Маусым 25, 2017 12:20 Asia/Almaty

"Рұм" сүресінің 14-19 аяттары

«Рұм» сүресінің 14-15-16 аяттары:

 «وَیَوْمَ تَقُومُ السَّاعَةُ یَوْمَئِذٍ یَتَفَرَّقُونَ»، «فَأَمَّا الَّذِینَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ فَهُمْ فِی رَوْضَةٍ یُحْبَرُونَ»، «وَأَمَّا الَّذِینَ کَفَرُوا وَکَذَّبُوا بِآیَاتِنَا وَلِقَاءِ الْآخِرَةِ فَأُولَـئِکَ فِی الْعَذَابِ مُحْضَرُونَ»

Қиямет-қайым болған күні, сол күні (кәпір, мұсылман) айрылады. (36-С. 59-А.) (14) Ал енді иман келтіріп, ізгі іс істегендер бір бақшада сыйланады. (15) Ал енді сондай қарсы келіп, ахиретте Маған жолығуды жасынға шығарғандар, міне, солар тозаққа әзір түрде қойылады. (16).

Осы аяттар адамдарды қияметте екі топқа бөледі: иман иелері және түзу адамдар бір топқа, келесі топқа істері күпіршілікке негізделіп, хақты теріске шығарған адамдар жатады. Жас айырмашылығы, сауаттылық пен тек, тіл немесе байлық, шен-шекпен, жағдай сынды адамдарды осы дүниеде ерекшелендіріп, топ-топқа бөлген сипаттардың қияметте әсері болмайды. Адамдардың тағдырларын бір-біріне ерекшелендіретін әрі жақсы, жаман істерге себеп болатын жалғыз нәрсе – иман мен күпіршілік.  

Жұмаққа ену үшін жалғыз иман жетпейді. Иманмен бірге ізгі ғамалдар да лазым. Бірақ, тозаққа ену үшін күпіршіліктің жалғыз өзі жеткілікті. Себебі, күпіршіліктің өзі – Құдайдың адамның ықтиярына берген болмыстың қорына жасалатын ең үлкен зұлымдық.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1. Қиямет – пәктердің пәксіздерден, ізгілердің жамандар мен қылмыскерлерден бөлінетін күні.

2. Илаһи себеп пен түрткіге ие және Құдайға деген иманнан бастау алған ізгі іс құнды.

3.Алланың белгілері мен қияметті теріске шығару адамның бойында күпіршілік пен қырсықтықтан бастау алады.

4. Адамның ақыреттегі тағдыры осы өмірдегі тіршілігіне байланысты.

«Рұм» сүресінің 17-18 аяттары:

 «فَسُبْحَانَ اللَّـهِ حِینَ تُمْسُونَ وَحِینَ تُصْبِحُونَ»، «وَلَهُ الْحَمْدُ فِی السَّمَوَاتِ وَالْأَرْضِ وَعَشِیًّا وَحِینَ تُظْهِرُونَ»

Ендеше түнеген мезгілде әрі таң атырған уақытта Алланы пәктеңдер. (Түнгі, таңғы намаз.) (17) Көктер мен жерде, кешке және түскі уақытқа кіргенде барлық мақтау Аллаға лайық. (Түскі, кешкі намаздар.) (18)

Кейбір тәпсіршілер бұл аяттарды тәуліктегі уәжіп намаздардың уақытына сілтеме жасайды деп санап: «Таңертең және түнде, түсте, кеште Құдайды еске алып, мадақтап, оны пәктеңдер. Себебі, жаратылыстың бүкіл әлемі оның шексіз ғылымы мен құдіретінің белгісі саналатын пәктігі мен ұлылығына куәлік етеді. Шерктен алыстау үшін барлық жағдайда Құдайды пәктеп, жүрекпен, тілмен оны кез келген шерктен немесе кемшілік пен міннен пәк санау керек» дейді.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1. Барлық уақыттар мен барлық мекендерде (аспандар мен жерде) Құдайды мадақтап, пәктеу құндылық саналады. Дегенмен, кейбір уақыттар Құдайды зікір ету үшін ыңғайлырақ.

2.Құдайды пәктеп, кез келген кемшілік пен міннен пәк санау оны мадақтау мен мақтау үшін негіз әзірлейді. Сол себепті, оны мадақтаудан бұрын пәктеу керек.   

«Рұм» сүресінің 19 аяты:

 «یُخْرِجُ الْحَیَّ مِنَ الْمَیِّتِ وَیُخْرِجُ الْمَیِّتَ مِنَ الْحَیِّ وَیُحْیِی الْأَرْضَ بَعْدَ مَوْتِهَا وَکَذَلِکَ تُخْرَجُونَ»

Ол өліден тіріні шығарып, тіріден өліні шығарады да, жерді өлгеннен кейін жандандырады. Сол сияқты сендер де (қабырдан) шығарыласыңдар. (19)

Ақыретті теріске шығаратын адамдардың күмәнына берген жауапта бұл аяттар өлілердің осы дүниеде тірілуінің үлгілеріне сілтеме жасап: «Құдай дайым өлілерді тірілтіп жатқан кезде өлгендердің қияметте тірілетіндігін қалай мүмкін емес іс санайсыңдар? Қыста ағаштар мен шөптер қурап, өліп, көктем шыққанда қайтадан бүршік жарып, тіріліп, жыл сайын осы іс қайталанады. Оны көздеріңмен көресіңдер. Мұнымен қоса, жыл сайын жансыз жерден әртүрлі шөптер мен бұталар көктеп, тіршілікті көрсетеді» дейді.

Бұған керісінше, көптеген тіршілік иелері өліп, топыраққа айналады.

Біз ішіп, жейтін су мен тамақ тірі емес. Бірақ, біздің денеміздің бөлігіне айналғанда олар тірі жасушаларға айналады. Табиғат жүйесінде де тіршілік өлімге айналып, өлім тіршіліктің ортасынан шығады. Бұл – қияметте өлілерді тірілтетін Жаратушының құдіреті үшін ең жақсы дәлел.

Бірақ, осы аятты рухани тұрғыдан да тәпсірлеуге болады. Кейбір рауаяттарда мүміннің кәпірден, кәпірдің мүміннен тууы немесе ғалымның жәһілден, жәһілдің ғалымнан туатындығы тірінің өліден, өлінің тіріден туатындығына мысал деп аталған.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Егер адам ақылды әрі әділ болса, оның қияметке деген сеніміне ешқандай күмән қалмайды. Себебі, Құдай осы дүниеде мақұлықтарды өлтіріп, тірілтудегі құдіретін көрсетті.

2.Бұл дүниенің жүйесінен тіршілік иелерінің өлім мен тіршілік арасындағы айналысы байқалады. Бұл іс қияметке дейін жалғасады.