Сәу 19, 2017 20:31 Asia/Almaty

"Ғанкабут" сүресінің 8-13 аяттарының тәпсірі

«Ғанкабут» сүресінің 8-9 аяттары:

 «وَوَصَّیْنَا الْإِنسَانَ بِوَالِدَیْهِ حُسْنًا وَإِن جَاهَدَاکَ لِتُشْرِکَ بِی مَا لَیْسَ لَکَ بِهِ عِلْمٌ فَلَا تُطِعْهُمَا إِلَیَّ مَرْجِعُکُمْ فَأُنَبِّئُکُم بِمَا کُنتُمْ تَعْمَلُونَ»، «وَالَّذِینَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ لَنُدْخِلَنَّهُمْ فِی الصَّالِحِینَ»

Адам баласына әке-шешесіне жақсылық қылуды нұсқадық. Егер екеуі саған білмеген нәрсеңді Маған ортақ қосуыңа тырысса, онда ол екеуіне бағынба. Қайтар жерің Мен жақ. Сол уақытта сендерге не істегендеріңді түсіндіремін. (8) Ал иман келтіріп, ізгі іс істегендерді игілерге қосамыз. (9)

Исламның басында жастардың бір тобы ислам пайғамбарына иман келтіріп, пұтқа табынушылықтан бас тартты. Бірақ олардың ата-аналары пұтқа табынушылар болған. Сол себепті балаларынан пайғамбардың дінінен қол үзуді сұрады. Тіпті олардың аналарының кейбіреуі балаларына сезім тұрғысынан қысым жасау үшін аштық жариялады. Соған қарамастан олар табысқа жетпеді. Олардың балалары ислам дінін тастамады.

Осы аяттар жастар мен күпір және шерк отбасыларда өмір сүретін адамдарға қаратып: «Отбасылық байланыстар мен діни байланыстар арасында қайшылық пайда болған кезде дінді сақтау – ата-ананың ризашылығына бөленуден маңыздырақ. Сезімге бола дін мен шариғаттан қол үзуге болмайды. Бірақ,  әрдайым ата-ананы құрметтеу керек. Қолдарыңнан келгенше оларға жақсылық жасап, оларды қажеттіліктерімен қамтамасыз етуде аянып қалмаңдар» дейді.

Аяттардың жалғасы отбасының барлық мүшелеріне арнап, ата-аналар мен перзенттерге: «Сендердің бұл дүниедегі барлық істерің тіркеледі. Бір күні өз істеріңе жауап берулерің керек болады. Қияметте тақуалар мен салих адамдардың қасында иман мен ізгі ғамал иелері ғана болады» дейді.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Ата-анаға жақсылық жасау – ешбір шартты қажет етпейтін адами іс. Ол мұсылман болсын, кәпір болсын, оларға қызмет етіп, құрмет көрсету керек.

2.Шеркке шақыру – шын мәнінде дәлелсіз әрі жәһіл іске шақыру. Себебі шерктің ешқандай рационалды және ғылыми негізі жоқ.

3.Перзенттер дұрыс жолды таңдауда азат болуы керек. Ата-ана оларға өздері жүрген жолмен жүруді мәжбүрлей алмайды.

«Ғанкабут» сүресінің 10-11 аяттары:

 «وَمِنَ النَّاسِ مَن یَقُولُ آمَنَّا بِاللَّـهِ فَإِذَا أُوذِیَ فِی اللَّـهِ جَعَلَ فِتْنَةَ النَّاسِ کَعَذَابِ اللَّـهِ وَلَئِن جَاءَ نَصْرٌ مِّن رَبِّکَ لَیَقُولُنَّ إِنَّا کُنَّا مَعَکُمْ أَوَلَیْسَ اللَّـهُ بِأَعْلَمَ بِمَا فِی صُدُورِ الْعَالَمِینَ»، «وَلَیَعْلَمَنَّ اللَّـهُ الَّذِینَ آمَنُوا وَلَیَعْلَمَنَّ الْمُنَافِقِینَ»

Адамдардың кейбірі: "Аллаға иман келтірдік" дейді де олар Алла жолында жапа тартса, адамдардың кесірін Алланың азабындай көреді. Әлбетте Раббыңнан бір нұсырат келетін болса: "Әрине, біз сендермен бірге едік" дейді. Алла әлемдегілердің көңілдеріндегіні жақсы біледі емес пе? (10) Әлбетте, Алла иман келтіргендерді де біледі. Әрине мұнафықтарды да біледі. (11).

Алдыңғы аяттардың жалғасында бұл аяттар тек өмірдің рахат, тыныш кезеңдерінде ғана иман адамдары болатын, қиындықтармен кездескен кезде иман мен мүміндерге көмектесуден қол үзіп, теріс айналатын мүміндердің келесі бір тобына сілтеме жасайды.  

Бірақ қиындықтар шешіліп, мүміндер қайтадан билікке жеткен кезде олар өздерін иман иелеріне серік етіп көрсетіп: «Біз барлық жерде сендердің қастарыңда болдық. Ондай болса, бұл жеңісте де сендерге серікпіз» дейді. Аяттардың жалғасы: «Құдай адамдардың барлығының ішкі сырларынан хабардар. Қай адамның иманды сақтау үшін қасық қаны қалғанша күресетінін, қай адамның аздаған қиындыққа бола өз иманынан қол үзетінін біледі» дейді.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Кейбір адамдардың иманы жүректерінде емес, тілдерінде. Иман туралы айтқан кез келген уәжге сенбейік. Себебі, адамдардың шынайы иманы олар қиындықтарға душар болған кезде мәлім болады.

2.Кейде иман келтіру мен иманды сақтаудың құны болады. Иман иелері қиындықтарды қабылдап, төзеді.

3.Мұнафықтар – мұрсат талап ететін адамдар. Қиындық туған кезде олар қашып, тыныштық пен жеңіс кезінде адамдардың жетістіктері мен артықшылықтарын пайдалану үшін өздерін солардың қасындамыз деп көрсетеді. 

«Ғанкабут» сүресінің 12-13 аяттары:

 «وَقَالَ الَّذِینَ کَفَرُوا لِلَّذِینَ آمَنُوا اتَّبِعُوا سَبِیلَنَا وَلْنَحْمِلْ خَطَایَاکُمْ وَمَا هُم بِحَامِلِینَ مِنْ خَطَایَاهُم مِّن شَیْءٍ إِنَّهُمْ لَکَاذِبُونَ»، «وَلَیَحْمِلُنَّ أَثْقَالَهُمْ وَأَثْقَالًا مَّعَ أَثْقَالِهِمْ وَلَیُسْئَلُنَّ یَوْمَ الْقِیَامَةِ عَمَّا کَانُوا یَفْتَرُونَ»

Сондай кәпірлер иман келтіргендерге: "Біздің жолымызға ілесіңдер, қателіктеріңді біз көтерейік" деді. Негізінен олар бұлардың күнәларынан еш нәрсе көтеруші емес. Расында олар суайт. (12) Әрине олар өз жүктерін де онымен бірге басқа жүктерді де көтереді. Әлбетте олар қиямет күні жасама істерінен сұраққа тартылады. (13)

Мүшіріктер мүміндерді өздерінің имандарынан бас тартқызып, шерк жолына қайтаруға күш салды. Осы аят былай дейді: «Олар иман келтірген адамдарға: «Біздің және ата-бабаларымыздың жолына қайтыңдар. Пайғамбардан теріс айналыңдар. Егер бұл іс қате әрі күнә болмаса, біз бен сендерге ештеңе болмайды. Егер, күнә болса, біз сендердің күнәларыңды мойнымызға аламыз, сендерге ештеңе болмайды» деді.

Аяттардың жалғасы былай дейді: «Олардың осы уәждері – өтірік. Себебі, жаза мен сауап олардың емес, Құдайдың қолында. Олар жазаны күнәһарлардың иықтарынан алып, оларды босата алмайды.  Бірақ, егер біреу осы бұрыс сөздерге еріп, қателесіп, иманнан қол үзсе, қияметте жазаланады. Оның адасуына себеп болған мүшірік өзінің күнәларымен қоса, адасқан адамның да күнәсін мойнымен көтереді». 

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Дұшпан мүміндерді жайына қалдырмайды. Кейде азаптаумен, кейде жалған уәделерімен мүміндерді күпір мен шерк жолына қайтаруды мақсат етеді.

2.Ислам көзқарасы бойынша ешбір адам басқаның күнәсінің жүгін өз мойнына ала алмайды немесе «Сенің күнәң менің мойнымда» деп, уәж айта алмайды.

3. Бірақ басқаларды адастыратын адам олардың күнәларына серік әрі сол арқылы тура жолдан тайған адамның күнәларына да жауапты. Бірақ бұл тура жолдан тайған адамның күнәсін азайтпайды.