Шіл 22, 2018 14:02 Asia/Almaty

Топтамамыздың бүгінгі бөлімінде Ашура оқиғасы мен имам Хусейн (ғ.с) өмірінен қалған маңызды жолдаулар мен өмірлік сабақтар жайлы сөз қозғаймыз.

Өткен бағдарламада Ашура оқиғасын жай оқиға деп есептейтін кейбіреулердің пікіріне қайшы Ашураның Кербаладан басталып, тарих бойында жалғасып келе жатқан қозғалыс екендігіне тоқталдық. Ашура зияратнамасының бір бөлімінде: "Уа, Хусейн! Мен сен және сенің асқақ әрі қасиетті армандарыңмен келісетін адамдар секілдімін. Сен және сенің биік мақсаттарыңмен соғысқан адамдарға қарсы Қиямет күні туғанша соғысамын",- деп жазылған. Алайда қазір Ашура мәдениетінің сақталуының сыры саналатын Хусейннен қалған жолдаулар мен сабақтар қандай деген сауал қоюға болады.

Пайғамбар мен имам Әлидің саясаттарын жүзеге асыру саласында Хусейн (ғ.с) мен оның адал серіктері шынайы мұсылманның пікірлестері мен жақтастарының алдында тартымдылыққа, күпірлер мен мұнафықтарға қарсы жиіркеніш пен қорғанысқа ие болу керектігін көрсетті. Дұшпанды танып-білу мен оның болмысын, жоспарлары мен қастандықтарын әшкерелеу Ашураның саяси жетістіктерінің қатарын құрайды. Қоғамдық пікірге ауытқушылықтар мен бидғаттарға қатысты ағартушылық жұмыстарын жүргізуі, сырттай исламдық болып көрінетін үкіметтермен күресу рухын көтеруі, езгі мен басқыншылыққа қатысты немқұрайдылық пен үнсіздік танытуды теріске шығаруы, үлемдер мен зиялы қауымды белсенділікке шақыруы, қанаушылармен келіспеуі, ширк пен екіжүзділіктің көріністеріне қарсы үздіксіз күреске шақыруы, әлсіз, шайтандық күштерден қорықпауы, азаттық тілеуі мен құтқарылу мәдениетін қайта жаңғыртуы, қорлыққа толы өмірден гөрі шарапатты өмірді артық көруі және діннің саясаттан бөлектігі жайлы ауытқыған көзқарасты теріске шығаруы Хусейннің Ашура оқиғасының жетістіктерінің қатарын құрайды.

Сондай-ақ, хусейндік Ашура мәдениетінің жетістіктері жайлы сопылық және табандылық мәдениетін қайта жаңғырту, өмірдің алдамшы көріністеріне тәуелділіктен айрылуға шақыруы, діни қырағылықты күшейтуі, жәһілдікпен күрес және үстірт көзқарасты теріске шығаруы, велаятқа бағыну принципін тереңдетуі, саналы түрде имам мен жетекшінің жолын қуу, – бұлардың барлығы Ашура мәдениетінің жетістіктерінің қатарына жатады. Хусейндік оқиғаның жетістіктерінің барлығы рухани және ахлақтық қолдаулардың нәтижесі саналады. Шынтуайтында, Хусейн (ғ.с) мен оның Құдайға иман келтірген серіктерінің пәк рухтары Құдайдың қасиетті мөлдір бұлағынан сусындағандықтан, олар тарих бойында бүкіл адамзат әлемін жігерлендіретін оқиғаны тудырып, бұл шындық Ашура түні көрініс тапты. Хазірет Хусейн (ғ.с) қосынына дұшпанның жақындағанынан хабардар болған Ашура түні намаз оқып, Жаратушысына сиынып, сырласу үшін оларға бір түн уақыт беруді сұрауға бауыры Абул Фазлды (ғ.с) бір топ серігімен бірге дұшпандарға жіберіп, былай дейді: "Құдай менің намаз бен Құран оқып, дұға тілеп және Алладан кешірім сұрауға қатты қызығушылық танытып, сүйетінімді біледі".

Бұл өтініш Хусейн (ғ.с) мен оның адал серіктерінің ертеңінде қанды қырғында құрбан болатындықтарына берік сенген түні айтылды. Бірақ, қорқыныш пен күйзелістің орнына мистикалық және ғашықтыққа толы дұғалардан теңдессіз кеңістік орнады. Осындай аспандық махаббаттың шарықтау шегі Ашура оқиғасы орын алған күннің ортасында басталды, яғни Хусейн (ғ.с) мен кейбір серіктері өз өмірлерін қиып, Аллаға сиынатын барша адамдар үшін тіпті ең ауыр жағдай мен дұшпан шабуылының шарықтаған кезінде Құдайды ұмытпай, оның панасында сабырлыққа қол жеткізуді үйрету үшін салтанатты түрде намаз оқыған ең маңызды әрі сезімтал сәтте орын алды.

Хусейн (ғ.с) мен өмірлерін қиған оның серіктерінің сол аспандық бұйрықтан шабыттанғаны күмәнсіз. Сондықтан ол: "Әй, мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла (Т.) сабыр етушілермен бipгe" (Бақара сүресі, 153-аят)",- деп айтқан.

Имам Хусейн (ғ.с) Алланың қасиетті болмысымен махаббат пен ирфанға негізделген ең жоғары байланыста болған. Ол хазіреттің Арафат шөліндегі «Арафа» дұғасы да оның бүкіл әлемнің Құдайымен терең рухани байланысының айқын мысалдарының бірін бейнелейді. Шәһидтердің көшбасшысы өз жолын іздеушілерге Жаратушының жаратылған тіршілік иелерімен байланысы бір-біріне өте қажет саналатын және бұл жолды барша пайғамбарлардың, әсіресе Илсамның Ұлық пайғамбарының (с.ғ.с) барлық замандағы жолы болып табылатынын үйрету үшін Құдайдың жаратқан пенделерімен де терең әрі сындарлы байланыс орнатқан. Бұл салада исламдық дереккөздерде имам Хусейннің (ғ.с) халықпен адами және ахлақтық байланыстары жайлы көптеген мысалдар келтірілген.

Бір күні Хусейн ибн Әли (ғ.с) бір жерден өтіп бара жатқанда, бір топ кедей мен мұқтаж адамның жиналып, кепкен нан жеп отырғанын көреді. Олар хазіреттен олардың жанына отырып, олармен бірге тамақ жеуді сұрайды. Мәртебелі имам кідірместен, олардың өтінішін қабыл алып, кепкен нандарынан ауыз тиеді. Содан кейін хазірет оларды өз үйіне шақырады. Имам бұл адамдарды қонақжайлықпен күтуі арқылы адамдарға қарапайымдылық пен қайырымдылықты үйретті. Шәһидтердің көшбасшысы шәһид болғаннан кейін адамдар ол хазіреттің арқасынан қара дақтар мен сүйелдерді байқайды. Имам Саджадтан (ғ.с) мұның себебін сұрағанда, ол: "Бұл – әкемнің қараңғы түндерде жасырын түрде асыраушысы жоқ отбасыларға, жетім-жесір мен міскіндерге арнап тасыған тамақ салынған дорбалардың ізі",- дейді.

Имам Хусейн (ғ.с) сондай-ақ, оны үлгі тұтқан өзінің шынайы ізбасарларына халыққа қызмет ету саласында бағыт-бағдар көрсеткен. Солардың кейбіреуіне сілтеме жасаймыз. Мысалы: "Мұсылманның мойнынан ауыр жүкті түсірген кез келген адамды Құдай дүние мен ақыреттің мұңынан алыстатады",  "Басқаға игі іс жасаған әрбір адамға Құдай да игілік береді, себебі Құдай игі іс жасайтындарды сүйеді" деген.

Ешқандай жолы қалмаған мұқтаж адамдардың көмекке жүгінуі жайлы былай деген: "Мұқтаж адамдардың сіздерге жүгінуінің илаһи нығыметтердің бірі екенін білгендеріңіз жөн. Адамдардың өздеріңізге жүгінгенін жақтырмай, оған ашуланбаңыздар, шамаларыңыз келгенше жауап беріп, көмектесуге тырысыңыздар. Кері жағдайда Құдайдың берген бұл нығметтері бақытсыздыққа айналып, өздеріңіз мүмкіндіктерден айрылып, оған өкінудің түк пайдасы болмайды".

Қоғамға қызмет ету мен мұқтаж адамдардың қажеттіліктерін өтеу Ислам діні мен хусейндік мәдениет тұрғысынан өте бағалы саналады. Бірақ, адамның бойына ахлақтық және адами игі қасиеттердің даруы оның құрметі мен ұлылығын артырып, оның құндылығын екі есе көбейтеді. Мүмкін, дәл сол себепті де хазірет: "Уа, халайық! Игі әрі жақсы қасиеттерге ие болып, ахлақтық мінез-құлық бойынша бір-біріңмен бәсекелесіңдер. Осы сайыста бір-біріңнен басым түсуге талпыныңдар",- деп айтқан шығар.

Мысырлық көрнекті жазушылардың бірі Алламе Абдулла Алайели өзінің سمو المعنى فی سمو الذات атты кітабында былай деп жазды: "Біз тарихтан әрқайсысы белгілі бір майдан мен тұрғыдан өзінің ұлылығымен әлемді тамсандырған ұлы адамдарды кездестіреміз. Бірі батылдығымен, басқасы жанпидалығымен, келесі біреуі жомарттығымен таңқалдырып жатады. Бірақ, имам Хусейннің (ғ.с) ұлылығының ерекше әрі бірден көзге түсетіндігі соншалықты, оның шексіз тұстары адамзат тарихының шарықтауын ұлылықпен нұрландырып тұрады. Тіпті, ол жоғары ахлақтық және адами құндылықтар мен қасиеттердің бәрін өз бойына жинағандай секілді".

Иә, таза мұхаммадтық Исламның шексіз мұрагері саналатын біртуар тұлға имам Хусейн – хазірет Әли (ғ.с) секілді әділет, мәрттік, сопылық пен жанпидалыққа дайын әкесі мен Заһра (ғ.с) секілді бойында ұлылық пен аналық қасиеттер жарқыраған анасының мұрагері болып табылатын толық кемелдікке жеткен адам.

Шәһидтердің көшбасшысы Хусейн ибн Әлидің (ғ.с)  жеке-тұлғалық, саяси, ахлақтық, сенімдік және мәдени өмірлік жолын талдауға арналған бағдарламамыз көңілдеріңізден шықты деп үміттенеміз. Келесі бағдарламамызға дейін сіздерді бір Аллаға тапсырамыз. Алланың жар болуымен алдағы бірнеше бөлімді имам Хусейннің (ғ.с) үлкен перзентінің өмірі мен хазірет Зейноллабединнің (ғ.с) тұлғасын таныстыруға арнайтын боламыз.