Шіл 02, 2017 09:56 Asia/Almaty

«Рұм» сүресінің 20-22 аяттарының тәпсірі:

«Рұм» сүресінің 20 аяты:

 «وَمِنْ آیَاتِهِ أَنْ خَلَقَکُم مِّن تُرَ‌ابٍ ثُمَّ إِذَا أَنتُم بَشَرٌ‌ تَنتَشِرُ‌ونَ»

Оның белгілерінің бірі – сендерді топырақтан жаратуы. Сосын, сендер адам болып, тараласыңдар. (Өсіп, өнесіңдер.) (20)

Алдыңғы бағдарламада Құдайдың өлілерді тірілтіп, тірілерді өлтірудегі құдіретіне сілтеме жасалды. Осы аят пен бұдан кейінгі аяттар Құдайдың тіршілік иелерін жаратудағы, әсіресе адамды жаратудағы құдіретінің белгілеріне тоқталып, былай дейді: «Бүгін жердің әр жеріне таралған сендер, адамдардың барлығыңның негіздерің – жансыз топырақ». Бұл аят Құранның кейбір аяттарында айтылғандай, һәм алғашқы адамдардың топырақтан жаратылғандығына, һәм адамның қорегіне жасалған сілтеме бола алады. Себебі, адамның қорегі тікелей немесе жанама түрде топырақ арқылы қамтамасыз етіледі. Сол себепті адамның негізін топырақтан деп айтуға болады. Егер, адам өзінің жаратылысы мен тіршілігінің бастауына назар аударса, әлемнің Жаратушысының адамның ғылым мен техника саласындағы дамуы соған қарыздар жансыз топырақтан мидың нәзік жасушаларын жаратқанын көреді.

Қозғалысы мен түйсінуі, сезімі жоқ топырақ ғажайып өзгерістер барысында жасушаларға айналып, адам сол арқылы түйсіну мен сезім және қозғалысқа ие болады. Бұл өте таңқаларалық іс.

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Өзін-өзі тану – Құдайтанудың кіріспесі. Адам – Пәруәрдігердің жер бетіндегі ең айқын жаратылыстарының бірі.

2. Біз, адамдардың барлығы топырақтан жаратылғанбыз, топыраққа қайтамыз. Ондай болса, бос мақтануды қойып, менмендік пен тәкәппарлыққа салынбайық.

«Рұм» сүресінің 21 аяты:

 «وَمِنْ آیَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَکُم مِّنْ أَنفُسِکُمْ أَزْوَاجًا لِّتَسْکُنُوا إِلَیْهَا وَجَعَلَ بَیْنَکُم مَّوَدَّةً وَرَ‌حْمَةً إِنَّ فِی ذَلِکَ لَآیَاتٍ لِّقَوْمٍ یَتَفَکَّرُ‌ونَ»

Сендерге оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар. (21)

Адамның жаратылысы тақырыбынан кейін бұл аят Алланың келесі үлкен белгілерінің біріне, яғни жұптық заңына сілтеме жасап: «Алла әрбір адам үшін өмір жолында серігі әрі жәрдемшісі болып, соның қасында тыныштыққа жетуі үшін жұп берді. Мұндай байланыстар жұбайлардың арасында Құдай берген махаббат және ықыласпен пайда болады. Олардың бір-біріне деген құштарлығы мен байланысы өмір бойы жалғасады. 

Бұл байланыс әйел мен ерді бір-бірін толықтырып, олардың қуаныштары мен қызықтарына себеп болады. Осы байланыстың маңызды нәтижесі олардың ұрпақтары көбейіп, адамзат ұрпағының жалғастығын кепілдендіреді. Отбасылық байланыс сонымен қатар қоғамды құрудың әрі қоғамдық жауапкершіліктерді қабылдаудың негізі болады.

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Әйел мен ер – тең жаратылыс.

2. Исламдық мәдениет пен тағылымдарда жұбайлар ұрыс-керіс пен алауыздықтың емес, бір-бірінің тыныштығының мәйегі болатын отбасылар қабылданады. 

3.Іңкәрлік пен махаббат – Құдайдың әйелдер мен ерлерге берген сыйы. Бұл сый олардың байланыстарын мәңгілік етеді.

4.Ынтықтық пен махаббат жұбайлардың байланыстарының факторы болғандай, ортақ өмірлерінің баяндылығы да махаббат пен достықты қажет етеді.

«Рұм» сүресінің 22 аяты:

 «وَمِنْ آیَاتِهِ خَلْقُ السَّمَوَاتِ وَالْأَرْ‌ضِ وَاخْتِلَافُ أَلْسِنَتِکُمْ وَأَلْوَانِکُمْ إِنَّ فِی ذَلِکَ لَآیَاتٍ لِّلْعَالِمِینَ»

Көктер мен жерді жаратуы, тілдерің мен түстеріңнің, қарама-қарсылығы да Оның белгілерінен. Шәксіз, бұларда білгендер үшін белгілер бар. (22)

Бұл аят адам өзімен бірге айналасындағы әлемге де қарауы үшін адамның жаратылысын аспан мен жердің жаратылысының жанында баяндады.

Ғарыш серіктері мен көптеген дамыған телескоптардың болуына қарамастан, адам әлі де аспан жүйесі мен галактикаларына толық бойлай алған жоқ.

Жер де көптеген таңғажайып құбылыстарға толы. Олардың көбі адам баласы үшін әлі ашылған жоқ.  Жердің қойнауында орасан зор қазба байлықтар сақталған. Оның құрлығының тереңінде газ бен қазба байлықтар бар, теңіздер мен мұхиттарда адам соларды кеңінен пайдаланатын су жануарлары мен балықтар тіршілік етеді.

Аят тағы да адамға қайтып оралып, оның екі маңызды ерекшелігіне тоқталады: әртүрлі говорлар мен диалектерден пайда болған тіл ерекшелігі мен әртүрлі нәсілдер мен түрлердің пайда болуына себеп болған түс ерекшелігі.

Көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші: егер, адамдардың барлығының түрлері мен жүздері, түстері мен дауыстарының екпіні бірдей болғанда, адамдарды бір-біріне қалай ажыратуға болар еді? Бала өз ата-анасын мыңдаған ер адам мен әйел адамдардың арасынан қалай таныр еді? Жұбайлар бір-бірін қалай таныр еді?

Бет-бейне мен сөйлеген кездегі айырмашылық – адамдарды бір-бірінен ажырататын ең жақсы жол. Сонымен қатар, егер осындай алуандық пен айырмашылық болмағанда адамзат қоғамындағы өмір бір сарынды, жалықтыратын болар еді.

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Тәжірибе ғылымы адамға табиғатты көбірек пайдалануға көмектесумен қатар, адамдардың күшті әрі хакім Жаратушыға деген сенімдерінің дамуына да себеп болуы керек.

2.Ғалымдардың көзқарасы бойынша, нәсілдердің, түстер мен тілдердің алуандығы Пәруәрдігердің ұлылығының белгілерінен. Бірақ, жәһіл адамдар сол айырмашылықтарды басқаларды кемсітіп, мазақтау үшін пайдаланып, басқалардың алдында мақтануға себеп санайды.

3. Әрбір тіл – өз алдына асыл. Сол себепті ешкімнің нәсілдер мен ұлыстарды және басқа тілдерді кемсітуге хақысы жоқ.