Там 13, 2017 16:13 Asia/Almaty

Ислам адам баласының азаттығы үшін келді. Бұл азаттық деспоттық үкіметтердің әртүрлі әлеуметтік деңгейдегі адамдарға қысымдарынан арылу, адам баласы үшін әділ үкімет құру және адам өміріне үстемдік ететін жалған ойлардан арылу дегенді білдіреді.

Азаттық – адам баласы тумысынан көксейтін ұлы идея. Ешбір адам құрсауда, шектеулі жағдайда болуды қаламайды. Алайда Батыстағы азаттық мән-мазмұнының шынайы азаттықтың мәнінен көп айырмашылығы бар. Қазір өзін азаттықтың символы санайтын және өз елінде осы атаумен үлкен ескерткіш орнатқан АҚШ-тың өзі жазықсыз адамдарды, соның ішінде қара нәсілділер мен басқа ұлт өкілдерін тұтқынға алуда жағымсыз тәжірибеге ие. АҚШ басшылары тарапынан айтылатын азаттық ұранының әдемі бетперде екені ешкімге жасырын емес. Бұл бетперденің артында соғыс пен қантөгістің сұрқия бейнесі жасырынған.  Соғыс пен қырып-жою және басқалардың құқығын аяққа таптау тек өзінің мүддесін қорғау үшін ғана жасалып жатыр. Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи осы жайында:

«Өзі сансыз құрбандарға ие Ислам әлеміне жасалған соңғы жылдардағы басқыншылықтар Батыстың қарама-қайшы қисынының келесі бір үлгісі. Басқыншылыққа ұшыраған елдер адам шығынымен қоса, өздерінің экономикалық және индустриялдық инфрақұрылымдарынан айырылды. Олардың даму жолындағы қозғалысы тоқтады немесе баяулады. Кей жағдайда ондаған жылға артқа шегінді. Бұған қарамастан, басқыншылар дөрекіленіп, олардан өздерін зорлық-зомбылық көрген деп санамауды талап етіледі. Бір елді қиратып, қалалары мен ауылдарын жермен-жексен етіп, содан соң оларға «өздеріңізді зорлық-зомбылық көргенбіз деп санамаңыздар» деп қалай айтуға болады?»,-деді.  

Иран Ислам революциясының жетекшісі исламды адамдардың шынайы азаттығы үшін пайда болған үн деп атады. Сол үн кез келген заманда адамдарды қырағылық пен ағартушылыққа шақырады. Аятолла Хаменеи былай дейді: «Ислам адам баласының азаттығы үшін келді.  Бұл азаттық деспоттық үкіметтердің әртүрлі әлеуметтік сатыдағы адамдарға қысымдарынан арылу, адам баласы үшін әділ үкімет құру және адам өміріне үстемдік ететін жалған ойлар мен қиялдардан арылу дегенді білдіреді. Жалған қиял адамның өмір жолын оның мүддесінен кері бұрып әкетеді. Тарих көрсеткендей, сол замандағы екі әйгілі өркениет, яғни сасанилік Иран өркениеті мен Рим империясының өркениетінде өмір сүрген адамдар мен әртүрлі әлеуметтік топтардың жағдайына адамның жаны ашиды. Олардың өмір сүру жағдайы аянышты болған. Олар құрсауда тіршілік еткен. Ислам келіп, адамдарды азат етті. Бұл еркіндік алдымен адамның жүрегі мен рухында пайда болды. Адам азаттықты сезінсе, құрсаудан босау қажеттігін сезінсе, оның күштері осы сезімнің ықпалына түсіп, қозғалысқа енеді. Егер талпынып, әрекет етсе, ол үшін азаттыққа шынайы түрде қол жеткізу мүмкіндігі туындайды. Ислам адамдарға бұл мүмкіндікті берді. Қазір де бүкіл әлемге, соның ішінде ислам әлеміне осы жолдауды жіберіп отыр».

Исламдағы азаттық тақырыбында көтерілген мәселелердің бірі мынадай: бұл илаһи дін азаттықты жеке басқа қатысты деп санамайды, керісінше азаттықты зұлымдыққа ұшыраған барлық адамдар үшін қажет деп санайды. Яғни, әрбір мұсылман үшін жапа шеккендерді залымдардың қолынан азат ету міндет болып табылады. Жапа шеккен адам мұсылман болуы, болмауы маңызды емес. Исламдық Иранның Палестинаны қорғауының маңызды дәлелдерінің бірі осы илаһи міндетті атқару болып  отыр. Сионистік режим тарапынан басып алынған Палестинаның жапа шеккен халқы – қазіргі замандағы мазлұмдықтың символы. ИИР бұл мазлұмдарды азат етпейінше оларды қорғаудан бас тартпайды. Аятолла Хаменеи осы жөнінде: «Палестинаның жапа шеккен халқы  60 жылдан астам уақыт бойы терроризмнің ең сорақы түрін бастан кешіп келеді. Егер Еуропа халқы бірнеше күн өз үйлерінде паналап, қоғамдық жерлерге барудан бас тартса, бір палестиналық жанұя ондаған жыл бойы өз үйінде де сионистік режимнің қырып-жою машинасынан аман қалмай отыр. Бүгінде қандай қатігездікті оның ауырлығы тұрғысынан сионистік режимнің қалашық салу ісімен салыстыруға болады? Бұл режим өзінің ықпалды одақтастары немесе тым құрығанда тәуелсіз деп аталатын халықаралық ұйымдар тарапынан ешқашан қатаң да әсерлі түрде сыналмастан, күн сайын палестиналықтардың үйлерін қиратып, бақтары мен егіс алқаптарын жояды. Олар палестиналықтарға тіпті тұрмыс заттарын көшіруге немесе егістік өнімдерін жинап алуға мұрсат бермейді. Осының барлығы көбінесе әйелдер мен балалардың жасқа толы көздерінің алдында орын алады. Олар өз жанұялары мүшелерінің соққыға жығылып, жарақаттанып, кей кездері азаптау орталықтарына тасымалданатындығына куә болады. Қазіргі заманда осындай көлемде осынша уақытта жасалған басқа қатігездікті білесіздер ме?»,-деді.

Ислам мәдениетіндегі құтқарушыны күту барша адамзат баласы үшін азаттықты талап етуден туындаған. Осы илаһи діннің биік көзқарасы бойынша ол мұсылман, мырза немесе қара нәсілді болған-болмағанына қарамастан, бүкіл адамзат баласын азат ету үшін келеді. Алайда Батыстың шектеулі көзқарасында жеке ләззатқа көңіл бөлініп, азаттық сонымен шектеледі. Батыста әйелдердің құқығының аяққа тапталуы – «азаттық» ретінде таралатын ләззат қуудың салдары. Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи: «Батыс мәдениетінде әйелге қатысты айтылатын азаттық атауы – жалған атау. Бұл азаттық емес. Екі жыныс шекарасын толығымен жойып, жыныстық азаттықты іс жүзінде, ауызша, үгіт-насихатта және философияда тарататын адамдар жауап беруі тиіс. Ер адамдардың әйел адамдарға қатысты табиғи үстемдігі мен күші салдарынан әйелдер жапа шегіп, олардың құқықтары аяққа тапталды. Әйел олардың тауарларын сататын құралға айналды. Сіздер еуропалықтардың мына ісіне көңіл аударыңыздар. Олар бір тауарды сату үшін жалаңаш әйелдің денесін көрсетеді. Әйелге бұдан асқан қорлық бар ма? Олар жауап беруі тиіс. Хиджаб деген оны жамылған адамға құрметпен қарау деген сөз. Әйелдің хиджабы оны құрметтеуді талап етеді»,-деді.

Аятолла Хаменеи келесі бір сөзінде Батыстың әйелге қатысты көзқарасын сынап: «Бүгінде Батыста «әйелдің еркіндігі» деген атпен танылған нәрсе және Батыс мәдениеті мен әдебиетіндегі әйелге қатысты туындылардан алған қате түсінік бүкіл тарихта бұрын-соңды болмаған. Бұрынғы заманда да әйелге зұлымдық жасалды. Алайда баршаны қамтитын мына зұлымдық соңғы ғасырларда Батыс мәдениетінен туындап отыр. Әйелді ер адамдардың ләззат алатын құралы ретінде таныстырып, атын «әйел еркіндігі» деп қойды! Бұл шын мәнінде әйел еркіндігі емес, нәпсіқұмар еркектердің әйелдерден тоят табу еркіндігі болып отыр. Жұмыс пен өнеркәсіп салаларында ғана емес, өнер мен әдебиет салаларында да әйелдерге зұлымдық жасалды. Сіздер қазір әңгімелер, романдар, суреттер мен әртүрлі өнер туындыларында әйелге қандай көзқараспен қаралғанын көріңіз. Әйелдің жағымды қырлары мен жоғары құндылықтарына көңіл аударыла ма? Алла Тағала әйелге сыйлаған нәзік сезімдер, мейірбандық пен жағымды мінез-құлық, соның ішінде ана болу сезімі, баланы күтіп, тәрбиелеу рухы назарға алына ма, әлде құмарлық тудыратын қыры ғана көрсетіле ме?»,-деді.

Исламның биік көзқарасы тұрғысынан жыныстық еркіндікті тарату – шын мәнінде рухты құрсауға қамау деген сөз. Адам ләззат қуып, шектен тыс тән құмарлығына салынған кезде оның рухы құрсауға түседі. Еркіндік пен азаттық жолындағы адамның қанаты болып табылатын рухани дүниелер жойылады. АҚШ үкіметі жастарды алдарқату үшін жыныстық азаттықты шектен тыс ұстанып отыр. Осылайша жастардың АҚШ басшылары көздеп отырған ащы шындықтарға назар аудармауын мақсат тұтады. Америкалық жастар өз басшыларының әлемнің жер-жерінде жасап жатқан қылмыстарын көрмесін, наразылық білдірмесін деп ойлайды. Олардың рухы рухани дүниелерге шаттанбай, руханилықта жасырынған үлкен ләззаттарды түсінбесін деп отыр. Осы тұрғыдан Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи өзінің Батыс жастарына арнаған хатында оларды БАҚ арқылы емес, негізгі дереккөздер арқылы шынайы исламды тануға шақырды. Исламмен Құран кітабы және Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмірі арқылы танысуға шақырды. Мына сізден былай деп сұрағым келеді: Осы күнге дейін мұсылмандардың Құран кітабын оқып көрдіңіз бе? Ислам пайғамбарының (с.ғ.с.) тағылымдары, оның адамгершілік пен ақлақтық  қасиеттері жайлы оқыдыңыз ба? БАҚ-дан басқа дереккөзі арқылы исламның жолдауын оқыдыңыз ба? «Ислам қалай және қандай құндылықтар негізінде ұзақ ғасырлар бойында әлемнің ең ірі ғылыми-интеллектуалдық өркениетін қалыптастырып, ең үздік ойшылдар мен ғалымдарды тәрбиелеп шығарды?» деп өзіңізден сұрадыңыз ба?

Мен сіздерден сіздер бен шындық арасына жалған кеңістіктер мен сезім бөгетін тудыруға, өздеріңізді бейтарап төрелік ету мүмкіндігінен мақұрым қалдыруға жол бермеулеріңізді сұраймын. Өздеріңізді қолдан жасалған психикалық шектеулерге қамауға рұқсат бермеңіздер. Ешкім жекелей қалыптасқан алшақтықтарды толтыра алмайды. Алайда, сіздердің әрқайсыларыңыз өздеріңіз бен айналаны ағарту мақсатында әлгі алшақтықтардың үстіне ой мен ынсаптан көпір сала аласыздар.     

Тегтер