Maм 22, 2017 23:37 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (112)

Бүгінгі бағдарламада Моулана Хосейн Ваез Кашефидің Құранды тәпсірлеуге арналған "Маваһебе алайһ» немесе «Хосейннің тәпсірі" атты кітабымен таныстырамыз.

Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар

Айтып өткеніміздей, Ваез Кашефи проза мен поэзия  саласында көптеген еңбек жазған. Оның "Ақлақ-е Мохсени", "Роузат уш-Шохада" жəне "Футувватнаме-е солтани" атты еңбектерін талдадық. Бүгінгі бағдарламада осы ирандық ойшылдың келесі туындысы, яғни Құранды тәпсірлеуге арналған "Маваһебе алайһ» еңбегін талдаймыз.

Сабзевар қаласындағы Моулана Хосейн Ваез Кашефидің ескерткіші

Хосейн бен Әли Ваез Кашефидің "Маваһебе алайһ» немесе «Хосейннің тәпсірі" деген атпен танымал Құран тәпсірінің жүздеген нұсқасы осы уақытқа дейін Иран, Орта Азия, Пәкістан мен Үндістанның кітапханалары мен жеке жинақтарда тізімге алынған. Зерттеушілердің пікірі бойынша, қысқаша «Молданың тәпсірі» деген атпен танылған Кашефи тәпсірінің танымалдығы оның әдеби және басқа да теңдессіз ерекшеліктеріне байланысты. Кашефи тәпсірлеу түрлері бойынша білгір болса да, "Маваһебе алайһ» еңбегінде тілтану, сөзтану, құқық және діни заң тақырыптарына сирек тоқталған. Ол Құран аяттарын парсы тіліне аударып, қарапайым түсіндірме беріп, басқа тәпсірлер мен тариқат жолындағылардың прозалық және поэзиялық еңбектерінен үзінділер келтіріп, бүкіл Құранға қысқа да нұсқа тәпсір жазған.

Құранның парсы тіліндегі тәпсірлерінің тарихы х.қ.ж.с.б. 4 ғасырда, сәйкесінше 10 ғасырда өмір сүрген Абуджафар Мұхаммад бен Джарир Табаридың «Табари тәпсірі» деген атпен танымал «Джаме ул-Байян» еңбегінен басталады. Ғұламалар Құран Кәрімнің тәпсірі мен аудармасын парсы тілінде жазуға рұқсат берген заман Саманилер әулетінен шыққан Абусалех Мансур бен Нухтың Мәуереннахр мен Хорасанды билеп тұрған кезі болатын. Ол аударма жасау мен тәпсір жазуға ынталандырып отырған. Тәпсірді парсы тіліне аударуға рұқсат берілген соң осы еңбектің артынан басқа да еңбектер жазылды. Табари аудармасынан кейін бір жарым ғасырдың ішінде парсы тілінде екі маңызды тәпсір жазылды: Абулфутух Рахидің (х.қ.ж.с.б. 525 жыл, 1131 жыл) «Роуз ул-женан уа рух ул-женан фи тафсир ул-Құран» атты еңбегі мен Рашидеддин Мейбодидің (х.қ.ж.с.б. 520 жыл, 1126 жыл) «Кашф ул-есрар уа едде ул-ебрар» атты еңбегі. Бұл тәпсірлер «Табари тәпсірінен» кейін жазылған тәпсірлерге басты екі ағымның – шиіт мазхабы мен сопылықтың қалай әсер еткенін көрсетеді.

Табари тәпсірі – Құран Кәрімнің ең көне әрі ең толық тәпсірлерінің бірі

Абулфутух Рахидің тәпсірі парсы тіліндегі алғашқы шиіттік тәпсірлердің бірі болды. Бұл тәпсір құрылым мен мазмұн бойынша Мұхаммад Абуджафар Тусидің (х.қ.ж.с.б. 460 жылы, сәйкесінше 1067 жылы қайтыс болған) араб тілінде жазған «Әт-Табиан фи тафсир ул-Құран» атты маңызды тәпсірге ұқсайды. Рашидеддин Мейбодидің «Кашф ул-есрар» еңбегін сопылық тариқаттың әсерімен жазылған әдеби тәпсір деп айтуға болады. Бұл парсы тілінде жазылған тәпсірлердегі келесі бір үрдістің үлгісі саналады. Осы тәпсірде әрбір аят үшке бөлінген: бірінші бөлімде Құран Кәрім аяттарының тікелей аудармасы жасалып, түсіндірме берілген; екінші бөлімде аяттардағы сөздер сүнниттердің тәпсірлерінде келтірілген рауаят, дін, діни заңгерлік тұрғысынан парсы және араб тілдерінде талданған; үшінші бөлімде де парсы және араб тілдерінде аяттарға тариқат жолындағылар тұрғысынан түсіндірме берілген. Бұл бөлімде Қажы Абдулла Ансари Херави, Қашири және басқа да көрнекті сопылардың тәпсірлері кең түрде пайдаланылған.

Хосейн Ваез Кашефидің "Маваһебе алайһ» атты еңбегі х.қ.ж.с.б. 897-899 жылдар аралығында (1491-94 жылдар) жазылған. Ол да Мейбоди тәпсірі сияқты  Құран Кәрімнің әдеби және сопылық тәпсірлерінің қатарына жатады. Кашефи тәпсір саласындағы өз жазбасын «Жаваһер ут-тафсир ле тохфе ул-амир» атты көлемді тәпсірмен бастады. Оны өзінің демеушісі сұлтан Хосейн Байқараның уәзірі Әмір Әлішер Науаиге арнап жазған. Кашефи бүкіл Құранға тәпсір жазуды көздеген, алайда төртінші сүренің басына жеткенде  «Жаваһер ут-тафсирді» жазуды тоқтатып, бірнеше жыл өткен соң "Маваһебе алайһ» атты өте қысқа тәпсір жазып, оны да Әмір Әлішер Науаиге табыс етті.

"Маваһебе алайһ» атты тәпсірдің басылып шыққан әртүрлі нұсқалары

Кашефи "Маваһебе алайһ» атты еңбегінде Мейбодидің «Кашф ул-есрар» еңбегіндегідей халық аузындағы тақырыптарды тариқатты ұстанушылардың тақырыптарымен араластырып жазғанымен, екеуінің ара-жігін ашып, қарастырмаған. Кашефи Мейбодидің еңбегінен көп алса да, өз тәпсірінде Кабравие мен Нақшбандие ағымдарына жататын Ибн Араби, Абдуррезақ Кашани, Садреддин Кониави мен Шейухи сияқты сопылардың сөздерін келтірген. Ол, сондай-ақ, қажы Абдулла Ансари, Санаи, Фаридеддин Аттар, Джалаледдин Мұхаммад Моулави мен Абдуррахман Джамидің парсы тіліндегі өлеңдерін тәпсірінде қолданып, бейіттер келтірген.

Бір аяттың мағынасын түсіндіруде өлеңді пайдалану Кашефиден біраз уақыт бұрын тариқатты ұстанушы тәпсіршілердің қолданған тәсілі болған. Алайда Кашефи өлеңді қолдануды жаңа деңгейге көтерді. "Маваһебе алайһ» еңбегінен бірнеше өлең жолдары келтірілмеген беттерді сирек кездестіруге болады. Құран  аяттарының мағынасын түсіндіруде өлеңді пайдалану бұл дәуірде сопылық бағытты ұстанатын тәпсіршілерге тән қасиет болған.  Сопы емес тәпсіршілер өлеңді тек Құранда бар сөздер мен сөз тіркестерінің түбірін тауып, мағынасын ашатын құрал ретінде пайдаланған.

"Маваһебе алайһ» кітабының маңыздылығы тек оның танымалдығында ғана емес, араб және парсы тәпсіршілерінің келесі буынына әсер еткендігінде жатыр. Сефевилер заманының бас кезіндегі тәпсіршілердің бірі болған Молда Фатхулла Кашани (х.қ.ж.с.б. 988 жыл, 1580 жыл) «Менхадж әс-Садеқин фи елзам ул-Мұхалефин» атты өз тәпсірінде Құранның парсы тіліндегі аудармалары мен түсіндірмелерін пайдаланған. Бұл еңбек "Маваһебе алайһ» кітабында келтірілген тақырыптарды сөзбе-сөз аудару болып табылады. Кашани, сонымен қатар, Кашефидің тақырыптарды реттеу жолын ұстанған. Бірақ араб тіліндегі дәйексөздер, тәпсірдің негізгі дереккөздері мен қосымша рауаяттар келтіру арқылы өз тәпсірін кеңейтіп, дамытқан. Осы екі еңбектің ең маңызды айырмашылығы мынада: Кашефи діни ағымдарға қатысты тақырыптарды қозғамаған. Кашани осындай тақырыптарға тоқталып, шиіттік көзқараспен Құран Кәрімнің көптеген аяттарын талдаған. Кашефиден әсер алған келесі адам – түрік тәпсіршісі Исмаил Хаққи Бурсави (х.қ.ж.с.б. 1137 жылы, сәйкесінше 1724-25 жылы қайтыс болған). Ол «Рух ул-Байян» еңбегінде Кашефиге сілтеме жасаған. Исмаил Хаққидің тәпсірінің дені араб тілінде болса да, ол дәйексөз келтіру тәсілін пайдаланып, Кашефи тәпсірінің парсы тіліндегі өлеңдерін өз тәпсірінде көптеп келтірген. 

"Маваһебе алайһ» тәпсірі автордың басқалардың жазбаша және ауызша тақырыптарын таңдап, оларды бір жүйеге келтіріп, басқаларға жеткізген  еңбегі деп айтуға болады. Кашефидің бұл еңбегі – өзгеше тәпсір. Өйткені өте түсінікті парсы тіліндегі аударманы көлемі жағынан өте қолайлы да тартымды тақырыптармен астастырған. Жалпы Кашефи діни ғалымдар мен сопы заңгерлердің күрделі түсіндірмелерін қолданудан бойын аулақ салып, орнына әңгімелер, өлеңдер мен түсіндірмелерді таңдаған. Бұл оқырмандардың Құранды оқығанда тәжірибелерінің артуына септігін тигізеді. Нәтижесінде ол Құран тәпсірінің күрделі дискуссиясына қызықпайтын қарапайым оқырмандарға түсінікті туынды ұсынды.

Кашефидің "Маваһебе алайһ» атты еңбегі танымалдығының себебі – оның тәпсірді дайындау үшін таңдаған жазу және ойлау стилі. Ол Құранның түсінікті аудармасын пайғамбарлардың өмірі мен Құран кітабының маңыздылығын түсіну үшін аса қиын емес қызықты тақырыптармен араластырып берген. Кашефи өз тәпсірінде келтірген рауаяттар мен поэзиялық тақырыптар оның еңбегіне әдеби ерекшелік сыйлап, оны тартымды етті. "Маваһебе алайһ» атты кітапта араб дәйексөздерінің азырақ қолданылуы бұл еңбектің «Кашф ул-есрар» сияқты кітаптың араб тілінен хабары жоқ оқырмандар үшін түсінікті болуына себеп болды. Бұл кітапта автор сопылықты біржақты жақтаудан да, дау-жанжал тудырудан да бойын аулақ салған. Ауызша қарсылықтар айтылса да, кітаптың форматынан тыс айтылған. Кашефи өз тәпсірінде мұсылмандарды шиіт-сүннит деп бөлуден мүлдем бас тартқан. Осы мәселе сопылыққа бет бұрған шиіттер мен сүнниттердің Хосейн Ваез Кашефиді өздерінің жазушысы деп тануына себеп болды.