Иранның танымал тұлғалары (129)
Бұл бағдарламада Иранның ойшылдары мен сопыларының бірі Әли бен Осман Ходжвири жайлы сөз қозғаймыз.
Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! "Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар" атты бағдарламамыздың келесі бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Бұл бағдарламада Иранның ойшылдары мен сопыларының бірі Әли бен Осман Ходжвири жайлы сөз қозғаймыз. Бұл ойшыл Иран мен Үндістанда ерекше танымал болып, екі елде де көптеген жақтастарға ие болды. Ол – сопылық пен мистикадан хабары бар барлық адамдар үшін таныс әрі шабыт сыйлайтын тұлғалардың бірі. Әли Ходжвири Үндістан түбегінде «Қазына сыйлаушы дана» деген атпен танымал болған. Оның кесенесі Лахорда жақтастары мен шәкірттерінің зиярат ететін жеріне айналған. Сіздерді ұлы ойшыл, сопының өмірімен кеңірек таныстырамыз.
Абулхасан Әли бен Осман Ходжвири х.қ.ж.с.б. шамамен 4 ғасырдың аяғы немесе 5 ғасырдың басында Ғазнавилер билік құрған жылдары, сұлтан Махмұд Ғазнавидің патшалығы кезінде Ғазнаның Ходжвир ауданында дүниеге келген. Ескі дереккөздерінің ешқайсысында Ходжвиридің туған жылы жазылмаған. Тек қосалқы деректерді назарға ала отырып, 381 мен 401 жылдардың аралығында туған деген болжам жасалады. Оның әкесі таным мен ғылымның адам болған деседі. Ол Ғазнада тұрған кезінде шыншылдық, тазалық және имандылығымен танымал болған. Халық ол кісінің болмыс-бітіміне құрметпен қарап, онымен қатынасты жақсы мұрсат санаған. Ходжвиридің анасы да діндар әрі тақуа отбасынан шыққан. Ходжвиридің нағашы ағасын «Әулиелердің тәжі» деп атаған. Оның Ғазнадағы кесенесі зиярат ететін жер болған.
Кейбір зерттеушілердің сенімінше, Ходжвири өмірінің соңына дейін үйленбеген. «Кашф ул-Махджуб» кітабының әр жерінде айтылған деректерден оның жанұясының талабымен өте жас кезінде үйленгені, біраз уақыттан кейін әйелі қайтыс болғаны белгілі. Ходжвиридің «Кашф ул-Махджуб» кітабында жазуы бойынша, әйелі қайтыс болғаннан 11 жыл өткен соң бір әйелге ғашық болған. Ол әйелді тіпті көрмеген. Бір жыл бойы сол ғашықтықтың құрсауында болған. Ақырында Алла Тағала оның жүрегін әлгі әйелге деген қиялдан арылтып, Ходжвириді зұлмат даласынан шығарып, дұрыс жолға салады.
Ходжвири өз заманындағы мәдени орталықтарда көтерілген тақырыптар мен ғылымдардың көбі жайлы естіп, оқып, жақсы таныс болған. Ол Құран, хадис, тәпсір, фикх пен діни теологияны туған жері Ғазнада үйреніп, біраз уақыттан кейін жас болғанына қарамастан Ғазнадан шығып, ұзақ сапарды бастайды. Туған жерін тастап кетуге соқтырған ұзақ сапардың себебі туралы әртүрлі пікірлер айтылады. Кейбір зерттеушілердің сенімінше, Ходжвиридің әкесі Ғазнави үкіметінде мемлекет қызметкері болған. Сұлтан Махмұд өлтірілгеннен кейін Ғазнави үкіметінде қиындық пен бейберекеттік туындағанда ол өзі мен өз жанұясының қауіпсіздігін сақтау үшін Ғазнадан көшіп кеткен. Зерттеушілердің басқа бір бөлігі Ходжвиридің жас шағынан бастап ғылыми орынға ие болып, танымал болғанына байланысты көшудің себебін діни және ағымдық қайшылықтар мен дау-дамайлар деп санаған. Кейбіреулердің сенімінше, Хорасанның Мерв, Сарахс, Нишапур, Тус, Герат пен басқа да үлкен қалалары мен ондағы мәдени орталықтардыңтартымдылықтарын көруге және сол кездегі ойшылдар мен ірі шейхтермен кездесуге деген құштарлық Ходжвиридің туған жерін тастап кетуіне себеп болған.
«Кашф ул-Махджуб» кітабын редакциялаушы доктор Махмуд Абеди Ходжвиридің сол кезі туралы: "Ходжвири өз сапарын бастады. Сол кездегі Ходжвиридің тұлғасы мен орны туралы мынаны айтуға болады: ол жылдары оның бойыннан жастық шақтың жалыны әлі қайтпаған еді, аса сезімтал болатын, ғылым қуып, әдепке үйренген еді. Ғазнада имамат пен ғылымға иеміз деп уәж айтушылардың бірінен көңілі қалғанымен, кейде сағынатын. Мұнымен қоса, сол замандағы ғылым мен сопылықты жақсы көретін барлық адамдардың арманы болған ірі шейхтермен кездесу оған да маза бермеді. Сол себепті ол сапарға шықты",-деп жазған.
Ходжвири дәруіштер үйінде ресми танылған сопы болмаған. Ол саяхатшы сопы болған. Осы ұзақ та ұдайы сапарлардың арқасында көптеген қалаларды көріп, көптеген шейхтердің алдында болып, сөздерін түйсінді. Ходжвиридің өзі кездестірген ірі тұлғалармен қатынасы әрқилы болды. Кейде жай ғана кездесу болып, кейде сұхбат пен достыққа ұласқан. Кейбір ұлы тұлғалармен кездесіп, олардың шәкірттерінің қатарына қосылып, тәлім алған. Кейде бұл сұхбат пен достықтың шейх Хатли сияқты терең болатыны соншалықты, сол шейхке қызмет ету үшін бір қаладан екінші қалаға, бір жерден екінші жерге барып, өле-өлгенше сонымен болған.
Ол өзі жақсы көріп, жағдайына алаңдап, абадтануы үшін дұға тілеген Ғазнадан кетіп, сол замандағы ислам әлеміне сапарын бастады. Доктор Абеди осы сапарлардың басталған уақытын х.қ.ж.с.б. 440 жыл деп атаған. Оның пайымдауынша, егер Ходжвири х.қ.ж.с.б. 440 жылдан бұрын Нишапур мен Тусқа барғанда әйгілі сопы Абусаид Абулхейрді көрген болар еді. Алайда Ходжвиридің «Кашф ул-Махджуб» кітабында айтқан сөздерінен оның танымал ирандық сопы Абусаид Абулхейрді көре алмағанын түсінуге болады. Ходжвири Ирак пен Иранның орталық бөлігіндегі қалаларға барып, біраз уақытты сол жерде өткізген, содан соң Түркістанға барған. Ол Ферғананың шығысында орналасқан қалалардың бірі саналатын. Қазіргі Қырғызстан республикасында орналасқан Үзкенд қаласындағы сол замандағы танымал пір, сопы Баба Омармен кездесіп, біраз уақыт сопыға қызмет еткен. Ходжвири шейх Фарғанимен кездескеннен кейін Мервке оралып, әйгілі сопы Ахмад Наджар Самарқандиге қызмет еткен. Жас болып, жастық шақтың жалыны қайтпағандықтан, танымал сопы оған насихат айтуды жөн көрген. Ходжвири өмірінің біраз жылдарын арнаған осы сапарлардан кейін Тус пен Нишапурға жетіп, сол жердегі ұлы тұлғалар мен сопылардан, соның ішінде "Ресале-йе Қаширие" атты құнды кітаптың авторы Абулқасым Қашириден тәлім алды.
Ходжвиридің Тус пен Нишапурға келуі х.қ.ж.с.б. 440 жылдан кейін Абусаид Абулхейрдің қайтыс болған кезімен тұспа-тұс келді. Бұл заманда ол Абусаид Абулхейрмен кездесу үшін Ливаннан Мейханеге келіп, оның қабірін зиярат еткен шейх Абулфазл Хатлимен танысты. Ходжвири осы шейхпен танысқаннан кейін Джунайдия ағымына қосылып, онымен бірге Шамға аттанды. Сол жақта көп көріп, көп естіді. Оның көргендері мен естігендерінің бір бөлігі "Кашф ул-Махджуб" кітабына енгізілді. Ходжвиридің пірі мен жетекшісі болған шейх Хатли Дамаскта Ходжвиридің қолында қайтыс болды. Ходжвири Хорасанға қайтып оралып, Нишапур мен Тус қалаларында сол замандағы танымал сопылар мен мистиктерге біраз уақыт қызмет етті. Оның Нишапур мен Туста тұрақтауы басқа кезбен салыстырғанда ұзағырақ болғанымен, оның жүрегі тыным таппайды. Ходжвири Ғазна мен Мервке сапар шегіп, ақырында Иранның шығысына аттанды. Ходжвиридің ең соңғы тұрағы Лахор қаласы болды. Доктор Абеди: "Хорасан мен Үндістанның шекарасында тұрған бұл қалада Ходжвири "Кашф ул-Махджуб" кітабын жазуға немесе толықтыруға мұрсат алды. Ол өзі Үндістанда болып, ал кейбір кітаптары Ғазнада қалған еді. Сондықтан, "Кашф ул-Махджуб" кітабын толықтыруда бұл кітаптарды қолдана алмады",-дейді.