Илаһи басшылар 4
Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммад-Мұстафа (с.ғ.с.)-ның беғсатының басталуынан хазіреттің Меккеден шығуына дейін 13 жыл өтті. Бұл кезеңде пайғамбар мен хазіреттің сахабалары үшін көптеген оқиға орын алды.
Тарих парақтары адамзатты бақыт, бейбітшілік пен достыққа, қауіпсіз әлем құруға жігерлендіріп, жандарын аямаған илаһи пайғамбарлардың белгілеріне ие. Хазірет Нұхтың кемесі күшті дауылдан кейін Джуди тауына тіреліп, тоқтаған соң илаһи пайғамбар мен оның аздаған жақтастары әлемді қайтадан құрып, тарихты қайтадан бастауға шешім қабылдады. Одан кейін хазірет Ибрахимнің тауһид туралы дауысы Вавилон жерінде естілді. Хазірет Мұса ғажайып асасымен өз елін перғауындардың қолынан босату үшін халықты құлдықта ұстаған залым Перғауынға қарай асықты. Содан соң хазірет Иса құл иеленушілер мен қаналған құлдардың арасында Құдайдың мейірімділігі мен рақымдылығы туралы айтып, соңғы илаһи елшінің келетіні туралы хабарды жеткізді. Содан кейін әлем халықтары көптеген құдайыларға құлшылқ етіп, бүкіл жерді надандық пен немқұрайдылық билеген кезде Меккеде Алланың соңғы елшісі хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) пайда болды. Ол адамгершілік, адам құқығы мен азаттық жолдауларын жеткізіп, қоғамда әділет орнатудың үлгісі болды. Алла Тағала бұл илаһи пайғамбар туралы: «Расында сендерге іштеріңнен ардақты бір Пайғамбар келді. Оған қиналуларың ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық, мүміндерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді»,- деді. («Тәубе» сүресі, 128-ші аят).
Алла елшісінің беғсатының басталуынан хазірет Меккеден Мединеге қарай аттанғанға дейін 13 жыл өтті. Бұл 13 жылда Алла елшісі бүкіл мүмкіндігін тауһидтік ой-пікірді таратуға пайдаланды. Ол бәрінен бұрын өзі мен отбасының материалдық-рухани қоры мен ең кішкентай мұрсатты ислам дінін тарату үшін пайдаланды. Ерлердің арасында Әли (ғ.с.) пайғамбарға иман келтірген бірінші адам болды. Пайғамбарға иман келтірген кезде Әли (ғ.с.) жасөспірім еді. Пайғамбар Әли (ғ.с.)-ға ислам дінін ұсынған кезде ол бүкіл жігерімен кішкентай қолдарын Алла елшісінің мықты қолына қойып, иманға толы жүрегімен: «Куәлік етемін, Алладан басқа Құдай жоқ. Мұхаммад – Алланың елшісі»,- деді. Әли (ғ.с.) Алланың жалғыздығы мен Мұхаммад (с.ғ.с.)-ның ресалатын мойындап, Ислам дініне бет бұрған бірінші иман келтіруші болып, иманын өмірінің соңғы сәтіне дейін сақтады. Сөйтіп, үш адам – пайғамбар (с.ғ.с.), хазірет Хадиджа және Әли (ғ.с.) бірінші исламдық қоғамның іргетасын Меккеде құрды. Тауһид пен тек бір Аллаға құлшылық етуге сүйенген қоғам күпірлік пен надандықтың белгілерімен күресуге көтерілді.
Алла елшісінің үгіт-насихат саласындағы алғашқы саясаты ресми шақырусыз таухидті таратуы болды. Мұсылман тарихшылары беғсаттың 13 жылын 3 жылдық және 10 жылдық кезеңдерге бөледі. Бірінші үш жылдың маңызды ерекшелігі хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ның өз шақыруын әшкере етпеуі болды. Ол тек өз еркімен пұтқа табынушылығы мен күпіршілікті тастап, оған бет бұрған адамдарды ғана шақырды. Күпіршіліктен шаршаған адамдар тауһидті іздеп, Алла елшісінің набаваты туралы естіген соң хазіретке қарай асықты. Олар жаңа шақыруға ынтығып иман келтірді.
Беғсаттың басталуынан үш жыл өткен соң Алла елшісі шақыруын жариялап, күпірлік наным-сенімдермен күресті. Бұл кезеңде Ислам дініне бет бұрғандардың саны қырық адамға жетіп, олардың кейбіреулері тайпаларының ішінде үгіт-насихат жүргізді. Алла елшісі біріншіден Алланың оған: «Жақын ағайындарыңа ескерт! Мүміндерден саған ергендерге қанатыңды жай. Сонда егер олар өзіңе қарсы шықса, онда: “Сендердің істегендеріңнен бездім” де. Өте үстем, ерекше мейірімді Аллаға тәуекел ет. Ол сені тіке тұрған сәтте, көріп тұрады», («Шұғара» сүресі, 214-218-ші сүрелері) - деп айтқанын жеткізіп, істерінің салдары туралы ескерту жасау мақсатында жақындарын жинады. Бұл аяттан кейін пайғамбар өз тайпасының 45 басшысын қонаққа шақырып, оларды қонақ қылып күтуімен бірге өзінің үлкен сырын ашты. Бұл жиында тек Әли (ғ.с.) ғана хазіретке иман келтірді. Әрине, ол кезеңде тауһидке шақырып, күпіршілік пен пұтқа табынушы жүйені құлату өте ауыр жұмыс болды. Осыған орай басынан бастап, біраз адамның қарсы шығатыны анық мәселе болды. Бірақ, Алла Тағала пайғамбардан дұшпандар мен қарсылық білдірушілерден қорықпай, өз шақыруын әшкере түрде жалғастыруды талап етті. «Хыжыр» сүресінің 94-95-ші аяттарынан: «Саған берілген бұйрықты ашық ұқтыр да серік қатушылардан бет бұр. Рас, сені мазақтаушыларға қарсы Біз жетіп асамыз», - деп оқимыз. («Хиджр» сүресі, 94-95-ші аяттары). Сөйтіп, пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің жалпы шақыруын бастады. Бұл жолы ол Сафа тауының етегінде барша халықты тек бір Аллаға құлшылық ету дініне шақырды. Хазірет сабыр сақтап, қырағы түрде халықты Исламға шақырып: «Алладан басқа Құдай жоқ деп айтыңдар»,- деді.
Хазірет халық арасындағы өзінің жағдайы туралы: «Мен сендердің араларыңда дұшпанды алыстан көріп, халқын құтқару үшін олардың қасына асығатын бақылаушы сындымын. Уа, құрайыштар! Өздеріңді тозақ отынан құтқарыңдар»,- деді. Пайғамбардың бұл сөзінен кейін күпіршілердің басшыларының бірі болған оның көкесі Абулаһаб жамағат арасында шу шығарып, талан-тараж ұйымдастырып, Алла елшісіне сөзін жалғастыруға кедергі болып, жиналған жамағатты ыдыратты. Алла елшісінің ресалаты күннен күнге маңызды кезеңге аяқ басты. Енді құрайыш кәпірлері әшкере және жасырын қарсылықтарын бастап, исламның алға ілгерілуінің алдын алу үшін әртүрлі тәсілдер мен әртүрлі құралдарды пайдаланды. Бірақ, Алланың жігерімен хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ның діні жылдамдықпен Арабстан жерінің шекараларынан асып, әлемнің әртүрлі жеріне таралды.
Исламның дауысы Мекке мен Арабстан түбегінде естілді. Азап-қорлық және үрей тудыру саясаты мүшіріктерді олар ойлаған мақсаттарына жеткізбеді. Ислам уаһидің мөлдір бұлағынан басталып, өз жолында шындық пен бақыт іздеушілердің шөлін илаһи жоғары іліммен қандырған өмірдің өзені сынды. Қоныс аударған мұсылмандар тобы Эфиопияда өз белсенділіктерін жалғастырып, мүшіріктердің оларды қайтару тылпыныстарын нәтижесіз қалдырды. Мұндай жағдайда пұтқа табынатын құрайшытардың басшылары қастықтарын тоқтатпай, мұсылмандарды экономикалық және қоғамдық қоршауға алды. Олар бірге келісімге келіп, келісімдерінің жазба нұсқасын жәшікке салып, Қағбаның ішіне іліп қойды. Мүшіріктер бұл келісім бойынша мұсылмандарға қарсы санкция салып, мұсылмандармен сауда жасамауға, отбасылық байланыс орнатпауға келісті. Сөйтіп, пайғамбар мен мұсылмандардың жағдайлары одан сайын қиындап, олар Меккеден кетіп, қаланың айналасында орналасуға шешім қабылдады. Бұл алқап кейін Абиталеп алқабы аталды. Мұндай ауыр жағдайда Алла елшісі сабыры және таңғалдыратын күшімен мұсылмандарды шыдамға шақырып, өзінің азық-түлік үлесін басқаларға беретін. Абиталеп алқабында көптеген ащы оқиға орын алды. Пайғамбар өзінің жанкешті өмірлік серігі хазірет Хадиджадан айрылды. Пайғамбардың көкесі әрі ең маңызды қолдаушысы Абуталип дүниеден озды. Беғсаттың 10-шы жылы екі тұлғаның дүниеден озуына байланысты «қайғы жылы» деп аталатын болды. Бұл мәселе пайғамбардың бұл екі жақынын қатты жақсы көргенін көрсетті.
Үш жыл өтіп, қатаң санкциялар кезеңі аяқталды. Мұсылмандар мүшіріктердің азап-қорлықтарын жалғастыруына қарамастан, үйлеріне оралды. Мүшіріктер қастықтары мен қоқан-лоққыларын арттырып, пайғамбарды өлтіруге шешім қабылдады. Пайғамбар мұсылмандармен бірге Меккеден Мединеге кетуге шешім қабылдады. Мединеде ислам тарихы кітабының келесі маңызды кезеңі басталды. Исламның ұлық пайғамбарының Мединеге хиджрат жасауы ислам тарихының маңызды оқиғасы, өйткені бұл жаңа кезеңде тағдырды шешетін оқиғалар орын алды.