Иранның танымал тұлғалары (126)
Бұл бағдарламада Орфи Ширазидің үнді стилі мен оның өзінен кейінгі ақындарға әсері жайлы сөз қозғаймыз.
Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, Мұхаммад Джамаледдин – х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда (16 ғасырда) өмір сүрген атақты ақындардың бірі. Ол х.қ.ж.с.б. 963 жылы Ширазда дүниеге келген. Орфи туған қаласы Ширазда ұстаздардан әдебиет, медицина, логика мен хикмет үйреніп, музыканың қалыптарын меңгерген. Ол жастайынан поэзияға бет бұрып, қысқа уақыт ішінде өз заманындағы ақындардың арасында шоқтығы биік ақынға айналған. Ол Үндістанға сапар шеккенде бар болғаны 26 жаста болған. Фейзи Даканидің көмегімен Үндістандағы Тимурилер сарайына жол тартып, Үндістан патшасы Акбаршахтың сарайында өте жақсытанылып, үздік ақындардың қатарына қосылған. Орфи х.қ.ж.с.б. 999 жылы 36 жасында қайтыс болды. Алдымен ол Лахорда жерленіп, 30 жылдан кейін оның сүйегі Наджафқа ауыстырылды.
Сыншылар мен өлеңтанушылардың көбінің мойындауы бойынша, Орфи Ширази х.қ.ж.с.б. 10 ғасырдағы қасида шығаруда мұмтазұстаз болған. Орфиден 14 мың бәйіттен тұратын өлеңдер жинағы қалған. Әдеби сыншылардың көбі Орфидің өлеңдері негізінде оны үнді стилінің ұстаздары мен негізін қалаушыларының бірі деп атаған. Орфидің өлеңдері одан кейінгі жылдары көптеген ақындар мен жазушылардың назарына алынды. Айтып өту қажет, х.қ.ж.с.б. 11-12 ғасырларда парсы поэзиясында жаңа бір тәсіл қолданысқа енді. Бұл тәсіл немқұрайдылық салдарынан "үнді стилі" деген атпен танылған.
Х.қ.ж.с.б. 12 ғасырда өмір сүрген ақын Вале Дағестанидің сенімінше, "Орфидің ақындық тәсілі оның көзі тірісінде, тіпті Үндістанға аттанбай тұрып-ақ туған қаласы Шираздың шекарасынан асқан болатын. Қоныс аударғаннан кейін де үнді ақындарының орталарында оның өлеңдері той-думанның сәні болған деседі".
Парсы поэзиясының тарихындағы ең ірі қасида шығарушылардың бірі болған Орфи өзін х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда өмір сүрген ақын Хақанидің поэтикалық стилінің еліктеушісі санаған. Орфи өзінің қасидаларында осы ірі ақынның өлеңдеріне көп көңіл аударған. Қазіргі заман әдебиетінің тарихын жазушы әрі зерттеуші ұстаз Забихулла Сафаның айтуынша, "Орфидің қасида жырлаудағы танымалдағы бірнеше себепке байланысты: біріншіден, Орфи өзіне дейінгі ұстаздардың стилін ұстануға, оларды зерттеуге қабілетті болды; екіншіден, Орфи жаңа мазмұн тауып, жасандылықтан ада нәзік қиялмен төгілмелі сөз тудырудың шебері болған. Оның өлеңдерінің осы ерекшелігі одан кейінгі ақындардың шабыт көзіне айналды. Орфи қасидаларының танымалдығының үшінші себебі оның өлеңге ғылыми ойларды енгізе алу қабілетінде болды. Алайда Орфи қасида шығаруда ұстаз болғанымен, өзін ғазалшы санап, ғазалды қасидадан жоғары қойған:
Қасида – әуесқойлардың қалыбы, Орфи,
Сен ғашықтар тайпасынансың. Сенің міндетің – ғазал".
Орфи өзінің қысқа ғұмырында Баба Фоғани Ширазидің өлеңдерін үнді стиліне қосушы буын бола алды. Х.қ.ж.с.б. 10 ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Баба Фоғани өз заманындағы жасандылыққа толы қасида шығару тәсілінен бас тартып, ғашықтық сезімге толы толғандыратын өлеңдер тудырды. Забихулла Сафаның айтуынша, Баба Фоғанидің тәсілі сол заманда жақтаушылар мен даттаушылардан тұратын екі топпен бетпе-бет келді. Кейбіреулер оның тәсілін қабылдап, оған "кіші Хафиз" деген лақап ат берген. Келесі бір топ оның ақындық стиліне қарсы шығып, өлеңдерін сынап, әлсіз әрі негізсіз жазылған кез келген өлеңді "фоғаниане" деп атаған. Баба Фоғани Ширази жасандылыққа толы өлеңнен бас тартып, қарапайым тілге бет бұрып, өлеңдегі сезім деңгейін жоғарылатып, жалынды ғазал жазды. Үнді стилін сынаушылардың барлығы Баба Фоғаниді үнді стилінің негізін қалаушы санайды. Қазіргі заман зерттеушісі доктор Сирус Шамиса Орфи Ширазидің өлеңдері х.қ.ж.с.б. 7 ғасырдағы Сағди Ширазидің, 8 ғасырдағы Хафиз Ширази мен Баба Фоғани Ширазидің және 10 ғасырдағы Ахли Ширазидің өлеңдерінің ықпалымен туындағандеген пікір ұстанады. Оның өлеңдері үнді стилінің қалыптасуына жағдай жасады. Сөйтіп, Орфиден кейінгі Талеб Амоли, Хазин Лахиджани және Саеб Табризи сияқты ірі ақындардың көбіне әсер етті.
Парсы ғазалы – ақынның жеке сезімдері мен ерекше көңіл-күйін жеткізетін көбінесе ғашықтық, жан толғанысы мен қиялдың қосындысынан тұратын өлең қалыбы. Конституциялық кезең сияқты кейбір ерекше саяси жағдайда болмаса, ғазалды үздік ойды жобалайтын қалып деп айтуға болмайды. Ол кезде ақындар ғазалды өздерінің батыл саяси ойларын баяндау үшін қолданған. Ғазал – көбінесе ақынның ішкі жан-дүниесін көркем тілмен жеткізу құралы. Бұл қалып – ғашықтық тәжірибелер, қалыптасқан хикметтер мен таныс жан толғаныстарының көркемдік қайталамасы. Әдеби сыншы Дипчездің пікірі бойынша, "бір әдеби туынды соңғы сараптамада танымның бір түрі мен дүниетанымды көрсетудің бірегей жолына айналады". Орфи Ширазидің өлеңдер жинағына шолу жасағанда ақынның туындылары оның бірегей дүниетанымын баяндайды деп айтуға болады. Ақынның өлеңдері айналадағы әлемге қатысты оның көркемдік танымы мен жеке түсінігінен тұрады. Шамс Лангаруди Орфидің өлеңдерін саналы түрде ойдың күшімен көрініс тапқан халықтық хикметтердің жиынтығы санайды.
Орфи бұрынғылардың мазмұндары мен тақырыптарын баяндағанымен, оның баяндау тәсілі бірегей болды. Ол өлеңдерінде өзіне ғана тән тілдік, әдеби және музыкалық тәсілдерді пайдаланған. Баба Фоғани Ширазидің ақындық тәсілін жалғастырушы Орфи Ширази өз жинағында ғазал мен қасида шығарудың жаңа тәсілдерінің негізін қалады. Кейінгі ақындар оның ықпалымен осы тәсілдерді толықтыруға тырысып, нәтижесінде үнді стилі толығымен кемеліне жетті.
Талеб Амоли, Шейх Бахаи, Назири Ширази, Саеб Табризи, Зохури Таршизи мен Хазин Лахиджи Орфи Ширазидің ғазал өнерінен тікелей және жанама түрде әсер алған сөз шеберлерінің қатарына жатады.
Шейх Бахаи Сефевилер заманындағы діндар қайраткер әрі кемел адам болған. Ол өзінің тәлімдері мен тағылымдарын қысқаша түрде өлең қалыбына сыйдырған. Шейх Бахаи "Кәшкул" деп аталатын атақты туындысында Орфидің өлеңдеріне көңіл аударып, одан бірнеше бәйіт пен рубаи келтірген.
Назири Нишапури де – үнді стиліндегі ұшқыр қиялды озық ақындардың бірі. Ол да Орфи Ширазиді үлгі тұтушылардың бірі саналады. Назири өмір сүрген кезі, орын алған оқиғалар, мадақталушылар мен ақындық стильдер тұрғысынан Орфи Ширазиге өте ұқсас. Осы екі ақынның арасында поэтикалық пікірталастар мен бәсекелестік көп болған. Екеуінің де мадақтайтын адамы Абдуррахим хан Ханан болғандықтан, кейде бәсекелестік пен қызғаныштың салдарынан бір-бірімен поэтикалық сайысқа түсіп отырған. Әдеби сыншылар мұндай әдеби пікірталасты әдеби алыс-беріс деп атап, оның әсерін оң бағалап, мұны әдеби сынның даму факторы санайды. Өйткені, олардың пайымдауынша, осындай әдеби пікірталастар сол замандағы ақындардың бір-бірінің сөздеріне деген сыни көзқарастарының бір бөлігі болып табылады.
Үнді стиліндегі танымал ақындардың бірі Саеб Табризи өз өлеңдерінде Орфиден әсер алғанын тура айтып, оған "мағына әлемінің әуезін өлшеуші" деген лақап берген. Саеб Орфи Ширазидідің ғазалдарына ұқсас ғазалдар шығару арқылы Орфидің әдеби-көркемдік жолын ұстануды өзіне парыз санап, Орфидің х.қ.ж.с.б. 10-11 ғасырлардағы поэтикалық ой-санаға үстемдік еткенін растаған. Орфидің өлеңдері сол замандағы халық пен ақындардың ой-санасы мен тіліне бойлай енгендіктен, жалпы мен жалқының қолдауына ие болды. Саеб Табризидің айтуынша, Орфидің өлеңдері өмірмен біте қайнасып кеткендіктен, халықтың жадында мәңгілікке қалды.