Сәу 24, 2018 15:05 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (139)

Х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда өмір сүрген ақындардың бірі – Ғазали Машхади. Бағдарламаның жалғасында Иранның мәдени кеңістігіндегі осы әдеби тұлғамен көбірек таныстырамыз.

Х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда шах Тахмасп Сефевидің сарайында өмір сүрген атақты ақындардың бірі Ғазали Машхади ирандық шайырлар мен өнер иелерінің ұлы көшіне қосылып, Үндістанда ирандық поэзия, ақындық пен өнер қарқындап дамығандықтан осы аймаққа аттанды. Оның өмірі жайлы көп мәлімет жоқ. 930-936 жылдары Мешхедте дүниеге келіп, туған жерінде балалық шағын өткізіп, ғылым мен таным үйренген. Ол өлеңді жастық шағынан бастап шығарған. Ақындыққа құмарлықпен қоса, сопылыққа бейім болған. Ол ақындық талантының арқасында біраз уақыт шах Тахмасптың сарайында болған. Содан соң жастық шағында Сефевилер дәуірінде қалыптасқан жағдайға байланысты Үндістанға аттанып, өмірінің соңына дейін осы елде болған. Ғазали Машхади х.қ.ж.с.б. 980 жылдың режеп айының 27 жұлдызында Гуджараттың Ахмадабад елді мекенінде кенеттен қайтыс болды. Акбар шахтың бұйрығымен патшалар мен танымал адамдар жатқан Сәргяндж зиратында жерленген.

Ғазали Машхадиден көп туынды қалған. Өткен бағдарламада солардың ең маңыздыларымен таныстырдық. Туындыларының көптігіне байланысты оны еңбекқор ақындардың қатарына жатқызуға болады. Оның өлеңдерін оқығанда тілі орамды дарынды ақын екенін көруге болады. Доктор Сафа оның осы ерекшелігі туралы былай дейді: "Жатық тіл, мағынаның айқындығы мен біртұтас мығымдығы – Ғазали Машхадидің бүкіл өлеңдеріндегі сөз саптасының ерекшеліктерінің бірі. Оның қасидалары, таркиббандтары мен тарджихбандтары осы өлең түрлеріне қажет бейнелілік пен ұлылықты ақынның психикалық жағдайына байланысты жоғалтып алмаған. Ал оның ғазалдарында оқырман күткен биязылық сақталған. Ғазалиді 11-12 ғасырларды айтпағанда, бүкіл 10 ғасырда да өте сирек кездесетін ақын деп айтуға болады". Ғазали Хафиздің бірнеше қырлы поэзиясына ерекше назар аударған. Ғазалидің өлеңдер жинағын редакциялаушы Құрбанпур Арани оны Хафиздің әлеуметтік сықағының әсерімен өз ғазалдарында тақуаларға, шейхтер мен сопыларға көп сын айтқан деп санайды. Сондықтан  оның өлеңдерінің көрнекті ерекшелігінің бірін әлеуметтік сықақ деп айтуға болады:

Қысқа жеңді көйлектен не пайда, ей, ақымақ тақуа?!

Қысқа жеңнен гөрі қолыңды қысқартып ұстау керек.

Ей, уағызшы! Алаяқтарға қашанғы ақыл айтасың,

Ғашықтық арқылы болмаса, не пайда?!

Көптеген зерттеушілердің сенімінше, егер парсы әдебиетінің сыни өлеңдеріне, әсіресе әлеуметтік сықақтарға қоғамтану тұрғысынан шолу жасалса, Иран тарихындағы аласапыран дәуірлерді жақсырақ танып, таныстыруға болады. Ақындар мен жазушылардың туындыларының өн бойындағы сыни-сықақ ойларға сүйеніп,  қоғамның әртүрлі қырларының осал тұстарын анықтауға болады. Сефевилер заманындағы жағдай және оның әлеуметтік ерекшеліктері ақындар мен ойшылдардың сыни ойларын қоздырып, әлеуметтік сықақты тудырды.  "Ирония" сөзі әртүрлі сөздіктерде әртүрлі сипатталады. Сықақ жазушылардың көбі бұл өнерді кемшіліктердің үлгілерін көрсету үшін жұмсаған.  Сықақта адамдардың жасырын әрекеттері, екіжүзділігі, надандықтары мен қателіктері нысанаға алынады.  Сықақшы ақын немесе жазушы адамдарды, әдет-ғұрыптар мен қоғамдағы мәселелерді сынап, айыптайды. Сықақшылардың мұндағы мақсаты ақлақтық ауытқушылықтар мен қоғамдық келеңсіздіктерді түзету болып табылады.  

Ғазали Машхади поэзиясындағы түбегейлі ерекшеліктердің бірі – сықақ.  Ғазалидің сыны мен сықағының негізі екіжүзділікпен күресуге бағытталған. Ол Хафиз сияқты ең әсерлі құралды, яғни сықақты осы екіжүзділікпен күресуге арнаған. Өйткені, екіжүзділік ғылым мен амалды, білім мен өнерді, адам мен қоғамды құрдымға жібереді. Оның ғазалдары арасында тақуа, үкімет адамы, сопы мен шейхке тиіскен  кемінде бір бәйіті жоқ ғазалды табу қиын.

Ғазали Машхади ғазал жырлауда алдыңғы буын өкілдерінің қалыбын ұстанғанымен, тіпті Баба Фоғанидің ізімен жүрді деп айтса да, өзінің әлеуметтік сықақтарында Хафиздің ықпалында болған. Өйткені, Хафиздің поэзиясында сықақ ең әсерлі баяндау құралдарының бірі болған. Хафиз өзінің сөзін жеткізу үшін тілдің барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, осы тиімді құралды да талай рет қолданған.  Ғазали өмір сүрген қоғамның бейберекеттігі мен екіжүзділігі Хафиздің заманынан кем болмаған. Өйткені сол заманда Үндістанда билеген үкіметтер Ғазали сол аймақта тұрып жатқан шақта және Иранда Сефевилердің кейбір билеушілері кезінде екіжүзді тақуалар, уағызшылар мен сопылардан  ада болмаған. Екіжүзді тақуалар жалпы халықты алдау үшін өздерін жағымды, діндар көрсеткен. Ал олардың ішкі дүниесі азғындық пен былыққа толы болған. Бұл орта ақындардың қоғам және ондағы әлеуметтік байланыстар туралы ой-пікірлері мен сапасына тікелей әсер еткен. Ғазали Машхадидің сынына ұшыраған тұлғалардың барлығы есімсіз және тұлғалық типсіз берілген. Ғазали олардың жеке бастарына қатысты өте өткір сөз айтпаған. Осы тұрғыдан  кейде Ғазалидің сықағын Хафиздің  ирониясымен салыстыруға болады. Ғазалидің өлеңдер жинағында тақуа, шейх, насихатшы, сопы, ойшыл мен үкімет адамы сынға алынған. Бұл тұлғалар шын мәнінде сол замандағы үкімет органының маңызды бөлшектері болған.  Олар сол заманда негізгі саяси-әлеуметтік күштердің жиынтығын құраған.

Ғазали бір-бірімен кең түрде әріптестік жасаған осындай адамдардың ойлары, қарым-қатынасы мен сұхбаттарын сынады. Ғазалидің өлеңдері – сөз бен істің арасы алшақ, екіжүзділік исламдық-ақлақтық құндылықтардың орнын басқан қоғамға сын. Басқа сөзбен айтқанда, Ғазали өмір сүрген қоғамда дін екіжүзділер үшін ойыншыққа айналған болатын. Ақын сықағының негізгі мақсаттарының бірі діннің негізгі болмысын екіжүзді тақуалар мен сопылар қатты ұстап, таратқан жалған діннен бөліп алу болған.