Шіл 24, 2017 12:17 Asia/Almaty

Нәпсі – дұрыс бақылауға алынып, дұрыс жолда пайдаланылып, дұрыс орындалса, адамды кемелдіктің шыңына шығаратын адамның түйсіктерінің бірі. Әр адамның бойында ауыздықталмаған нәпсі бар. Оны басқарып, отырсаңыз ғана бақылауға алынып, осы адамдық түйсік сіздің дамуыңыздың бастауы бола алады.

Барлық адамдарда жақсы мен жаманға бейімділік бар. Шын мәнінде, адам – екі таңдау жолы бар жалғыз тіршілік иесі. Біріншісінде жақсылық жаққа барып, екіншісінде жамандықты таңдай алады. Ислам дінінде адамның рухы мен нәпсісінің жақсылықтарға тартылысы «лавваме» нәпсімен, яғни ұжданы алдында азап шегумен байланыстырылады. Ал оның жамандыққа тартылуы «аммаре» нәпсімен, яғни нәпсіқұмарлыққа байланысты саналады.  Осы илаһи дінде ұждандық нәпсіні күшейту маңызды, ал нәпсіқұмарлықпен күресу одан да маңыздырақ. Бұл күрес ислам мәдениетінде «нәпсімен күрес» деп аталады.  Нәпсімен күресіп, бойды жамандықтан тазартудың маңыздылығы соншалықты, Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи бұл туралы: «Исламда әлемді түзетудегі басты да өзекті мәселе – адамның нәпсісін түзету. Барлығы осыдан басталады»,-дейді.

Ислам революциясының жетекшісі әр адамның бойында болатын, оны жамандыққа итермелейтін асау нәпсіні түсіндіре келіп: «Нәпсі – дұрыс бақылауға алынып, дұрыс жолда пайдаланылып, дұрыс орындалса, адамды кемелдіктің шыңына шығаратын адамның түйсіктерінің бірі. Әр адамның бойында ауыздықталмаған нәпсі бар. Оны басқарып, отырсаңыз ғана бақылауға алынып, осы адамдық түйсік сіздің дамуыңыздың бастауы бола алады»,-дейді.

Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисте ауыздықталмаған нәпсіні адамның жамандық жасауының басты себебі деп атаған. Ия, біздің болмысымызда біздің ең үлкен жауымыз жасырынған. Бұл жаудың аты – нәпсіқұмарлық пен эгоизм. Осы улы жылан мен қаһарлы дұшпанды өз орнына қойған сәтте біз сәттілік пен бақытқа қол жеткізіп, табандылықпен қарсыласатын  мүмкіндікке қол жеткіземіз.  Бұл дұшпан бас көтеріп, біздің санамыздағы ақыл мен рухани күшті басып, бойымыздағы мейірім түйсігін жаныштап, өз ықпалын көрсеткен сәтте біз әрекетсіздік, тоқырау немесе кері кету жағдайына ұшыраймыз.

Ислам революциясының жетекшісі ұлттардың басты проблемасының адам киімін кисе де, іштей жыртқыш аң болып табылатын кісілердің басқаруында болуы деп санайды. Ол: «Мыңдаған адамды өлтіру, жанұялар мен кішкентай балаларды химиялық қарумен қыру сияқты қылмыстарды оп-оңай орындайтын адам –  сырттай адам болғанымен, өзінің осы ауыздықталмаған нәпсісінің құлы, іштей жыртқыш қасқыр. Егер адам өзінің ішкі жан дүниесін тәрбиелеуге көңіл аудармаса, осындай адамға айналады»,-дейді.  

Ислам революциясының жетекшісі зұлымдық, кедейшілік, аштық, құмарлық, адамдарға тіл тигізу, адамның қадір-қасиетін аяққа таптаудың нәпсісі ауыздықталмаған адамдардың болуынан туындайды деп санайды. Әлемдегі осы үстемшіл де шектен тыс талап етуші топ адамзат қоғамының басым бөлігін жер бетіндегі илаһи нығметтерден мақұрым қалдырып отыр.

Адам болып, өз қабыршағыңнан шығып, әдемі көбелекке айналу үшін өзіңнің жан дүниеңе көңіл аударып, өз-өзіңді қалыптастыруды бастау қажет. Бірақ, нәпсіні тазартудың оңай іс емес, керісінше, өте қиын да ауыр іс екенін білгеніңіз жөн. Рауаяттарда нәпсіні тазартуға талпыну «жиһад» немесе «мұджаһедат» деп аталған. Ислам рауаяттарында осындай жиһад пен талпыныстың сауабы мен сыйы жұмақтың жоғары сатысы делінген. Ислам революциясының жетекшісі  аятолла Хаменеи нәпсімен күресу үшін: «Адам бір уақыт өзінен шығуы тиіс. Әр бір адам өзін құмарлық, эгоизм мен тәкаппарлықтан босатып, өзіне сырттан көз тастауы керек. Біздің барлығымыз осы өзгерісті қажет етеміз. Адамның болмысы кемшіліктермен  жаратылған. Бұл кемшіліктерді қай уақытта жоя аламыз? Оларды көрген кезде, оларды таныған кезде және кемшілігіміздің барын мойындаған кезде. Егер өзімізді кәміл деп санасақ, тәкаппарлыққа салынғанымыз, кемшілігіміз жоқ деп ойлағанымыз.

Нәпсі – біздің болмысымызды бұрыс жолға салатын, бізді құмарлыққа иландырып, соған итермелейтін күш. Біздің осалдығымыз бен кемшіліктеріміз содан туындайды. Осал жерлерімізді көру үшін өз-өзімізге назар салуымыз керек»,-деп кеңес береді.

Нәпсімен күресудің әсерлі жолдарының бірі – Құдайды еске алу. Ислам революциясының жетекшісі осы жайында: «Нәпсіні ауыздықтау керек. Ол Құдайды еске алып, содан пана сұраумен, Құдайға мұқтаждықты сезініп, Алланың ұлылығы алдында өзіңнің кішілігіңді сезінумен, абсолютті сұлулық пен жоғары хақ алдында өзіңнің сұрықсыздығыңды сезінумен ауыздықталады. Мұның бәрі зікірден туындайды. Тақуа адам өз ісін жіті бақылап, басқа адамдар үшін қастық, зұлымдық, жемқорлық, бүлік пен жамандықтың бастауына айналмауын қадағалайды. Алланы еске алу оған үнемі тыйым салып, оны тоқтатып отырады, бірақ адамның аяқ-қолын байламайды. Соқыр түйсіктерді жояды. Кейбіреулер «Намаз құмарлық пен тыйым салынған дүниелерден аулақ қылады» дегенді намаз оқыса, құмарлық пен тыйым салынған дүниелер жойылады деп ойлайды. Жоқ, мұның мағынасы мынадай: намаз оқыған кезде намаздан жанданған сенің ішкі уағызшың саған үнемі құмарлық пен тыйым салынған дүниелердің жаман екенін айтып тұрады. Айту, қайталау мен жүрекке сіңірудің әсер етіп, жүректі мойынсұнғыш та басұрғыш ететіні айқын. Сондықтан, намаз қайталанып тұруы керек. Ораза жылына бір рет, қажылық пен кіші қажылық бір рет, намаз күніне бірнеше рет қайталанып тұруы керек. Намаздың маңыздылығы осында»,-дейді.

Нәпсіні тәрбиелеудегі тағы бір маңызды әрекет – нәпсіден есеп алу: адам күнде кешке күндіз істеген барлық істерін санамалап, соның ішінен өзінің жаманшылығын тауып, соларды өзінен алыстатуға тырысып, Құдайдан осы істе көмек сұрайды. Ислам революциясының жетекшісі  нәпсіден есеп алу туралы: «Есеп алу – өте жақсы нәрсе. Адам өз-өзіне есеп беруі керек. Содан соң біртіндеп күнә жасауды азайтуы тиіс. Біз кейбір күнәларды жасауға дағдыланып кеткенбіз. Кейде адам бес-алты, тіпті он күнә жасауға әдеттенген. Осыларды біртіндеп жоюға күш салайық. Осал тұстарды бір-бірлеп азайтайық»,-дейді.

Өз-өзіне есеп беру барлық пайғамбарлар мен Алла елшісі (с.ғ.с.) және Ахл-е бейттің ізгі қасиеттерінің бірі болған. Бейкүнә  жандардың қатарына жататын имам Саджадтың (ғ.) өмірбаянында оның Алла Тағаладан тілеген дұғаларында «Уа, Құдай, мен өз нәпсім, осалдықтарым мен кемшіліктерім үшін сенен ұяламын. Өз нәпсіме ашулымын, саған ризамын» дегенін көреміз. Бүкіл өмірін Аллаға жалбарынумен өткізіп, «ең жоғары сәжде етуші мен ғибадат етуші» деген атпен танылған осы ұлы тұлғаның өзі осылай дұға етеді. Демек, біз осы тұлғадан Құдайға қалай жалбарыну керектігін, өзіміздің асау нәпсімізбен күресте Құдайдан қалай көмек сұрау қажеттігін үйренуіміз керек.

Аятолла Хаменеи осы жайында: «Өз-өзіне есеп беру – имам Саджадтың (ғ.) істеген ісі. Осылайша адам кемелдік аспанын кезең-кезеңмен жүріп өтіп, кәмілдікке жетеді. Егер ұлы адамдар пайда болып, өздерінің рухани сұлулығын көрсетсе, осының барлығы өз-өзіне есеп беруден және өз айыптары мен кемшіліктерін көруден туындайды. Олар осалдықтың барлығына көзін жұма қарайтын, өзін еркін санайтын, тәкаппарлыққа салынып, өз бойынан табылған аз ғана жарыққа масаттанып, соған қанағаттанатын адамдарға керісінше әрекет етеді. Қалай болғанда да, әр адамның бойынша жарықтың бастауы бар. Кейбір адамдар өздерінің бойындағы жақсылықтың ең ұсақ жұрнағына қанағаттанады. Мұндай адам кемелдік жолын жүріп өте алмайды»,-дейді.

Тегтер