Қар 29, 2017 16:22 Asia/Almaty
  • Жетекшілік хадисы 139

Надандық адамды мәңгілік бақытсыздыққа душар етеді. Надандықтан құтқарылу үшін оны танып, надан адамнан алыстаған жөн. Исламның әйгілі ғалымы, мистик Сейед бен Тавус: «Оларға сай болатындай, ақылды адамдарға жақын бол. Надандарға ұқсас болмас үшін олардан қашық бол»,- деген болатын. *

 

 Күндердің бірінде хазірет Иса серіктерінің бір тобымен сөйлесіп отырған кезде серіктерінің бірі оған: «Уа, пайғамбар! Сіз Алланың қалауымен өлгендерді тірілтіп, науқастарды емдеп, соқырларды көргізесіз. Сіз ем қонбайтын алапес сынды жұқпалы ауруға шалдыққан науқастарды емдедіңіз. Сондай-ақ, сал ауруына шырмалған адамдарды емдеп, олар төсек тартып жатқан жерлерінен тұратын болды. Сіз емдей алмайтын ауру бар ма?»- деп сұрағанда хазірет Иса: «Иә, мен надан адамдарды емдей алмадым»,- деп жауап беріпті. Сонда әлгі адам: «Надандық та аурудың бір түрі ме? Егер ауру болса, оның белгілері қандай?»- деп сұрайды. Хазірет Иса: «Надан адам өзіне-өзі риза. Ол өзінің пікірі мен әрекетін басқалардың көзқарасы мен істерінен жоғары санап, еш уақытта өзінің қатесін мойындамайды»,- депті. Тәкаппарлық – надан адамдардың айқын белгілерінің бірі. Ақылды адам мәуелі ағаш сынды. Ол жемісі көп болған сайын төмен иіле береді. Бірақ, тәкаппар надан адам қарапайымдылықты өзіне лайық емес санайды. Имам Казем (ғ.с.) надандықтың бұл белгісі туралы: «Тастың үстіне емес, топыраққа еккен тұқым өніп, өседі. Сондай-ақ, хикмет тәкаппар жүректерден емес, қарапайым жүректерден орын табады. Алла Тағала қарапайымдықты ақылдың, тәкаппарлықты надандықтың құралы етіп қалыптастырды»,- деген болатын. («Тохаф ул-Уқул»).

Надандық

Надан адам бірқалыпты мінезден кенде. Салмақты емес. Сондықтан оған шектен шығу тән. Имам Әли (ғ.с.) осы мәселеге тоқталып: «Надан әрқашан әсірешіл, шапқыншы немесе баяу, шабан»,- деген. («Әл-Наһаие», 3-ші том). Мәселен, надан адам әзілдің шегі мен шекарасын танымайды, әзіл мен қалжың айтқанда артық кетіп, өзін кемсітеді. Сондықтан, имам Әли (ғ.с.) халыққа надандықпен айыпталмас үшін әзіл-қалжыңнан тартынып, ғиззат пен беделден айырылмауға кеңес берген. Хазірет келесі бір сөзінде: «Көп әзіл-қалжың айтатын адам надан саналады»,- деген. Наданның келесі белгісі оның өз білімі мен ақылын пайдаланбауы саналады. Сырт көзге білімді, бірақ өз ақылы мен білімін пайдаланбайтын адам аз емес, бұл надандықтың белгісі. Осыған орай имам Әли (ғ.с.): «Надандықтары өздерін өлімге душар еткен ғалымдар қандай көп. Олардың білімдері жағдайларына ешқандай пайда әкелген жоқ»,- деп айтқан болатын.

Надандық

Имам Әли (ғ.с.)-ның пікірінше, надандықтың ең маңызды білгілерінің бірі халыққа дұшпандық танытуы болып табылады. Хазірет «Надандықтың басы халыққа дұшпандық таныту»,- деп айтқан болатын. Ислам діні – достық діні. Сондықтан, халыққа дұшпандық танытатын адам дін мен оның бұйырықтарына надандық білдіріп, қоғамға зиян келтіреді. Исламның ұлық пайғамбары бұл туралы: «Үш нәрсе бар, егер адам оларға ие болмаса менен және Алладан емес»,- деген. Хазіреттен: «Уа, Алла елшісі! Олар не нәрселер?»- деп сұраған кезде: «Наданның надандығын жоятын – сабыр, халықтың ортасында өмір сүретін – ахлақ және Аллаға бағынбаудан алыстататын – діншілдік»,- деп жауап берген. («Хесал»). Ақылды әрі білімді адам – уақытпен санасып, әрбір жұмысын дер уақытында орындайтын адам. Әр адам өмірінде надандығы және хабарсыздығынан  мән бермейтін мұрсатпен кезігеді. Имам Әли (ғ.с.) надандықтың белгілері туралы: «Күш-қуатқа ие болмай тұрып, жұмысты орындауға асығу және мұрсатқа ие бола тұрып, осалдық таныту надан адамның белгілері»,- деген болатын.  Адамның надандығының келесі белгісіне ақыл- кеңесті қабылдамауы жатады. Имам Әли (ғ.с.): «Надан ескертулерге құлақ салмайды. Ақыл-кеңес оған әсерін тигізбейді»,- деп айтқан. Негізінде надан адамға қанша насихат айтылса да ол өзінің қате ісін жалғастырады. Өйткені, ол шындықты тек өзі ғана дұрыс түсінеді деп ойлайды. Осы кездегі олардың үлгілері ретінде тек өздерін ғана ислам дінінің ғұламалары санайтын тәкфиршілерді атауға болады. Шын мәнінде, олар надандықтарына байланысты  ойланбастан басқа мұсылмандардың қанын төгуге рұқсат беретін пәтуалар шығарып, ешбір насихат-кеңес әсер етпейді.