«Рұм» сүресі, 729-шы бөлім, 55-60 аяттар
«Рұм» сүресінің 55-60 аяттарының тәпсірі
«Рұм» сүресінің 55-56-57 аяттары:
«وَیَوْمَ تَقُومُ السَّاعَةُ یُقْسِمُ الْمُجْرِمُونَ مَا لَبِثُوا غَیْرَ سَاعَةٍ کَذَلِکَ کَانُوا یُؤْفَکُونَ»، «وَقَالَ الَّذِینَ أُوتُوا الْعِلْمَ وَالْإِیمَانَ لَقَدْ لَبِثْتُمْ فِی کِتَابِ اللَّـهِ إِلَى یَوْمِ الْبَعْثِ فَهَـذَا یَوْمُ الْبَعْثِ وَلَـکِنَّکُمْ کُنتُمْ لَا تَعْلَمُونَ»، «فَیَوْمَئِذٍ لَّا یَنفَعُ الَّذِینَ ظَلَمُوا مَعْذِرَتُهُمْ وَلَا هُمْ یُسْتَعْتَبُونَ»
Қиямет-қайым болатын күні күнәкарлар (өлгеннен қияметке дейін) бір сағаттан басқа тұрмадық деп ант ішеді. Осылайша олар (дүниеде де алданып) адасқан еді. (55) Ал ғылым және иман берілгендер: "Расында, Алланың жазуындағы тірілетін күнге дейін тұрдыңдар, тірілетін күн осы. Бірақ, сендер білмейтін едіңдер" дейді. (56) Енді сол күні зұлымдық қылғандардың сылтаулары пайда бермейді. Олардан бір игілік те күтілмейді (57).
Күнәһарлар мен қылмыскерлердің ерекшеліктерінің бірі олардың осы дүниеде қиямет-қайымды теріске шығарып, оны қабылдамауында. Осы аяттарға сәйкес, ондай адамдар тіпті, қияметте де қиямет орнап, өздерінің қияметте тұрғанын қабылдауға әзір болмайды. Сол себепті, олар қияметті әлі осы дүниенің жалғасы санап: «Сәл ғана ұйқтап кетіп, енді ояндық» дейтін болады. Бірақ, ақиқатты таныған әрі таным мен мағрифатқа ие иман иелері оларға: «Бұл жер – қиямет. Құдай тағайындаған әмір бойынша сендер осы дүние мен арғы дүние, яғни барзах кезеңін өткізіп, бүгін қияметтің сотында тұрсыңдар» деді.
Залымдар мен күнәһарлар алдарынан «қияметтің соты» деген ақиқатты көрген кезде кешірім сұрауға кірісіп, тәубелеріне келеді. Бірақ, осы аятқа сәйкес, күнәһарлардың кешірім сұрауының арғы дүниеде еш пайдасы болмайды, тәубелері қабылданбайды.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Ойдың бұрыстығы адамды теріс жолға түсіреді. Ой мен ақидадағы бұрмаланушылық қылмыс пен күнәнің қоғамда таралуына негіз қалайды.
2.Ғылым мен иман өзара байланысты. Шынайы ғылым адамды иманға шақырады. Иман да адамдарды ғылым-білімді үйренуге шақырады.
3.Адамның тағдыры өзінің іс-әрекеттеріне байланысты. Зұлымдық пен қылмыс осы дүние мен ақыретте ешбір жақсылыққа апармайды.
4.Кешірім сұрап, күнә жасағаны үшін тәубеге келу тек осы дүниеде ғана мүмкін болады. Қияметте іске жарамайды.
«Рұм» сүресінің 58-59 аяттары:
«وَلَقَدْ ضَرَبْنَا لِلنَّاسِ فِی هَـذَا الْقُرْآنِ مِن کُلِّ مَثَلٍ وَلَئِن جِئْتَهُم بِآیَةٍ لَّیَقُولَنَّ الَّذِینَ کَفَرُوا إِنْ أَنتُمْ إِلَّا مُبْطِلُونَ»، «کَذَلِکَ یَطْبَعُ اللَّـهُ عَلَى قُلُوبِ الَّذِینَ لَا یَعْلَمُونَ»
Расында, Бұл Құранда адам баласы үшін әр түрлі мысал бердік. Оларға бір белгі келтірсең де қарсы келгендер: "Сендер бұзушы ғанасыңдар" дейді. (58) Осылайша, Алла білмегендердің жүректерін бітейді. (59).
Құран – жетекшілік кітабы. Адамға жетекшілік етудегі барлық нәрсе осы кітапта баяндалған: сүйінші мен ғибрат, бағыттау мен уағыз, бұйыру және тыю, ынталандыру мен айыптау, дәлел мен дәйек. Яғни, бұл кітап адамға жетекшілік етіп, оны бұрмаланушылықтан алыстату үшін кез келген тәсіл мен әдісті қолданады.
Таухид пен бір Құдайға табынушылықтың дәлелдері Құранның әртүрлі аяттарында баяндалған. Аспандық осы кітапта дұрыс өмір сүру мен ахлақтық жаман қылықтардан аулақ болудың жолдары мен тәсілдері әртүрлі қалыпта ұсынылып, Құдайға күні-түні және жылдың әртүрлі кезеңдерінде ғибадат етудің тәсілдері түсіндірілген. Діндар, тақуа әр адамның ой-пікір және іс жүзіндегі негіздерін құрайтын ақида мен ахкам және ахлақ Құранның 6000-нан астам аяттарының әр жерінде әр түрде баяндалған. Соған қарамастан, хақты қабылдағысы келмейтін, негіздерін күпіршілік пен қырсықтық және теріске шығару құрайтын адамдар мұның барлығын жалған санайды. Олар Алланың аяттарын естігілері келмейді.
Аяттардың жалғасы күпіршілік пен теріске шығарушылықтың себептерін былай түсіндіреді: Құдай мұндай адамдардың көптеген қылмыс жасап, күнәға батудан қайтпайтындықтарына байланысты қылмыс жасағандары үшін түрмеге қамалатын, камераларының есіктеріне құлып салынатын ұрылар сияқты жүректерін ақиқатты түсінуден мақұрым еткен. Ұрылардың қылмысы қазыны әділетті орындау үшін оларды қамауға мәжбүрлейді. Сондықтан, олар азаттық нығметінен мақұрым қалады. Күнәһарлар егер тәубеге келетін болса, Құдай оларды кешіреді. Егер қылмыс жасауды тоқтатпайтын болса, олардың жүректерін құлыптап, ақиқатты түсіну нығметінен кенде етеді.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Құран адамдардың барлығына арналған. Құран халықтың әртүрлі табына жетекшілік ету үшін әртүрлі тәсілдерді пайдаланады.
2. Жалған жолға түскен адамдар хақты қабылдамағандарымен қатар, хақты жалған санап, мүміндерді де қабылдамайды. Жалған жолға түскендердің үгіт-насихаттары мен айғай-шуының бізге әсер етуінен сақ болайық.
3.Күпіршілік пен хақпен қырсығудың жазасы – илаһи жетекшіліктен мақұрымдық. Оның зияны Құдайға емес, адамның өзіне қайтып оралады.
«Рұм» сүресінің 60 аяты:
«فَاصْبِرْ إِنَّ وَعْدَ اللَّـهِ حَقٌّ وَلَا یَسْتَخِفَّنَّکَ الَّذِینَ لَا یُوقِنُونَ»
(Мұхаммед Ғ.С.) енді сабыр ет. Алланың уәдесі хақ. Сенбегендер сені оңай көрмесін. (60)
«Рұм» сүресінің соңғы аяты саналатын бұл аят былай дейді: «Иман адамдары тарих бойында әрдайым кәпірлердің азаптауы мен тілдеуіне ұшырап келеді. Ондай болса сабыр сақтап, табындылық таныту керек. Олардың қоқан-лоққыларына мойынсұнбау қажет. Себебі, Құдай егер иман адамдары табандылық танытса, жеңіске жетеді деген уәде берді» дейді.
Аяттың жалғасы Алланың елшісі мен иман адамдарына арнап: «Егер олардың сөздерінің ықпалына түсіп, қорқыныш пен алаңдаушылыққа душар болсаңыздар, табандылық танытудың орнына өздеріңізді қор санап, бос, жалған істерге бой ұрасыздар. Дұшпандардың жөнсіз қатынасы салдарынан ашуланып, тыныштықтарыңызды жоғалтып, қоғамдағы орындарыңыздың теңселуіне себеп болатын істерге баратын боласыздар» дейді.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Иман иелері өз жолдарында табанды болып, дұшпандардың жөнсіз қатынасының алдында төзімділік танытуы керек.
2.Дінсіз, имансыз адамдардың теріс кеңістік тудыруы біздің шешім қабылдауымызға әсер етпеуі керек. Құдайдың хақ иелерінің жалғанды жеңетіндігі туралы уәдесіне сенейік. Мұның өзі тыныштық пен көңілдің жайлылығына себеп болады.
3.Сабырсыз, шыдамсыз адамдар қоғамда әлсіз, осал келеді.