Жетекшілік хадисі 118
Алла елшісі хадистерінің бірінде: «Алланың қасындағы ең дұшпан адам достардың арасында өсек айтып, жиындарда қайшылық тудыратындар және жақсылық жасаушылардың кемшіліктерін іздеушілер»,- деген болатын.
Өсек айту – тілмен жасалатын келесі күнә. Өсек деп көбінесе біреудің артынан айтылған сөзді сол адамға жеткізу айтылады. Имам Әли (ғ.с.) «Сендердің араларыңдағы ең жаман адам – өсек айтатындарың. Мәселен, біреу «сен туралы былай деді, саған былай істеді» дейді. Олар достардың арасын ажыратып, пәк адамдардың кемшіліктерін іздейді»,- деп айтқан болатын. Алла елшісінің хадистерінің бірінде: «Алланың қасындағы ең дұшпан адам достардың арасында өсек айтып, жиындарда қайшылық тудыратындар және жақсылық жасаушылардың кемшіліктерін іздеушілер»,- деп айтылған болатын. («Мастадрак әл-Васаел», 9-шы том). Исламның көзқарасы бойынша, тіл – бақылауға алынатын құралдардың бірі. Өйткені күнәлардың көбі тілден басталады. Ғайбат пен өтірік айту сынды үлкен күнәлар тек тіл арқылы іске асырылады. Өсек айту да – тіл арқылы іске асырылатын күнә. Өсекші аманатқа қиянат жасауымен бірге, ғайбат айтып, діндес бауыры макрух санайтын істі тілімен орындап, адамның сырын әшкерелейді. Сондықтан, Алланың алдында өсекші жиіркенішті. Хазірет Әли (ғ.с.): «Жүректе кек тудырып, адамды Алладан алыстататын өсектен өзіңді алыс ұстаған сен қандай жақсысың»,- деген. Құран Кәрім халықтың арасында кек пен қайшылық тудыратын адамға жаман әрі жағымсыз іс-әрекетінен алыстауы қажеттігін ескертеді. Өйткені, оның салдарлары тозақтағы азаптар болады. Исламның ұлық пайғамбары бұл туралы: «Екі адамның арасында өсек айту үшін жүрген адамға Алла қабірге түскеннен қиямет күніне дейін өрт дайындап қояды»,- деген. («Васаел әш-Шие», 8-ші том). Исламдық зерттеулерде өсек сиқырмен бір қатарда тұрады. Өйткені, сиқыр адамдарды бір-бірінен алыстатып, адамдардың сырларын әшкерелейтіндігі сияқты өсек те теріс әсер етеді. Осыған орай имам Садық (ғ.с.)-ның хадистерінің бірінде: «Ең үлкен сиқыр – өсек. Өйткені, өсек достардың арасын ажыратып, достарды бір-біріне дұшпанға айналдырады. Соның салдарынан қан төгіліп, үйлер қиратылып, перделер жыртылады. Өсекші адам – жер бетіндегі ең жаман адам»,- деген. Хадистерде «Егер өсекші өз халқының арасында өмір сүрсе, сол халыққа Алланың рақымы тимейді, олардың дұғалары орындалмайды» деп айтылған. Рауаяттардың бірінде: «Хазірет Мұсаның кезінде Бани Исраил құрғақшылыққа ұшырады. Хазірет Мұса жаңбыр сұрап, дұға тілеу үшін адамдармен бірге қаланың сыртына шығады. Бірақ, қанша дұға тілігенімен жаңбыр жаумайды. Хазірет Мұса мүнәжәттарын арттыра түседі. Сол кезде Жаратушы тарапынан: «Сендердің араларыңда көп өсек айтатын адам бар. Сол үшін дұғаларыңды қабылдамаймын»,- деген хабар жетеді. Хазірет Мұса сол адамды ортадан шығару үшін Құдайдан оны көрсетуді сұрағанда ұлы Алла: «Мен өсек айтуға тыйым сала тұрып, пендемнің сырын қалай әшкерелеймін? Мен оны сендерге қалай таныстырамын?»- деді. Хазірет Мұса бұл мәселені халқына айтқанда өсекші адам тәубеге келіп, сол кезде Алла рақым жаңбырын жіберді»,- деп айтылған. Адамдардың көбі рухани және психикалық себептерге байланысты өздерінің қайғысын жеңілдету үшін басқа адамға қиындықтары туралы айтады. Мұндай жағдайды өсекші адамдар теріс пайдаланып, оның сөзін басқаларға жеткізеді. Сөйтіп өсекшінің күнәсына аманатқа қиянат жасауы қосылады. Келесі рауаятта ер адам имам Саджад (ғ.с.)-ға «Бір адам сіз туралы былай деді» деген кезде: «Бауырыңның бауырлық құқығын сақтамадың. Ол сені сенімді адам санады. Сен оған қиянат жасап, біздің құрметімізді де сақтамадың, өйткені, біз сенен естуге қажет емес сөзді естідік. Өсекшілердің тозақтың иттері екенін білмедің бе? Бауырыңа өлімнің баршаға келетінін айт. Қабір – бәріміздің баратын жеріміз. Қиямет күні Алла арамызда төрелік жасайды»,- дегені айтылған.