Шіл 26, 2018 10:48 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (150)

Бүгінгі бағдарламада х.қ.ж.с.б. 10-11 ғасырларда өмір сүрген ирандық ақын әрі сөздік пен тазкере жазушы Тақиеддин Аухеди жайлы сөз қозғаймыз.

Айтып өткеніміздей, Тақиеддин Мұхаммад Аухеди Даққақи Белиани Казеруни х.қ.ж.с.б. 973 жылдың мұхаррам айының 3-ші жұлдызында Исфаханда дүниеге келген. Атақты Белиани әулетінің адамдарының бәрі тариқат пен сопылық жолын ұстанған әулиелер мен шейхтер болған. Аухеди өз заманында оқытылған дәрістерді, соның ішінде араб тілінің синтаксисі мен морфологиясын, қисынды, математика мен Құранды 12 жасына дейін меңгерген. Содан соң хикмет пен ақлақты үйренуге бет бұрған. Аухедидің жеткіншек және жастық шағының бір бөлігі Йезд пен Шираз қалаларында сол замандағы ұлы ұстаздардың алдында ғылым-білім үйренумен өткен. Сол кезде ол сопылық пен мистикаға тартылды. Аухеди шах Аббастың өзбектерді жеңуін тойлау рәсімінде шығарған рубаимен "Шахпәсәнд"-«Шахтың қалаулысы» деген лақапқа ие болды. Х.қ.ж.с.б. 1014 жылдың аяғында достарымен бірге Үндістанға аттануға бел байлады. Парсытілді ақындардың бір тобы қосылған осы сапарда Шираз, Керман мен Лахор арқылы Қандағарға жетті. Оның өмірінің соңғы жылдары мен жерленген жері жайлы дұрыс мәлімет жоқ. Тек оның х.қ.ж.с.б. 1038-39 жылдарға дейін өмір сүргенін білеміз. Тақиеддин Аухедидің ең құнды туындыларының бірі – «Арафат ул-ашеқин уа арасат ул-арефин" кітабы. Ол зерттеушілер арасында толық тазкере‑өмірбаяндар жинағы ретінде танылған. Автор 3500‑ге жуық парсытілді ақынның өмірбаяндары мен өлеңдерін 8 томда жинақтаған. «Арафат ул-ашеқин уа арасат ул-арефин" кітабы парсы өлеңі жырлана бастаған заманнан бастап, автордың өмір сүрген уақытына, яғни х.қ.ж.с.б. 11 ғасырдың ортасына дейінгі парсытілді ақындардың ең үлкенөмірбаяннамасы болып табылады. Ол көлем тұрғысынан да, мазмұн тұрғысынан да парсы әдебиетіндегі ең маңызды тазкерелердің бірі. «Арафат ул-ашеқин» кітабының жазылу стилі біркелкі емес. Оның бөлімдері арасында айырмашылықтар бар. Проза тұрғысынан әсіресе ақындарды сипаттауда мұсаджа‑ұйқасты көркем тіл қолданған.

Тақиеддин Аухедиден қалған құнды туындылардың бірі – "Сүлеймен сүрмесі" деп аталатын сөздік. Х.қ.ж.с.б. 11 ғасырда өте кең таралған парсы прозасы жанрларының бірі – сөздік жазу. Бұл жанр х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдан бері қарай қажеттілік туындағандықтан пайда болып, біртіндеп кең етек жайды. Шын мəнінде х.қ.ж.с.б. 5 ғасырда Иранның батыс өңірлері мен Əзірбайжан ақындары мен əдебиетшілері үшін туындаған қажеттілікті кейінгі ғасырларда парсытілді емес жерлердің əдебиетшілері де сезінді. Үндістан х.қ.ж.с.б 10-11 ғасырлардан бері парсы əдебиеті дамыған орталықтардың бірі саналған. Мыңдаған ақын мен жазушы көптеген сарайларда жиналып, тарих жазған, өлең жырлаған, əртүрлі ғылымдармен айналысқан. Əдебиет сүюшілер көптеген кітаптар мен өлең жинақтарындағы ерекше терминдер мен сөздермен таныс болмағандықтан, олардың қажеттілігін қамтамасыз ететін сөздік кітаптар жазылуы керек еді. Осы дəуірлердің арасында 11 ғасырды осы қажеттіліктің шарықтау шегіне жеткен кез деп айтуға болады. Сол заманда сөздік техникасы туралы көптеген кітап Иранда да, Үндістанда да жазылды. Бұл кітаптардың танымалдары – Жаһангири сөздігі, Сарваридің "Маджма ул-Фарс" сөздігі, Рашиди сөздігі, Джафари сөздігі жəне ең əйгілісі – "Бұрхан-е қате".

Сөздік жазудың маңызды тармақтарының бірі – парсы тілінің түсіндірме сөздіктері. Олар екі немесе көптілді сөздіктердің қасында тұрады. Бұл туындылардың ортақ ерекшелігі – сөздер мен мағлұматтарда қателіктердің көп болуы. Алайда бұл мəселе аталмыш сөздіктердің құнын түсірмейді. Алдымен сөздік жазушылар тек Фарс Асадидің сөздігіне еліктеген. Олардың жұмысы көп жағдайда осы кітапты көшіріп жазу болған. Дұрысырақ айтсақ, олар осы сөздіктің уақыт өте келе бұрмаланған, бір-бірінен айырмашылығы көп, таңқалдыратын алып-қоспалары мол əртүрлі нұсқаларының көшірмесін жасаған. 

Уақыт өте келе Фарс Асадидің сөздігіне еліктеп жазылған туындылар кейінгі əдебиетшілердің қолына жетті. Бұл сөздіктердің қателіктері өткен авторлардың қателіктерін қайталаумен бірге көбінесе кейбір сөздерді жазу тəсілінен байқалды.

Уақыт өте келе сөздердің саны артқан соң жалпы сөздіктер екі маңызды топқа бөлінді: бірінші топта əрбір сөзге өлеңнен дəлел келтірілген; екінші топта сөздер мен олардың əртүрлі мағыналары келтірілген. Осы екі топтың арасында өлеңнен дәлел келтірілген бірінші топтағы кітаптардың беделі жоғары. Жаһангири мен Рашиди сөздіктері, Сарваридің "Маджма ул-Фарс" кітабы – өлеңнен дәлелдер келтірілген сөздіктердің қатарына жатады. Сөздіктің екінші түрінде дәлелдер келтірілмейді. Автор сын айту және зерттеумен азырақ айналысқан. Жафари сөздігі, «Сүлеймен сүрмесі» мен «Бұрхан-е қате» осы топқа жатады.

Дәлелсіз сөздіктердің түсіндірмесі өлеңнен дәлел келтірген сөздіктерден əлдеқайда қиынырақ. Мұндай сөздіктерде автор негізсіз бұрмалаушылықтар және өзгерістермен, жалған мағлұматтар жəне сөздермен бетпе-бет келеді. Автор солардың барлығын білуі тиіс, оқырманға таныстыруы керек жəне өзінің сөздеріне мүмкіндігінше өткен буынның проза мен поэзия саласындағы туындыларынан дәлел табуы қажет.

Тақиеддин Аухеди "Сүлеймен сүрмесі" кітабын х.қ.ж.с.б 11 ғасырдың басында жазған. Ол кітаптың кіріспесінде сөздерді кеңінен түсіндірген əртүрлі кітаптарды оқығаннан кейін парсы тілінің қиын əрі сирек қолданылатын сөздерін жинап, кітап жазуға шешім қабылдағанын жазған. Ол кітаптың қысқа жəне қосымшадан ада болуын көздеген.

«Сүлеймен сүрмесі» – парсы тілінің сөздігі. Онда мысал ретінде дəлелдер келтірілмеген, тек сөздердің мағыналары мен түсіндірмесі берілген. Сөздердің тəртібі бірінші жəне соңғы əріп пен 32 əріп негізінде жасалған. Бұл кітапта мағынасы жазылған сөздердің саны – 5850. Бұлар – парсы тілінде сирек қолданылатын терминдер мен сөздер. Олар парсы прозасы мен поэзиясының алғашқы ғасырларында қолданылған, бірақ кейін ұмытылған. Кейбір  адам аттарын, елді мекендерді, өзендер мен тауларды, қалаларды, өсімдіктердің атауларын, кейбір терминдер мен сөз тіркестерін қамтиды. Автор əрбір сөздің əртүрлі мағыналарын келтіруге, бір сөзде жасырынған əртүрлі қырларды айтуға, сондай-ақ, бір сөздің əртүрлі жазылу тəсілі мен синонимдерін келтіруге талпыныс жасаған. 

"Сүлеймен сүрмесі" сөздігінде парсы тіліндегі сөздерден басқа араб, үнді, түркі жəне ежелгі грек тілдеріндегі  бірқанша сөздер мен аздап белгісіз сөздер бар. Аухеди бұлардың бəрін парсы сөздері санаған. "Сүлеймен сүрмесі" Мұхаммад Хосейн бен Халаф Табризидің "Бұрхан-е қате" атты құнды сөздігінің негізгі дереккөздерінің бірі болды.