴾

 

"Сендерге оразаның кешінде әйелдеріңе жақындасу халал етілді. (Өйткені бір-біріңді қорғауда) олар сендерге киім, сендер де оларға киім (іспетті) сіңдер. Алла өздеріңе зиян қылатындықтарыңды біледі. Сондықтан тәубелеріңді қабыл етіп сендерді кешірді. Ал енді (бұдан былай) оларға жақындасыңдар. Алланың өздеріңе жазғанын талап етіңдер. Және таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) айрылғанға дейін ішіңдер, жеңдер де сонсоң оразаны кешке дейін толық орындаңдар. Мешіттерде (ғибадат етіп) ығтикәфта болған кеште әйелдеріңе жақындаспаңдар. Осы Алланың шегі, оған жақындамаңдар. Осылайша Алла сақсынулары үшін адамдарға аяттарын баян етеді. (2:187)"

Исламның бас кезінде оразаның ережесі қатаңдау болатын. Рамазан айының күндері тәрізді түндерінде де әйелмен жақындасуға тыйым салынып, тек ұйқыдан бұрын ғана ішіп-жеуге болатын еді. Бірақ кейбір мұсылмандар Алланың осы сынағын көтере алмай, Рамазан кештерінде бұл ережені сақтай алмады. Құран сөзімен айтқанда, олар өздеріне қиянат жасады. Алла тағала осы аятты түсіріп, мұсылмандар үкімдерді бұзбауы үшін Рамазан айының түндерінде ішіп-жеуге, әйелмен жақындасуға рұқсат беріп, олардың бұрынғы күнәларын кешірді. Әрине мешіттерде ығтикәфта болмаған кезде ғана Рамазан түндерінде әйелге жақындасуға болады, өйткені мешітте "жүніб" рұқсат етілмейді. Бұл аят сондай-ақ ерлі-зайыптық байланыс туралы әдемі сипаттама беріп: "Киім бір жағынан адамның айыбын жауып, екінші жағынан адамды көркем ететін тәрізді - ерлі-зайыптылар бір-біріне киім іспетті. Олардың әрқайсысы бір-бірін теріс жолға түсуден сақтайды және бір-бірін безендіріп, тыныштықта болуына жағдай жасайды",-дейді. Киім адамның денесін жылытатыны секілді, жұбай да отбасына жылылық сыйлап, өмірді салқындықтан қорғайды. Бұл арадағы қызықты жайт, осы міндетті әйел мен еркек тең атқарады.

Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Ислам дінінің бір ерекшелігі - оның ережелерінің жеңіл болуы. Әрқашанда бір ереже қиыншылық туғызса, Алла оның жеңіл жолын көрсетеді.

Екіншіден, Алланың нұсқауын орындамай, күнә жасау өзімізге жасалған қиянат пен зұлымдық, өйткені оның зияны Аллаға емес, бізге тиеді.

Үшіншіден, Ислам оқшаулану діні емес, қайта ол ғибадатпен қатар заңды ләззаттарға рұқсат береді. Осының өзі Исламның адам өмірінің барлық қыр-сырына мән беретінін көрсетеді.

Төртіншіден, біздің табиғи қажеттерімізді қанағаттандыру үшін Алла заңды жолдар көрсеткен. Сондықтан күнәға салынуымызға сылтау қалмайды.

Бесіншіден, күнәға жақындау, күнә жасаумен бірдей. Сондықтан Алла бізге күнә жасауға емес, күнәға жақындауға тыйым салған.

Алтыншыдан, ораза болсын, ерлі-зайыптылар байланысы болсын Алланың барлық ережелері тақуа болу және күнәдан аулақ болу үшін.

 

 

 

وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُواْ بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُواْ فَرِيقًا مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ ﴿۱۸۸﴾

 

"Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар. (2:188)"

Аталмыш аят қоғамның экономикасында әділетсіздік пен тұрақсыздықтың жайылуына себеп болатын екі үлкен күнәға тоқталып, мұсылмандарды осы күнәлардан қатаң тыйым салады. Біріншісі, өзгелердің малын иелену, ал екіншісі, жұрттың малын иелену үшін төреге пара беру болып табылады. Құран осы екі істі - "жалған" мен "күнә" деп атайды. Былайша айтқанда ақыл тұрғысынан істеуге болмайтын әрекет, шариғат тұрғысынан да күнә әрі харам. Дегенмен кейбіреулер өзінің бұрыс ісін ақтау үшін параны – сыйлық дейді. Тарихта жазылғандай, бір адам сотта өзінің пайдасына үкім шығарар деген оймен хазірет Әлиге (ғ.с.) сый ретінде халуа береді. Сонда хазірет Әли (ғ.с.): " Алланың атымен ант етемін! Егер тіпті бір құмырсқаның аузынан хақсыз арпаның қабығын алуым үшін, маған жеті өлке берілсе де, мен бұл істі атқармас едім",-дейді. Ендеше осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Ислам халықтың меншігін құрметтейді және өзгелердің дүние-мүлкіне қол сұғуға рұқсат бермейді.

Екіншіден, меншік дұрыс және адал жолмен қалыптасуы керек. Тіпті төренің үкімімен болса да, адамдардың мүлкін хақсыз иелену меншікке жатпайды.

Үшіншіден, сыйлық немесе еңбекақы секілді кез-келген аттармен пара беру де, алу да - харам.

 

 

 

 

يَسْأَلُونَكَ عَنِ الأهِلَّةِ قُلْ هِيَ مَوَاقِيتُ لِلنَّاسِ وَالْحَجِّ وَلَيْسَ الْبِرُّ بِأَنْ تَأْتُوْاْ الْبُيُوتَ مِن ظُهُورِهَا وَلَكِنَّ الْبِرَّ مَنِ اتَّقَى وَأْتُواْ الْبُيُوتَ مِنْ أَبْوَابِهَا وَاتَّقُواْ اللّهَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ ﴿۱۸۹﴾

 

"(Мұхаммед с.ғ.с) олар сенен жаңа туған айдың жағдайын сұрайды: "Ол, адамдар және қажылық үшін уақыт белгілеу",-де. (Және олар хаж кезінде үйге арт жағынан кіруді жақсы деп ойлайды) Үйлеріңе артынан кірулерің бір жақсылық емес. Бірақ кім сақсынса сол жақсылық. Ендеше, үйлерге есіктерінен кіріңдер әрі Алладан қорқыңдар. Әрине құтыласыңдар. (2:189)"

Исламның бір артықшылығы - өз ережелері мен нұсқауларын табиғи және әдеттегі ұғымдар бойынша қойған. Мысалы, намаз уақыттарын күннің шығуы мен батуы немесе Күннің түс мезгілінен асуы бойынша анықтаған. Рамазан айында ораза ұстаудың уақытын, ал зил-Хажже айында қажылық мезгілінің басталуын айдың тууымен көрсетеді. Ал бұл табиғи әрі баршаға тән күнтізбе болып табылады. Өмірде адамзатқа күнтізбе мен жыл күндері қажет. Сондықтан жаңа туған Ай адамдардың дүниелік шаруалары мен ғибадаттардың уақытын белгілеу үшін күнтізбенің басы болып есептеледі.

Бұл аяттағы қажылық уақытынан кейін қозғалған мәселелердің бірі, Исламнан бұрын мүшріктер орындаған бір ырымға байланысты. Олар ихрам киюді тұрмыстың барлық әдеттерін қоюдың белгісі деп санағандықтан, үйлеріне әдеттегі жолмен кірмей, осыны жақсы әрекет деп ойлайды. Құран оларға: "Осы істерің - сендердің бір ғибадатқа енгізген ырымдарың болып табылады. Егер жақсылық істеймін десеңдер, тақуалық ұстанып, әр істі өз орнымен орындаңдар",-деп жауап береді.

Уақытты біліп, қажылық уақытын анықтау үшін айдың толуын пайдаланған тәрізді, Алланың нұсқауларын дұрыс орындау үшін дін ғұламаларынан жөн сұраңдар, олар ақиқатты жалғаннан ажыратудың қақпасы болып табылады. Нәпсі мен өз қалауларыңа ермеңдер.  Сонда ғана бақытқа жетесіңдер.

Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Алла тағала адамдардың ғибадаттық істерін жоспарлағандай, адам да өз өмірін уақыт бойынша жоспарлауы тиіс.

Екіншіден, ақыл мен шариғатқа сай келетін және тақуалық негізіндегі іс – игі іс болып табылады. Ата-бабалардың салт-дәстүріне негізделген ырымдарды ізгі істер деп санамауымыз керек.