Шіл 29, 2017 14:09 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (117)

Бұл бағдарламада Сефевилер заманындағы ирандық танымал ақын Абуталеб Калим Кашанимен таныстырамыз.

Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар

Өнер мен әдебиет шарықтаулар мен құлдырауларға толы кезеңдерде айрықша ерекшеліктер мен дәуірлерді бастан өткереді. Әрбір елдің әдебиеті ондағы саяси, мәдени және әлеуметтік өзгерістер мен мәселелерге байланысты өзгеріп отырады. Әрбір қоғамның әлеуметтік қажеттілігі ақын немесе жазушының мәселелерді баяндау үшін өткен буын өкілдерінің тілі аясынан тыс тілді қолдануына себеп болады. Мамандар баяндау тәсілін өзгертуді стильді өзгерту деп атайды.

Нақтырақ айтқанда, өнер иесі өзінің ата-бабасының тәсілінен алшақтап, басқа жолға түседі. Бұрынғы тәсілден алшақтаудың нәтижесінде әдебиетте өзіндік ерекшеліктер мен терминдерге ие өзгеше тіл пайда болады. Парсы әдебиеті де бірнеше кезеңді бастан өткерді. Иранның әдеби тарихы барысында ой-пікірді баяндау үшін Хорасан стилінен Нима стиліне дейін бірнеше стиль қалыптасты.

Кез келген стильдің шарықтаулар мен құлдыраулары және өзгерістерін назарға ала отырып, әрбір кезеңнің саяси, мәдени және әлеуметтік мәселелерінің пайда болуын, шарықтауы мен құлдырауын сол заманда таралған стиль арқылы талдауға болады. Үнді стилі де парсы поэзиясындағы стильдердің бірі. Ол да ерекше жағдайларда пайда болып, парсы әдебиетінің белгілі бір уақытын қамтыды. Осы стильде жазған ұлы тұлғалардың бірі – Калим Кашани. Ол Аббас шах Сефеви заманындағы ақындардың бірі, Шахжаһан Гурканидің сарайындағы «Малек аш-шоара», яғни «шайырлардың патшасы» болған.

Абуталеб Калим Кашани

Калим Кашанидің өз заманы мен одан кейінгі таңғажайып танымалдығы жеке өмірі тарихының ұмытылып қалуына себеп болды. Өмірбаян жазушылар  Калим туралы айтқан кез келген жерде оның танымалдығын ескеріп, өмірінің егжей-тегжейіне тоқталмаған. Оның өлеңдер жинағын редакциялаған Парту Бизаидің сенімінше, «Калим өмірінің тарихы оның ірі туындыларының саясында қалып, біртіндеп оның басым бөлігі белгісіз қалған. Тазкерелер – өмірбаяндар жинақталған кітаптарда берілген мәліметтер өте қысқа әрі бір-біріне ұқсас. Мысалы, үш ғасырдан бері парсы тіліндегі бірде-бір туынды мен еңбек оның атын атаусыз жазылмаған. Алайда «Екінші мағыналар тудырушы» саналған осындай ұлы ақынның өмірі әлі  күнге дейін танылмады. Оның қайда туғанын, артынан ұрпақ қалған-қалмағанын білмейміз. Калим өзінің өлеңдерінде де жеке өмірі туралы ештеңе айтпаған. Ол жайлы бірдеңе жазғысы келген адам әдептен озбай, оның ақлақтық қасиеттерін жазудан аспаған».  

Дүниеге келгенде оның атын Абуталеб қойған. Туған жылы беймәлім. Деректер бойынша, ол х.қ.ж.с.б. 980 жылы дүниеге келген. Өмірбаян жазушылар арасында оның туған жері жайлы да күмәндар бар. Кейбіреулер оны Хамаданда туып, Кашанда өскен деп санайды. Келесі біреулер керісінше ол Кашанда туып, Хамаданда тәрбиеленген деп есептейді. Оның өлеңдер жинағын редакциялаған Парту Бизаидің сенімінше, бұл мәселе оның заманында да талқыланған. Оның өзі де қайда туғанын білмейтінін айтқан.

«Аташкаде» тазкере жазушысы Лүтфәли Бек Азар оны «Кашани» деп атап, өзінің сөзін дәлелдеу үшін Калимнің өлеңдер жинағынан бәйіттер келтірген. Калим бұл бәйіттерде Кашанды өзінің отаны деп атаған. Насрабади өзінің тазкересінде Калимнің өлеңдер жинағының бәйіттеріне сүйеніп, оны хамадандық деп шешкен. Біз үшін Калимнің қай қалада туғаны және қай жерде оқығаны маңызды емес. Калимнің маңыздылығы оның ирандық болғандығында. Ол да ирандық болуды маңызды санаған сыңайлы. Сондықтан басқалардың оның қай жерден шыққаннын білмегенін қалаған.  

Калимнің балалық шағы жайлы ешқандай мәлімет жоқ. Алайда ол арық болған деседі. Ол бай болса да, дәруіштік сипатта өмір сүрген. Тазкерелерде Калимнің мінез-құлқы мақтан етілген. Ол поэтикалық сипатта өмір сүрді деседі. Ол дәруіштік әлемді ұнатқандықтан ешқашан үйленбей, хақ жолын таңдағандардың көбі сияқты бойдақ өмір сүрген. Калим өз заманының ғылымдарын Хамадан мен Шираз қалаларында сол замандағы ұстаздардан алған. Бірнеше жыл білім алғаннан кейін Шахжаһанның әкесі Жаһангир Нуреддиннің билігі кезінде Үндістанға барған. Ол кезде жасы 24-тен аспаған көрінеді. Калим бұл сапарда әдеби тұрғыдан сыншыларға толы Жаһангир шахтың сарайына жол табатындай дәрежеде болмаған.

Калим ұзақ уақыт бойы Үндістанның Дакан және Мамкалак атты елді мекендерінде өмір сүрген. Х.қ.ж.с.б. 1028 жылы 38 жасында Иранға қайтып оралған. Калим Иранда біраз тұрғаннан кейін екінші рет 1030 жылы Үндістанға қайта барған.

Шахжаһанның әкесі Жаһангир Нуреддин

Калим екінші рет Үндістанға барғаннан жеті жыл өткенде Жаһангир шах қайтыс болып, х.қ.ж.с.б. 1037 жылы Шахжаһан таққа отырады. Сол кезде Калим бір бәйітпен үнді сарайына жол тартты. Ол достарының бірі «Ал-Амин» деген лақап атқа ие Мирджомле Шахрестанидің көмегімен Үндістандағы Гурканилер әулетінің ұлы патшасы Шахжаһанның «Малек аш-Шоарасы» деген дәрежеге қол жеткізіп, өмірінің соңына дейін осы лауазымда болған. Ол жыл сайын үнді сарайы беретін алтын мен пұлды мұқтаж адамдарға таратып отырған.

Калим Кашаниден маснави, қасида, ғазал, таркиббәнд, қыта мен тарджихбәнд қалыптарында әртүрлі өлеңдер қалған.  Оның 10 мыңға жуық өлеңдер жинағында ғазалдар, қасидалар, қыталар, маснавилер, таркиббәндтер, тарджихбәндтер мен рубаилар қамтылған. Одан келер ұрпаққа қалған тағы бір еңбек – «Шахнама» немесе «Патшанама» деп аталатын поэма. Ол «Шахжаһан жеңісі» деп те аталады.

Егер Үндістандағы тарихи ғимараттарға, әсіресе Акбарабадтағы үйлерге көз  салсақ, Калимнің өлеңдері мен туындыларының сондағы тақташаларға жазылғанын көреміз. Солардың ішінен Ахмирадағы Шахжаһан мешітінің салыну тарихы жазылған тақташаны, Акбарабад қаласындағы Қызыл қамалда орналасқан патшаның үкімет үйінің салыну тарихындағы қасиданы атауға болады.

Ол х.қ.ж.с.б. 1061 жылы  Үндістанның Кашмир ауданында қайтыс болып, сол жерде жерленген. Саринегардағы оның кесенесі «Кашмирдің мазарлары» деген атпен танымал жерде орналасқан. Ол жерде оның қабірінің басына белгі қойылмаған. Егер айналадағылардан оның жерленген жерін сұраса, ешкім білмейді. Ол 70 жыл бойы дәулетті бола тұра  қарапайым өмір сүргені сынды қайтыс болғанда да ең қарапайым жерде жерленген.