Нау 12, 2018 12:33 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (133)

Бүгінгі бағдарламада өткендегі тақырыпты жалғастырып, Иранның ойшылдары мен сопыларының бірі Әли бен Осман Ходжвири жайлы сөз қозғаймыз.

Өткен бағдарламаларда Абулхасан Әли бен Осман Ходжвири жайлы сөз қозғап, оның  х.қ.ж.с.б. шамамен 4 ғасырдың аяғы немесе 5 ғасырдың басында Ғазнаның Ходжвир ауданында дүниеге келгенін айттық. Ол өз заманындағы мәдени орталықтарда көтерілген тақырыптар мен ғылымдардың көбі жайлы естіп, оқып, жақсы таныс болған. Ходжвири Құран, хадис, тәпсір, фикх пен теологияны туған жері Ғазнада үйреніп, артынан білім іздеп сапарға шығып, көптеген шейхтермен жүздесіп, солардан тәлім алған. Ходжвиридің соңғы тұрағы Лахор қаласы болған. Иран мен Үндістанның шекарасында орналасқан бұл қалада ол "Кашф ул-Махджуб" кітабын жазуға немесе аяқтауға мүмкіндік алды. Ходжвири Лахорға үлкен қызмет етіп, көп шәкірт тәрбиеледі. Сонымен қатар бес бөлімнен тұратын "Кашф ул-Махджуб" кітабының құрылымын талдап, оның алуан түрлі бөлімдерден құралғанына қарамастан, негізгі екі өзегінің барын айттық: адамның Құдаймен ерекше қатынасы және адамның өз нәпсісімен күресуі. Кітаптың барлық бөлімдері салыстырмалы түрде тәуелсіз болғанымен бір-бірімен тығыз байланысты. Содан кейін осы туындының кейбір маңызды элементтерін талдадық.

"Кашф ул-Махджуб" кітабы

Кітаптағы маңызды тақырыптардың бірі – онда оқырмандардың болуы және Ходжвиридің ұстаздық сарыны. "Кашф ул-Махджуб" кітабының кіріспесінде Ходжвири Абусаид Ходжвириге кітапты оған және оқырмандарға арнап жазғанын айтқан. Бұл тақырып кітаптың  әр жерінде айтылған. "Біл", "қара" сияқты екінші жақ жекеше түрдегі етістіктер мен қаратпа және ескертпе сөздерді қолдану Ходжвиридің үгіт-насихаттық және тағылымдық тәсілін көрсетеді. Ходжвири осы кітапта келтірген аяттар, хадистер, мысалдар мен хикаяттар тақырыптарды анығырақ баяндап, оның тағылымдық негізін  нығайту үшін пайдаланылған. Ходжвиридің әрбір бөлімде біреуге қаратып сөйлеуі, диалог жүргізуі, оқырманмен сұрақ-жауап алмасуы кітаптың әртүрлі бөліктерінің байланыстарын нығайтуға көп әсер етті. Мысалы, кітаптың бір бөлігінде адамның Құдайдың ғылымы алдындағы надандығын баяндау үшін "Менің білімім өзімнің әлі де надан екенімді білгенге дейін жетті" деген аллегориялық ұғымды қолданып: "... Сен ғылым үйреніп, кемелдікке жетуге ұмтыл. Ғылымдағы кемелдік Құдіретті Құдайдың ғылымының алдында ештеңе емес. Өзіңнің білмейтініңді түсінетін дәрежеге жету керек" дейді. 

"Кашф ул-Махджуб" кітабындағы келес маңызды тақырып – әңгімелесу және пікірталас өткізу. Ходжвиридің біреуге қаратып айтуы, тәлім беруі және оқырманмен тілдесуімен қоса, осы құнды туындының көптеген тақырыптары сұрақ-жауап және әңгіме түрінде келтірілген. Көп жағдайда Ходжвири тақырыпты бірқалыпты әрі біртарапты баяндаудың орнына  пікірталас тәсілін пайдаланған. Ол бұл тәсілде ағымдардың немесе тұлғалардың, әсіресе қарсыластардың көзқарасын баяндағаннан кейін оларды сұрақтың астына алып, өзі қарсыластардың ықтималды жауаптарын жазып, содан кейін өзінің ойын айтып, нәтиже шығарады. Басқаша айтқанда, Ходжвири қарсы тұлға немесе топтың ойын сынап, теріске шығарып, кейде рационалды дәлелдер келтірген, кейде сөйлеушілердің тәсілімен сұрақ қойып, сол жайлы пікір таластырған.  

Ходжвири тіпті шейхтердің сөздері мен хикаяттарды баяндауда да әңгімелесу және сұрақ-жауап тәсілін қолданған. Бұл тәсіл сопылық кітаптардың көбінен байқалды. Әдеби сыншылардың айтуынша, бұл тәсілді пайдалану кітаптың динамикасы мен әсеріне көп көмектескен. Ходжвири әдетте осы жайында  "айтады" дегеннің орнына "айтамыз" сияқты бірінші жақтағы көпше түрдегі етістіктерді пайдаланып, сол арқылы оқырманды өзіне ілестіруге тырысқан. Мысалы, мынадай қысқа хикаяттан осы ерекшелік жақсы байқалады:

"Бір дәруіш Дежле өзеніне түсіп кетіпті, бірақ жүзе алмайды екен. Жанынан бейтаныс адам өтіп бара жатып: "Біреуге хабар беріп, сені судан алып шықсын деп айтайын ба?" депті. Дәруіш "жоқ" деп жауап беріпті. "Батып кеткің келе ме?" десе тағы да: «Жоқ" депті. "Онда не қалайсың?" деп сұрапты әлгі бейтаныс адам. "Маған не бұйырса, сол болады. Менің қалауым кімге керек?" депті".

«Қазына сыйлаушы дананың» Лахордағы кесенесі

Бұл туындыдағы көңіл аударуға тұрарлық нәрсе – сөздер, етістіктер, сөз тіркестері, тақырыптар мен қарама-қайшы ойлар. Бұл кітаптың барлық жерінде қарама-қарсы жұптардың жиілігі жоғары. Тіпті, шейхтердің сөздерін, ағымдар мен мазхабтардың ойларын да осы тұрғыдан талқылауға болады. Ходжвири әртүрлі жағдайларда осындай сөздерді, сөз тіркестері мен ойларды бірінің үстіне бірін келтіріп, әртүрлі ойларды пікірталасқа салады. Салыстырудың әр алуан түрі бар. Бұл тек антитеза деген сөз емес. Салыстырудың әр алуан түрінің арасынан "Кашф ул-Махджуб" кітабынан қарама-қарсы қойып салыстыру, яғни антитеза жиі кездеседі. Құдай мен адамды салыстыру, адам мен оның нәпсісін салыстыру "Кашф ул-Махджуб" кітабында негізгі екі идеологиялық өзекті құрайды. "Кашф ул-Махджуб" кітабындағы бес бөлімінің барлығынан дерлік осындай қарама-қарсылықтың үлгілерін көруге болады. "Ғылымды дәлелдеу" туралы бапта Ходжвири кедейшілік пен байлықты салыстырған. Онда салыстыру түпкілікті рөл атқарады. Кедейшілік пен байлық, Құдай мен пенде, қиял және ақиқат, бай мен дәруіш Ходжвиридің осы тараудағы көзқарастары мен дәлелдерінің шеңбері болды.

Аяттар, хадистер мен хикаяттарға көп сілтеме жасау – Ходжвиридің "Кашф ул-Махджуб" кітабындағы талқылауға болатын тақырыптардың бірі. Ходжвири мәселелерді түсіндіру кезінде өзінің сөздеріне салмақ беру үшін аяттар, хадистер, хикаятттар мен шейхтердің сөздеріне сілтеме жасап отырған. Сілтемелердің шашыраңқы орналасуы барлық бөлімдерде шамамен бірдей. Әдеби сыншылардың көзқарасы бойыншабөлімдер арасындағы осы ортақ ерекшеліктер мәтіннің біртұтастығына себеп болған. Өйткені сөздер, сөз тіркестері мен сөйлемдердің қайталануы мәтіннің біртұтастығын құрайтын маңызды факторлардың бірі саналады.

Ходжвиридің Лахордағы кесенесі

Кейбір сөздер, етістіктер мен сөз тіркестері, соның ішінде "болады, болмайды, мүмкін емес, жөн болар, бір топ шейхтерге сілтеме жасап айтқандай" және осыған ұқсас сөздер Ходжвиридің кітабынан жиі кездеседі.  Сыншылар осы сөздер мен сөйлемдерге шолу жасағанда Ходжвиридің тағылымдық сарыны мен өз-өзіне сенімін анығырақ байқауға болады деп санайды. Сопылық пен соған қатысты  тақырыптарды баяндау үшін жазылған бұл кітап "болады, болмайды" деген сөздер,  ескертпелер мен бас тарттыруларға толы. Оның мәтіні автордың мақсатына толық сәйкес келеді.

Бұл туындының келесі бір ерекшелігі – кітаптың  тараулар мен тармақтар сияқты шағын бөліктерге бөлінуі. "Кашф ул-Махджуб" кітабы негізгі және қосалқы бөліктерден тұрады. Осы бөлімдердің көбінде тарау мен тармақ деген сөздердің қайталануы мәтіннің біртұтастығында маңызды рөл атқарады.