Нау 16, 2018 06:24 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (134)

Бүгінгі бағдарламада өткен бірнеше аптадағы тақырыпты жалғастырып, Иранның ойшылдары мен сопыларының бірі Әли бен Осман Ходжвири жайлы сөз қозғаймыз.

Өткен бағдарламаларда Абулхасан Әли бен Осман Ходжвири жайлы сөз қозғап, оның  х.қ.ж.с.б. шамамен 4 ғасырдың аяғы немесе 5 ғасырдың басында Ғазнаның Ходжвир ауданында дүниеге келгенін айттық. Ол өз заманындағы мәдени орталықтарда көтерілген тақырыптар мен ғылымдардың көбі жайлы естіп, оқып, жақсы таныс болған. Ходжвири Құран, хадис, тәпсір, фикх пен теологияны туған жері Ғазнада үйреніп, артынан білім іздеп сапарға шығып, көптеген шейхтермен жүздесіп, олардан тәлім алған. Ходжвиридің соңғы тұрағы Лахор қаласы болған. Иран мен Үндістанның шекарасында орналасқан бұл қалада ол "Кашф ул-Махджуб" кітабын жазуға немесе аяқтауға мүмкіндік алды. Ходжвири Лахорға үлкен қызмет етіп, көп шәкірт тәрбиеледі. Сонымен қатар бес бөлімнен тұратын "Кашф ул-Махджуб" кітабының құрылымын талдап, оның алуан түрлі бөлімдерден құралғанына қарамастан, негізгі екі өзектің барын айттық: адамның Құдаймен ерекше қатынасы және адамның өз нәпсісімен күресуі. Кітаптың барлық бөлімі салыстырмалы түрде тәуелсіз болғанымен, бір-бірімен тығыз байланысты. Сондай-ақ, осы туындының кейбір маңызды элементтерін талдадық.

Әли бен Осман Ходжвири

"Кашф ул-Махджуб" атты құнды кітап бес негізгі бөлімнен тұрады. Бөлімдердің әрқайсысы кішірек бөліктерден құралған. Бұл фактор кітаптың негізгі бөлімдерінің байланыс тауып, шағын  бөліктердің тұтаса түсуіне себеп болған.  

"Кашф ул-Махджуб" кітабындағы автордың кіріспесі құрылым тұрғысынан өте маңызды. Өйткені, кітаптың маңызды құрылымдық ерекшеліктерінің көбін кіріспеден табуға болады. Бұл бөлім кіріспенің бастамасы, 8 тарау мен қорытынды бөліктен тұрады. Кіріспе Құдайға мадақ, Ислам пайғамбары мен оның әулетіне  сәлем жолдаумен басталады. Төрт жолдық осы қысқа мадақта араб тіліндегі ұйқасты сөз тіркестері мистикалық сөздер және мазмұндармен қоса қолданылған. Олар кітаптың контексіне сәйкес келеді. Бұл осы кітап үшін қысқа нұсқаулық болып табылады.

Қысқа мадақтан кейін автор өзін таныстыруға кірісіп, неліктен бұл кітапты жазуды қолға алғанын айтқан. Кіріспенің бұл бөлігі өте қарапайым әрі қысқа қалыпта жеңіл әрі жатық тілмен жазылған. Содан кейін келген кіріспенің басқа тарауларының әрқайсысы осы бөлімнің сөйлемдерінің бірін таратып айтуға арналған. Ходжвири өз түсіндірмесін толықтырып, растау үшін аяттар, хадистер, шейхтердің сөздері мен хикаяттарын пайдаланып, кітаптың басынан бастап сопылық және философиялық тақырыптарды көтерген. Бұл құрылым, яғни жалпы әрі қысқа түрде тақырыпты баяндау, содан соң оны таратып айту және оған тармақтар қосу шешендік өнерде «қосу, бөлу және түсіндіру» деп аталады. "Кашф ул-Махджуб" кітабының барлық бөліктерін осы құрылыммен  байланыста талдауға болады. Басқаша айтқанда, Ходжвиридің тақырыпты баяндауда қолданған тәсілі мынадай: ол әдетте бір тақырыптың бөліктері немесе түрлерін санамалап шығады, содан соң әрбір бөлік немесе түрді таратып айтады. Кейде осы бөліктердің әрқайсысын түсіндіру барысында жанама тақырыптар қосып, оларды түрлер немесе бөліктерге бөліп, қайтадан кеңейтіп айтады.

"Кашф ул-Махджуб" кітабының басында келтірілген Абусаид Ходжвиридің сұрағы  осы кітаптың әр тарауының қысқаша мазмұны бола алады. Шын мәнінде,  кітаптың барлық бөліктері  осы сұраққа жауап әрі түсіндірме саналады. Бұл сұрақ кіріспенің бастапқы бөлігіндегі барлық тарауларда бір сөйлем кең түрде түсіндірілгендей кітаптың әртүрлі тармақтарында да түсіндіріліп, егжей-тегжейлі түрде баяндалған.Тіпті, шейхтер мен ұлы сопыларды таныстыру бөлімінде де осы құрылым қолданылған. Яғни, алдымен əрбір тұлға туралы жалпы мағлұмат берілген. Содан соң сол тақырып таратылып айтылып, түсіндіріледі. Бұл бөлімдерде осы тұлғалардың қысқа сөздері осы тəртіппен баяндалған.

"Кашф ул-Махджубтың" кіріспесіндегі жəне басқа да бөліктеріндегі мағыналық байланыс мəтінді біртұтастандыратын ең маңызды элемент саналады. Сонымен қатар басқа да факторлар, соның ішінде барлық тараулардың басында "айтып өткенімдей", "... айтқандағы мақсатымыз" деген сөйлемдердің қайталануы, хақ, пенде, кітап, мені мен сен сияқты кейбір негізгі сөздердің қайталануы кіріспенің бөліктерін біртұтастандыруда, бұл бөлімдерді бір-бірімен байланыстыруда əсерлі рөл атқарады. "Кашф ул-Махджуб" кітабында кіріспеден кейінгі бастапқы бөлім кедейшілік, ғылыми дәлелдер, сопылық жəне тағы басқа тақырыптағы әртүрлі тарауларға бөлінген. Бұл бөлімдегі барлық тараулар бір-біріне ұқсас. Ходжвири бұл бөлімнің əрбір тарауын тақырыпқа қатысты аяттар, хадистер мен хикаяттардан бастаған. Кітаптың осы бөлігіндегі әрбір тарау – біреуінен басқасы – бастапқы бөлім мен бір немесе бірнеше тармаққа бөлінеді. Ходжвири әрбір тараудың соңында нәтижені баяндап, қорытынды шығарып отырған. Бұл бөлімде тараулардың атауы және олардың тақырыптарының бір-бірінебайланысында үйлесімділік сақталған. Ғылым, кедейшілік, сопылық, дәруіштің киімдері, жазғыру сияқты тақырыптарының барлығы сопылар көңіл аударған басты мәселелер болып табылады. Аталған тақырыптардың бір-бірімен тығыз байланысы бөлімнің біртұтастығы мен бірізділігінде маңызды рөл атқарып, оны кітаптың басқа бөлімдерінен ерекшелендіреді.

Шейхтер, діни тұлғалар мен ұлы сопыларды таныстыруға арналған бөлім "Кашф ул-Махджуб" кітабының жалпы құрылымына сәйкес бірнеше тараудан тұрады. Тараулардың әрқайсысы бірнеше тұлғаны таныстыруға арналған. Ходжвири әрбір тұлғаны таныстырғаннан кейін  қысқа бір сөйлем келтіріп, сол тұлғаның жоғары рухани орнын атап, содан соң оған қатысты хикаяттар мен оқиғалар келтіріп, оның мистикалық ойлары мен көзқарастарын баяндаған. Бұл құрылым осы бөлімдегі тараулардың жалпы аясын құрайды. Ходжвири қажет деп тапқан жерде бөлімдердің әрқайсысын кеңірек түсіндіріп, өз сөзін растау үшін аяттар, хадистер мен хикаяттарды қолданып отырған.