Maм 25, 2017 19:06 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (113)

Моулана Хосейн Ваез Кашефиге арналған соңғы бөлімде х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда өмір сүрген осы еңбекқор жазушының «Анвар-е Сухейли» (Сухейли нұры) атты кітабымен таныстырамыз.

Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар

Айтып өткеніміздей, «Моулана Хосейн Ваез Кашефи» деген атпен танымал Камаледдин Хосейн бен Әли Сабзевари – Тимурилер дәуірінде (х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда/григориан күнтізбесі бойынша 15 ғасырда) өмір сүрген ирандық еңбекқор жазушы, дін ғылымдарының білгірі, астроном, Құран тәпсіршісі, математик, ықпалды әрі көрнекті уағыздаушы. Ол бастауыш білімді сол заманда ғылым-білімнің ордасы болған Сабзевар қаласында алып, содан соң Мешхед пен Герат қалаларына аттанған. Ол ұзақ жылдар бойы діни тағылымдар мен ақлақтық қасиеттерді уағыздап, үгіт‑насихат жасаумен айналысқан. Сұлтан Хосейн Байқара билік басына келіп, оның білікті уәзірі Әмір Әлішер Науаи өнер мен әдебиет майталмандарына қолдау көрсеткен соң Кашефидің орны мен танымалдығы арта түсті. Ұлы хадисшілер мен ғұламаларға берілетін уағыз бен құтпа айту орны Гератта Кашефиге берілді. Кашефи Джами арқылы Нақшбандия тариқатымен танысқан. Сонымен қатар Кашефиден проза мен поэзия саласында көптеген еңбек қалғанын айттық. Өткен бағдарламаларда оның «Ахлақ-е Мохсени», «Мауаһеб әләйһ», «Роузат уш-Шохада» жəне «Футувватнаме-е сұлтани» атты еңбектерін талдадық. 

Гераттағы Кашефидің мазары

«Анвар-е Сухейли» (Сухейли нұры) – Ваез Кашефидің өте танымал еңбектерінің бірі. Бұл туынды – «Келиле мен Демне» атты кітаптың жаңаша қарапайым да жетік тілмен қайта жазылған нұсқасы. Абулмаали Насролла Монши сұлтан Махмұд Ғазнави ұрпақтарының бірі Бахрамшахтың ынталандыруымен Ибн Мұқаффаның араб тіліндегі кітабын «Бахрамшахтың  Келиле мен Демнесі» атауымен парсы тіліне аударды.  

«Анвар-е Сухейли» Үндістан түбегі мен Ауғанстанда айрықша назарға алынып, кейін Үндістан мен Ұлыбритания азаматтарына парсы тілін үйрету үшін пайдаланылған. Баспа техникасы дамыған соң бұл кітап Үндістан түбегі мен Теһранда 30 реттен артық басылып шықты. Кітап үнді, ауған тілдерінің әртүрлі диалектері мен еуропалық тілдерде басылып, әлемдік танымалдыққа ие болды.

Кашефи «Келиле мен Демне» атты кітаптың жасанды прозасын осы кітапты түзетіп жазып шығуға негізгі стимул болғанын айтқан. Кашефидің көзқарасы тұрғысынан «Мұндай мәтіндер оқырман мен тыңдарманды жалықтырады». Ол басқалардың «Келиле мен Демне» кітабын пайдалана алуы үшін және кітап қалтарыста қалып қалмауы үшін соның негізінде «Сохейли» деген лақап атпен танымал Амир шейх Ахмадтың атымен «Анвар-е Сухейли» атты кітап жазған.

Ваез Кашефидің «Анвар-е Сухейли» атты кітабы

Кашефи «Келиле мен Демне» кітабын қайта жазуда оның мазмұнына көптеген өзгеріс енгізіп қана қоймай, оның атауын да ауыстырған. Сильвестр Дусасидің пікірі бойынша, осы өзгерістердің арасында екі мәселе бәрінен маңыздырақ: біріншісі – кітаптың атауын өзгертуі. Оған дейін «Келиле мен Демне» кітабын парсы және араб тілдерінен аударғандардың ешқайсысы оның атауын өзгертпеген; Кашефидің екінші өзгерісі – «Келиле мен Демне» кітабындағы әртүрлі кіріспелерді алып тастауы. Ибн Мұқаффаның араб тіліндегі аудармасы мен Абулмаалидің парсы тіліндегі нұсқасында бұл кіріспелер сақталынған. Кашефи осы кіріспелердің орнына жаңа кіріспе жазған. Алайда бұл кіріспе автордың жазу стиліне мүлдем ұқсамайды.

Кашефидің «Келиле мен Демне» кітабының мәтініне енгізген келесі өзгеріс осы құнды кітапты оқуды қиындататын араб тіліндегі аяттар, хадистер мен өлеңдерді алып тастауы болды. Кашефи араб тіліндегі сөз тіркестері мен өлеңдерінің орнына өз заманына жақынырақ Сағди, Моулави мен Хафиз сынды ақындардың парсы тіліндегі өлеңдерін пайдаланған. Ол, сондай‑ақ, «Келиле мен Демне» кітабының ертегілеріне 60 хикаят қосқан. Доктор Мұхаммад Джафар Махджуб «Келиле мен Демне» мен «Анвар-е Сухейли» кітаптарын нақты салыстыра келіп, Ваез Кашефи тарапынан қосылған әңгімелерді әрбір тарауда бөліп алып, олардың кейбіреулерінің алынған дерек көзін Сағдидің «Бустаны» мен «Гүлстаны», «Мәрзбаннаме» мен «Маснави» деп анықтап көрсеткен.

«Анвар-е Сухейли» кітабында кейбір хикаяттар поэзия тілімен берілген. Бұл оның басқа мәтіндерден аманатқа алынғанын көрсетеді. Мысал ретінде құйрық сұраған қоян туралы ертегіні немесе екі адамның арасында үкім шығаруы тиіс қазы туралы ертегіні атауға болады.  Ваез Кашефи бұл екі хикаятты тікелей Моулавидің «Маснавиінен» алған.

«Анвар-е Сухейли» кітабындағы хикаяттарға қатысты сурет

Кашефи өзінің туындысымен «Келиле мен Демне» кітабын жеңілдеттім деп ойлаған. Алайда, көптеген зерттеушілердің пікірі бойынша, ол бұл жолда аса жетістікке жетпеген. Доктор Махджуб кітаптың мәтінін біртекті деп санамай, оның екіқырлылығын «Анвар-е Сухейли» кітабының негізгі ерекшелігі деп атаған. Ұстаз Забихулла Сафаның көзқарасы бойынша, «Кашефи кітапты жеңілдетуді мақсат тұтқан, алайда Абулмаалидің баяндауының ықпалынан шыға алмаған». «Анвар-е Сухейли» кітабының текстологиясын жасаған Мұхаммад Роушанның ойы бұған қайшы. Ол «Анвар-е Сухейли» кітабын «Келиле мен Демнеден» бөлек тілі жеңіл әдемі туынды деп санайды. Оның ойынша, кітап тиімді бейіттер мен тартымды мысыралармен көмкерілген. «Анвар-е Сухейли» кітабының әсіресе Үндістан түбегінде көп басылып шығуы және оның парсы тілін үйрету үшін қолданылуы бұл кітаптың қарапайым оқырмандардың жүрегіне жол тапқанын көрсетеді. Бұл тақырып араб тіліндегі сөз тіркестері мен өлеңдерін алып тастап, олардың орнына парсы тілдес ақындардың өлеңдерін қолдануымен байланысты болуы мүмкін. Мұнымен қоса, жалпы халық түсінетін өлеңдердің болуы және парсытілділерге бұдан бұрын Моулавидің «Маснавиі» мен халықтың арасында таралған хикаяттардан таныс әңгімелердің көптеп қолданылуы  ықпалды рөл атқарды. Кітаптың ертегілері мен хикаяттарын талдау көрсеткендей, бұл ертегілердің бірқатары халық арасында таралып, ауызекі хикаяттар ретінде тіркелген.

«Анвар-е Сухейли» кітабында «Келиле мен Демнедегідей» ақлақтық принциптер хикаят қалыбында хайуанаттардың атынан баяндалған. «Анвар-е Сухейлидің» ең маңызды ерекшелігі мынада: бұл туындыда алғаш рет көше мен базардағы халықтың тыныс‑тіршілігі тұтастай бейнеленген. Бұл кітап өз заманындағы, яғни х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдағы халықтың өміріне халықтың көзімен сипаттама береді. Бұл кітапта хикаят автордың айтқысы келген тақырыбын жеткізудің құралы ғана болған. Сондықтан ол әңгіме келтіргенде себеп пен салдарға аса назар аудармаған. Шын мәнінде хикаят айтудың маңыздылығы екінші дәрежеде болған.

Ваез Кашефи Үндістан мен Пәкістанның түкпір-түкпірінде танымал. Бұл елдерде Кашефидің көптеген туындыларының көшірме нұсқасы жасалып, кең таралған. Оған қызығушылар оның еңбектерін алтын қағаздай бір‑біріне берген немесе сыйлық ретінде ғалымдар мен ұлыларға тарту етіп отырған. Осыған дейін айтып өткеніміздей, «Анвар-е Сухейли» Үндістанда Ваез Кашефидің басқа еңбектерінен көбірек танымал. Сол себепті алғаш рет сол жерде басылып шыққан. Содан кейін Үндістанның Бомбей, Лакхан және Хейдарабад қалаларында литография тәсілімен басылып шықты. Мұнымен қоса, «Анвар-е Сухейли» кітабын Үндістанда әртүрлі адамдар аударыған немесе қайта жазылған. Ол «Айяр‑е данеш», «Аржәнг‑е Рази», «Бустан‑е хикмет», «Хекаят‑е бидпай», «Сетаре‑е Хенд» және «Маснави‑е данешафруз» атты атаулармен басылып шыққан.