Қасас сүресі, 688-ші бөлімі, 26-28 аяттар
Қасас сүресінің 26-28 аяттарының тәпсірі
«Қасас» сүресінің 26 аяты:
«قَالَتْ إِحْدَاهُمَا یَا أَبَتِ اسْتَأْجِرْهُ إِنَّ خَیْرَ مَنِ اسْتَأْجَرْتَ الْقَوِیُّ الْأَمِینُ»
Екі қыздың бірі: "Әкетайым! Оны жалдап ал! Рас, ол жалдаған адамдардың хайырлысы да, күшті, сенімдісі" деді. (26)
Алдыңғы бағдарламада Мұсаның хазірет Шұғайыптың қыздарына қой суаруға көмектескенін, хазірет Шұғайыптың оның еңбек ақысын төлеу үшін өзінің үйіне шақырғанын айттық. Осы аят былай дейді: «Мұсаны әкелері тарапынан үйге шақыруға, оған үйге жетуге жол көрсетуге міндеттелген қыз әкесіне өздері күн сайын қой жаю үшін далаға баруға мәжбүр болмас үшін оны жұмысқа жалдау туралы ұсыныс жасады». Ол өзінің осы ұсынысы үшін Мұсаның екі ерекшелігін атады: біріншісі – оның физикалық тұрғыдан мықтылығы, келесісі – оның аманатшылдығы. Хазірет Мұсаның білегінің күші ол құдықтан жалғыз өзі қауғамен су тартып, барлық қойды суарған кезде көрінді. Бірақ Мұсаның тазалығы мен пәктігі және ісінің дұрыстығы хазірет Шұғайыптың үйіне келе жатқанда қызды өзіне жол көрсету үшін алдыда жүргізудің орнына өзі алдыда жүруінен көрінді. Ондағы мақсаты көзі әлгі жас әйелдің бойына түспеуі үшін еді.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Перзенттер, мейлі ол қыз болсын, я болмаса ұл бала болсын, өздері дұрыс санаған жағдайда себеп және қисынмен өз ұсыныстарын отбасының үлкендеріне айту құқығына ие. Бұл тұрғысында қыз бен ұлдың арасында айырмашылық жоқ.
2.Адамдарды жұмысқа алуда жұмыстың түріне сәйкес ең жақсы деген адам таңдалуы керек.
3. Әлеуеттілік пен аманатшылдық деген екі сипат, басқаша айтқанда кәсібилік пен міндетке беріктік – адамдарға жауапкершілік жүктеуде қажет екі ерекшелік.
«Қасас» сүресінің 27-28 аяттары:
«قَالَ إِنِّی أُرِیدُ أَنْ أُنکِحَکَ إِحْدَى ابْنَتَیَّ هَاتَیْنِ عَلَى أَن تَأْجُرَنِی ثَمَانِیَ حِجَجٍ فَإِنْ أَتْمَمْتَ عَشْرًا فَمِنْ عِندِکَ وَمَا أُرِیدُ أَنْ أَشُقَّ عَلَیْکَ سَتَجِدُنِی إِن شَاءَ اللَّـهُ مِنَ الصَّالِحِینَ»، «قَالَ ذَلِکَ بَیْنِی وَبَیْنَکَ أَیَّمَا الْأَجَلَیْنِ قَضَیْتُ فَلَا عُدْوَانَ عَلَیَّ وَاللَّـهُ عَلَى مَا نَقُولُ وَکِیلٌ»
Қыздардың әкесі Мұса (Ғ.С. ға): "Маған сегіз жыл жалға жүруіңе орай мына екі қызымның бірін саған некелендіргім келеді. Егер он жылға толтырсаң, ол сенің өз жаныңнан болады. Саған машақат қылуды қаламаймын. Алла қаласа, мені ізгілерден табарсың" деді. (27) (Мұса Ғ.С.): "Осы мені мен сенің арамыздағы келісім бойынша, екі мезгілдің қайсысын орындасам да маған қарсылық жоқ. Айтқанымызға Алла кепіл" деді. (28)
Хазірет Шұғайып қызының Мұсаны шопандыққа жалдау туралы ұсынысын қабылдады. Бірақ жас жігіттің оның үйінде тұруын қабылдай алмады. Себебі үйінде екі жас қызы бар еді. Сол себепті Мұсаға олардың үйінде тұра алуы үшін екі қызының бірімен некелесу туралы ұсыныс жасады. Бірақ қой жаю ісі жерде қалмас үшін оған қызына үйленген соң кем дегенде сегіз жыл олардың қасында қалып, қой бағуы керектігі туралы шарт қойды. Ол Мұсаның үйленген соң әйелінің қолынан ұстап, олардың отбасынан кетіп қалуын қаламады. Мұндай жағдайда оларға көмектеспегенімен қоса әкесіне қой бағуда көмектесіп жүрген қыздарының бірін одан алып кетер еді. Сондықтан хазірет Шұғайып некені шопандық шартымен байланыстырып айтты. Ол шартта екі жақтың да мүддесі қамтылды.
Бір жағынан Мұсаның тұратын жері мен әйелі және тұрмыс жағдайының мәселесі шешілді. Басқа жақтан Шұғайыптың қыздары қауіпті жайылымға қой бағу үшін барудың орнына қауіпсіз үйде қалатын болды. Осылайша отбасының тұрмыс жағдайлары да қамтамасыз етілетін болды.
Мұсаның сегіз жылдық шопандығының ол қыздың қалыңмал болатындығына немесе оның некелесуінің шарты болатындығына назар аударған жөн. Екі жағдайда да бұл қыздың ұсынысы мен қалауы болды. Пайдасы да әкесіне емес, қызы үшін болды. Себебі қызы әкесінің кәрілігіне байланысты күн сайын жайылымға қойларын апаруға мәжбүр болғанда пәк, мықты бір жігіттің оны әйелдікке алып, осы міндетті өз жауапкершілігіне алып, осындай қиын жұмыс жасаудан құтқаруды армандады.
Сөйте тұра хазірет Шұғайып Мұсаға ұсыныс жасаған кезде «Біз саған қиындық тудырғымыз келмейді. Сені машақатқа түсіргіміз келмейді. Сен де, егер ойың болса, айт. Тыңдайық» деді. Мұса оларға шопандық ету шартымен ұсынылған некені қабылдап: «Сегіз жыл осында қалып, шартты орындаймын. Егер сіздердің қастарыңызда екі жыл артық қалатын болсам, ол кезде де өзімнің тұрмысым қамтамасыз етіліп, һәм сіздердің тіршілік істеріңіз жалғасуы үшін қой бағамын» деді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Егер жігіт пәк, ісі дұрыс, сенімді адам болса, қыздың әкесі немесе туыстары тарапынан оған үйлену туралы ұсыныс жасалса, оның еш айыбы жоқ.
2. Ерлер мен әйелдер бірге болатын кеңістіктің салауаттығы үшін неке маңызды саналады.
3.Тұрмысқа шығуды ниет еткен қыздың қалыңмалын анықтау үшін күйеу баланың жағдайына қарау керек. Оны тығырыққа тіреуге болмайды.