Жетекшілік хадисы 151
Құранның «Исра» және «Нәжім» сүрелерінің бірінші аяттары бойынша, Исламның ұлық пайғамбары түндердің бірінде Меккедегі әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне сапар шегіп, сол мешіттен аспанға көтеріліп, жеті аспанды аралаған. Бұл оқиға «миғраж» деп аталады.
Алла елшісі миғраж жасап, жеті аспаннан өткен соң ешбір адам жете алмайтын биіктікке жеткен. «Нәжім» сүресінің бірінші аятында Жебірейілдің пайғамбарды Аллаға «тіпті садақтың екі басындай немесе жақынырақ» қашықтыққа жақындатқаны айтылған. Бұл мекен Құранда «Садрат ул-Мунтаха» деп аталған. Соның табалдырығында Жебірейіл пайғамбардан бөлініп, қалып қояды. Сол мекенде Алланың елшісі мен Жаратушы құпия сұхбаттасқан: Алла сөйлеп, пайғамбар тыңдаған немесе пайғамбар сұрақ қойып, Жаратушы жауап берген. Кездесудің кейбір сөздері туралы «Миғраж» хадисінде айтылған.
Адам әрқашан мәңгілік өмір сүріп, өмірден көбірек ләззат алуды мақсат етеді. «Миғраж» хадисі Алла Тағаланың елшісіне сұрақ қоюымен басталады: «Уа, пайғамбар! Қандай өмірдің жақсы екенін білесің бе?» (Өйткені, ешкім Алланың алдында еш нәрсені білмейді). Пайғамбар: «Білмеймін»,- дейді. Алла Тағала: «Жақсы өмірге жететін жол – пендем Мені еске алудан шаршамайтын, нығметімді ұмытпайтын, құқығыма немқұрайдылық танытпайтын, күні-түні Менің ризалығым туралы ойлайтын жол»,- деп жауап берген. Алла Тағала бұл дүниеде адамға көптеген нығмет сыйлады. Бірақ адамның илаһи нығметтерге еті өліп кеткені соншама, оларды тіпті байқамайды да. Адам суда жүзетін, бірақ судан алып шыққан кезде ғана судың нығметін түсінетін балық сияқты. Жақсы өмірді іздейтін адам нығметтердің өзінен гөрі нығметтердің Иесін ұмытпай, тәулік бойы Алланың ризашылығына бөленетін істерді орындайды.
Алла Тағала бұл қасиетті хадисте тұрақты өмірге жетудің жолы ретінде бұл дүниені түкке тұрғысыз санауды ұсынып: «Мәңгілік өмір – адамның бұл дүние ол үшін кішкентай, ақырет үлкен болып көрінетіндей әрекет етуі»,- дейді. Алайда бұл істің оңайлықпен жүзеге асуына адамның жолындағы кедергілер тосқауыл болады. Сондықтан, талпыныс арқылы адамның мәңгілік өмірге жету жолындағы ең маңызды кедергіні, яғни дүниеге деген тәуелділікті жеңу керек. Имам Әли (ғ.с.): «Дүниеге тәуелділік адамды ақылдан айырып, жүрекке хикметті естіртпейді»,- деп ескерткен болатын. Адам дүниеге тәуелді болған кезде материалды байлықтан басқа еш нәрсе туралы естімейді. Дүниеқұмарлық жойылған кезде алтын мен күлдің құны адам үшін бірдей болады. Бірақ, тек материалды дүние туралы ойлаған адам өз қалауына жеткенше кез келген істі орындап, кез келген сөзді айтып, кез келген құжатқа қол қояды, тіпті алдап-арбауға дейін барады. Өйткені, ол үшін дүние маңызды. Керісінше, дүниені маңызды емес санайтын адам дүниеден алыстап, өзінің қалауынан гөрі Алланың қалауын маңызды санайтын болады.
Адам әртүрлі жаттығулар арқылы өзін тәрбиелеп, Алланың қалауын өз қалауынан маңызды әрі басты мәселе санайтын жағдайға жеткен кезде жоғарырақ кезеңге қадам баса алады. Бұл кезең туралы Алла Тағала «Миғраж» хадисінің жалғасында: «Шынайы әрі мәңгі өмірді іздеген адам Менің ризалығыма ие болып, Менің құқығымды орындауы керек»,- деді. Бұл кезеңде адам тек Алланың ризалығы туралы ғана ойлайды. Өйткені, оның мағрифаты мен махаббаты Алла оған ғашық болатындай деңгейге жетеді. Адам Алланың қалауын орындап, Оның ризалығына ие болғаны үшін қуанады; бұл ғашық пенде Алланың алдында өзін қор санайды. Хазірет Мұса Алланың ұлылығының тек бір үлгісін көріп, есінен танған: «Хазірет Мұса белгілі уәдемізде келіп, Раббы оған сөйлегенде: «Раббым, маған өзіңді көрсет, Сені көрейін» деді. (Алла): «Мені әсте көре алмайсың, бірақ тауға қара, сонда егер ол орнында тұра алса, сен де Мені көресің» деді. Сонда Раббы тауға елестеген сәтте оны быт-шыт қылды. Хазірет Мұса да талып түсті...». («Ағраф» сүресі, 143-ші аят). «Мариям» сүресінің 58-ші аятында Алланың ұлылығын түсінген адамның амалы туралы айтылған: «...Оларға Алланың аяттары оқылған сәтте жылаған бойда сәждеге жығылады».