Нау 16, 2016 19:05 Asia/Almaty

Бүгінгі бағдарламада х.қ.ж.с.б. 4 ғасырда (10 ғасырда) өмір сүрген Иранның атақты математигі әрі астрономы Абуль-Уафа Бузджани жайлы сөз қозғап, осы ұлы ғалымның өмірі, еңбектері мен қызметтерін талдаймыз.

Бұл ғалым геометрия, тригонометрия, арифметика, қолданбалы геометрия, астрономия мен математика ғылымдарына жаңалық енгізу мен оларды дамытуға айрықша үлес қосқан. Бағдарлама көңілдеріңізден шығады деп үміттенеміз. Бізбен бірге болыңыздар!

Х.қ.ж.с.б. 4 ғасырдың (10 ғасырдың) математигі әрі астрономы «Абуль-Уафа Бузджани» деген атпен танымал Мұхаммад бен Мұхаммад бен Яхия х.ш.ж.с.б. 319 жылы 20 шахриварда, сәйкесінше х.қ.ж.с.б. 328 жылдың 1 рамазанында Хорасан облысындағы қазіргі Торбат-е Джам қаласына жақын жерде дүниеге келген. Ибн Надимнің «әл-Фехрест» атты еңбегінде Абуль-Уафа Бузджанидің атының аталуы оның ғылыми дәрежесінің жоғарылығын білдіреді, өйткені ол ибн Надим мен Әбу Райхан Бирунидің заманында өмір сүрген.  

Бұл ирандық ғалым математиканың бастамасын Бузджанда өз заманының көрнекті математиктері болған ағасы мен бөле ағасынан үйренеді. Х.қ.ж.с.б.  348 жылы 20 жаста болған кезде Абуль-Уафа ғылымдарды меңгеріп, сол замандағы атақты ұстаздардан тәлім алу үшін Бағдадқа барып тұрақтайды. Ол Азад ад-Доуленің ұлы Шараф ад-Доулеге қызметке тұрып,  оның Бағдадтағы обсерваториясында Абусахл Бижанның жетекшілігімен жұмыс жасаған.   

Атақты тарихшы Джордж Сартен  10 ғасырдың екінші жартысын, сәйкесінше х.қ.ж.с.б. 4 ғасырының екінші жартысын «Абулвафа ғасыры» деп атаған. Бұл дәуірде Еуропа тайпалық қақтығыстар мен шашыраңқылыққа душар болып тұрған еді. Ол кезде Еуропада бір жағынан феодалдық жүйе, екінші жағынан шіркеу догматтарының билігі кез-келген ғылыми дамудың жолын жауып отырды.

Шығыста Бағдад халифатының билігі әлсіреп, халық кедейшілік пен алаңдаушылықта күн кешіп жатты. Қытай, Үндістан мен Жапония да ғылыми тоқырауға ұшыраған болатын. Осындай кезде Иранда жағдай мүлдем басқаша еді.  Абуль-Уафа дүниеге келген кезде парсы тілі мен әдебиеті және Иранның салт-дәстүріне қызыққан Саманилер Хорасанды басқарып тұрды. Саманилер басқа мазхабтарға қысым жасамаған. Бұл ғалымдарға тыныштық сыйлап, ғылымның қарқынды дами түсуіне жағдай жасады. Осы заманда кітап сататын дүкендердің саны артып, үлкен кітапханалар салынған. Иранның ұлан-байтақ жерінде тәлім беру үшін үлкен медреселер ашылған. Бұл заманда Абу Райхан Бируни мен ибн Сина сияқты ұлы данышпандар өмір сүрген. Сол кездегі ирандық математиктер грек математикасын аударып, түсіндірме жазып қана қоймаған, олардың өздері кемеліне жеткен математикалық циклды қалыптастырған.   

Бузджани геометрия, тригонометрия, арифметика, қолданбалы геометрия, астрономия мен математика ғылымдарына жаңалық енгізу мен оларды дамытуға айрықша үлес қосқан. Ол музыка саласында да жұмыс істеген, бірақ ғалымның музыкадағы танымалдығы оның математика және астрономия ғылымындағы танымалдығына жетпеген. Оған «арифметик» әрі «инженер» деген лақап ат берген. Абуль-Уафа Бузджани Бағдадқа келгеніне бірнеше жыл өтпей жатып-ақ өз заманының атақты ғалымдарының біріне айналған. Бузджани Бағдадта ғылыми жұмыстар,обсерваториялық және астрономиялық зерттеулермен қоса, хатшылық қызметімен де айналысқан. Ол біраз уақыт Бағдадтағы бір аурухананы басқарған. Бузджани Бағдад ғалымдарымен ғана емес, өзімен замандас Ирандағы және Бағдадтан тыс жердегі ғалымдармен ғылыми хат алмасып тұрған. Соның ішінде оның замандасы математик Абуәли Хобуби мен Иранның ұлы ғалымы  Абу Райхан Бируниді атауға болады. Абухиан Тоухиди мен Абунаср Ирак сияқты ғалымдар оны «шейх» деп атаған.  

Бузджани Абу Райхан Бирунимен ғылыми тұрғыдан ой бөлісіп отырған. Мысалы, Абу Райхан Хорезмде болған кезінде айдың тұтылуын бір мезгілде бақылау үшін Бағдадта болған Бузджанимен келіскен, сөйтіп екі түрлі жерде жүргізілген бақылаудың нәтижесін салыстырмақ болған. Абуль-Уафа Евклидтің «Кіріспесі», Хорезмидің «Алгебра мен салыстыруы», Диофанттың «Алгебрасы», Птолемейдің «Альмагесті» мен ирандық және грек ғалымдарының көптеген еңбектеріне түсіндірме жазып, өзі де геометрия мен тригонометрияда көптеген бастамалар жасап, жаңалықтар енгізген.

Бузджани үшбұрыштың ауданын есептеу үшін биіктікті білмей-ақ, үшбұрыштың тек ұзындығын пайдалану арқылы Харун қатынасына тең қатынасты анықтап, оны Абуәли Хобубиге жіберген. Алайда Бузджанидің тригонометриядағы ең маңызды еңбегі оған тангенстер функциясын енгізуінде жатыр.

Абуль-Уафа Бузджаниден 4 негізгі еңбек қалған: біріншісі – «Арифметика ғылымында жазушыларға, шаруаларға және басқаларға нені білу керек туралы», екіншісі – «Геометриялық құрылыстардан кәсіпшіге не қажет туралы», «Альмагест» кітабы мен «Геометриялық амалдар» еңбегі. 

Бузжанидің «Арифметика ғылымында жазушыларға, шаруаларға және басқаларға нені білу керек туралы» және «Геометриялық құрылыстардан кәсіпшіге не қажет туралы» еңбектері математиканың қолданыс аясының анық үлгілері саналады.

Бузджани өзінің қолданбалы арифметикасында бастапқы екі бөлімді тақырыпты талдауға арнаған, содан соң үшінші бөлімнен жетінші бөлімге дейін теориялық және практикалық математиканың қосындысын баяндаған. Тарихи деректер бойынша, бұл еңбек х.қ.ж.с.б. 272-367 жылдар аралығында жазылған деп айтуға болады. Өзінің айтуынша оны Асад ад-Доуле Дейламиге арнап жазған. Ол  осы еңбектің бірінші тарауында математиканың теориялық принциптерін талдап, жаңа ұғымдарды, соның ішінде өзінің мәліметтері мен классификациясы негізінде математикалық бөлшектер мен оларды есептеу, арнайы ережелер мен көмекші кестелерді пайдалану арқылы күрделі бөлшектерді негізгі бөлшектерден шығаруды баяндайды. Ол бөлшектерді жылдам шығаратын тәсіл ойлап тапқан. Еңбектің екінші тарауында ислам әлеміндегі математика тарихында бірінші рет теріс сандарды пайдаланып, сол үшін «қарыз (несие)» деген мағынаны беретін «дайн» деген ұғымды қолданған.

«Геометриялық амалдар» еңбегінде басында геометриялық құрылыстарға қажет құралдар жайлы сөз қозғап, содан кейін геометриялық құрылыстардың ең қарапайым есептерін баяндағап, содан соң күрделірек формаларды сипаттаған. Бузджани барлық жерде дәлелмен, кейде бірнеше тәсілмен есепті шығару тәсілін беріп, өзінің шешім жолдарының ғылыми қолданысына да көңіл бөлген.

Бузджани «Геометриялық амалдар» еңбегінде кеңістіктегі формаларға да көңіл аударған, әсіресе Жер бетіндегі форманы сипаттау туралы көптеген есептерді шығарған. Мұнымен қоса, кесте тігу, кілем тоқу және сырлы кірпіш жасауда қолданылатын көркемдік геометриялық формаларды да естен шығармаған.

Бузджанидің бірегей туындыларының бірі – «Альмагест». Ол Птолемейдің «Альмагесті» негізінде жазылған. Кейбір тарихшылардың пікіріне керісінше, бұл еңбек Птолемей кітабының жаңа басылымы емес, көне нұсқасы, бізге жеткен «Зидж-е Бузджани» кітабы болуы мүмкін. Бірақ Абу Райхан Бируни оларды екі бөлек еңбек деп санаған.  Бузджани өзінің «Альмагест» атты кітабында аспан денелерінің қозғалысын түсіндіру үшін қажетті дүниелерді келтірген. Шын мәнінде оның кітабы тригонометрияның іргетасы болып табылады.  

Бузджани талпыныстарының құрметіне Ай жерсерігінің бетіндегі кратерлердің бірі  оның есімімен аталды. Абуль-Уафа Бузджани х.қ.ж.с.б.  388 жылы 3 раджабта Бағдад қаласында қайтыс болған.