Там 06, 2018 19:21 Asia/Almaty

Мұхаммад ибн Жарир Табари – х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүріп, Табари тарихы және "Маджма ул-Байян" сияқты маңызды туындылар жазып қалдырған ирандық танымал тұлғалардың бірі.

Айтып өткеніміздей, тарихшы әрі Құран Кәрімнің ұлы тәпсіршісі Абу Джафар Мұхаммад бен Жарир Табари х.қ.ж.с.б. 224 жылы (сәйкесінше х.ш.ж.с.б. 218 жылы) Иранның солтүстігінде орналасқан Амол қаласында дүние келген. Зеректігінің арқасында сол қалада ғылымдардың бастамасын жылдам меңгеріп, 12 жасынан бастап әкесінің ынталандыруымен білімін толықтыру үшін сапарға аттанды. Табари білім алу жолында Рей, Бағдад, Шам мен Мысыр қалаларында біраз тұрып, философия, фикх пен хадис бойынша сол қалалардағы атақты ұстаздардан білім алған. Ол ақырында Бағдадта тұрақтап, өмірінің соңына дейін сонда болған. Табари Бағдадта фикх, тарих пен хадис бойынша білімін толықтырумен қатар, шәкірт тәрбиелеп, өзінің құнды туындыларын, соның ішіндеТабари тарихы және Құран Кәрім тәпсірін жазды. Абу Джафар Мұхаммад ибн Жарир Табари х.қ.ж.с.б. 310 жылдың шаууал айының 26-ы, сенбі күні кешке  Бағдадта көз жұмды. Ол жексенбі күні өз үйінде жерленді.

Мұхаммад ибн Жарир Табари

Абу Джафар Мұхаммад ибн Жарир бен Язид Табари – Ислам дәуіріндегі атақты тарихшылардың бірі. Оның басты жұмысы фикх болған. Осы салада басқа ғылым салаларынан көбірек танымалдыққа ие болған. Өйткені Ибн Надим өзінің "әл-Феһрест" (Тізім) кітабында оны Малек, Шафеи және Давуд бен Ала сияқты факихтердің қатарына қойған, ал тарих бөлімінде оның атын атамаған. Табаридің туындылары оның хадистерді жинаудағы жұмысының ауқымды болғанын көрсетеді. Оның ең маңызды туындылары тәпсір мен тарих салаларында жазылған. Ол ұзақ сапар барысында хадис жинап, өзінің мықты есте сақтау қабілетінің арқасында соларды көптеген кітаптар мен трактаттарда келтіріп, сақтаған.

Мұхаммад ибн Жарир Табаридің ғылыми еңбектерінің бірі болып табылатын "Тахзиб ул-Асар" кітабында ол хадистерді жинаумен қоса, рауаяттар жайлы пікір білдіріп, белгілі бір деңгейде өзінің фикхтік тәуелсіздігін дәлелдеді. Тіпті кейбір жағдайларда шиіттермен пікірлес болған. Сондықтан кейбіреулер оны діннен безген санаған. Табари өз еңбектерінде айналасындағы ғылыми тақырыптарға да көңіл аударып отырған. Біреулер Ғадир хадисін теріске шығарғанын естігенде осы хадистің жету жолдары жайлы үлкен кітап жазған. Көптеген сүннит тарихшылар мен хадисшілер, соның ішінде Захеби бұл кітапты көріп, оны көлемді еңбек деп атаған.

Табари ислам өркениетінің күш-қуатын адамзат тарихында көрсету үшін қажет әрі жеткілікті дайындық бар кезінде өмір сүрді. Бұл дәуірде мыңдаған ойшыл ислам таралған елдердің түкпір-түкпірінде ғылымның әртүрлі салаларында білім алып, зерттеумен айналысып жатқан еді. Осының барлығы ислам өркениетінің алтын ғасырының туындауына жағдай жасады.

Ғылым салалары арасында хадис ғылымы фикх, тәпсір, саясат, тіпті тарихты да байытып, діни ғылымдардың өзегі саналған ең тартымды ғылымдардың бірі болды. Бағдад, Куфа, Басра, Шам, Мысыр, Рей, Нишапур мен басқа да жерлердің діни орталықтары ислам мен мұсылмандардың діни мәдениеті мен идеологиялық мұрасын сақтап, көбірек хадис пен толығырақ мағлұмат алу үшін бір қаладан екінші қалаға сапар шегіп отырған хадисшілерге толы болған.

Осы арада көбінесе географиялық аймақ пен бұрынғы факихтердің ықпалынан туындаған  көптеген фикх және тәпсір мектептері өз ойлары мен хадис пен фикхтік негіздерін тарату үшін кең түрде кітаптар мен трактаттар жазуға бет бұрған. Ондаған "моснад" (айтушысы сахабаға дейін жеткізілген, негізі пайғамбардан алынған кітап), "мосаннаф" (имамдардың сөздерімен бірге автордың да сөзі келтірілген кітап), "сонан" және "сахих" (сүнниттер қабылдайтын алты хадис кітабы) және тағы да  басқа кітаптар жазылды. Әрбір фикхтік мазхаб басқаларды басып озып, көбірек хадис жинауға талпыныс жасаған, ұстанушыларының санын арттырып, өздеріне тән идеологияны таратуға тырысқан. Осы аралықта мазхабтар мен мектептер арасында фикх пен идеология саласында туындаған текетірес ойшылдардың ғылыми еңбектерінде шешуші рөл атқарған. Шектеулер туындап, әртүрлі фикхтік және сенімдік сюжеттер көтерілген соң ойшылдар зерттеу мен салыстыру үшін белгілі бір үрдісті ұстауға мәжбүр болған. Ибн Надим өзінің "әл-Феһрест" атты кітабында 130-дан астам еңбекті атаған.

Мұхаммад ибн Жарир Табари көптеген еңбек жазған ойшылдардың қатарына жатады. Оның барлық туындыларын таныстыруғабағдарламаның аясы тарлық етеді. Яқут Хамави "Маджма ул-Удаба" атты кітабында Табаридің еңбектеріне библиографиялық сипаттама берген. Оның Табаридің еңбектері деп атағандарының қатарына мыналар жатады: "Джаме ул-байян фи тафсир ул-Құран", "әл-Фасл бейн әл-Қерае", "Табари тарихы", сахабалар мен табеиндердің өмірін баяндауға арналған "Зил әл-Мазил", үлемдердің фикхтік ойларын егжей-тегжейлі баяндауға арналған "Ехтелаф-е улама әл-амсар фи ахкам шарауе ул-ислам" кітабы және т.б. Алайда сақталып, бізге жеткен еңбектер өте аз. Брукелман мен Фуад Сезгин де өзінің еңбектерінде Табариден қалған кітаптар мен олардың қолжазба нұсқалары жайында сипаттама берген.

Life Story кітапханасындағы Табаридің тәпсірі (Джаме ул-Байян) ағылшын тілінде

Барлық еңбектердің арасында оның ең танымал екі еңбегінің бірі тәпсір ғылымы саласында жазылған "Джаме ул-Байян" деп аталады, екіншісі тарих ғылымы саласындағы "Тарих ул-Ресол уа әл-Умум уа әл-Мулук" деп аталады. Бұл екеуі Табариге теңдессіз танымалдық сыйлады. "Табари тарихы" деген атпен әйгілі "Тарих ул-Ресол уа әл-Умум уа әл-Мулук" еңбегі әлем тарихы және ислам тарихы деген екі бөлімнен тұрады. Жалпы тарих жаратылыстың басталуынан б.з. 302 жыл аралығын қамтиды. Бұл еңбектің жазылған жылдары нақты мәлім емес. Бірақ айғақтар мен Табаридің сөзіне қарағанда "Құран тәпсірі" кітабынан кейін, яғни х.қ.ж.с.б. 290 жылдан бастап жазылған. Табари тарих туралы кітабын жазуда діни және фикхтік тұлғасына байланысты діни, саяси және фикхтік көзқарастардың ықпалында болғаны айқын.  Табари тарихы мағлұматтардың орасан зор қоры болып табылады және әлемдегі ең көне жалпы тарихтардың бірі саналады. Алайда Табаридің діни теологиялық көзқарастары мен діни сенімдерінің кітапқа әсері кейбір сыншылардың оны тарихты баяндауда бейтарап емес деп айыптауына себеп болды. Табари өз заманында поэзия мен проза саласында да танымал болған. Осы әдеби талғам бұл еңбектің әдеби жауһар ретінде қаралуына себеп болды. Табаридің осы кітапты жазудағы мақсаты әлем тарихын жаратылыс басталғаннан өз заманына дейін баяндау болған.

Табари тарихы