Шіл 10, 2017 23:20 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (114)

Бүгінгі бағдарламада х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда өмір сүрген ирандық мистик, сопы, хадисші, ақын және Кабравие тариқатының негізін қалаушы шейх Наджмеддин Кубрамен таныстырамыз.

Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар

Х.қ.ж.с.б. 540 жылы Үлкен Хорасанда, Хорезмнің көне аймағында, кейін «Хиуа» деген атпен танылған Хивак немесе Хивақ аймағында ғылым мен білімге құштар жанұяда бір бала дүниеге келді. Оның атын Ахмад деп қойды. Бұл бала кейінгі жылдары сопылар әлемінде жасындай жарқырап, бірқатар еңбек жазған «Наджмеддин Кубра» және «Шейх Вали Тараш» деген атпен танылған Абу Абдулла Ахмад бен Мұхаммад бен Абдулла Хивақи Хорезми  еді. Ол Кабравие әулетінің негізін қалап, ержүрек мистиктердің жетекшісі әрі Алла жолындағы ғашықтардың басшысына айналды. Тарихшылар мен зерттеушілер арасында оның лақап аты жайында әртүрлі рауаят бар. Кейбіреулердің пайымдауынша,  «Кубра» деген лақап ат оған оның ептілігі үшін берілген. Келесі біреулердің айтуынша, ол жас шағында пікірталасқа түсіп, дәлел келтіруде ерекше күш-қабілетке ие болғандықтан осы лақаппен танымал болған.

Қазіргі Түркіменстанның солтүстігіндегі Дашогуз облысындағы Куһнаве Ургенч тарихи аймағында орналасқан шейх Наджмеддин Кубра мен Сұлтан Әли кесенесінің ағаш күмбезі

Кейбір ізбасарлары құрмет білдіріп, оны «Аят ул-Кубра» деп атаған, содан соң біртіндеп бірінші сөзі түсіп қалып, «Кубра» деп аталып кеткен. Алайда сопылардың көбі оның шәкірті болғандықтан, оны «Шейх Вали Тараш» деп атаған.

Орыс шығыстанушысы әрі зерттеушісі Бертельс Наджмеддин Кубра жайлы: «Наджмеддин» деп аталғанымен, ол мистиктер әлемінің шығысынан туған жұлдыз емес, күн болды. Оның рухани нұры Ислам әлемінің түкпір-түкпіріне жетті. Ирак, Фарс, Хорасан, Мәуереннахр мен басқа жерлерден шыққан шәкірттер оған бас иіп, оның Исаның деміндей насихаттарын пайдалану арқылы әрқайсысы өз жерінде  үлгіге айналды»,-деген.

Наджмеддин бастапқы ғылымды туған жерінде үйренген. Қысқа уақыттың ішінде оның ғылыми тұлғасы жастық шағында-ақ Хорезмдегі ғылыми орта ұстаздарының назарына алынды. Оның әкесі мен ұстаздарының ұйғаруымен және ғылым мен таным қуғандардың дәстүріне сәйкес, ол сапарға аттанып, Нишапур, Исфахан, Хамадан, Табриз, Хузистан, Хиджаз бен Мысырға барып,  ғылым үйренумен қоса, өз заманындағы ұлы шейхтермен танысқан. Наджмеддин туған жері Хорезмнен кеткен  күткен бастап өмірінің ең жақсы әрі қымбат күндерін шөл далалар, сайлар мен тауларда ізденіспен өткізген. Дана адам бар деп естіген кез-келген жерге барып, сонымен сұхбаттасып отырған. Сол себепті Наджмеддин Кубра өздігінен туып, молдаға қосылған мистик болмаған, керісінше биік дәрежелі тәпсірші, білгір хадистанушы, кәсіби астроном, құрметті зерттеуші, хәкім, философ, теңдессіз лингвист және жоғары лауазымды  саяси қайраткер  саналады.

Ол Мысырға аттанғанда өте жас болған. Онда біраз уақыт тұрып, білім алғаннан кейін сол замандағы ұлы мистиктердің бірі саналған шейх Рузбихан Вазан Месримен кездесуге барып, ғылымдарды меңгере бастады. Наджмеддин үшін осы ұлы мистиктен тәлім алу барысында өзі «Джавахер ул-есрар» кітабында жазғандай, ұзақ тақуалық пен ұстаздың жолнұсқауларының арқасында сопылықтың жоғары сатыларына жетуге және рухани әлемнің иерархиясын түсінуге мүмкіндік туды. Наджмеддин шейх Рузбеханның үздік шәкірті болған. Ол аз уақыттың ішінде қол жеткізген деңгейлеріне байланысты шейхтің алдында қадірлі болғаны соншалықты, шейх өз қызын оған тұрмысқа берген. Өзі бұл жайлы: «Менің жағдайым шейхке ұнап, ол мені өзінің ұлы ретінде қабылдап, маған қызын  берді. Сол қызы маған екі ұл сыйлады»,-деген. 

Шейх Наджмеддин Кубраның кесенесі

Наджмеддин Мысырда тұрған кезінде хадис ғылымының білгірлерінің бірі Абумансур Хафденің Табризде хадистанудан дәріс беріп жатқанын естиді. Өзі бұл жөнінде: «Мұны естіген соң мен онымен сөйлескім келді. Мен «Шәрх ус-сенне» кітабын сол кісінің алдында оқуды қаладым»,-деген. Абумансұрдан  білім алып жүрген кезде Наджмеддин атақты мистик баба Фарадж Табризимен танысты. Осы кісіден  тәрбие алған шақта Наджмеддин сопылықтың ең жоғары дәрежелеріне жетті. Содан кейін көптеген ұлылармен кездесіп, ғылым-білім үйреніп, таным, рухани уәһи мен аян саласындағы нәрселерді түсінген. Наджмеддин Кубраның соңғы ұстазы шейх Исмаил Қасри болған. Сол ұстаз Наджмеддинге мүршидтіктің  шапанын кигізген. Бұл ұлы ұстаз Наджмеддинге Мысырға барып, әйел-баласын алып, Хорезмга қайтып, сонда шәкірт тәрбиелеп, халыққа жетекшілік етуге бұйрық береді.

Тариқат шейхтерінің арасында өздерінің шәкірттеріне шапан кигізетін рәсім болған. Шапанның екі түрі болатын: тәбәрік шапаны мен жетекшілік шапаны. Шейх сопылар тариқат жолын жүріп өткен талабы мықты ақиқатты іздеушілерге құрмет ретінде тәбәрік шапанын беріп отырған. Бұл махаббаттың белгісі еді. Сол себепті тәбәрік шапанын бірнеше шейхтен алуға болады. Алайда жетекшілік пен халифат шапаны өзгеше. Бұл шапанды тек бір кәміл шейхтен ғана алуға болады. Осы шапанмен адамға шәкірт тәрбиелеп, жетекшілік етуге рұқсат беріледі.

Шейх Наджмеддиннің қабірі

Наджмеддин Мысырға қайтып оралып, біраз уақытын ғылыми қайраткерлер және тариқат шейхтерімен кездесумен өткізген. Содан соң х.қ.ж.с.б. 575 жылы 35 жасында  өзінің туған жеріне қайтып оралған. Джорджания деп аталған Хиуаға келіп орналасып, қала басшыларымен кездесіп болғаннан кейін бір ханеқаһ – дәруіштердің үйінде ислам ғылымдарынан дәріс берген. Оның дәрістерінің ислам ғылымы мен танымына қызығушылардың қолдауына ие болғаны соншалықты, аз уақыттың ішінде оның даңқы сол замандағы ғылыми орталықтарға жеткен. Ғылыми қайраткерлер осы ұстазбен танысу үшін Хорезмге келіп, басқа шәкірттердей сол ғылыми ортада шәкірт болған. Шейх Наджмеддин ислам ғылымдарынан дәріс берумен қатар ақиқат жолы мен Аллаға жақындауға құштарларды тәрбиелеумен айналысқан. Ақиқат жолына ғашықтар одан тариқат жолын үйрену үшін ислам елдерінің түкпір-түкпірінен Хорезмге аттанып отырған. Шейх шәкірттерді тәрбиелеп, тариқат шейхтерінің дәстүрлеріне сәйкес оларға аскетизм мен моджахедат – дін жолында күресудің әдет-ғұрыптарын үйреткен. Түлектер оқуы аяқталып, тариқат жолын жүріп өткеннен кейін өзге де шәкірттерді тәрбиелеп, мистиктерге жетекшілік ету үшін басқа ислам елдеріне жіберіп отырған.

Кабравие тариқатының негізін қалаушы Наджмеддин Кубра х.қ.ж.с.б. 618 жылы 78 жасында моңғол шапқыншылығы кезінде ержүректікпен күресіп, сол жолда шәһид болды.  Моңғол әскері Хорезмге жеткенде шейх Наджмеддин оның мұрасын сақтап қалған сахабалар мен шәкірттерге өздерінің қалалары мен елдеріне қайтуға бұйрық береді. Олар шейхтен Хорезмнен олармен бірге кетуді сұраған, алайда ол: «Маған кетуге рұқсат жоқ. Осы жерде шәһид болуым керек»,-деп жауап берген. Рауаятта келтірілгендей, «Шыңғыс пен оның ұлдары Хорезмге жетпес бұрын Бұқарада тоқтап, сол жердегі ғалымдардың алды болған Қазыханды өзімен бірге Хорезмге алып барған. Хорезмге жеткен кезде Қазыхан оларға «Шейхтердің сұлтаны Наджмеддин Кубра осында. Оның өзі мен шәкірттеріне дөрекілік жасамаңдар»,-деген. Әскерді басқарып келген Шыңғыстың ұлдары Қазыханды «Біз сені мен сенің шәкірттеріңе тиіспейміз» деп айту үшін хазірет шейхке жібереді. Шейх өзіне қарасты адамдар мен шәкірттермен бірге білместік жасалмауы үшін сыртқа шығады. Қазыхан келіп, хабар береді. Шейх: «70 жыл бойы хорезмдіктермен жақсы өмір сүрдім. Енді қиын заман туғанда олардан бөлініп кету – құрметсіздік»,-деп жауап берген». Моңғол әскері Хорезмге шабуыл жасағанда шейх Наджмеддин Кубра болмысындағы иманы мен ержүректігінің арқасында дұшпанға қарсы батылдықпен күресіп, кеудесіне тиген оқтан шәһид болды.