Жетекшілік хадисі 125
Исламның Ұлық Пайғамбары (с.ғ.с) білімдерін іс-жүзінде пайдаланбайтын адамдарды айыптап: "Адамның білімі артып, бірақ оны жетекшілікке алмайтын болса, оның білімі Құдайдан алыстаудан басқа еш нәтиже бермейді",- деген.
"Жетекшілік хадисі" атты бағдарламамыздың кезекті бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Өздеріңіз білетіндей, илаһи аяттардың алғашқысы ұлық Пайғамбарға (с.ғ.с) оқу және білім алу әмірімен басталды. Одан кейін ғылым, білім алу мен оны үйретудің маңыздылығы жайлы онға жуық аят түскен болатын. Бірақ, Ислам діні бойынша ең маңызды іс оның құндылығын екі жүз есе арттыратын білімге негізделген ғамал саналады. Себебі, білімін пайдаланбайтын адам үстіне артқан кітаптардың ауырлығын сезгенімен, олардың мазмұнын пайдаланбайтын төртаяқты жануар секілді.
Исламның ұлық Пайғамбары (с.ғ.с) өз білімін пайдаланбайтын білімді адамдарды айыптап: "Адамның білімі артып, бірақ оны жетекшілікке алмайтын болса, оның білімі Құдайдан алыстаудан басқа еш нәтиже бермейді",-деп айтқан (Әл-Мухаджа әл-Байда, 1 том).
Сөзін жүзеге асырмайтын білімді адамның айтатын сөздері оның иманынынан бастау алмайды. Адамның илаһи емес және материалдық мақсатта айтатын сөздері оның тыңдаушыларына еш әсер етпейді. Себебі, халық адамның ғамалы мен сөздерінің бір-біріне сәйкестігіне назар аударып, оның сөздерінің растығына шәк келтіріп, күмәнданатын болады. Имам Садық (ғ.с) осы мәселе туралы: "Адам өз білімін жүзеге асырмаған сайын, оның кеңестері тас жауын секілді жүректерден сырғып, құлап жатады",- деп айтқан (Әл-Кафи).
Білім Құдайға жақындауға себеп болады. Алайда, егер білім ғамал арқылы жүзеге аспайтын болса, ол адам үшін ауыр салмақ болып, адамды жоғарылатудың орнына оның абыройын төгеді. Тіпті, тозақта оларды ауыр азап күтеді. Ұлық Пайғамбар (с.ғ.с) бір хадисінде: "Тозаққа баратындар өз білімін жүзеге асырмаған білімді адамның иісінен қатты азап шегеді. Тозақтағылардың ішінде басқаларды Құдай жолына шақырып, сол шақырған адамдары оны қабылдап, Құдайға табыну арқылы жұмаққа жол ашып, өзі сол жолды насихаттаушы бола тұра білімін жүзеге асырмай, нәпсінің артынан еріп, тозаққа барған адам бәрінен қатты өкінетін болады",- деп айтқан (Әл-Хаят, 2 том).
Кейде өз білімдерін іспен жүзеге асырмайтын білімді адамдар материалдық мақсаттарда ислам тағылымдары мен діни ахкамдарды үгіттеп, насихаттайтын орталықтарға иек артып, халықты илаһи және жетекшілік жолдауды қабылдаудан мақұрым етіп, олардың тура жолдан адасуына себепкер болады. Имам Әли (ғ.с) мұндай адамдарға жиіркеніш білдіріп: «Әмір етіп, бірақ өзі оны жүзеге асырмайтын, жамандықтың алдын алып, бірақ өзі сол жамандықты жасайтын адамды Құдай лағынет етсін",- деген (Наһдж ул-Балаға, 129 құтпа).
Шын мәнінде, нағыз білімді адам деп, өз айтқандарын жүзеге асырып, соларға сай әрекет ететін адамдарды айтады. Имам Садық (ғ.с) осыған байланысты: "Ғамалы мен сөзі бір-біріне сәйкес келмейтін адам – білімсіз адам",- деп айтқан (Әл-Кафи, 1 том). Негізінде адамдар білімді адамдардың әміріне құлақ асарда олардың сөзіне емес, іс-әрекеттеріне назар аударады. Білімді адам өз біліміне сәйкес әрекет ететін болса, өзінің үнсіздігімен де басқаларға жол көрсетіп отырады. Ал білімін жүзеге асырмайтын білімді адамның сөзі әсерсіз болуымен қатар, зиян келтіреді. Имам Саджад (ғ.с) білімін амалмен жүзеге асырмайтын осындай адамдарды түлкіге теңеп, өз шәкірттерінің бірі Зурара ибн Айунға қаратып: "Зурара, біздің заманның адамдары алты топқа жіктеледі: арыстан, қасқыр, түлкі, ит, шошқа, қой және т.б. Солардың ішінде түлкі деп өз дінінен сусындап, бірақ айтатын сөзі жүрегінен шықпайтын адамдарды айтады",- деген (Биһар әл-Анвар, 64 том).
Ғамалсыз ғылымнан гөрі сөзін орындамау жаман іс саналады, яғни басқалар білімді адамның бағыт көрсетуші сөздерін басшылыққа алғанымен оның өзі одан ешбір қорытынды жасамай, білімі мен сөздерін пайдаланбайды.
Құранда уағыз айтатын, бірақ өздері айтқан уағыздарына сай ғамал етпейтін адамдарды айыптап, «Сафф» сүресінің 2-аятында былай деп жазылған: "Әй, мүміндер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар". Алла Тағала бұл аятта өз сөздеріне ғамал етпейтін адамдарды айыптап, сырттай мүмін болып көрінетін кез-келген адам айтқан, бірақ амалмен жүзеге аспаған сөздің ешбір құндылығының жоқ екенін және оның Құдайдың қаһарына себеп болатынын айтады. Себебі, жүзеге аспайтын сөз қоғамда сенбеушілік кеңістігін тудырып, уақыт өте келе өз сөзіне ғамал етпейтін адамдардың сөздерінің құндылығы азайып, тіпті қаншалықты көркем әрі мағыналы болғанына қарамастан, халық үшін оның бәрі мағынасыз болмақ.
Пайғамбар (с.ғ.с)-дан мынадай хадис қалған: "Миғраж түні еріндерін отты қайшылармен кесіп, тілімдеп жатқан адамдарды көрдім. Олардан: "Бұлар қандай адамдар?",- деп сұрадым. Сонда: "Бұл адамдар халықты игі істер жасауға жетелеп, бірақ өздері мұны ұмытқан дүниеқұмар ділмарлар» деді". Сондай-ақ, хазірет өзінің ең адал досы, сахабасы Абузар Ғаффариге: "Ей, Абузар! Пейіштегілер тозаққа барғандарға: "Сендердің тозаққа жіберіліп, біздің сендердің тәлім-тәрбиелеріңнің арқасында жұмаққа баруымызға не себеп болды?",- деп сұрапты. Олар жауап ретінде: "Біз сендерге жақсылық пен игілік жасауға бұйырдық, ал өзіміз соған сай ғамал етпедік",- деп жауап берген екен (Шейх Туси).