Иранға сапар (212)
Егер естеріңізде болса, өткен бағдарламаларда Теһран облысының кейбір аудандарымен таныстырдық. Иранның әртүрлі қалаларында, әсіресе Теһранда көптеген кофеханалар бар.
Иранға сапар шегетін туристер Иран қалаларының түкпір-түкпірінен жанға жайлы кеңістікте ерекше тектілікпен қонақтарды күтуге дайын көптеген кофеханалар мен дәстүрлі мейрамханаларды көреді. Бүгінде Теһранның атақты қонақ үйлерінің кейбіреулерінде дәстүрлі кофеханалар ашылып, шетелдік туристердің назарын өзіне аударғандықтан, бүгінгі бағдарламаны кофеханалар тарихы және Теһранның кейбір танымал шайханаларымен таныстыруға арнауды жөн көрдік.
Ирандағы алғашқы кофехана Сефевилер заманында шах Тахмасптың билігі кезінде (1523-1576 жылдары) Қазвин қаласында пайда болған. Содан соң шах Аббас I-нің кезінде (1587-1628) Исфахан қаласында дами түскен. Кофехана басында аты айтып тұрғандай кофе ішетін жер болған. Иранға шай әкелініп, елдің солтүстігіндегі кейбір аймақта шай егіліп, халық оның дәмін қабылдаған соң, біртіндеп шай кофеханалардағы кофенің орнын басқан. Х.қ.ж.с.б. 13 ғасырдың екінші жартысынан бастап кофеханаларда шай ішу әдетке айналды. Шын мәнінде кофеханалар шайханаларға айналды, бірақ өз атауын ұзақ уақытқа дейін сақтап қалды.
Иран қоғамында кофехана халықтың жиналып, бос уақыттарын өткізіп, демалуы үшін ықпалды мекен болған. Көбінесе кездесу орны, басқаша айтқанда әртүрлі әлеуметтік топтардағы адамдар мен кәсіподақ мүшелерінің жиналатын жері болған. Әртүрлі әлеуметтік топтарға жататын адамдар, әсіресе түрлі кәсіп иелері осындай жерлерде жиналатын болған. Біртіндеп кейбір кофеханалар белгілі бір топ пен кәсіптегі адамдарға арналып, қолөнершілер, кәсіпшілер мен өнер иелерінен тұратын әртүрлі әлеуметтік топтар жиналатын жерге айналды. Халық күн сайын күнделікті шаруадан қолдары босаған кезде немесе демалғылары келсе кофеханаларға жиналып, бір-бірімен әңгімелесіп, саяси-экономикалық және әлеуметтік мәселелер туралы пікір алмасқан.
Кейбір кофеханаларда жұмысқа қатысты кәсіби мәселелер қарастырылған. Адамдар сондай жерлерде жұмыс тауып, жұмыс ашу жөнінде сөйлесетін болған. Кешкі жиындарда, әсіресе пайғамбарлар мен имамдардың туған күндері қарсаңындағы кештерде кофеханалар безендіріліп, шырақтар жағылған. Бұл дәстүр қазір де сақталған. Сол кештерде шаттыққа толы жиындар өткізіліп, түннің бір уағына дейін өлең оқылып, әңгіме айтылып, сөз сөйленіп, «Шахнама» оқылған. Қасиетті Рамазан айының кештерінде де осындай жерлерде сөз сөйлеу, жоқтау және әңгіме айту рәсімдері өткізіліп тұрған. Әдетте жергілікті тұрғындар мен басқа махаллелердің тұрғындары кофеханаларда жиналып, достық ортада және мәдени-әдеби кеңістікте бір-бірімен байланыс орнатқан. Осылайша, кофеханалар мәдени-әлеуметтік орталыққа айналып, қоғамдағы жалпы халықтың мәдени-көркемдік қабілеттерін тәрбиелеп, мәдениет пен дәстүрлі әдебиетті үйрететін жер болған. Алайда уақыт өте келе кофеханалар ежелгі дәстүрлермен өзінің мәдени байланысын үзіп, тек шай, таңғы ас пен түскі ас ішіп, демалатын жерге айналды.
Теһран қаласында Насери заманы мен одан кейінгі кезеңдерде көптеген кофеханалар ашылған. Насыреддин шах басқарған кезге сәйкес 1883-1885 жылдары Иранда болған АҚШ-тың елшісі Бенджамин өзінің сапарнамасында Теһран қаласындағы кофеханалардың көптігіне тоқталған. Ол шай ішілетін осындай жерлерді сипаттап: «Теһранда шайханалар көп, әрбір махалле мен көшеде әртүрлі әлеуметтік топтарға арналған көптеген шайханалар бар. Олардың барлығы ер адамдардың демалып, сұхбаттасуына арналған»,-деп жазған.
Теһранның шайханалары базарлардың маңы мен солардың айналасындағы көшелерде және тұрғыны көп махаллелерде орналасқан. Теһран кофеханаларының көбі жылы мезгілде қонақтарды қабылдауға арналған кеңістіктерге де ие. Кофеханалардың ашық алаңқайларына әдетте ағаштар мен гүлдер егіліп, ортасында суға толы хауыз немесе хауызша салынады. Бұл ашық алаңқай немесе аула «Кофехананың бақшасы» деп аталған. Шайхананың ішкі кеңістігі әдетте эпостық мазмұндағы және Кербала оқиғасы сияқты діни оқиғалар бейнеленген суреттермен безендірілген. Шайхананың негізгі құралдарына самауыр, шәйнек, стақан, тәрелке мен қант салғыш жатады. Түскі асқа ирандықтардың дәстүрлі тағамдары, әсіресе ерекше қыш ыдысқа құйылған «абгушт» беріледі.
Ислам революциясы жеңіске жеткен соң мәдени мұраны сақтау үшін кейбір дәстүрлі шайханалар біртіндеп жөндеуден өткізілген. Бұл жерлердің тиісті мәдени-көркемдік тартымдылықтарға ие болуы назарға алынған. Сол себепті ғимараттардың дәстүрлі архитектурасы қазіргі заманға сәйкес қайта жөндеуден өткізілді. Бүгінде отандық және шетелдік туристер дәстүрлі шайханалар мен мейрамханаларға барып, ирандықтардың өзіндік әдет-ғұрыптарының бір бөлігін, киім үлгісі мен тамақ, дәстүрлі қолөнер құралдарын, кескіндеме өнері мен әңгіме айту, «Шахнама» оқу және ирандық-исламдық дәстүрлі сәулет өнерін, сонымен қатар басқа да ондаған тақырыпты бір жерден көре алады.
Бүгінгі бағдарламаның соңғы бөлігінде Теһранның бірнеше дәстүрлі шайханасын таныстыруды жөн көрдік.
Дәстүрлі «Азари» кофеханасы х.ш.ж.с.б. 1327 жылы (1948 жылы) ашылған. Бұл – Теһранның «Темір жол» алаңында орналасқан, күн сайын қонақтарды қабылдауға әзір кофехана. Кофехананың құрылысы Иранның дәстүрлі тәсілімен салынған. Оның залының төбесі алебастр жапсырмаларымен көмкерілген күмбезбен, ауласы шатырмен жабылған. Дуалдар да кірпіш пен керамикалық тақташалардың қосындысынан тұрғызылып, дәстүрлі нақыштармен әрленген. Бұл шайханада қызметшілер ұлттық киімдермен қонақтарға ирандықтардың ұлттық тағамдарын беріп, дәстүрлі музыкалық туындыларды орындап, «Шахнама» оқып көңілдерін көтереді. Жыл сайын қасиетті Рамазан айында да ауызашар уақытынан сәресіне дейін ғазал оқып, мадақ айтады. «Азари» дәстүрлі кофеханасы құнды дәстүрлі архитектурасына байланысты Мәдениет, қолөнер және туризм ұйымының Техникалық тіркеу кеңесі тарапынан Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелу шарттарына сай деп танылып, 15907 нөмірімен тіркелген.
«Сәнгләдж» дәстүрлі мейрамханасы да Теһранның ең көне парктерінің бірі Қала паркінде орналасқан. Бұл мейрамхананың қызметшілері Сефевилер заманындағы киімдерімен ирандықтардың негізгі тағамдарын ұсынып, қонақтарды күтеді. «Сәнгләдж» дәстүрлі мейрамханасында мұхаррам, сапар және рамазан айларында ғазал оқу және шәһидтерді жоқтау бағдарламалары орындалып, басқа айларда дәстүрлі музыкалық туындылар орындалып, «Шахнама» айтылады.
Теһранның солтүстігіндегі «Амир Кабир» дәстүрлі шайханасы да Теһранның танымал шайханаларының бірі. Ол Қаджарлар заманының әйгілі саяси қайраткері Амир Кабирдің атымен аталған. Алебастр жапсырмаларымен көмкерілген төбе, кірпіштен қаланған қабырғалар, бағандар мен капительдерден тұратын шайхана Қаджарлар дәуіріне тиесілі. Осы шайханадағы қызметшілер Қаджарлар заманындағы киімдерімен (киіз қалпақ пен шапан) қонақтарға ирандықтардың дәстүрлі тағамдары мен қара шай, өрік қосылған, даршын қосылған шай мен әртүрлі тәтті-дәмділерді ұсынады. Бұл шайханада жылдың мұхаррам және сапар айларында аза тұру рәсімдері орындалып, қонақтарға тегін қызмет көрсетіледі.
Теһран қаласында дәстүрлі мейрамханалар өте көп. Бұлар Теһран халқы мен жолаушылардың шаттыққа толы сәттерін өткізіп, дәстүрлі тағамдардың дәмін тату үшін таңдайтын жерлері болып табылады. Теһранның Шарияти көшесінде орналасқан «Малек» дәстүрлі мейрамханасы да осындай орындардың қатарына жатады. «Малек» дәстүрлі мейрамханасының ішкі безендіруі мен тағамдары толығымен ирандық дәстүрге сай. Мейрамханаға кірер алдында алдымен төменгі қабатқа апаратын баспалдақпен төмен түсу қажет. Шағын саққахана-су беретін орын мен оның ерекше безендіруі оған ерекше сұлулық сыйлайды. Мейрамхананың ішкі кеңістігі Сефевилер дәуіріндегі сәулет өнерін еске түсіреді. Мейрамхананың ортасындағы суға толы хауыз, хазірет Әлидің (ғ.с.) суреті, әртүрлі суреттер мен ақындардың өлеңдері жазылған тақташалар бұл мейрамханада ерекше кеңістік тудырған. Мейрамханада исфахандық «қаламкари» өнер түрімен нақышталған матамен жабылған дөңгелек үстелдер мен келушілердің демалуына арналған орындықтар бар. Бұл мейрамханада дәстүрлі стильмен безендірілген музыканттарға арналған сахна ерекше кеңістік тудырып, қонақтардың назарын өзіне аударады.