Иранның танымал тұлғалары (116)
Шейх Наджмеддин Кубра – Кубравие ағымының негізін қалаушы. Бүгінгі бағдарламада Кубравие ағымымен таныстырамыз.
Айтып өткеніміздей, Наджмеддин Кубра х.қ.ж.с.б. 540 жылы Үлкен Хорасандағы Хиуа қаласында дүниеге келген. Ол ғылымдардың бастамасын өзінің туған жерінде үйренген соң көбірек танымға ие болу үшін сапарға аттанған. Ол х.қ.ж.с.б. 575 жылы ұстазының бұйрығымен туған жері Хиуаға оралып, таным мен ақиқатқа құштарларды тәрбиелеуге талпыныс жасайды. Кубравие тариқатының негізін қалаушы шейх Наджмеддин Кубра х.қ.ж.с.б. 618 жылы 78 жасында моңғолдардың әскерімен күресте ерлікпен қаза тапты.
Наджмеддин Кубра өмір сүрген ғасырды «тариқаттар ғасыры» деп атауға болады. Қадесие, Ясауие, Рафаие, Хейдарие, Сухравардие, Бекташие, Моулавие, Қунавие, Кубравие, Нақшбандие мен басқа да тариқаттар осы ғасырда пайда болған еді. Шейх Наджмеддин Кубра – Кубравие ағымының негізін қалаушы. Бұл ағым Ирандағы сопылық ағымдардың ең көрнектілерінің бірі болған. Оның ықпал аймағы Хорасан мен Мәуереннахрдан басталып, батыста Шам мен Кіші Азияға, шығыста Қытайға дейін жеткен. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, сопылық, әсіресе ирандық сопылық мінез-құлық Наджмеддин Кубрадан кейін кең таралған. Наджмеддин екі негізгі ерекшелікке ие болды: біріншіден, ол сопылардың терең ойлары мен сезімдерін жатық тілмен баяндап отырған; екіншіден, кемелдік сыйлайтын насихаттарын өз шәкірттеріне өмірлерінде жолнұсқау мен үлгі болсын деп берген.
Шариғатты сақтау қажеттігін баса айту, сыртты іштен бөліп қарамау, тариқаттың әдет-ғұрыптарына мән беру, арнайы киім «херқені» қажет деп санау, пірге абсолютті түрде бағыну, оқшаулану мен зікір салудың, үнсіздіктік пен тыныштықтың маңыздылығы, Кубравие тариқатының байланысқа бейім болуы, оқшау өмір сүруді баса айту, осының барлығы Кубравие ағымы принциптерінің қатарына жатады.
Кубравие ағымының негізгі принциптерінің бірі – зікір салу. «Зікір» сөзінің мағынасы – еске алу мен тілге тиек ету. Ол сопылардың рухани жолының негізі саналады. Алла Тағала Құранда Фаттах – бақыттың есігін ашушы, Хай – мәңгі өлмейтін сияқты өзінің кейбір есімдері мен «Субханаллаһ» және «Лә иләһа ил Аллаһ» сөздеріне қасиеттілік берген. Мистиктердің сенімінше, барлық ғибадаттар, соның ішінде Құран мен намаз оқу Алла Тағаланы еске алу саналады. Алайда сопылықта, соның ішінде Кубравие ағымындағы рәсім бойынша зікір салу Алланың есімдерін ерекше ғибадаттар қалыбында қайталау дегенді білдіреді. Сондықтан, зікір дұға мен басқа ғибадаттардан ерекшеленеді. Дұға әдетте Алладан бірнәрсе тілеу болып табылады. Алайда зікірде тек араб тіліндегі есімдер, Құран мен хадистен алынған арнайы сөз тіркестері қолданылады. Осы мағынадағы зікір Алланың есіміне зейін қойып, оны еске алу және оны ұмытудан аулақ болу дегенді білдіреді. Зікірдің ақиқаты зікірші адамның Алладан басқаның барлығын ұмытуында. Ибраһим діндерінде Алла жоғары әрі адамдардың түсінігінен тыс болумен қатар адамдармен уәһи, дұға мен зікір арқылы байланыс орнатады. Мистиктер зікір, әсіресе жүректен шыққан зікір Құдай мен адам арасында тілмен де, тілсіз де тікелей және саналы түрде байланыс орнатады деп санаған.
Сопылардың сенімінше, Алла құпия түрде өзінің есімдерінде жасырынған. Шын мәнінде, есімнің иесіне, яғни ақиқатына жету үшін сопылық иерархиясына кіріп, мүршидтің жетекшілігіне алынған соң Алланың есімдерін атауға болады. Алла шексіз. Кубравие ағымы мистиктерінің сенімінше, адам тікелей шексіздікке зейін шоғырландыра алмағанымен шексіздіктің символына зейін салу арқылы өзі шексіздікке енеді. Алланың есімдерімен байланыс Алланың өзімен байланыс орнатуға жеткізеді.
Адамның зейін шоғырландырудағы қиындығы – оның ой белсендігі. Ой адам зейінінің сан-саққа жүгіруіне себеп болады. Қасиетті есімдерді қайталау ғана адамға ой-санасын шоғырландырып, өз болмысының орталығы, яғни рухани жүректі немқұрайдылықтан тазартуға көмектеседі. Шейх Наджмеддин Кубра: «Хаққа зікір салу хақтан басқаның бәріне қайшы. Зікір болған жерде хаққа қарсылардың барлығы жойылады»,-деген.
Исламдағы сопылықтың маңызды зікірлерінің бірі – «Лә иләһа ил Аллаһ» сөйлемі, «Алла» сөзі мен одан жоғары сатыда «Һова» сөзі. Кубравие ағымында «Лә иләһа ил Аллаһ» зікірі баса айтылған. Осы ағымға жататын барлық мистиктер оның маңыздылығы жайлы айтып, өз шәкірттеріне үйретіп отырған. Ислам дінінде «Лә иләһа ил Аллаһ» зікірі діннің барлық тағылымымен, яғни тоухидпен бірдей. Ол пайғамбардың (с.ғ.с.) миссиясына куәлік етумен қоса, мұсылман болудың шарты. Шын мәнінде, Құран мен исламның басқа тағылымдары «Лә иләһа ил Аллаһ» сөйлеміне негізделген. Ол діннің барлық тағылымдарының негізгі принциптерінің басты өзегі болып табылады. Сол себепті Наджмеддин Кубра осы зікірді қуаттаған. Оның сенімінше, негізгі мақсат – Алла. Оған жетудің жолы – «Лә иләһа», яғни Құдайдан басқаны теріске шығару. Наджмеддин Кубра «Фаватех ул-джамал» атты кітабында осы жайында: «Болмыс екі түрлі болады: оның болмысы және сенің болмысың. Сенің болмысың – фәнилік, оның болмысы – бақилық. «Лә иләһа ил Аллаһ» сөйлемінің мағынасы да оның болмысының бақилығына меңзейді. Оның болмысынан басқа болмыс жоқ»,-деді. Кубравие ағымының мистиктері «Лә иләһа ил Аллаһ» зікірі кез келген адамның құтқарылып, бақытқа жетуіне себеп болады деп санайды.
Мистиктердің сенімінше, адам Алламен арадағы мәңгі келісімді ұмытқан, ал зікір Құдай мен адам арасындағы сол келісімді еске түсіреді. Кубравие ағымындағы сенім бойынша, бұл зікірлер біртіндеп нұрға айналып, жүректі өзінің нұрлы табиғатына қайтарады. Зікір тілмен және жүрекпен айтылған зікір болып екіге бөлінеді. Кубравие ағымында жасырын жүрекпен айтылатын зікірге басымдық беріледі. Бұл зікірдің өзі жүректің дәрежелеріне байланысты әртүрлі кезеңдерге бөлінеді. Оның жоғары деңгейінде зікірші Құдаймен бір болып, ақырында Құдайды түйсіну дәрежесіне жетеді. Сонда адамның барлық болмыстық қырлары бірігіп, «Алла, Алла» деп зікір салады.