Иранның танымал тұлғалары (125)
Бұл бағдарламада х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда өмір сүрген атақты ақын Орфи Ширазимен таныстырамыз.
"Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар" атты бағдарламамыздың келесі бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Бұл бағдарламада Сефевилер заманының көрнекті тұлғаларының бірі Орфи Ширазимен таныстырамыз. Бұл ақын қысқа ғұмырында ой-өрісін кеңге салып, көсіле жаза алмаса да, поэзия саласындағы көптеген адамдарды қарыздар еткен ұран тудырды. Ол парсы поэзиясында үнді немесе исфахандық стильдің негізін қалаушылардың бірі саналады.
Кешегі айқайым менен емес еді,
Сенің бойыңдағы қайғы берген кеңесті тыңдаған едім.
Айқай жүрекпен істейтіндердің жолы емес, уа, бұлбұл!
Әйтпесе, мен сенен де қатты айқайлар едім.
Егер тұнжырағандардың ортасында қадам бассам,
Өз налуыммен баршаны одан ары өртер едім.
«Орфи» және «Джамаледдин Сейеди» деген атпен танылған Мұхаммад Джамаледдин – х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда (16 ғасырда) өмір сүрген атақты ақын. Ерте қайтыс болған ақын өзінен мәңгілік туындылар қалдырды. Орфи х.қ.ж.с.б. 963 жылы Ширазда дүниеге келген. Әкесі Зейнеддин Әли Балу Шираз қаласы қарауылдарының басшысы болған. Орфи туған қаласы Ширазда әдебиет, медицина, логика мен хикмет үйреніп, музыканың қалыптарын меңгерген. Ол кескіндемемен таныс болған және каллиграфияда «насх» жазуын жақсы жазған. Шах Аббас Сефевидің кезінде (16 ғасырда) әдебиет пен поэзияның базары қарқындап, ерекше көрініске ие болып, өзгеше поэзия мен ақындық стилі пайда болған. Өте жас Орфи ақындыққа бет бұрып, өз қаласының әдеби ортасына жол тартып, аз уақыттың ішінде танымал болған. Қала тұрғындары оған «Орфи» деген лақап ат берген. Орфи Ареф Лахиджи мен Ғейди Ширази сияқты ақындармен замандас болған. Жас болғанына қарамастан, ол өз заманындағы атақты ұстаздар және ақындармен пікірталастарға қатысқан. Орфи өз заманы мен өзінен кейінгі кезеңдегі дарындардың бірі болған. Өнер оның өмірі мен шығармашылығының барлық қырларына әсер еткен.
20 жастан жаңа асқан Орфидің өмірін бір оқиға өзгертеді. Шираз қаласында шешек ауруы таралып, ол да осы ауруға шалдығады. Орфидің келбеті шешектің салдарынан сұрықсыз болып кеткендіктен, қала тұрғындары одан қашқақтайтын болған. Әдеби сыншылардың пайымдауынша, Орфиден қалған қатты мақтанулар мен өз-өзін артық санау осы аурудан бастау алған.
Орфи Ширазда алты жыл бойы осындай жағдайда өмір сүрген. Сосын 26 жасында Сефевилер заманындағы басқа сөз шеберлері сияқты Иранның әлеуметтік жағдайына байланысты Үндістанға аттанған. Ол заманда Сефеви билеушілерінің сарайы бұрынғыдай мадақ айтушы ақындар мен жазушылардың орталығы болмады. Билеушілерді дәріптеу мен мадақтаудың қадірі түскен еді. Бұған керісінше, Үндістан сарайы ақындар мен жазушыларды жақсы қабылдап, онда ақындық пен поэзияның базары қатты дамыды. Ол уақытта Үндістанда Тимурилердің билігі үстемдік еткен. Акбар, Жаһангир мен басқа да патшалар парсы тілді ақындарды қатты қолдаған. Олардың сарайы парсы тілді ақындар үшін қауіпсіз мекен болған.
Орфи Үндістанға барып, атақты ақын Фейзи Даканимен достық байланыс орнатқан. Сарай ақындарының әмірі Фейзи оны жақсы қабылдап, қолдау танытқан. Бұл Орфидің бақыттарының бірі еді. Өйткені, ақындардың әмірі Фейзи басқа ақындардың бақытының кілті болған. Егер ақын одан мейірім көрмесе, ісі оңға баспайтын. Фейзи Орфиді үнді сарайында және сол замандағы шайырлардың алдында жылы қарсы алды. Алайда, біраз уақыт өткен соң Орфидің жаман мінез-құлқы мен тәкаппарлығы салдарынан олардың достық қатынасы бұзылды. Әсіресе, шешек ауруының салдарынан бет-әлпеті сұрықсызданғандықтан өмірден түңілген ақынның тілі ащы шығып, оның бойында өзін жоғары санау сезімінің туындауына себеп болды. Ол өзін өз заманындағы ақындардың барлығынан артық санағанымен қатар, өзін тіпті Анвари, Хақани мен Низамиден де жоғары қойған. Бұл қылығы сол замандағы ақындардың өкпе-ренішіне себеп болды.
Фейзидің көмегімен Үндістанның патшасы Акбар шахтың сарайына жол тартқан Орфи сол замандағы танымал ақындармен бәсекеге түскендіктен, оның шығармашылығы жақсы дамыды. Кей жағдайда тіпті бірінші дәрежелі ақындардан да асып түсіп отырған. Бұл мәселе кейбіреулердің оған қызғаныш білдіруіне себеп болды. Қызғаныштың көп болғаны соншалықты, «тазкерелерде»-өмірбаяндарда оны у беріп өлтірген деп жазылған.
Орфи х.қ.ж.с.б. 999 жылы іш өту салдарынан беймезгіл қайтыс болып, Лахорда жерленген. Отыз жылдан кейін оның сүйегі Лахордан Наджаф-е Ашрафқа ауыстырылды.
Сефевилер заманында ғазал айтуда жаңа тәсіл пайда болып, поэзиялық қиял алаңы кеңейе түсті. Сол заманның ақындары өткен заман ақындарынан үлгі алудан бас тартып, жаңа тәсіл ойлап тапты. Ұшқыр қиял, мағынаның тереңдігі, жаңа өзгерістер мен әдемі мазмұндар тудыру тұрғысынан бұл мүлдем жаңа тәсіл болды.
Кейін «үнді» немесе «исфахандық стиль» деген атпен танылған тәсіл Орфи Ширази және Иран мен Үндістанда өмір сүрген ақындардың арқасында пайда болып, дамыды.
Орфи өзінің қысқа ғұмырында 6 мың бәйіттен тұратын өлеңдер жинағын жазған. Алайда, жинақ сол заманда-ақ жоғалып кеткен. Содан ол бірнеше жылдан кейін шарасыздан келесі өлеңдер жинағын құрастырған. Бұл кітап Орфи қайтыс болғаннан кейін басылып шықты. Орфи қасидалар мен ғазалдардан тұратын жинақпен қоса, мәснауи үлгісінде екі поэма да жазған. Оның бірі Иранның танымал ақыны Низамидің «Хосроу-Шырынына» жауап болса, екіншісі «Махзан ул-Асрарға» жауап болған.
Британдық танымал шығыстанушы Эдвард Браун «Иран әдебиеті тарихы» атты кітабында: «Орфи өз заманындағы ақындар арасында халықтың ықыласына бөленген ең танымал ақын болған. Ол х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда өмір сүрген әйгілі үш ақынның бірі саналады»,-деп жазған.
Орфи Моулави мен Бидел сияқты сөздерді бір-бірінің жанына қойып, олардан өзіне керекті мағынаны шығарды. Барлық замандардағы поэзияның құрылымына жасалған шолу поэзияның белгілі бір ортақ мән-мазмұндар мен өзгерістерге ие екенін, бұл оның негізгі принциптері саналатынын көрсетеді. Орфидің өлеңдеріне жасаған шолудан оның осы принциптердің көбін өзгерткенін көруге болады. Орфи өлеңдерінің көбісіне тән ортақ бір ерекшелік бар. Оны ақынның қабылданған поэтикалық тәсілдерге қайшы сөйлемдер мен ұғымдарды пайдалануынан көруге болады. Бұл тәсілді тіл мен ойдың қисынды үдерісін бұзу деп түсінуге болады. Осындай жағдайға жетудің әрқилы тәсілдері мен жолдары бар. Бұл мәселенің тарихы поэзия мен прозаны қамтитын сопылық әдебиеттен бастау алады. Поэзияда таралған сопылық әдебиеттегі ұғымдық тәсілдердің бірі поэтика тұрғысынан жөнсіз саналатын ұғымдардың бағасын көтеру болып табылады. Ирандық ақын Орфи Ширази бұл жағдайдан хабардар болған әрі өзінің поэзиясында осы тәсілді пайдаланған.