Маусым 24, 2018 18:50 Asia/Almaty

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 10-11 ғасырларда өмір сүрген ирандық ақын әрі сөздік жазушы Тақиеддин Аухеди Белиани жайлы сөз қозғаймыз.

Тақиеддин Мұхаммад Аухеди Даққақи Белиани Казеруни х.қ.ж.с.б. 973 жылдың мұхаррам айының 3-ші жұлдызында Исфаханда дүниеге келген. Атақты Белиани әулетінің барлығы тариқат пен сопылық жолын ұстанған әулиелер мен шейхтер болған. Аухеди бастауыш білімді  Исфаханда алды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін шах Тахмасптың текті әулеттерден қалған жетім балаларға ғылым-білім үйрету үшін ашқан «Дар ул-айтам» деген үйде сол замандағы атақты ұстаздардан тәлім алған. Ол өз заманында оқытылған дәрістерді, соның ішінде араб тілінің синтаксисі мен морфологиясын, қисын, математика мен Құранды 12 жасына дейін меңгеріп алған. Содан соң хикмет пен ақлақты үйренген. Аухедидің жеткіншектік және жастық шағының бір бөлігі Йезд пен Ширазда сол замандағы ұлы ұстаздардың алдында ғылым-білім үйренумен өткен. Сол кезде ол сопылық пен мистикаға тартылды. Шираз бен Исфаханда поэзия кештеріне қатысып, бәрінің таңданысына себеп болған. Аухеди шах Аббастың өзбектерді жеңуін тойлау рәсімінде шығарған рубаимен "Шахпәсәнд" (Шахтың қалаулысы) деген лақапқа ие болды. Аухеди осы жылдар барысында әртүрлі қалаларға сапар шегіп, 4 жылын Кербала, Наджаф, Каземин мен Бағдад қалаларында өткізді. Х.қ.ж.с.б. 1014 жылдың аяғында достарымен біргеҮндістанға аттануға бел байлады. Парсытілді ақындардың бір тобы қосылған осы сапарда Шираз, Керман мен Лахор арқылы Қандағарға жетті. Аухеди бірнеше жыл бойы Үндістанның көптеген қалаларын аралады. Оның өмірінің соңғы жылдары мен жерленген жері жайлы дұрыс мәлімет жоқ. Оның х.қ.ж.с.б. 1038-39 жылдарға дейін өмір сүргені анық. Өйткені осы жылдарға тиесілі өлеңдері бар.

Үндістанда өмір сүрген жылдар Аухеди үшін демалыс кезеңі болды. Ол бұл аралықта «Арафат ул-ашеқин» кітабынан басқа көптеген поэмалар мен кітаптар жазды. Олардың көбінің атауы «Арафат ул-ашеқин» атты құнды кітапта аталған, кейбіреуі қазір де сақталған. Аухеди Белианидің кейбір туындыларының қолжазба нұсқалары әлемнің әртүрлі кітапханаларында сақталынған. «Арафат ул-ашеқин уа арасат ул-арефин", "Мистика қағбасы", "Қиял жұмағы", "Сүлеймен сүрмесі" мен өлеңдер жинағы Аухедиден қалған кейбіртуындылар болып табылады.

«Арафат ул-ашеқин» кітабының көне нұсқасы

Аухедидің көптеген әрі әралуан туындыларына шолу жасағанда оның еңбекқор ақын болғанын, проза мен поэзияның әртүрлі қалыптарын жақсы меңгергенін көруге болады. Алайда сыншылар оның өлеңдеріне әрқилы қарайды. Бір топ оның сөз өнеріндегі орнын жоғары бағаласа, басқа сыншылар оның өлеңдерін орташа деп есептейді. Оның өлеңдегі лақап аты – Тақи. Алайда кейбір өмірбаян жазушылар оның лақап атын «Аухеди» деп есептеп, оның өмірбаянын осы атпен жазған. Аухеди өз заманындағы ақындардың арасынан бәрінен бұрын Орфи Ширазиді қадір тұтқан. Орфидің стилі мен туындыларына еліктеп көптеген өлең жазған. Ол маснәуи, қасида, ғазал мен қыта, кейде сықақ өлең де жазған. «Арафат ул-ашеқин» кітабында сықақ өлеңдерде ынсапты сақтауға тырысқанын айтқан. Аухеди ғазалдары мен кейбір қасидаларының бастамасынан таңдамалыларды «Арафат ул-ашеқин» кітабында өзінің өмірбаянынан кейін келтірген:

Махаббатты қалайтын жүрегім бар.

Содан махаббат базары қызып тұр.

Машақат пен махаббаттың жіптерінен

Жүрекке лайық киім тіктім.

Саған махаббатымды білдіргенім үшін,

Қателестім, төзімнің жүзі қара болғай.

«Арафат ул-ашеқин уа арасат ул-арефин" кітабы Аухедидің ең көрнекті туындысы және егжей-тегжейлі өмірбаяндар жиынтығы саналады. Аухеди бұл кітапта алғашқы дәуірлерден өз заманына дейінгі 3400-ден астам парсытілді ақынның өмірбаяны мен таңдамалы өлеңдерін жинастырған. Біз бұл туындыға кейінірек тоқталамыз.

Аухедидің келесі кітабы – "Мистика қағбасы". Аухеди «Арафат ул-ашеқин» кітабын жазып болғаннан бірнеше жыл өткен соң жалпы халықтың қолдануы мақсатында осы кітаптан таңдама жасап, оны "Мистика қағбасы" деп атап, 1036 жылы Гуджараттың Ахмадабад қаласында аяқтады. Бұл кітапта «Арафат ул-ашеқин» тазкересі сияқты ақындардың өмірбаяны әліпби тәртібі бойынша реттеліп, әрбір әріп үш бөлімге бөлініп, олардың әрқайсысының астында алғы буын, орта буын және кейінгі буын ақындардың өмірбаяндары келтірілген. Аухеди бұл кітапты Жаһангирге сыйлаған. "Мистика қағбасы" кітабы әлі күнге дейін басылып шықпағанымен, оның бірнеше қолжазба нұсқасы бар. Соның ішінде бір нұсқа Малек ұлттық кітапханасында сақталған. Аухеди осы туындыдан кейінЖаһангирдің бұйрығымен шын мәнінде "Мистика қағбасы" кітабының қысқарған түрі болып табылатын таңдамалы жасады. Бұл кітап алғы, орта және кейінгі буын ақындардың өмірін баяндайды. Қазіргі заман  зерттеушісі әрі әдебиетші Саид Нафиси "Парсы прозасы мен поэзиясы" атты кітабында, Нақафи "Өмірбаян жазу" атты кітабында аталмыш кітапқа тоқталып, оны Аухедидіңтуындыларының бірі деп атаған. Нақафи "Өмірбаян жазу" атты кітабында  Аухедидің осы кітабы жайында: "Аухеди қайтыс болғаннан бірнеше жыл өткен соң үнді жазушыларының бірі Абдулваххаб Аламгир бен сейіт Мансурхан 1155 жылы "Голдасте" деп аталатын тазкере жазды. Оның көбі "Мистика қағбасы" кітабынан алынған",-деді.  

Тақиеддин Аухедидің Үндістан сапарында бірнеше жолсерігі болды. Солардың бірі – Хейдар Хамадани. Ол жол ортасында Аухедиді ақындардың таңдамалы туындыларын жинауға ынталандырады. Аухеди  Хейдар Хамаданидің өтінішін жерге тастамай, алты жыл бойы жинаған өлеңдерін бір кітапқа топтастырып, оның атын "Қиял жұмағы" деп атады. Ол бұл кітабын х.қ.ж.с.б. 1020 жылы аяқтады. Бұл туындыда ақындардың өмірбаяндары жазылмаған, тек олардың өлеңдерінің үлгілері келтірілген. "Қиял жұмағы" шын мәнінде оның «Арафат ул-ашеқин» деп аталатын көрнекті кітабының негізі болған. Оның жеке қолжазба нұсқасы жоқ. Алайда Тақиеддин Аухеди «Арафат ул-ашеқин» кітабының кіріспесінде "Қиял жұмағы" кітабында өз сапарында болған жағдайлардың бір бөлігін баяндағанын айтқан.

Тақиеддин Аухедидің келесі бір құнды кітабы "Сүлеймен сүрмесі" деп аталады. Бұл – парсы тілінің сөздігі. Онда ауызекі тілде сирек кездесетін парсы тілінің қиын сөздері жинастырылған. Сонымен қатар осы сөздіктен терминдер, тарихи-географиялық атаулар мен дәрілердің аттарын көруге болады. Автор өз туындысын әліпби әріптері негізінде 32 бөлімге бөліп, әрбір бөлімді сөздердің соңғы әрпіне сәйкес 32 шағын бөлікке реттеген. Аухеди бұл туындыны Исфаханда болған кезінде жазған.

Осыған қатысты Аухеди мен басқа бір сөздіктің авторы Сарвари Кашани арасында қайшылық туындаған. Бұл жайлы «Арафат ул-ашеқин» кітабында жазылған. Аталмыш туынды Аухедидің басылып шыққан жалғыз кітабы болып табылады.