Қар 18, 2017 08:39 Asia/Almaty

Өткен бағдарламада «Рұм» сүресінің аяқталуымен бүгін «Лұқман» сүресін бастаймыз. 34 аяттан тұратын бұл сүре Меккеде түскен. Құдай осы сүреде аспан мен жерді және әртүрлі тіршілік иелерін жаратудағы өзінің белгілеріне сілтеме жасауымен қатар, Лұқманның перзентіне айтқан даналық сөздерінің бір парасын баяндайды. Сол себепті бұл сүре «Лұқман» деп аталған.

«Лұқман» сүресінің 1-2-3 аяттары:

بسم الله الرحمن الرحیم

«الم»، «تِلْکَ آیَاتُ الْکِتَابِ الْحَکِیمِ»، «هُدًى وَرَحْمَةً لِّلْمُحْسِنِینَ»

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Ұғымын Алла біледі. (1) Міне, бұл – хикметті Кітаптың аяттары. (2) Тура жол мәрхамет, жақсылық істеушілер үшін (3).

Құран Кәрімнің 29 сүресі жеке әріптермен басталады. «Лұқман» – сондай сүрелердің бірі. Құрандағы жеке әріптер әліпбидің қарапайым әріптері арқылы жазылған Құранның ұлылығын баяндайды. Бұл – ешбір адам дәл осындай кітап әкеле алмайтын илаһи мұғжиза.  

Осы және Құранның басқа сүрелерінің аяттары хикмет пен даналыққа толы. Себебі, Құран хәкім Құдай тарапынан түсірілген, жеткілікті күш пен байлыққа ие.  Бұл кітапта ешбір жалған сөз жоқ, ырымшылдықтан ада, хақтан өзгені айтпайды, хақтан өзгеге шақырмайды.

Құран адамдардың барлығын шақыру үшін түсірілгенімен, тек пәк әрі ізгі істермен айналысатын адамдарға ғана оның жетекшілігі бұйырады. Жаман іспен айналысатындар оның аяттарын естіп, оқығылары келмейді немесе егер естіп, оқыса рухтары соншама лас болғандықтан, хақты итеріп, одан теріс айналады.  

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Адамдарға жетекшілік ету хикмет негізінде, мықты дәлелдермен қатар жүруі керек. Сол себепті Құран өзін «хәкім кітап» деп атаған.

2.Адамдарға жетекшілік ету ісі оларға көбірек әсер етуі үшін рақым және мейіріммен қатар болуы керек.

«Лұқман» сүресінің 4-5 аяттары:

 «الَّذِینَ یُقِیمُونَ الصَّلَاةَ وَیُؤْتُونَ الزَّکَاةَ وَهُم بِالْآخِرَةِ هُمْ یُوقِنُونَ»، «أُولَـئِکَ عَلَى هُدًى مِّن رَّبِّهِمْ  وَأُولَـئِکَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ»

Сондай олар намазды толық орындап, зекет береді. Сондай-ақ, олар ахиретке толық нанады. (4) Міне, солар Раббылары тарапынан тура жолда, сондай-ақ олар құтылушылар (5).

Бұл аяттар басында алдыңғы аятта айтылған «ізгілер» мен «жақсылар» деген сөзді түсіндіреді. Осылайша ізгілік пен жақсылық іс жүзіндегі екі бөлік пен ақидалық бір бөліктен тұрады. Іс жүзіндегі бөлігі намаз бен зекетті, ақидалық бөлігі иман мен ақыретті қамтиды.

Негізінде, діни мәдениетте Құдайға табынып, ғибадат ету Құдайдың мақұлықтарына көмектесуден бөлек емес. Бұлар – екі қажеттілік, әрі бір-бірінің қажеттілігі. Өкінішке орай, бүгінгі әлемде намаз оқып, мешітке барып, дұға тілейтін адамдар көп. Бірақ, олар қоғамның мұқтаждары мен кедейлерге көмектеспейді. Олар тек өздерінің ғибадаттарын жеткілікті санайды.

Бұған керісінше, мұқтаждардың қиындықтарын шешуді ойлайтын адамдар бар. Бірақ, олар діни бұйрықтар мен намаз бен ғибадатқа көңіл аудармайды. Осы аят былай дейді: «Алланың ерекше жетекшілігіне бөленіп, құтқарылып, бақытқа жететін адамдар – зекет төлеп, басқаларға жақсылық жасаумен қатар намазхан, Құдайға ғибадат ететіндер. Олар іс жасағанда ақыретті ойлайды.

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Ислам мәдениетінде намаз бен зекет бір-бірінен бөлек емес. Намаз оқып, зекет төлеу иманға ие адамдардың тұрақты істері болуы керек.

2. Нағыз ізгі ғамал иесі – һәм адамдардың қамын жеп, олардың қиындықтарын шешуді ойлайтын, һәм өзінің рухани дамуын ұмытпайтын адам. Ол біреуін екіншісінің жолында пида етпейді.

3.Құтқарылу Құдай мен қияметке деген иманмен, намаз оқу және зекет төлеу сынды діни міндеттерді орындаумен байланысты. Ғамалсыз иман немесе имансыз ғамалдың екеуі де пайдасыз.

«Лұқман» сүресінің 6 аяты:

«وَمِنَ النَّاسِ مَن یَشْتَرِی لَهْوَ الْحَدِیثِ لِیُضِلَّ عَن سَبِیلِ اللَّـهِ بِغَیْرِ عِلْمٍ وَیَتَّخِذَهَا هُزُوًا  أُولَـئِکَ لَهُمْ عَذَابٌ مُّهِینٌ»

Адамдардың арасында түк білмесе де Алланың жолынан адастыру және тәлкекке алу үшін ертегіге айырбастап алғандар бар. Міне, солар үшін қорлаушы азап бар. (6)

Бұл аят адамдарды адастыратын маңызды факторлардың бірі – бос сөзге сілтеме жасайды. Тарихи кітапта арабтың кейбір саудагерлерінің Иран сияқты аймақтарға сапарға шығып, Рүстем мен Исфандияр және патшалардың оқиғалары сынды әртүрлі әпсаналарды үйренгені айтылған. Олар Меккеге оралған соң халықты маңдарына жинап алып: «Егер Мұхаммад Ад пен Сад қауымдарының оқиғаларын айтса, біз сендерге одан да қызықты әңгімелерді баяндаймыз» деген. Олар осылайша адамдарды пайғамбардың жанынан, Құран аяттарын естуден алыстатқысы келді.

Кейбір әнші әйелдер ғашықтық өлеңдері және еліктіретін әндерімен халықты пайғамбардың назарынан бұрып, Құранның көркем аяттарын естуден алдарқатты. Пайғамбар мен илаһи сөздерді келекеге айнылдырып, оны құнсыз деп атады.

Осы аят былай дейді: «Қандай жолмен болса да адамдарды Құдай жолынан тосатындар және ешбір қисынға келмейтін дәлел ұсынбастан, Алланың аяттарын негізсіз, құнсыз деп атайтындар немесе келекеге айналдыратындар қатты жазаға ұшырайды. Олар осы дүние мен ақыретте де қорлыққа ұшырайды». 

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Басты айналдырып, еліктіретін сөз немесе ән мен сөзі жоқ әуеннің, адамды Хақ жолынан тосатынның және оның қапылдығы мен адасушылығына себеп болатынның барлығын дін айыптайды.

2. Адамдардың, әсіресе жастардың адасу факторларының бірі олардың әндер мен әуендерді тыңдауында. Оның музыкасы мен әншісінің жалған әрі жөнсіз сөздері жастарды Құдайдан қапыл қалдырып, дүниелік шаһуаттарға елтуге себеп болады.

3.Дұшпан исламдық идеология және ақидалармен күресу үшін сөз арқылы айтылып, жазылған мәдени құралдарды ауқымды мөлшерде пайдаланып, оны фильм, театр, музыка сынды өнердің әртүрлі қалыптарында қоғамда таратады.