Шақыру 11: Рамазан «Сахифе Саджадиеде»
«Сахифе Саджадие» жинағы – негізінде өз Жаратушысымен сөйлесіп, ең әдемі илаһи тағылымдарды Алланың ғашықтары мен достарына дұға түрінде үйрететін кемел адамның сөздерінің жинағы.
Сәлем, Алланың ең үлкен айы! Сәлем, Алланың ғашықтарының мейрамы! Сәлем, уақыттардың ең жақсысы, ең жақсы күндер мен ең жақсы сағаттарға ие ай! Сәлем, ғамалдар қабыл болатын ай! Сәлем, үміттің қайнары! Сенен алыстау өте қиын. Сенің құрметіңмен санасатын адам қандай құрметті. («Сахифе Саджадиенің» 45-ші дұғасының бөлімі).
Дұға кейде қажет ететін нәрселерді сұрау болса, кейде одан жоғарылау, яғни махаббатың көрінісі болып табылады. Махаббатты рухтың қажеттіліктерінің бірі деп атауға болады. Бірақ, толық тәуелсіз қажеттілік болуына орай ол адамның рухына, бәрінен бұрын адамның өміріне әсер етеді. Ғашық рухтан шыққан дұға ең жоғары деңгейдегі дұға саналады.
Қасиетті Рамазан айында оқылатын ең әдемі дұғалардың бірі имам Зейн әл-Абидин (ғ.с.)-ның «Сахифе Саджадие» кітабында жинақталған дұға жасаушылардың махаббатын білдіретін дұғалар саналады. Имам Саджад (ғ.с.) өз дұғаларында дұғаның біздің қалағанымызға жетуіміздің мағынасын білдірмейтінін және ақылымыз бен адами міндеттерімізді орындаудың орнына тек дұға оқып отырмауымыз керектігі туралы ескертті. Ислам мәдениетінде ғибадат жасау Аллаға деген махаббатымыз мен әлем туралы хабардарлықты білдіреді. Сондықтан имам Саджад (ғ.с.)-ның дұғалары Жаратушыны мадақтау мен оған рақмет айтуға толы. Бұл дұғалар жеке адам мен қоғамдық ахлақтағы ең жақсы әрі жоғары мазмұндарды қамтиды. Хазірет сол кездің барлық жағдайларына көңіл аударып, шиіттердің пәк тағылымдарын келешек ұрпақ үшін дұға түрінде қалдырды. Шын мәнінде бұл кітап адамның Алламен, өзі және басқалармен қарым-қатынас орнатуын қуаттайды.
«Сахифе Саджадие» жинағы – негізінде өз Жаратушысымен сөйлесіп, ең әдемі илаһи тағылымдарды Алланың ғашықтары мен достарына дұға түрінде үйрететін кемел адамның сөздерінің жинағы. Бұл дұғалардың арасынан хазірет Зейн әл-Абидин (ғ.с.)-ның Рамазан айымен дос ретінде сөйлесуіне тоқталуға болады. Имам Саджад (ғ.с.) Рамазанның айы аспанда көрініп, илаһи қонақжайлылық басталған соң Рамазан айымен сөйлесіп, оның берекесі туралы айтып, қоштасатын мезгіл туралы ескертті. Имам Зейн әл-Абидин (ғ.с.)-ның «Сахифе Саджадиесіндегі» екі дұғасы қасиетті Рамазан айына қатысты. Оларды оқып, бұл айдың ерекшеліктері мен осы айдағы міндеттерімізбен танысамыз.
Жылдың бүкіл айларының арасынан Рамазан айы баршаның Аллаға құлшылық етуге бет бұрып, мүміндер әртүрлі жеке және қоғамдық жағдайларына қарамастан көбірек ғибадат жасап, Құранның «Сәжде» сүресінің 16-шы аятындағы «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып,) Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады..» деген жолдауын сәресінен түске дейін жеткізеді. Сондықтан, имам Саджад (ғ.с.) Рамазанның айы туған кезде: «Алла Тағала сені жаңа істің кілті ретінде жіберді. Мені мен сені жаратқан, сені мен менің тағдырымды шешетін Раббымнан сені береке айы ретінде жіберіп, күнделікті берекемізді азайтпауын сұраймын»,- деді.
Имам Саджад (ғ.с.) дұғаларының сарқыраған кәусарының тек бір тамшысы саналатын бұл дұғада қасиетті Рамазан айын береке мен бақытқа жеткізетін ай ретінде таныстырды.
Хазірет Зейн әл-Абидин (ғ.с.) 44-ші дұғасында қасиетті Рамазан айын ораза тұтатын ай, Исламның айы, пәк ай, түндері ояу өтетін Құран айы, халықты дұрыс жолға нұсқайтын ай деп таныстырды.
Адам бұл айда илаһи кемелдікке жеткізетін жолын таба алады. Расында, Рамазан айы – адам жоғары дәрежеге жете алатын ай. Өйткені, мұндай жағдай басқа айларда болмайды. Осыған орай хазірет дұғаның тілімен мүміндерге жол көрсетіп: «Бұл жақсылық пен мейірім айында Өзіне қарай бет бұруға, көршілермізге қайырымды болуға, зекетті белгілеп, мүлкімізді тазартуға, ренжіскен адамдарымызбен татуласуға көмектесе гөр. Бізге зұлымдық жасағандармен әділ қарым-қатынас орнатып, бізге дұшпандық жасағандармен бейбітшілік орнатайық. Алайда, Өзіңмен дұшпан болғанмен дос болмаймыз»,- деген болатын. Имам дұғасының келесі бір жерінде қасиетті Рамазан айын өмірінің ең жақсы күндері деп атап: «Өмірімнің ең жақсы айы мен сағаттарына сәлем!»,- деді. Илаһи тағылымдар бойынша, адамның барлық істері оның өз заманына борыштар. Осыған орай мүміндер уақыттарын жетістіктерге жету үшін пайдаланып, мұрсаттарын жақсы уақыттар ретінде еске алады. Сондықтар кейбір уақыттар адамның тағдыры үшін алтын мұрсаттар болып табылады. Мұндай уақыттардың арасында Рамазан айы адамның кемелдікке жетуінде теңдессіз рөл атқарып, оның түндері мен күндері адамды Жаратушыға жақындауға жігерлендіреді. Сондықтан имам Саджад (ғ.с.) бұл қасиетті айды өмірінің ең жақсы уақыты деп еске алып, басқаларға оның берекесі мен сырлары туралы баяндады. Имам Саджадтың (ғ.с.) дұғаларының басқа бір бөлімінен: «Жамандықтарды алыстатып, көптеген жақсылық пен берекені бізге сыйлаған саған сәлем!»- деп оқимыз. Бұл сөйлемде хазірет бір жақтан Рамазан айын жамандықтардан алыстатушы, басқа жақтан рақым жаңбыры жауатын көктем деп көрсетеді.
Имам Саджад (ғ.с.) қасиетті Рамазан айының соңында «Сахифенің» 45-ші дұғасын оқып: «Рамазан айы біздің ортамызға келіп, мадақ пен марапатқа ие болды. Өйткені, әрқашан өзімен бірге рақымын әкеліп, біз үшін өте пайдалы болды. Біз бұл айда Жаратушымен сырласып, оның қасиеттері мен нығметтеріне куә болдық. Бұл ай рақымы мен білімі және беркесін өзімен бірге әкелген дос болды»,- деді.
Алла елшісі де шағбан айындағы құтпасында бұл айдың береке мен рақым және кешірім әкелетінін қуаттаған болатын. Бұл айдың досы болғандар оның берекесі мен рақымына және кешіріміне ие болады. Сондықтан, қоштасу – қасиетті рамазан айына ғашық болғандарға тән. Адам досы немесе біраз уақыт оған жақын болған адаммен қоштасады. Бірақ, қасиетті Рамазан айының келгені, өткені немесе бұл айдың не үшін келгені туралы білмейтін адам үшін онымен қоштасудың да қажеті жоқ. Қоштасудың бір бөлімінде: «Сәлем саған, қоштасқым келмейтін ай! Сенің оразаларыңды шаршағаннан аяқтамаймын. Келерден бұрын барлығымыз күтетін, өлерден бұрын уайым-қайғыға себеп болатын саған сәлем!»,- деген болатын
Рамазан айымен қоштасудың негізгі жолдауы осы айда илаһи нығмет пен Жаратушымен ерекше сырласу мүмкіндігіне ие болу туралы еске алуда. Бұл қасиетті айда барлық ораза тұтушылар мен илаһи бақытқа ие болғысы келетіндер «Сахифе Саджадиедегі» дұғаларға жақындап, олардың мазмұнындағы терең білімді өмірлерінің үлгісі етеді деп үміттенеміз.