Қыр 09, 2017 21:46 Asia/Almaty

«Рұм» сүресінің 50-54 аяттарының тәпсірі

«Рұм» сүресінің 50-51 аяттары:

«فَانظُرْ إِلَى آثَارِ رَحْمَتِ اللَّـهِ کَیْفَ یُحْیِی الْأَرْضَ  بَعْدَ مَوْتِهَا  إِنَّ ذَلِکَ لَمُحْیِی الْمَوْتَى وَهُوَ عَلَى کُلِّ شَیْءٍ قَدِیرٌ»، «وَلَئِنْ أَرْسَلْنَا رِیحًا فَرَأَوْهُ مُصْفَرًّا لَّظَلُّوا مِن بَعْدِهِ یَکْفُرُونَ»

Алланың рахметінің әсерлеріне қара. Жер жүзі өлгеннен кейін оны қалай жандандырды. Рас, Ол өлілерді тірілтеді. Оның әр нәрсеге күші толық жетеді. (50) Әлбетте бір жел жіберсек те сонда егіннің сарғайғанын көрсе, әрине олар одан кейін қарсы шығады. (Апатқа сабыр етпейді) (51).

Алдыңғы бағдарламада жел мен жаңбыр және олардың жер мен жер тұрғындарының шаттығындағы рөлі туралы баяндалды. Осы аяттар былай дейді: «Жел мен жаңбыр Құдайдың әміріне бағынады. Олардың әсерлері де Құдайдың еркінде. Ол егер қаласа, жаңбыр рақымның мәйегі болып, қыста қатып қалған жерді көктемгі жел мен жаңбырдың көмегімен тірілтіп,  көгертеді. Егер қаласа, барлық өнімді қуратып тастайтын, ағаштардың жасыл жапырақтарын күзгі сары жапырақтардай түсіретін ызғырық, зиянды жел соққыза алады» дейді.

Жаңбыр адамның тіршілігі мен жер бетіндегі тіршілік иелерінің өмірінде көптеген әсер мен берекеге ие. Өсімдіктер мен ағаштардың жасылдығы, ауаның тазалығы, бұлақтар мен құдықтардың суға толуы, өзендердің ағысы мен ауа температурасының қолайлығы Алланың үлкен рақымының тек бір бөлігі ғана. Бірақ, мұндай табиғи факторлар мен құбылыстармен шектелмеуіміз керек. Керісінше, көзқарасты бүгінгі материалды дүниеден ажалдан кейінгі әлемге аударып, Құдай қияметте де өлгендерді тірілтіп, оларға қайтадан тіршілік сыйлай алатын құдіретке ие дегенге сенейік.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Құран жаңбырды жер мен жер тұрғындарының тіршілігінің мәйегіне айналдыратын Алланың рақымы деп атайды. 

2.Жаңбырдың жаууы мен жердің қайтадан жандануы – Құдайдың қияметті орнатып, өлгендерді қайта тірілтетін құдіретінің белгісі.

3. Имандары әлсіз адамдар қиындықтар мен қиын оқиғалармен бетпе-бет келгенде дін мен имандарынан айырылып, күпіршілікке салынады.

 «Рұм» сүресінің 52-53 аяттары:

«فَإِنَّکَ لَا تُسْمِعُ الْمَوْتَى وَلَا تُسْمِعُ الصُّمَّ الدُّعَاءَ إِذَا وَلَّوْا مُدْبِرِینَ»، «وَمَا أَنتَ بِهَادِ الْعُمْیِ عَن ضَلَالَتِهِمْ  إِن تُسْمِعُ إِلَّا مَن یُؤْمِنُ بِآیَاتِنَا فَهُم مُّسْلِمُونَ»

Мұхаммед (ғ.с.), рас сен өліктерге естірте алмайсың. Сондай-ақ, бет бұрып, кетіп бара жатқан саңырауларға да дауыс естірте алмайсың. (52) Соқырды да адасқан жағынан тура жолға сала алмайсың. Аяттарымызға иман келтіріп, өздері бой ұсынған кісілерге ғана естірте аласың. (53)

Бұл аяттар адамдарды төрт топқа бөледі: бірінші топқа сырттай тірі көрінетін, бірақ, ешбір ақиқатты түсінбейтін, иман келтірмейтін адамдар жатады; екінші топқа пайғамбарлардың шақыруын ести алмайтын адамдар жатады; үшінші топқа хақты көре алмайтын, адасушылыққа батып кеткен адамдар жатады; төртінші топқа көздері және құлақтарымен хақты танығылары келетін, оны қабылдауға әзір, хақты түсінген кезде соған бойсұнатын адамдар жатады.

Бұл аяттар Құран мәдениетінде физикалық өлім мен өмірден басқа адамдардың рухани өлім мен өмірге де ие екендіктерін көрсетеді. Сырттай өлген, бірақ Құранның көзқарасы бойынша тірі адамдар бар. Мәселен, олар – хақ жолындағы шәһидтер. Сырттай тірі, бірақ Құранның көзқарасы бойынша өлген адамдар бар. Себебі, олар адасушылыққа салынып, өздерін Алланың жетекшілік нұрынан мақұрым етеді.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Егер адам ақиқатты түсінуге әзір болмаса, тіпті Құдайдың пәк пайғамбарының сөзі де оған әсер етпейді.

2.Құлақ пен көз және ақыл жеткіліксіз. Адамның хақты естіп, көріп, соны қабылдауына көмектесетін хақты қабылдау рухының болуы маңызды.

3.Хақпен қарсыласып, қырсығып, одан теріс айналу адамды қатты адастырады. Сол кезде тура жолды табатын мүмкіндік аз болады.

4.Пайғамбарлар мен діни жетекшілердің міндеті –адамдарды хақты қабылдауға мәжбүрлеу емес, оларға жетекшілік ету.

5.Иман мен жүректегі сенім жеткіліксіз. Сонымен қатар ғамалға мойынсұну да лазым іс.

«Рұм» сүресінің 54 аяты:

«للَّـهُ الَّذِی خَلَقَکُم مِّن ضَعْفٍ ثُمَّ جَعَلَ مِن بَعْدِ ضَعْفٍ قُوَّةً ثُمَّ جَعَلَ مِن بَعْدِ قُوَّةٍ ضَعْفًا وَشَیْبَةً  یَخْلُقُ مَا یَشَاءُ  وَهُوَ الْعَلِیمُ الْقَدِیرُ»

Ол сондай Алла. Сендерді әлсіз жаратып, сосын әлсіздіктен кейін күш беріп, сосын күштен кейін нашарлатып, қартайтты. Ол қалағанын жаратады. Сондай-ақ, ол аса естуші, тым күшті. (54)

Бұл сүренің тақырыбы Алланың нығметтері мен таухидтің белгілері баяндау болғандықтан, осы аят адам өмірінің әртүрлі кезеңдеріне басынан аяғына дейін сілтеме жасап: «Анадан туғаннан бірнеше жылға дейін қауқарсыз болдыңдар. Бірақ, жасөспірімдік пен жастық кезеңге жетіп, бойларыңа күш бітті. Кәрілікте қайтадан дәрменсіз күйге ұшырадыңдар. Бұл кезеңдерді Құдай реттеді. Онда сендердің еріктерің жоқ» дейді.

Егер жаратылыс адамның өз еркінде болғанда ешкім қартайғысы келмес еді, өзінің физикалық күшінің кемігенін қаламас еді. Ондай болса, күш пен жастық, әлеует те адам қартайғанда сақтап қалатындай оның өз еркінде емес. 

Осы аяттардан үйренітіміз:

1.Адамның өмірінің басы мен соңы – әлсіздік. Ада екі әлсіздіктің ортасындағы өзінің азғана күндік күшіне масаттанбауы керек. Күш пен мүмкіндік уақыты өте қысқа болғандықтан, олардың қадірін біліп, дұрыс пайдалануымыз керек.

2.Адамның әлсіздігі мен күшінің кезеңі дана әрі құдіретті Құдай тарапынан мықты бағдарлама арқылы жобаланған.