Иран ертегілері мен аңыздары (105)
Проза тілінде жазылған халық ауыз ертегілерінің ең көрнекті ерекшеліктерінің бірі – олардың пайғамбарлар туралы әңгімелердің архетипімен терең мағыналы байланысы.
Яғни, ертегілерде пайғамбарлар өміріндегі оқиғалардың көбі қайталанады немесе қайта баяндалады. Иранның халық ауыз ертегілерінің көбі ең көне түрінен ең жаңа үлгісіне дейін, жын мен пері туралы ертегілерден бастап жәуәнмәрттік әңгімелерге дейін пайғамбарлар тақырыбын тыңдарманды тартып, жақсылап тәрбиелеу үшін пайдаланған. Ертегілердің бұл түрінде пайғамбарлар үш түрлі рөлге ие: олар әңгіме желісінде белсенді рөл атқарады; олар қосалқы рөл атқарады; пайғамбарларға қатысты әңгімелерге ұқсас оқиғалар қайта тудырылады.
Ертегі кейіпкерлерінің пайғамбарлардың қару-жарақтары мен құралдарын пайдалануы, пайғамбарлардың кейіпкерлердің түсінде аян беріп көмектесуі, кейіпкерлердің пайғамбарлардың бірі тарапынан жетекшілік етілуі, олардың назарында болуы – осының барлығы халық ауыз ертегілерінің пайғамбарлар туралы әңгімелермен байланысының үлгілері болып табылады.
Халық ауыз ертегілерін баяндаушылар пайғамбарлар туралы хикаялардың тартымдылығы мен танымалдығына байланысты оларды пайдалану арқылы өз ертегілерінің кейіпкерлеріне діни және ғажайып сипат беріп, олардың ісін Алла елшілерінің растауымен атқарылған іс деп көрсетіп, өз ертегілерінің маңыздылығы мен беделін арттырған.
Бұл ертегілердің кейіпкерлері, тіпті «Ескендірнамалардағы» Ескендір жаугершілік жасап, материалдық мақсаттарға жетумен қатар, ислам дінін тарату деген ұлы мақсатқа да ие болған. Сондықтан ертегінің кеңістігі аспан мен жер, дін мен дүние арасында тербелісте болады. Жазушылар мен ертегішілер кейіпкерді пайғамбарлардың ықыласына бөленген адам деп санап, пайғамбарларды ертегінің көптеген бөлімдеріне қатыстырады. Шын мәнінде, құнды діни қазынаны бұлайша пайдалану ресми діни әдебиет пен халық ауыз әдебиеті арасында мықты байланыс көпірін қалыптастырды деп айтуға болады. Бұл осындай діни-ақлақтық тағылымдардың жандануы мен кеңеюіне де, ертегі деңгейінің жоғарылауына себеп болып, нәтижесінде тыңдарманды тартуда маңызды рөл атқарған.
Пайғамбарлар туралы хикаялар тарих бойында қасиетті кітаптардағы әртүрлі рауаяттармен де, әртүрлі ұлттардың аңыз-ертегілері мен тарихи тұлғалары жайлы әңгімелермен де астасып, әпсаналық сипатқа ие болған.
Көптеген тарихшылар мен жазушылар уақыт өте келе Құран хикаяларын дамытып, рауаяттану ғылымында «исраилият» деп аталатын рауаяттар тізбегін Құранның хикаяларына араластырған, сөйтіп Иранның патшалары мен батырлары Бәни Исраиль пайғамбарлары мен патшаларымен байланыстырылған. Мысалы, Зәртушт Армиа пайғамбармен, ал Қызыр Ілияс пайғамбармен алмастырылған немесе Зұлқарнайын Ескендір деп танылған.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Хазірет Сүлейменнің алмасы» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.
Баяғы өткен заманда бір патша болыпты. Оның Малек Мұхаммад, Малек Ибраһим және Малек Джамшид деген үш ұлы болған екен. Патшаның үлкен де таңғажайып бағы бар көрінеді. Бақтың есігі үнемі жабық тұратындықтан патшаның өзі онда бармайды екен, ал басқа адамдар патшадан қорыққандықтан баққа жақындауға батылдары жетпесе керек. Уақыт өте келе патша қартайып, денсаулығы нашарлағандықтан «өмірім аяқталды, өліп барамын» деп ойлап, үш ұлын шақырып алып, патшалық пен дүние-мүлкін бөліп болған соң, оларға әлгі бақтың есігін ешқашан ашпауға кеңес береді. Патша осыны айтып басын жерге қойып, жантәсілім етіпті.
Ұлдар әкелерін жерлеп, үші, жетісі мен қырқын өткізіп, қазаға қатысты рәсімдер жайлы көңілдері орныққаннан кейін үлкен ұл Малек Мұхаммад «Бұл бақтың қолданылмай тұрғаны дұрыс емес» деп ойлайды. Бақтың есігін ашуға бұйрық беріп, уәзір-уәкілі мен әскерін алып, сонда кіреді. Жүріп отырып, жүріп отырып бақтың артындағы есіктен бір-ақ шығады. Шөл далада біраз жол жүреді. Кенет алдынан әдемі теңбілді бір құланды көреді. Құлан олардың алдына келіп Малек Мұхаммадқа: «Сенің басыңнан секіріп өтейін бе, әлде әскеріңнен аттайын ба?»,-деп сұрайды. Малек Мұхаммад: «Менің басымнан секір»,-деп жауап береді. Құлан оның үстінен секіріп өтіп, қаша жөнеледі. Малек Мұхаммад уәзір-уәкілі мен әскеріне қарап: «Менің артымнан еретін болсаңдар, көресіні көрсетемін»,-дейді. Осыны айтып, оларды қақпайлап, өзі жалғыз құланды қуа жөнеледі. Шауып отырып бір қаланың қақпасына жетеді. Сол жерде құланды қуып жетіп қалғанда ол тағы тілге келіп: «Ей, Малек Мұхаммад! Мен қайтып келгенше сен осы жерде тұра тұр»,-дейді. Таң-тамаша қалған Малек Мұхаммад сол жерде біраз тұрады. Ақыры бір ер адам қақпадан сыртқа шығып: «Ей, жігіт, қала патшасының сенімен ісі бар. Менімен жүр»,-дейді. Әлгі адам осыны айтып, бұрылып жүре беріпті. Малек Мұхаммад не болатынын көрейін деп, оның артынан жүріп отырады. Ал осы қала патшасының жылдар бойы бір ауыз тіл қатпаған қызы болыпты. Малек Мұхаммад пен қызметші сарайға кірген кезде патша оған өзінің қызы жайлы айтып, ақыры: «Егер таң атқанға дейін мына қызды сөйлете алсаң, оны саған беремін. Ал егер сөйлете алмасаң, ертең таңертең басыңды аламын»,-дейді. Малек Мұхаммад бұл тапсырманы қабылдағысы келмейді, бірақ бірнеше қызметші оны күштеп қыздың бөлмесіне апарып, есігін құлыптап қояды.
Малек Мұхаммадты осы жерде қалдыра тұрайық. Енді қалған екі ұл туралы тыңдаңыздар. Екінші ұл Малек Ибраһим Малек Мұхаммадтың қандай жағдайға ұшырағанын естігенде біраз әліптің артын бағады, бірақ күткеннен пайда шықпасын түсінеді. Елді басқаруды кіші ұл Малек Джамшидке тапсырып, тез арада жолға шығып, қалай болғанда да ағамды табуым керек деп шешеді. Сапарға дайындалып, ағасы кеткен жаққа қарай жалғыз өзі жолға шығады. Жүріп отырып, жүріп отырып Малек Мұхаммад әскерінен бөлініп шыққан жерге жеткенде бір құлан алдынан шығып, басынан секіріп өтеді. Малек Ибраһим оның артынан ілесіп, бір қақпаның алдынан бір-ақ шығады. Құлан оған: «Мен қайтып келгенше тұра тұр»,-дейді. Малек Ибраһим күтіп тұрады. Біраздан кейін баяғы қызметші келіп, оны патшаның алдына апарады. Патша Малек Мұхаммадқа айтқан сөздерін Малек Ибраһимге де айтып, ағасы Малек Мұхаммадтың бір түнде қызды сөйлете алмағанын, сондықтан оның басын шабуға бұйрық бергенін айтады. Осы жолы да Малек Ибраһимді жетектеп қыздың бөлмесіне апарады. Бұл байқұсқа да патша қызын сөйлетуге таңға дейін уақыт беріледі. Таң атқанда қолынан ештеңе келмей, қыз бұрынғыдай үнсіз отырғандықтан жігіттің басы алынады.
Енді кенже ұл жайлы тыңдаңыздар. Малек Джамшид екі ағасын қанша тосса да, олардан хабар болмайды. Ол «ағаларымды тағдырдың талқысына қалдыра алмаймын» деп ойлап, бас киімін киіп, сапар жүгін қамдап, қаладан шөл далаға қарай жолға шығады. Ағалары кеткен жолмен жүріп отырып, құлан келіп сөйлейтін жерге жетеді. Сол жерде құлан кездесіп, ағаларына айтқан сөздді айтып қаша жөнеледі. Шахзада оның артынан еріп, қақпаның алдына жетеді.