Иранның танымал тұлғалары (145)
Алдыңғы бағдарламаны жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 10 ғасырдың екінші жартысы мен 11 ғасырда өмір сүрген ирандық ақын Мұхаммад Хосейн Назири Нишапури жайлы сөз қозғаймыз.
"Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар" атты бағдарламамыздың келесі бөлімін назарларыңызға ұсынамыз. Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 10 ғасырдың екінші жартысы мен 11 ғасырда өмір сүрген ирандық ақын Мұхаммад Хосейн Назири Нишапури жайлы сөз қозғаймыз. Ол өз заманы мен кейінгі дәуірлердегі поэтикалық ағымдарға терең әсер еткен парсы поэзиясының тарихында өзіндік стилі бар ақындардың бірі саналады. Назири өз заманындағы халыққа ең жақын ақындардың бірі ретінде танылған. Оның бәйіттерінің көбі мәтел түрінде халықтың ауызекі тіліне еніп кеткен. Бүгінгі бағдарламада Назири өлеңдерінің ерекшеліктерін талдаймыз.
Айтып өткеніміздей, Мұхаммад Хосейн Назири Нишапури х.қ.ж.с.б. 10 ғасырдың екінші жартысында Нишапурда дүниеге келген. Ол туған қаласында поэзия мен прозаның басты принциптерімен танысқан. Назири жастайынан өлең шығарып, оның танымалдығы Хорасаннан асқан. Назири жастық шағында өзінің ақындығын сынау үшін Кашанға барып, ақындардың өлең шығару жиындарына қатысып, атағы шыққан. Содан Иракқа барып, сол жерлердегі ақындармен айтысып, танымалдығын арттыра түскен. Соңында қауіпсіздікте рахат өмір сүре алатын жер іздеп, Үндістанға баруға шешім қабылдайды. Агра қаласына барып, тимурилік Жаһангир әмірлерінің бірі «хандардың ханы» деп аталған Абдуррахим Байрамның назарына ілінеді. «Хандардың ханы» Назириді өзінің сарайына шақырған. Хан сарайында Назири мол байлыққа кенелген. Оның барлығын мигрант ирандықтарға, әсіресе ақындар мен өнерпаздарға жұмсап отырған. Назири Нишапури х.қ.ж.с.б. 1021 жылы Гуджаратта дүние салып, сол жерде жерленді. Өткен бағдарламада айтып өткендей, Назири Нишапури өлеңдерінің кейбір ерекшеліктеріне, соның ішінде тілінің тазалығы мен ауызекі тілді қолдануына, өлеңдерінің шыншылдығы мен төгілмелілігіне, адам өмірінің эмоционалды сәттерін шынайы баяндауына тоқталдық.
Назири Нишапуридің өлеңдеріндегі ерекшеліктердің келесі бірі – поэтикалық тығырықтан шығуы. Парсы поэзиясындағы маңызды сынақтардың бірі – ақынның поэтикалық тығырықтан шығу үшін қажет қабілетке ие бола алуы. Кейде алғашқы екі жолдың ұйқасының мықтылығы соншалықты, оқырман ақынның өлеңді әрі қарай алып жүре алатындығына күмән келтірмейді, бірақ екі-үш бәйіттен кейін өлең әлсіреп, қатыссыз жолдар байқалады. Мұндай өлеңдерде әдетте алғашқы екі-үш бәйітте ақын өлеңінің жобасын өте сәтті шығарғанымен, бірақ ғазалдың ортасынан бастап әлсіз бәйіттермен кездесеміз. Олардың ғазалдың бас жағына ешқандай қатысы болмайды. Мұның басты себебі – ақынның өлең жырлауға таңдаған ұйқасының ауырлығы. Парсы өлеңдеріндегі бұл мәселе көптеген ақындарды түйткілге ұшыратқан. Солардың кейбіреуі ғана бұл түйткілден абыроймен шыққанымен, кейбіреулер сәттілікке қол жеткізе алмаған. Бұл бастапқы бірнеше бәйіттің ғана есте сақталып, қалғанының ұмыт болуына себеп болды. Кейбір ақындар осындай қиындықтан құтылу үшін өлеңдерін қысқартты. Мысалы, Сефевилер заманында бес бәйіттен тұратын ғазалдар кең таралды. Кейде өлеңнің мазмұнында да осындай қыспақ туындап отырды. Яғни, оқырман ақын таңдаған мазмұнға тиісті ұйқас табылмайды деп ойлайды. Мұндай қиындық пен тығырық үнді стиліндегі ақындардың өлеңдерінен байқалады. Ақынның бар қайғысы мазмұнды қиыстыру болды. Ақындардың мұндай тобы өзі көздеген мазмұнды баяндау үшін парсы тілінің бөлшектерін өзгертіп, сөз жасамын бұзған. Осылайша парсы поэзиясының тілін құрдымға қарай бастаған.
Назири Нишапури өлеңдегі ұйқас пен мазмұнда туындаған қиындықтан шеберлікпен шыққан ұстаз саналады. Кейде Назиридің бір ғазалының алғашқы бәйіттерін оқығанда немесе естігенде және онда қолданылған ұйқасты көргенде оқырман ақынның бұл өлеңі қысқа болатын шығар деп ойлайды. Алайда ол асқан шеберлікпен өз жобасын ондаған бәйітке дейін созады. Кейбір мазмұндарға қатысты туындайтын қиындықтары бар жағдайларда Назиридің өлеңдер жинағынан бәйіттің мазмұны қалып, тіл мен баяндау тәсіліне сәйкес келмейтін тұстарды сирек кездесетіруге болады. Әдеби сыншылардың айтуынша, оның поэзиядағы шеберлігі мен тілді жетік білетіні соншалықты, ол ешқашан парсы тілінің құрамын кең түрде өзгертуге мәжбүр болмаған. Ол өзі көздеген мазмұндарды сәтті ұйқастырумен бірге тілдің саулығы, баяндаудың сәйкестігі, төгілмелілігі және өзінің ерекше шынайылығын сақтап қалған:
Ойын-сауық көгін шөл даладан сұрама,
Қант қамысы Мысырдан шығады, оны Кенаннан сұрама.
Түйілген қабақпен сәжде ету рәсім болған елде,
Қисық михраб пен қираған құбыладан басқа ештеңе сұрама.
Махаббаттары азайғандықтан барлығы өздерін мақтайды,
Мұндай өз-өзін сатушылардан достың құнын сұрама.
Назиридің тағы бір ерекшелігі – оның ақындығының жан-жақтылығы. Бұл ерекшелік кейінгі заман парсы поэзиясында сирек кездеседі. Хафиз Ширазиге дейін парсы поэзиясында үлкен ақындар болған. Поэзияның барлық салаларында, тіпті проза саласында сәтті туындылар қалдырған ақындардың көбі жан-жақты ақын саналған. Мысалы, Рудаки, Санаи мен Сағди. Алайда зерттеушілердің пікірінше, парсы поэзиясында пайда болған Хафиз – жан-жақты ақындардың соңғысы. Хафиздің ғазал жырлау саласындағы таңғажайып сәттілігі одан кейінгі ақындардың осы ақынның сәттілігін қайталау үшін ғазал жырлауға бет бұруына себеп болды. Хафиздан кейінгі ақындардың ғазалға бет бұруы бұл салада нәтиже бермегенімен қатар парсы ақындарын жалпылықтан да айырды. Хафизден кейінгі ақындардың қатарына жататын Джами – өз қарым-қабілетін сөз өнерінің барлық саласында сынаған ақындардың бірі. Бірақ, оның жан-жақтылығы туындылардың алуандығы және санымен шектелді. Мұнымен қоса, Джами өзі қолға алған салалардың ешқайсысында Санаи мен Сағди сияқты жан-жақты ақындар сияқты кемелдікке жете алмады. Сондықтан, парсы поэзиясынан жан-жақтылық кетті.
Назири Нишапури жан-жақты ақынның бейнесін көрсетті. Оны «парсы ғазалының көк ақығы» деп атаған. Бірақ, ол поэзияның басқа салаларында да бұлтартқысыз сәттіліктерге жеткен. Оның «тарджихбанд»-қайырмалы өлеңі Сағдидің осындай өлеңдерінен кейінгі ең сәтті үлгі болып табылады:
Уһ, көңілім тынышталды.
Әлем орнына келді.
Жарым қайтқан соң,
Адамның жанарында жігер болмайды.
Егер достың алдынан қорланып қайтса.
Ғазал жырлаушылар, тіпті шираздық Хафиздің өзі де қасида жазған. Алайда, осындай шайырлардың қасидаларын талдағанда бұл ақындардың ғазалшы екені және олардың қасидаларынан аса көп күтпеу қажеттігі аталып өтіледі. Алайда, Назири Нишапуридің қасидалары да ғазалдарындай сәтті шыққан. Онда да шынайылық пен тілдің тазалығы сақталған:
Бақсының шарап тостағанындай,
Өнерден өзіме сыймаймын.
Мағына қайнап бойыма сыймағанда,
Үстімдегі киімді жыртамын.
Патшалар рақым мен талпынысқа қарайды,
Сен екеуміз неге еркелемейміз?
Мені де, бағаны да өзгерте алмайды,
Сені де, басқаны да ауыстыра алмайды.
Бұл өмірдің ләззатын сенің көңіліңнен көрдім.
Егер сенен ана әлемнің тумасын көрсем, не болады?
Мына дұғадан басқасын айтпаймын,
Басқасы көзбояушылық болар...
Мені мақсатыма жеткізсең, сені мақсатыңа жеткізеді.