Нау 12, 2018 12:29 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (132)

Бүгінгі бағдарламада Иранның ойшылдары мен сопыларының бірі Әли бен Осман Ходжвири жайлы сөз қозғаймыз.

Өткен бағдарламаларда Абулхасан Әли бен Осман Ходжвири жайлы сөз қозғап, Ходжвиридің  х.қ.ж.с.б. шамамен 4 ғасырдың аяғы немесе 5 ғасырдың басында Ғазнаның Ходжвир ауданында дүниеге келгенін айттық. Ол өз заманындағы мәдени орталықтарда көтерілген тақырыптар мен ғылымдардың көбі жайлы естіп, оқып, жақсы таныс болған. Ходжвири Құран, хадис, тәпсір, фикх пен діни теологияны туған жері Ғазнада үйреніп, артынан білім іздеп, сапарға шығып, көптеген шейхтермен жүздесіп, солардан тәлім алған. Ходжвиридің соңғы тұрағы Лахор қаласы болған.

Иран мен Үндістанның шекарасында орналасқан бұл қалада ол "Кашф ул-Махджуб" кітабын жазып, аяқтауға мүмкіндік алды. Ходжвири Лахорға үлкен қызмет етіп, көп шәкірт тәрбиеледі. Үнді тарихшылары да Ходжвиридің  ислам дінін таратуға көп қызмет еткенін мойындаған. "Кашф ул-Махджуб" кітабына сәйкес, Ходжвиридің басқа 9 туындысы болған, бірақ олардың ешқайсысы бізге жетпеді.

"Кашф ул-Махджуб" – парсы әдебиетінің алғашқы кезеңіне тиесілі сопылық тағылымдар туралы туындылардың бірі. Бұл кітаптың маңыздылығы оқырманның одан сопылық және соған қатысты тақырыптар жөнінде мол мағлұмат алатын мүмкіндігімен байланысты. Бұл кітаптың проза тілі әртүрлі бөлігінде әрқилы. Оның тілі көтерілген тақырыппен тікелей байланысты. "Кашф ул-Махджуб" кітабындағы тақырыптардың алуандығы мен проза тілінің түрлілігіне қарамастан, кітаптың құрылымы біртұтас.

Ходжвиридің "Кашф ул-Махджуб" кітабы – х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың ерекше мәтіндері мен сопылық тақырыбына арналған парсы тіліндегі алғашқы кітаптардың бірі. Бұл кітапты әртүрлі қырынан талқылауға болады. Сондай қырлардың қатарына кітаптың құрылымы, Ходжвиридің тақырыпты баяндап, түсіндіруі, өзінің негізгі ойлары мен мазмұндарын таратып, оқырманға әсер ету үшін таңдаған ерекше тәсілдерін талдау жатады.

Кез келген әдеби туындыға шолу жасағанда жазушының тіл мен оның ұғымдарды жеткізудегі қабілеттерін пайдалану арқылы оқырманға бір ауқымды әдеби жолдауды жеткізуді мақсат тұтқанын көруге болады. Ходжвиридің "Кашф ул-Махджуб"  кітабында да осындай ереже сақталған. Бұл кітапта көптеген тақырыптар болғанымен, екі негізгі өзек бар: адамның Құдаймен ерекше қатынасы және адамның өз нәпсісімен күресуі.  Кітаптың негізгі және қосымша бөлімдерінің барлығы осы негізгі ұғымдарды түсіндіру және тарату мақсатында жазылған. Басқаша айтқанда,  кітаптың барлық бөлімдері салыстырмалы түрде тәуелсіз болғанымен бір-бірімен тығыз байланысты. Осыбайланыстар бір қарағанда кітапта шашырай жазылған ауқымды тақырыптарға тұтастық беріп, оның мазмұнын дұрыс әрі толық түсінуе көмектеседі.  

Бір мәтіннің құрылымын талдамас бұрын оның негізгі бөлімдерін анықтап алу қажет. Ходжвиридің "Кашф ул-Махджуб"  кітабы кез келген тағылымдық мәні бар мәтін сияқты әртүрлі бөлімдерден тұрады. Доктор Ғоламрезаидің топтастыруы бойынша, олардың ең маңыздысы – бес бөлім: бірінші бөлім – кіріспе; екінші бөлім кіріспеден кейінгі және  шейхтерді таныстыруға дейінгі аралықты қамтып, кітаптың бастапқы тарауларын құрайды, онда сопылықтың терминдері баяндалған; үшінші бөлімде дін мен сопылықтың танымал тұлғалары мен шейхтер таныстырылған; төртінші бөлімде сопылық мазхабтар мен ағымдарды таныстырылған; бесінші бөлімде құпияның перделері ашылады.

"Кашф ул-Махджуб" кітабы

Бұл бөлімдердің әрқайсысы салыстырмалы түрде тәуелсіз. Алайда олар бір-бірімен байланыста және "Кашф ул-Махджуб" кітабының толық мәтінінің бір бөлігі саналады. Мағыналық байланыс – осы кітапқа біртұтастық сыйлайтын негізгі фактор. Тіпті кітаптың шағын бөліктерінің өзінен де біртұтас мәтін шығаруға болады.

Кітаптың кіріспесі, әсіресе Абусаид Ходжвиридің сұрағы мен автордың кіріспе соңындағы сөзі негізгі түйін ретінде кітаптың барлық бөлімдерін ең шағын бөлігімен байланыстырады.

Ходжвири кіріспеде алдымен Абусаид Ходжвиридің «Маған сопылықтың тариқаты, ондағы деңгейлердің сапасына қатысты зерттеулер жайлы, сопылықтың мазхабтары мен кезеңдері туралы баяндашы. Сопылықтың құпиялары мен  нышандары туралы, Құдіретті Құдайдың махаббаты мен оның жүректерге қалай берілетінін, адам ақылының Құдайдың болмысын тануда шектеулігінің себебінің неде екенін, нәпсінің Құдайдың ақиқатын жек көретінін, рухтың Оның сипаттары мен Оған тиесілі дүниелерден тыным табатынын айтшы» деген өтінішін келтіреді. 

Ходжвири осындай сауал қойғаннан кейін өз заманындағы сопылықтың ақиқатынан хабарсыз халықты сынап, шағым айтып, осы сұрақтың жауабында шейхтер мен ұлы тұлғалардың сөздері мен таңдаулы хикаяттарға сүйеніп, сопылық жолын баршаға таныстыруға уәде береді. Шын мәнінде "Кашф ул-Махджуб"  кітабының барлық бөлімі Абусаид Ходжвиридің сұрағынан кейін келтіріліп, соған берілген жауап саналады. Әр бөлімнің басқа бөлімдермен мағыналық байланысы бар. Бұл мағыналық байланыс бір жіп ретінде осы бөлшектерді бір-бірімен байланыстырып, біртұтастандырады. Кейде әрбір бөлімдегі тақырыптың басында, ортасында  немесе соңында оқырман оның алдындағы немесе кейінгі бөлімдерге назар аударуға шақырылады. Осындай үздіксіз сілтемелер мәтіннің біртұтастығына себеп болды.

"Кашф ул-Махджуб" кітабының ерекшеліктерінің бірі мынада: кітаптың бүкіл болмысынан автордың құзыры айқын сезіледі. Ол тіпті өзін таныстырып, ойын ашық айтады.  Кейбір сөз тіркестері  және «Мен, яғни Әли бен Осман әл-Джалаби айтқандай» сияқты сөйлемдер мен соған ұқсас жайттардың қайталануы Ходжвиридің мұндай тәсілді мақсатты түрде қолданғанын көрсетеді. Кейбір бөлімдерде, соның ішінде кіріспеде, тараулар мен тармақтардың басы мен аяғында және әртүрлі ағымдар мен тұлғалардың ойларын талдауға арналған бөлімдерден автордың құзыры көбірек байқалады. Кітаптың кіріспесінен де автордың құзыры ерекше байқалады. Кітаптың басынан аяғына дейін автордың мистикалық ойлары баяндалған. Кейбір бөлімдерде Ходжвири өзінің хикаяға ұқсаған естеліктерін баяндау арқылы мәтінге қатысып отырған. Кітаптың әртүрлі бөлімдеріне Ходжвиридің әртүрлі тәсілдермен қатысуы осы бөлімдердің ортақ ерекшелігі және мәтіннің тұтастығындағы маңызды фактор болып табылады.

Осы кітаптан ерекше көзге түсетін жайттардың бірі – тақырыпты бастауы, жалғастыруы мен аяқтау тәсілі. Ходжвиридің "Кашф ул-Махджуб" кітабын жазудағы басты тәсілі мынадай: ол алдымен қысқа, жалпы әрі ықшам мәтін жазып, кейін соны түсіндіріп, талдауға кіріседі.