Нау 20, 2018 12:29 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (136)

Бүгінгі бағдарламада өткен бірнеше аптадағы тақырыпты жалғастырып, ирандық ойшыл, сопы Әли бен Осман Ходжвири жайлы сөз қозғаймыз.

Өткен бағдарламаларда Абулхасан Әли бен Осман Ходжвиридің өмірбаянына тоқталып, оның  х.қ.ж.с.б. шамамен 4 ғасырдың аяғы немесе 5 ғасырдың басында Ғазнаның Ходжвир ауданында дүниеге келгенін айттық. Ол  туған жері Ғазнада ғылымның негіздерін үйреніп,  артынан білім іздеп сапарға шығып, көптеген шейхтерден тәлім алған. Ходжвиридің соңғы тұрағы Лахор қаласы болған. Иран мен Үндістанның шекарасында орналасқан бұл қалада ол "Кашф ул-Махджуб" кітабын жазуға немесе аяқтауға мүмкіндік алды. Содан кейін өткен бірнеше бағдарлама барысында бес бөлімнен тұратын "Кашф ул-Махджуб" кітабының құрылымын талдап, оның алуан түрлі бөлімдерден құралғанына қарамастан, негізгі екі өзектен тұратынын айттық: адамның Құдаймен ерекше қатынасы және адамның өз нәпсісімен күресуі. Кітаптың барлық бөлімі салыстырмалы түрде тәуелсіз болғанымен, бір-бірімен тығыз байланысты. Кітаптың маңызды бөліктерінің бірі – хикаяттар. Олар мистикалық ұғымдардың көбін жеткізу міндетін атқарады. Бұл хикаяттар Ходжвириге мән-мазмұнды баяндау үшін шағын бөліктер арасында үйлесімділік тудыруға мүмкіндік береді. Ходжвири "Кашф ул-Махджуб" кітабының құнды тақырыптарының арасында хикаяттар келтіру арқылы өзінің тағылымдарын оқырман сезе алатындай, мистикалық ұғымдарды оңай түсіне алатындай баяндауға тырысты. Сол себепті өз хикаяттарын «таңдамалы» деген мағынаны беретін "ғорар" деп атаған.  Оның кітабындағы хикаяттардың жоспары қарапайым. Олардың тағылымдық мәні зор. Хикаяттарда діни тұлғалар,сопылар, кейде қарапайым халық жайлы айтылған. Ходжвиридің хикаяттарының көбі сопылар немесе кейіпкерлер бетпе-бет келген сәттерді баяндайды. 

Әли бен Осман Ходжвири

Ходжвиридің хикаяттарында кейіпкерлер көп емес. Ол өзінің хикаятының көлемін назарға алып, кейіпкерді хикаяға енгізеді. Шағын хикаяда көп кейіпкер келтіруге орын жоқ екені қалыпты жағдай. Бұл хикаяттардың құрылымы көбінесе екі немесе үш кейіпкерге негізделген. Үш кейіпкерлі әңгімелерде үшінші кейіпкердің рөлі маңызды емес. Хикая көбінесе бір кейіпкердің айналасында өрбиді. Алдымен бұл кейіпкер хабарсыз түрде ішкі түйсігі немесе сыртқы фактордың әсерімен өзгереді, жолын өзгертіп, кейде мұғжиза жасай алатын дәрежеге жетеді.

Мистикалық әңгімелерде кейіпкер құрылымдық және тақырыптық қажеттіліктер негізінде жасалады. Бұл кейіпкер тарихи тұлғаларға ұқсауы мүмкін, бірақ оларға толығымен сәйкес келмейді. Ходжвиридің кейіпкерлерін оның дүниеге деген көзқарасы тудырады. Кейіпкерлерді таңдау оның таңдаған дүниесіне көмектесе алады. "Кашф ул-Махджуб" кітабының хикаяттары кейіпкерге негізделген. Алайда кейіпкерлер әрбір хикаятта алуан түрлі емес. Ходжвиридің өте қысқа хикаяттарының жиынтығына шолу жасағанда олардың негізгі өзектерін оқиғалар ортасындағы сопылар мен тариқат жолындағылар құрайды деп атауға болады. Бұл кейіпкерлер Ходжвиридің замандастары мен оған дейінгі сопылардан тұрады. Джунейд, Шебли, Зуннун Месри, Ибрахим Хас, Абусаид Абулхейр, Баязид Бистами, Ибрахим Адхам, Абылқасым Гуркани (Ходжвиридің ұстазы) мен Хасан Басри оның ең көп келтірген  кейіпкерлері саналады.

Хатиф Ғейби – Ходжвиридің хикаяттарындағы белсенді тұлғалардың бірі. Ол әрдайым Құдайдың жолдауын әкеледі. Оның рөлі кейде негізгі кейіпкерлердің алдында түйткіл тудыру болып табылады. "Айтылғандай, бір күні  Шебли ғұсыл алып, мешітке бармақ болыпты. Хатифтен "Сыртыңды жудың, ал ішкі тазалығың қайда?" дегенді естиді. "Қайтып оралдым да, барлық мал-мүлкімді таратып жібердім",-депті Шебли". Хикаяттарда белгілі сопылармен бірге аты-жөні аталмайтын жас жігіт, халифе, пір, дәруіш және тағы да басқа тұлғалар бар. Ходжвиридің хикаяттары оның тәрбиелік мақсаттарына негізделген. Бұлардың басты мақсаты – өзгеріс. Бұл өзгеріс бір жағдайдан жақсырақ жағдайға өту болып табылады. Алжасу жолынан өтіп, мінез-құлықты жақсарып, биіктейтін жолға түсіп, кейде Алланың нығметіне бөлену – осы өзгеріске себеп болатын  факторлардың бірі. Олар мұғжиза күйінде пайда болып, тұлғаның қимыл-әрекетін өзгертеді немесе бақылаушылардың таңданысын тудырады.

Айта кететін жайт, "Кашф ул-Махджуб" кітабында кейіпкерлердің бір тобы өзгермейді. Мысалы, өзінің сөздері және істерімен басқалардың өзгеруіне себеп болған сопылардың өздері көбінесе өзгеріссіз қалады. Алайда хикаяттардың көбінің тақырыбы – өзгерістер. Бұлар кейіпкердің рухани биіктегенін көрсету мақсатында баяндалады. Бұл хикаяттар әдетте тура сол мезетте өзгеріп жатқан сопының өмірінің бір бөлігін баяндаумен басталады. Көп жағдайда өзгеріс негізгі тұлғаның немесе кейде жанама тұлғалардың бойында орын алады. Сондықтан кейіпкерлер көбінесе қозғалыста болады. Зуннун Месридің мұғжизасы Тараб кемесіндегі жолаушылардың тәубеге келуіне себеп болады.Ходжвири бұл хикаятты былайп баяндайды: бір күні Зуннун Ніл өзенінде серуен құрып, кемеде сахабалармен бірге отырған еді. Ондай серуен сол заманда Мысырда кең таралған рәсім болатын. Өзенде тағы бір кеме келе жатқан екен. Онда отырған Тарабтың тұрғындары ойын-сауық құрып, жөнсіз іспен айналысып жатқан екен. Шәкірттер Зуннуннан "Ей, шейх, Құдайдан дұға тіоеп, аналарды батырып жіберші. Олардың сорақы ісі тоқтатылсын" деп сұрайды. Зуннун орнынан тұрып, қолын көтеріп: "Алла Тағала! Мына топты осы дүниеде қалай сайран салдырдың, ана дүниеде де солай  қуант",-деген екен.  Шәкірттер оның айтқанына қатты таң қалады. Кеме сәл алдыға жылжып, Тарабтың тұрғындарының көздері Зуннунға түскенде жылай бастап, қолдарындағы музыкалық аспаптарын сындырып, тәубеге келіп, Құдайға қайтып оралады. Ол шәкірттеріне: "Ана дүниенің бақыты – осы дүниенің тәубесі. Біреуге зиян тигізбей-ақ, дұғаның мақсаты орындалғанын көрдіңіздер ғой",-деген екен.

Уақыт пен мекен – әңгімеге сенуге әсер ететін элементтердің бірі. Ходжвири осы элементті өзінің жолдауын жеткізу үшін пайдаланады. Оның кейбір әңгімелерінде уақыт пен мекен жайлы айтылмаған. Хикаяттардың  бір тобында уақыт пен мекеннің аталуы өте маңызды. Өйткені, әңгіменің жоспарындағы оқиғалардың тізбегінің бір бөлігі олардың болған уақыты мен мекенін айтуға байланысты. Бұл хикаяттарда көптеген уақыттар тарихи тұрғыдан бұлыңғыр және "бір күні, бір түні, бір кездері, кезде, бір кеште, кешкі намаз уақытында" деген сөйлемдер мен сөз тіркестері арқылы баяндалады. Ходжвиридің хикаяттарының жартысының көбінде шынайы және тарихи тұлғалар бар. Сол себепті олардың шамамен уақытын түсінуге болады. Әдетте оқиғаның орын алған мекені шектеулі. Әңгімелердегі оқиғалар белгілі бір жерлерде ғана орын алады.

Ходжвиридің мазары

Сұхбаттасу баяндау мен кейіпкер тудырудың маңызды құралдарының бірі болып табылады. Өйткені, адамдардың өмірінің маңызды бөлігі сұхбаттасу арқылы қалыптасады. Жазушы сұхбаттасу арқылы оқырман қажет ететін мәліметті әңгімеге енгізеді.

Сұхбаттасу "Кашф ул-Махджуб" кітабындағы хикаяттардың көбінің негізгі қалыбы болып табылады. Егер олардың кейбір сұхбаттары алынып тасталса, рауаяттан ештеңе қалмайды. Бұл сұхбаттарда тәуелсіздік жоқ. Олар баяндаушы тарапынан айтылады. Ходжвири осы хикаяттарда кейіпкерлердің әрқайсысының атынан сөйлейді, оның байсалды сарыны бүкіл әңгімеге әсер етеді. Автор әңгімелердегі мағлұматтардың көбін өзі жеткізеді.