Нау 21, 2016 11:35 Asia/Almaty

Құран Кәрім – Алланың адамға сыйлаған ең құнды нығметі және адамзатты бақытқа қарай нұсқайтын гауһар тас.

Құранның нұрының аясы мен оның мөлдір бұлағынан  адамның жүрегі тазарып, рухы жоғары көкжиектерге  жақындай түседі. Бұл соңғы қасиетті кітап – мәңгілік мұғжиза. Оның дәлелдері мықты, түсініктері жоғары, тағылымдары терең тамырларға ие, шариғаты  адамның өмірінің барлық тұрғыларындағы қажеттіліктерімен үйлесімді. Иран Ислам революциясының жетекшісі  аятолла Хаменеи Құранның адамның  жанына тигізетін таңқалдыратын әсері туралы: «Бауырларым, Құран – нұр. Расында, бұл кітап жүрек пен рухты жарқыратады. Егер Құранға ғашық болсаңдар, жүректерің мен жандарың  нұрланады. Құранның арқасында адамның жүрегі мен жанындағы  зұлмат пен түсінбеушіліктердің көбі жойылады. Құранның берекесімен адам зұлматтан шығып, қателіктерден бас тартып,   нұрлы жол арқылы дұрыс жолға түседі»,- деді. Адам өмірінде көптеген  қателікке ұрынады.  Надандыққа тіреліп, адасуы да аз кездеспейді. Сол кезде адам оны құтқарып, қараңғылықтан шығаратын мықты жіпті іздейді. Адамның  Құраннан және оның илаһи нұрынан алыстауы  надандыққа әкеліп соқтырады. Илаһи нұр білім әкеледі. Білім адамның мағлұматын арттырып, оны надандықтан шығарады. Сол кезде  өмірдің мағынасы өзгеріп, хайуандық  күйден адами күйге ауысып, адам жоғары мақсаттары туралы ойлайтын болады. Аятолла Хаменеи Құранды қараңғылық пен қысымдардан шығаратын құрал деп атап: «Құран – илаһи тау; илаһи мықты  жіп. Егер оған жабыссақ, құламаймыз, адаспаймыз әрі басқа нәрселерден құтқарыламыз»,- деді. Ислам революциясы жетекшісінің пікірі бойынша, біз өмір, келешек, қазіргі міндеттеріміз, жеке мақсаттарымыз бен басқа да  тұрғылардағы мәселелердің көбісін білмейміз. Құран – білім кітабы. Ол біздің міндеттерімізді анықтап, надандыққа шырмалған адамзатқа білім беріп, дұрыс жолға нұсқайды.               «Зүмәр» сүресінің 27-ші аятынан: «Расында, Біз бұл Құранда адам баласына әр түрлі мысалды, олар үгіт алу үшін келтірдік»,- деп оқимыз. Алла Тағала бұл аятта қарапайым тілмен өзінің мақсатын, яғни Құранда хикаялар мен мысалдарды баяндауы туралы  айтады. Оның мақсаты – адамдарға ескерту жасап, ақыл-кеңес беру. Жаратушы бұл қасиетті кітапта залымдардың қорқынышты тағдырын күнә жасау мен Аллаға бағынбаудың салдары деп атап, әртүрлі ақыл-кеңесті, жаратылған әлемнің құпия-сырын, діннің шариғаты мен заңдарын, яғни адамдарды дұрыс жолға  нұсқауға қажет барлық нәрсені адамдар үйреніп, қате жолға түспесін деп    хикая, мысал және насихат түрінде баяндады. Ислам революциясының жетекшісі бұл туралы: «Құран бізге барлық нәрсені үйретті. Құранды үйреніп, түсіну қажет. Құранды мөлдір және күш-қуат беретін сусын сынды пайдаланып, өз өмірімізге абырой сыйлауымыз керек»,- деді. Тарихи рауаяттардан илаһи әулиелердің Құранды оқу үшін ұсынылған барлық ережелер мен қағидаларды сақтап оқуларымен бірге оның мағынасы мен әр аяттың мазмұнына көңіл бөліп оқығандары белгілі. Олар Құранның сүйіншілейтін аяттарына жеткен кезде қуанатын, азап пен тозақтың оты туралы аяттарды оқыған кезде алаңдап, Алладан пана іздейтін. Бұл туралы имам Әли бен Мұса Реза (ғ.с.) Хорасанға аттанған кезде жақындары хазіреттің түнде демалатын жерінде  Құранды көп оқитынын, тозақ туралы айтылған аяттарға жеткен сайын жылап, Алладан жәннәтқа жіберуді, тозақ отынан құтқаруды сұрайтынын көрген. Құранда  еш бұрмалаушылық жоқ. Құран аяттары бір-бірімен үйлесімді, Олардың мағынасы айқын. Аятолла Хаменеи Құранның мақсаты туралы: «Құранның мақсаты бізді материалдық және рухани тұрғыдан көтеру болып табылады. Бұл Құранның ісі»,- деген болатын. Ислам революциясы жетекшісінің  көзқарасы бойынша, Құран – хикмет кітабі; Құран – ілім мен өмірдің кітабі. Халықтардың  өмірі олардың Құран тағылымдарымен таныс болуына және оның ахкамын орындауына байланысты. Хазірет: «Егер адамдар әділетті талап етіп, зұлымдықтан алыстағылары келсе, зұлымдықпен күресудің жолын Құраннан үйренуі керек. Егер адамдар білімді талап етіп, білім мен ғылымның арқасында өмір сүргілері келсе, сонымен бірге өз тұрмыстарын қамтамасыз еткілері келсе, оның жолдары Құран арқылы көрсетілген. Егер адамдар Алламен қарым-қатынас орнатып, рухани кеңістікте өмір сүргілері келсе, оның да жолын Құраннан табады»,- деп қуаттайды. Аятолла Хаменеи әсіресе жастарға Құранды жақсы көруді насихаттайды. Ол жастарға: «Құранды оқып, оған сай ғамал еткен сайын надандық перделеріңнің бірі ашылып, нұрлы бұлақтардың бірі жүректеріңе жол табады. Құранды жақсы көріп, Құран жиындарына қатысу, Құранды түсіну және ол туралы ойлану –мұның барлығы қажет іс»,- деді. Ислам революциясы жетекшісінің сөзіндегі маңызды жайт, ол исламдық қоғамның Құран Кәрімнен алыстауына алаңдаушылық білдіруінде. Хазірет: «Мұсылман үмбетінің барлық осалдығы, артта қалушылығы мен ахлақ пен өмірлік мәселелердегі қателіктері Құранда айтылған бойынша әрекет етпегендіктеріне  байланысты»,- деді. Аятолла Хаменеи мұсылман үмбетінің барлық мәселелерін шешу үшін Құранға оралуды қажеттілік деп атап, терең алаңдаушылық білдіріп: «Исламның аты барлық жерге танымал, Құранды мақтан тұту мен өзін мұсылман көрсету барлық жерде бар. Алайда біз Құранның білімдері мен Құранға сай ғамал етуді қажет етеміз. Бұл шынайы мұсылмандық. Біз Құраннан алыспыз. Егер халық Құранның білімімен танысса, істердің көбі олар үшін оңайға айналады. Алға ілгерілеу оңай болады. Біздің халқымыздың революцияның берекесінің арқасында Құранның есіктерін аздап болса да ашуынан оларға қандай өзгерістердің келгенін көріп отырсыздар. Біздің халқымыздың қандай ұлы әрі абыройлы болғанын көріп отырсыздар. Негізінде біз Құранға қарай азғана қадам бастық. Егер Құранға қарай толық қадам бассақ, бұл халық Құранда айтылған  нәрсеге жететін еді»,- деп қосты. Ия, Құран – мейірімді Жаратушының сөзі. Құран аяттарын оқу жүректегі татты кетіреді. Адам әр аятты оқыған сайын рухани баспалдақпен көтеріледі. Мұсылмандардың Құранға көбірек назар аударғандары жөн. Қазіргі кезде бұрмаланған  және адамзатқа қарсы ең қорқынышты қылмыстарды іске асыратын топтардың пайда болуына Құранның негіздерінен алыстау себеп  болды. Ислам революциясының жетекшісі: «Шын мәнінде біз осы кезде  Құраннан көп алыспыз. Жүректеріміз Құранға жақындауы керек. Жандарымыздың Құранға ғашық болғаны жөн. Егер Құранға жақындап, оның ілімін жүрегіміз бен жанымызға енгізе алсақ, өміріміз бен қоғамымыз Құранда айтылғандай болады. Бұл үшін қысым мен саясат қажет емес. Жүрегіміз бен жанымыз және біліміміз Құранды үлгі етуі керек»,- деп баса айтты.

Тегтер