Нау 11, 2018 16:40 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (135)

Бүгінгі бағдарламада Әли бен Осман Ходжвиридің "Кашф ул-Махджуб" кітабындағы шағын мистикалық хикаяттардың құрылымымен таныстырамыз.

Өткен бағдарламаларда Абулхасан Әли бен Осман Ходжвиридің өмірбаянына тоқталып, оның  х.қ.ж.с.б. шамамен 4 ғасырдың аяғы немесе 5 ғасырдың басында Ғазнаның Ходжвир ауданында дүниеге келгенін айттық. Ол  туған жері Ғазнада ғылымның негіздерін үйреніп,  артынан білім іздеп, сапарға шығып, көптеген шейхтерден тәлім алған. Ходжвиридің соңғы тұрағы Лахор қаласы болған. Иран мен Үндістанның шекарасында орналасқан бұл қалада ол "Кашф ул-Махджуб" кітабын жазуға немесе аяқтауға мүмкіндік алды. Біз өткен бірнеше бағдарлама барысында бес бөлімнен тұратын "Кашф ул-Махджуб" кітабының құрылымын талдап, оның алуан түрлі бөлімдерден құралғанына қарамастан, негізгі екі өзегінің бар екенін айттық: адамның Құдаймен ерекше қатынасы және адамның өз нәпсісімен күресуі. Кітаптың барлық бөлімдері салыстырмалы түрде тәуелсіз болғанымен, бір-бірімен тығыз байланыста. Содан кейін осы туындының кейбір маңызды элементтерін талдадық. Кітаптың маңызды бөліктерінің бірі – хикаяттар. Олар мистикалық ұғымдардың көбін жеткізу міндетін атқарады. Бұл хикаяттар Ходжвириге мән-мазмұнды баяндау үшін шағын бөліктер арасында үйлесімділік тудыруға мүмкіндік береді.

Әли бен Осман Ходжвири

Мистикалық хикаят – парсы әдебиетінің классикалық туындыларында маңызды орынға ие әдеби жанрлардың бірі. Әли бен Осман Ходжвири сияқты мистик жазушылар әңгіменің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы өздерінің тағылымдарын оқырмандарға түсініктірек етіп жеткізуге тырысқан. Олар оқырманға сопылық ұғымдарды түсінуді  жеңілдетуге және өз сөздерінің ықпалын арттыруға күш салған. Әдеби сыншылардың сенімінше, олар осы құрал арқылы ақиқат жолындағыларды ынтыландарып, ұстаздарды рухани жағынан нығайтқан.

Ходжвири "Кашф ул-Махджуб" кітабының кіріспесінде хикаяттарды сипаттап, берік әрі таңдамалы деген мағынадағы "ғорар" сөзін қолданған. Бұл сөз оқырманға кітаптың тақырыптарын түсінуге көмектесіп, сопылық тағылымдар мен автордың көзқарастарын айқынырақ баяндай алады. Оның кітабындағы хикаяттардың тағылымдық мәні бар. Онда діни тұлғалар мен сопылар, кейде халық жайлы баяндалған. Ходжвиридің кейбір мазмұндар мен тақырыптарды баса айтуы бір хикаяттың кейіпкері немесе оқиғасына сәлөзгеріс енгізіліп, кітапта қайта қайталануына себеп болды. Хикаяттардың шағындығы, кейіпкерлер мен оқиғалардың аздығы оның басы мен аяғын бір-біріне жақындатып, оның мазмұнын түсінуді жеңілдетеді. Осы тұрғыдан "Кашф ул-Махджуб" кітабының хикаяттары қысқалық және қарапайымдық тұрғысынан минималистік жазбалардың қатарына жатады.

Баяндауға  тартымды сюжеттерді таңдау және оқырманға көбірек әсер етуі мүмкін жағдай немесе оқиғаның бір бөлігін таңдауХоджвири жазған хикаяттардың қалыбын қазіргі заманғы минималистік әңгімелерге жақындата түсті. Мысалы, кейде аян берілген кезде туындайтын сәттер осындай хикаяттардың ортасында орналасады. Жүрекке берілген  шабыт, ғайыптан келген түйсік және ақиқат жолында ұстанған тақуалықтың көмегімен сопының көз алдынан перделер алынады. Ол ғайыптан келетін үнді ешқандай дәнекерсіз еститін болады. Сондықтан Ходжвиридің хикаяттарының көбі сопылар немесе қисса кейіпкерлерінің басынан өткізген сәттері мен жағдайларын баяндайды. Бұл жағдаяттар кейде кейіпкердің еркінен тыс болады. Бұған қарамастан, оларды ситуациялық әңгімелердің қатарына қосуға болмайды. Өйткені, ситуациялық әңгімелерде қиссадағы оқиғалар кейіпкердің өмірін барлық жағынан қамтитын алдын ала белгіленген мәжбүрлі іске айналады. Ал Ходжвиридің хикаяттарындағы жағдайлар жоспарсыз туындайды. Оларды түсіну қиын, кейіпкердің еркі оларды өзгертуде ешқандай рөл атқармайды. Мысалы, Кафканың "Метаморфоза" атты әңгімесінде Грегор Замза өзі қаламаған жағдайға тап болады. Ол таңертең ұйқыдан тұрғанда өзінің бір жәндікке айналып кеткенін көреді. Әңгімедегі бұл оқиғаны түсіну қиын, өйткені кенеттен, ешбір себепсіз орын алған.

"Кашф ул-Махджуб" кітабы

"Кашф ул-Махджуб" кітабының қысқа әңгімелерінің жоспары қарапайым. Әңгіменің элементтерін талқылап, сынағанда жоспар оқиғалардың ұйымдасқан жиынтығы деп сипатталады. Жоспар бойынша оқиғалар бір-бірімен себеп-салдар арқылы байланысады. Повесттер мен романдардағы жоспар әдетте күрделі болады. Алайда, өте қысқа әңгімелердің жоспары қарапайым. Мұндай әңгімелердің басы мен аяғы бір-біріне жақын. Сол себепті оларда жоспардың барлық элементтері көрініс таппауы мүмкін. Өте қысқа әңгімелер назарға ілігу үшін тартымды сюжетті қажет етеді. Әдетте жазушылар басында тиісті жағдайдың бір бөлігін таңдап, содан соң оның ең тартымды сәтін баяндайды. Ол оқырмандарға қаттырақ әсер ете алса, әңгіме сәттірек шығады. "Кашф ул-Махджуб" кітабының хикаяттары да құрылым тұрғысынан сәл ғана айырмашылықпен қазіргі заманның қысқа әңгімелеріне ұқсайды. Бұл әңгімелерде оқиғалардың саны аз, басты зейін негізгі жағдайды баяндауға шоғырланған. Оқиға әдетте кейіпкердің өміріндегі жарқын сәт болып табылады. Сонымен қатар кейіпкердің кенеттен өзгерген сәті осы әңгімелердің басты өзегі болып табылады. 

Ходжвири хикаяттарын баяндау үшін әртүрлі тәсілдерді қолданған. Сол себепті "Кашф ул-Махджуб" кітабының хикаяттарында біртұтас жоспар жоқ. Кейде хикаят дамымаған күйінде өзінің соңына жақындайды, не онда ешқандай шиеленіс болмайды, не аяқсыз қалады, немесе әңгіме кіріспесіз және басты оқиғасыз басталып, шарықтау шегінде аяқталады. Кейбір жағдайда әңгіме басынан-ақ негізгі оқиғаны баяндау арқылы алғашқы қалыптан шығарылады. Тепе-теңдіктің болмауы салдарынан әдетте хикаяттың басы кіріспесіз қалыптасып, кейіпкердің әңгімеге енуімен қиындай түседі. "Кашф ул-Махджуб" кітабындағы хикаяттардың алуандығына қарамастан, сыншылардың пайымдауынша, сопылық дискуссия жүйесінде қабылданатын себеп-салдарлар байланысы әңгімелердің элементтері арасында көмескі түрде қалыптасқан. Мысалы, зат жоғалып кетеді, бір адам сол үшін айыпталады. Ол адам Құдайдан өзін құтқаруды сұрайды. Зат ғажайып тәсілмен пайда болады.

Ходжвири өзінің бүкіл хикаяттарында жоспардың барлық элементтерін пайдаланған, бірақ әрбір хикаяда  осы элементтерді құрастыру үшін ерекше тәсілді қолданған. Ол әрбір хикаяның жағдайын назарға алып, жоспардың кейбір элементтерін ғана қолдану арқылы әңгімелерін қызықты етуге талпыныс жасаған. Мысалы, тылсым оқиғалар бар хикаяттарда әдетте әңгіменің шарықтау шегінде ғажайыптың пайда болуына жағдай жасалады. Түйесінің аяғы Амоль базарында батпаққа батып қалған баланың хикаясында халықтың көмегі нәтиже бермей, бала дұға жасап, қасапшы Мұхаммадтың Құдайдан түйенің құтқарылуын  сұраған кезде хикая шарықтау шегіне жетеді: "Мына түйенің жағдайын жөнде. Егер жөндегің келмесе, қасапшының жүрегін баланың жылағанына неге елжіреттің?". Мистикалық хикаяттарда әдеттен тыс оқиға болып табылатын ғажайып әрдайым әңгіменің шарықтау шегінде орын алады. Ереже бойынша, бұл кезде әңгіме жоспарының әсері азаюы тиіс. Алайда осындай хикаяттардың кеңістігі мен көңіл күйіне байланысты мұндай оқиға Ходжвиридің сопыларға ықылас білдіріп, сопылыққа сенетін оқырмандары тұрғысынан қабылдауға тұрарлық, өйткені мұндай әдеттен тыс оқиғалар сырттай алғанда мистиктің қолымен, ал шын мәнінде Құдайдың еркімен жасалады.Ходжвири хикаяттарының соңы рухани жетістікпен тығыз байланысты. Әдетте таңғажайып немесе әдеттен тыс  оқиғалар орын алғаннан кейін кейіпкердің болмыс-бітімінде өзгеріс болады. Ол ұялу, өкіну, таңдану және ақырында тәубеге келу сияқты әртүрлі күйлермен қатар жүреді.