Иранның танымал тұлғалары (124)
"Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар" атты бағдарламамыздың келесі бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Өткен бірнеше бағдарлама барысында үнді стилінің көрнекті өкілдерінің бірі саналатын Сефевилер заманындағы танымал ирандық ақын Абуталеб Калим Кашани жайлы сөз қозғап, оның Үндістанға қоныс аударғаны жайлы айтып өттік. Үндістанға қоныс аударған ғалымдар мен ойшылдардың саны кейбір тарихи дәуірлерде өте көп болғандықтан біз алдағы бағдарламаларда осы жайлы сөз қозғауды жөн көрдік.
Өткен бағдарламалар барысында Үндістанның мигранттарды қабылдауға бейім болғанын айттық. Үндістанның билік аппараты өткен мың жылда миграциялық құбылыс негізде қалыптасқан. Олардың билік аппаратының көбі жергілікті емес, кірме тұлғалар тарапынан басқарылды. Үндістанға қоныс аударған әртүрлі топтардың ішінде ирандықтар екі ел арасындағы терең тарихи, мәдени және әлеуметтік қарым-қатынастарға байланысты ерекше жағдайға ие болған. Алдымен зәртуштер, содан соң мұсылмандар әртүрлі ғасырларда Үндістанға қоныс аударып, көптеген туындылардың бастамасы болған. Қоныс аударудың көбі моңғолдардың Иранға шабуыл жасаған кезі мен Сефевилер заманында болып, әртүрлі топтарды, соның ішінде ақындар мен жазушыларды, өнер иелері мен кәсіпшілерді, дәрігерлерді, мистиктерді, сопылар мен үлемдерді қамтыды. Ирандық мистиктер мен сопылар ислам мен парсы тілін Үндістан түбегінде таратуға көп үлес қосты.
Ирандық мигранттар арқылы Үндістанға таралған Иран мәдениеті мен өнері Үндістанның мәдениеті мен өнеріне әртүрлі тұрғыдан әсер етті. Мәдени әсерлер жайлы қысқаша баяндап өттік. Көркемдік әсерлер де айтарлықтай.
Үндістанда ирандық архитектуралық тәсілдердің әсері өте ауқымды. Үндістанның ең көне кейбір ғимараттарында, соның ішінде қазір «Патна» деген атпен танымал Паталипутра қаласындағы Маурий сұлтандарының сарайынан ирандық архитектуралық техниканың айшықты әсерін көруге болады.
Ахеменилер билігі жойылғаннан кейін ирандық кәсіпшілер Маурий сұлтанатының негізін қалаушының шақыруымен Паталипутраға қоныс аударып, сонда Персеполис ғимараттары, Ападана мен «Мың баған» сарайларынан үлгі алып сарайлар салған. Ирандық архитектуралық техниканың Үндістандағы әсері б.з.д. 3 ғасырдан басталып, кейінгі ғасырларда әрдайым жалғасын тауып отырған. Доктор Тарачандтың сенімінше, Ашока дәуіріндегі капителдер мен тас жазбалар Ахеменилер заманындағы архитектуралық үлгілерге еліктеуден туындаған.
Шахриар Нақави Иран мен Үндістанның архитектуралық техникаларының қосындысы туралы: «Мултан мен Лахор қалаларындағы мешіттер мен мазарлар Сасанилер мен Селжұқтар заманындағы ирандық мешіттер мен кесенелердің стилімен салынған»,-дейді. Сонымен қатар, үнді мемлекеттерінің патшалары Делиде «Құтб-е менар», «Қовват ул-ислам» мешіті, «Алаи қақпасы», «әт-Тамас кесенесі» және тағы да басқа осы тектес ғимараттар салған. Патшалар Үндістан түбегінің әртүрлі өңірлерінде билік құрған кезде өте әдемі ғимараттар салған. Онда ирандық архитектуралық техника үнді сәулет өнерімен қосылып, «үнді-иран сәулет өнері» деген жаңа техниканың негізі қаланып, Бабыр сұлтандарының билігі кезінде өзінің шарықтау шегіне жетті. Сырлы кірпіштерді жапсыру өнері де осы кезеңде Ираннан Үндістанға жол тартып, үнді халқының ыстық ықыласына бөленді.
Үңгірлердің есігі мен қабырғаларында қалған суреттерден Үндістанда сурет салу өнерінің ертеден басталғанын анық көруге болады. Үндістанның көптеген тарихи ғимараттарының, соның ішінде елдің оңтүстігіндегі Аджанта үңгірлері мен ондағы әртүрлі ғибадат орындарының қабырғаларынан өте қызық суреттердің үлгісін көруге болады.
Кейбір зерттеушілердің сенімінше, «миниатюра» деп аталатын кітап беттеріндегі суреттер Үндістанда Ирандағыдай қалыпта таралмаған болатын. Ол тек 13 ғасырда ғана Ираннан Үндістанға келді. Мысал ретінде «Әмір Хамза» кітабын айтуға болады. Бұл кітап парсы әдебиетінің жәуәнмәрттік әңгімелерінің қатарына жатады. Үнді патшалары оған қатты көңіл бөліп, сюжет желісі бойынша суреттер салуға бұйрық берген.
Иранның кескіндеме өнерінің Үндістанға әсері айқынырақ көрінген және ирандық мигранттардың іздері анық байқалатын дәуір Тимурилер заманы болып табылады. Сефевилер заманында Иранда шарықтау шегіне жеткен қабырғаға сурет пен миниатюра салу өнері ұстаз Камаледдин Бехзадтың шәкірттері арқылы Үндістанға әкелінді.
Бабырдың ұлы Хомаюн Үндістанда биліктен айырылғаннан кейін біраз уақыт шах Тахмасптың сарайында жоғары мәртебелі қонақ ретінде өмір сүрді. Ол Табризде танымал екі ирандық суретші Мир сейіт Әли Табризи және қажы Абдуссамад Ширазимен кездесіп, Иран әскерінің көмегімен Үндістанда билікті қайта қолына алғаннан кейін осы екі суретшіні өзімен бірге Үндістанға алып кетіп, оларға көңіл бөліп, сурет салдырған. Мир сейіт Әли Табризи және қажы Абдуссамад Ширази Үндістанда Хомаюнның бұйрығымен «Әмір Хамза» кітабын суретпен әрлеп, осы кітапқа 1400 суретті бірлесіп салған. «Әмір Хамза» кітабының суреттерінде, әсіресе бірінші бөлімінде қолданылған тәсіл Иранның Сефевилер мектебіндегі суреттерге негізделген. Біртіндеп кітаптың соңына жақындағанда бұл әсер азайып, суретшілер үнді мектептерінің ықпалына түскен.
Шахрияр Нақавидің айтуынша, «Хомаюн мен Акбар шахтың заманында Ираннан Үндістанға апарылған кескіндеме техникасы жергілікті ортадан әсер алып, өзгеріске ұшыраған. Нәтижесінде «Үнді-моғол мектебі» атты жаңа кескіндеме мектебі пайда болды. Үндістандағы жергілікті орта оған көбірек әсер еткен соң артынан үнділер оны «Раджистан мектебі» деп атап кетті».
Ирандық мигранттардың Үндістан түбегі мен Пәкістанның музыкасына әсері де ойланып, талдауға лайық тақырып. Музыка ежелгі заманнан бері бұл жерде діни сипатқа ие болып, уақыт өте келе дамып, кемелденді. Бұл жерге қоныс аударған ирандық мигранттар өздерімен бірге музыкалық аспаптарды да ала келген. Үнділер де музыка саласында ерте замандардан бері жарқын тарихқа ие. Ғазал осы жердің оқырмандарының назарында болған өлең қалыптарының бірі еді. Үнді патшаларының сарайларындағы әншілер мен жыршылар ирандық стильмен ғазал оқып, рубаб тартқан. Осылайша, ирандық ән мен күй үнді билеушілердің сарайына жол тартып, жақсы қабылданып, біртіндеп барша халықтың назарына ілінді. Тіпті үнді музыканттары да оның ықпалына түсті.
Үнді музыкасының түбегейлі өзгерісі мен иран музыкасы элементтерінің үнді музыкасына енуі көбінесе Әмір Хосроу Дехлевидің талпынысымен орын алды. Осы аймақтың танымал парсы ақыны Әмір Хосроу – Үнді түбегінің әдебиеті мен өнерінің барлық сипаттары мен кемелдіктерін бойына жинаған тұлға. Ол х.қ.ж.с.б. 651 мен 725 жылдар аралығында өмір сүрген. Бұл ақын шешендік өнерде жоғары дәрежеге жетумен қоса, ирандық және үнділік ән-күйдің рухымен жақсы таныс болған және музыканың осы екі саласын да жетік меңгерген. Оның иран мен үнді музыкасында ұстаздық дәрежеге жетуі өнердің осы екі жүйесінің бір-бірімен қабысып, араласып, жұптасып, нәтижесінде «18 көктем» сияқты жаңа әуендердің туындауына себеп болды.
Әмір Хосроу Дехлеви тамбурин мен ситар аспаптарына арнап күй шығарумен қоса, үнді музыкасына хормен ән салуды да енгізді. Оның заманында ирандық музыкалық аспаптар, соның ішінде ситар Үндістанның солтүстігіне таралды. Доктор Абдулхақ «Сопылардың урдуды дамытудағы үлесі» атты кітабында сопылардың музыканы қолдағаны туралы айтып: «Көптеген сопылар музыкаға жетекшілік еткен. Осылайша оның дамуына үлес қосқан, тіпті олардың кейбіреулері жоғары дәрежедегі шеберлікке қол жеткізген. Мысалы, шейх Бахаеддин Закария Мултани мен шейх Бахаеддин Бартави музыка саласының ұстаздары саналған. Сонымен қатар, қажы Низамеддин Оулиа осы өнерде Әмір Хосроу Дехлевиді ынталандырып отырған. Ол сүйікті шәкіртінің дауысын естігенде қатты қуанатын болған»,-деген.
Дели сұлтандары мен Бабыр шахтары Иранның өнері мен мәдениетін, әсіресе музыкасын таратуға айтарлықтай үлес қосқан. Олардың сарайлары ирандық әншілер мен күйшілердің бас қосатын жері болған. «Акбарнама» кітабының авторы 40 ирандық музыкантты сарай өнерпаздарының қатарында атап, оларды таныстырып өткен. Оның айтуынша, Акбаршах сарайының өнерпаздарының бірқатары табриздік және Иранның басқа да өңірлерінен болған. Ирандық немесе үнді музыканттарының барлығы сарайларда парсы тілінде өнер көрсеткен, өйткені парсы тілі бұл елдің ресми және әдеби тілі болған. Барлық жерде парсы тіліндегі әндер халықтың ықыласына бөленген.