Там 14, 2017 16:53 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (118)

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, үнді стилінің көрнекті өкілдерінің бірі саналатын Сефевилер заманындағы танымал ирандық ақын Абуталеб Калим Кашани жайлы сөз қозғаймыз.

Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар

Айтып өткеніміздей, Абуталеб Калим Кашани Аббас шах Сефевидің заманында өмір сүріп, Шахжаһан Гурканидің сарайында «Малек аш-Шоара», яғни «шайырлардың патшасы» болған. Калим Кашанидің өмірбаяны оның туындыларының тасасында қалып, басым бөлігі әлі белгісіз.  Оның туған жылы туралы мәлімет жоқ болғанымен, Кашанда немесе Хамаданда туып, сонда білім алғанын білеміз. Жас кезінде Сефевилер заманындағы көптеген әдебиетшілер мен ақындар сияқты Үндістанға барып, Шахжаһан Гурканидің сарайына жол тауып, «Малек аш-Шоара» деген лақап атқа ие болып, х.қ.ж.с.б. 1061 жылы Үндістанның Кашмир қаласында дүние салды. Оның қабірі Саринегарда «Кашмир мазарлары» деген атпен танылған жерге қойылған.

Калим Кашани

Әдеби сыншылар мен зерттеушілер оны «үнді» деген атпен танылған стильдің негізін қалаушылардың бірі және Саеб Табризимен деңгейлес деп атаған. Оның тілінің тазалығы мен сөз тіркестерінің айқындылығын мақтаған, өйткені оның тілі қарабайырлықтан алшақ, бірақ халықтың ауызекі сөйлеу стиліне жақын, қысқа да нұсқа болған. Калим Кашаниден 15000 бәйіттен тұратын аяқталмаған «Шаһнама» поэмасы мен  өлеңдер жинағы естелікке қалды. 10000-ға жуық бәйіттен тұратын өлеңдер жинағы ғазал, қасида, маснави мен рубаилардан тұрады.

Калимнің барлық туындыларына шолу жасағанда оның өлеңнің барлық қалыптарында қалам тербегенін көруге болады. Алайда оның шеберлігі мен танымалдығы көбіне ғазалға қарыздар. Ол маснавиде қарапайым, кейде біртұтастығы пен беріктігі кемшін тілді қолданған. Үндістанға барған  басқа парсытілдес ақындардан көбірек оған сол жердегі өмір  әсер еткен. Бұл әсерді оның өлеңдер жинағында кезігетін көптеген хинди сөздерімен дәлелдеуге болады.

Калим Кашани өлеңдерінің таңдамалы жинағы

Калим қарапайым тілді өзінің қасидаларында да қолданған, бірақ оның басты назары ғазал жазуға аударылған. Ол ғазалдарымен танымал болған. Бұл қалыптағы өлеңдерде өзінің қарапайым да жатық тілін көбінесе тың тақырыптар мен мән-мазмұндарды баяндауға қолданған. Калим өлеңдерінің мән-мазмұны бәрінен бұрын оның әлеуметтік, хикметтік және лирикалық ойларынан бастау алады. Мән-мазмұндағы бастамашылық пен түрлі бояуға толы қиял оның ғазалдарына ерекше нәзіктік сыйлады. Сол дәуірдегі ғазал тілін халық қиялының көкжиегіне жақындатқан мақал-мәтелдер мен ауызекі сөздер оның шығармаларынан ерекше көрініс тапқан. Калим – үнді стилінің негізін қалаушылардың бірі. Үнді стилін зерттеушілердің пікіріне сәйкес, Калим өзінің өлеңдерінде қолданған бастамашылық және жаңашылдықпен үнді стилінің бастапқы негіздерін қалады. Мықты қиял, көрегендік, детальдардағы нақтылық, тың мән-мағына, кейіптеу, тың поэтикалық суреттемелер қарапайым да жатық тілмен бірге Калим Кашани өлеңдерінің ерекшеліктерінің қатарын құрайды. Бұл ерекшеліктер одан кейін Сефевилер заманындағы ақындар мен осы стильді ұстанушылардың өлеңдерінде кездеседі.

Калим Кашаниге замандас және одан кейінгі тазкере-өмірбаян жазушылар еңбектерінде оны әртүрлі аттармен атаған. Кейбіреулер оның өзі, туындылары мен өлең стиліне қатысты көптеген теңеулер мен сипаттамалар айтқан. Реза Қалихан Хедаят пен Азар Бигдели оның атын атаумен ғана шектелген. Зерттеушілердің сенімінше, осы өмірбаяндардан Калим мен оның үнді стилі туралы әртүрлі сындар мен сараптамаларды көруге болады.

«Шахжаһаннама» кітабы авторының сенімінше, «Каримнің сөзі құлаққа жағымды. Калим өзінің табиғи талғамын әдемі мағынаға қосып, оқырмандарға ұсынады».

Калимді «Мағына тудырушы» деп атаған. Зерттеушілердің ойынша, бұл асыра айтылған сөз емес. Өйткені, өлеңдеріне шолу жасағанда одан жасампаз ойды көруге болады. Калим тіпті кейбір мамандар тұрғысынан поэтикалық емес деп танылған тақырыптардан поэтикалық сипаттама тудыру арқылы баршаны таң қалдырған. Оның ассоциация жасаудағы қарым-қабілеті, нақтылығы мен қырағылығы оқырманды баурап алады. Оқырманның тіпті оның өлеңін бірнеше қайталап оқудан басқа амалы қалмайды.

Калимнің мағына мен сурет тудыру құдіреті соншалықты, кейде бір тақырыпқа түрлі сипаттама береді. Сонда оқырман оның қиялының шегі жоқ екен деп ойлайды. Мысалы, «Ажал құсы» атты өлеңде өзі шалдыққан шешек ауруына әрбір бәйітте бөлек сипаттама беріп отырған. Ол бір рет шешекті бойына таралған дәндерге теңеп, ажал құсы сол дәндерді теріп алу үшін келеді деп сипаттаған. Ал келесі бір бәйітте өзгеше сипаттама ұсынып, бұл жолы шешек ауруын қырманға жол ашып, жүріп бара жатқан құмырсқаларға теңейді:

Менің тәнім ажал құсы қонатын жер бола ма?

Менің шаршаған денемде шашылған тары қышыма тудырды.

Шешектердің ортасындағы маған қарасаң,

Қырманға жол тапқан құмырсқалардың тобына ұқсайды.   

Теориялық және философиялық ақыл-ой – Калим Кашани өлеңдерінің тағы бір ерекшелігі. Калимнің ақылы философиялық сипатқа ие. Оның ойы ауқымды әрі терең. Оның барлық өлеңдерінде, әсіресе ғазалдарында философиялық сауалдар бар. Сефевилер заманының жаңадан пайда болған әлеуметтік және экономикалық қарым-қатынасының сапасын ескере отырып, сол замандағы ақындар мен өнер иелерінің көбінде осындай ой-сана мен рух болғанымен, Калимнің өмір жайлы ойлау тәсілі басқалардан көбірек оның рухы мен ой-санасына әсер етті.

Калимнің өлеңдеріндегі көптеген артықшылықтарға қарамастан, оның туындыларының кемшін тұстарын да анықтауға болады. Мысалы, оның кейбір өлеңдерінен мағына мен сипаттамалардағы қарама-қайшылық кездеседі. Сырттай алғанда Калимнің өзі осы қатыссыздықты түсініп, оның себебін көңіл күйінің болмауы деп айтқан. Калим өлеңдерінің тағы бір кемшін тұсы – оның туындыларының өн бойына таралған үмітсіздік.

Калим туындыларын зерттеуші Шамс Лангарудидің пікірі бойынша, «Калимның өлеңдер жинағына үмітсіздіктің күлі шашылған. Калимнің өлеңдері оның басқа замандас ақындарға керісінше қайғы мен үмітсіздікті өзінің жан-тәнімен сезінгенін көрсетеді».  Калимның өлеңдер жинағына шолу жасағанда өлім, бақыт, қайғы, налу мен жылау сөздерінің көбірек қолданылғанын көреміз:

Бақытым басыма жүз пәле әкелмей,

Бұл заман аяғыма батқан шөгірді алып тастамайды.