Қаң 01, 2018 22:56 Asia/Almaty

«Лұқман» сүресінің 17-18-19 аяттарының тәпсірі

                                            بسم الله الرحمن الرحیم

«Лұқман» сүресінің 17 аяты:

«یَا بُنَیَّ أَقِمِ الصَّلَاةَ وَأْمُرْ بِالْمَعْرُوفِ وَانْهَ عَنِ الْمُنکَرِ وَاصْبِرْ عَلَى مَا أَصَابَکَ  إِنَّ ذَلِکَ مِنْ عَزْمِ الْأُمُورِ»

"Әй, ұлым! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа келген ауыршылыққа сабыр ет. Рас, бұлар маңызды істерден" (17).

Алдыңғы екі бағдарламада Лұқманның перзентіне айтқан кейбір ақыл-кеңесіне тоқталдық.

Сенім негізін қуаттаған соң осы аятта Лұқман ғибадат пен әлеуметтік маңызды мәселелерді баяндап, баласына: «Таухидті қабылдағаннан кейінгі сенің бірінші міндетің – әлемнің Құдайына табынып, онымен намаз оқу арқылы сырласу керектігіңде. Намаз сені Құдаймен байланыстырып, жүрегіңдегі иманды күшейтеді» деді.

Алайда, намаздың жалғыз өзі жеткіліксіз. Тек өзің туралы ойлаған да жеткіліксіз. Жақсылық қоғамда таралуы үшін осындай және басқа да жақсы істерге өзгелерді де шақыру керек.

Жамандықтармен күресіп, жамандықтардың қоғамда орнығуына жол бермеу керек. Қоғамның кеңістігіне атсалысып, жақсылықтарды таратып, жамандықтардың кеңеюіне тосқауыл қою үшін талпыныс жасағанда оның өзінің қиындықтары да қатар жүреді.

Себебі, жаман іспен айналысатын адамдар хақпен әртүрлі түрде қарсыласады. Бірақ, мүмін адамдар қиындықтармен кездескен кезде кейін шегінбей, керісінше, талпыныстары нәтижеге жету үшін хақ жолында табандылық танытуы керек.

Осы аяттан үйренетініміз:

1. Илаһи мақсатқа жету үшін мықты ерік-жігерге ие болу – Құдайға иман келтіру қажеттіліктерінің бірі. Онсыз ешбір іс нәтижеге жетпейді.

2. Перзенттерге намаз оқуды тапсырып, оны қадағалау – ата-аналардың перзентке қатысты міндеттерінің бірі.

3.Перзенттерді қоғамның мәселелеріне қатысты жауапкершілік сезіміне ие болатындай, қоғамның жақсы-жаман істеріне парықсыз болмайтындай етіп тәрбиелеуіміз керек.

«Лұқман» сүресінің 18 аяты:

  «وَلَا تُصَعِّرْ خَدَّکَ لِلنَّاسِ وَلَا تَمْشِ فِی الْأَرْضِ مَرَحًا  إِنَّ اللَّـهَ لَا یُحِبُّ کُلَّ مُخْتَالٍ فَخُورٍ»

Паңсып, адамдардан теріс айналма да, жерде кердеңдеп жүрме. Расында, Алла бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді." (18)

Осы аятта Лұқман ахлақтық кейбір жаман қылықтарға сілтеме жасап, перзентін солардан тыяды. Өз-өзін артық санаушылықтан тамырланатын тәкәппарлық – қоғамдағы көптеген әрекеттердің бастауы. Бұл аятта бұрыс қатынастардың екі үлгісіне сілтеме жасалды:  біріншісі, біреулерді төмен санап, кемсіту мақсатында оларға көңіл аудармау. Кейбір адамдар атақ-даңққа немесе байлық пен билікке жету үшін осындай әрекетке барады. Олар өздерін басқалардан артық санайды.

Лұқман сілтеме жасайтын келесі жайт адамдардың арасында жүру тәсіліне байланысты. Кейбір адамдардың қарапайымдылық сақтаудың орнына кеуделерін көтеріп, тәкәппарланып жүретіндіктері сондай, құдды халықтың жетекшісі немесе мырза сынды. Басқалар олардың алдында мойынсұнуы керек сияқты.

Адамдармен жылы қатынас жасау – Лұқман хакімнің перзентіне айтқан ақыл-кеңестерінің бірі. Құдай дана кеңесті еске салып, шын мәнінде барлық адамдарға осы жағымды істі жасауға кеңес береді.

Ата-ана перзенттердің жасөспірімдік шағынан бастап-ақ оларды тәкәппарлық, менмендік сияқты ахлақтық түрлі ауруларға душар болмайтындай етіп, тәрбиелегені жөн.

«Лұқман» сүресінің 19 аяты:

«وَاقْصِدْ فِی مَشْیِکَ وَاغْضُضْ مِن صَوْتِکَ  إِنَّ أَنکَرَ الْأَصْوَاتِ لَصَوْتُ الْحَمِیرِ»

"Жүрісіңде орташа бол да, даусыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстардың ең жаманы – есектің дауысы." (19)

Лұқман перзентін ахлақтық екі жаман істен тыюдың жалғасында осы аятта оны ахлақтық екі көркем істі жасауға шақырып: «Өмірлік тәсіліңде ортаны сақта. Өмір жолында шектен де шықпа, ысырапшылдық пен жалқаулыққа да салынба, қатты да жүрме, өте баяу да жүрме. Табиғи түрде ортаны сақтап жүр. Әрекетте ғана емес, сөйлегенде де ортаны сақта. Басқалар естімейтіндей өте ақырын, баяу сөйлеме, басқалардың мазасын алатындай қатты да айғайлама. Сенің қатты дауысың адамдарға ұнайды деп ойлама. Адамдар үшін есектің ақырғаны ең жаман дауыс. Себебі, оның дауысы табиғи қалыптан қатты шығады» дейді.

Осы аяттан үйренетініміз:

1.Ата-ана перзенттеріне үйретуі тиіс істердің бірі жүру мен сөз сөйлеуде қоғамдық әдептерді сақтау қажеттігі.

2.Әсірешілдік пен ысырапшылдықтан алыс болып, істерде ортаны сақтау – Құдай өзінің кітабында соған кеңес берген тақырыптардың бірі.

3. Айғайлап, қатты дауыстау – Құдайдың алдында тыйым салынған жағымсыз іс. Дауысты бәсеңдетіп, бос айғайламау керек. Ақырын, жұмсақ сөйлеуіміз керек.