Иранның танымал тұлғалары (153)
Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, Мұхаммад ибн Жарир Табари жайлы сөз қозғаймыз.
Айтып өткеніміздей, тарихшы әрі Құран Кәрімнің ұлы тәпсіршісі Абу Джафар Мұхаммад бен Жарир Табари х.қ.ж.с.б. 224 жылы (сәйкесінше х.ш.ж.с.б. 218 жылы) Иранның солтүстігінде орналасқан Амол қаласында дүние келген. Зеректігінің арқасында сол қалада ғылымдардың бастамасын жылдам меңгеріп, 12 жасынан бастап әкесінің ынталандыруымен білімін толықтыру үшін сапарға аттанды. Табари білім алу жолында Рей, Бағдад, Шам мен Мысыр қалаларында біраз тұрып, философия, фикх пен хадис бойынша сол қалалардағы атақты ұстаздардан білім алған. Ол ақырында Бағдадта тұрақтап, өмірінің соңына дейін сонда болған. Табари Бағдадта фикх, тарих пен хадис бойынша білімін толықтырумен қатар, шәкірт тәрбиелеп, өзінің құнды туындыларын, соның ішіндеТабари тарихы және Құран Кәрім тәпсірін жазды. Абу Джафар Мұхаммад ибн Жарир Табари х.қ.ж.с.б. 310 жылдың шаууал айының 26-ы, сенбі күні кешке Бағдадта көз жұмды. Ол жексенбі күні өз үйінде жерленді.

«Табари тарихы» деген атпен танымал "Тарих ул-Ресол уа әл-Умум уа әл-Мулук" – Иранның танымал тарихшысы Абу Джафар Мұхаммад бен Жарир бен Язид Табаридің еңбегі. Бұл еңбек өзінен кейінгі туындылардың көбі үшін дереккөзі болды. Бұл кітап егжей-тегжейлігі, көнелігі және автордың ерекше тәсіліне байланысты беделді әрі бірегей еңбек саналады.
Ислам тарихын жазу сөздігінде екі тәсілге басқалардан көбірек көңіл аударылған: біріншісі – тарихты тақырыптар негізінде, екіншісі – тарихты хронология бойынша жазу. Исламдық тарих жазу мектептері пайда болған алғашқы ғасырларда осы екі көзқарас басым болған. Сүннет пен хадиске сүйенген «Ахбариун» деген атпен танымал топтың пайымдауынша, тарих болжам жасағанда ешқашан өзінің діни миссиясын ұмытпауы керек, керісінше әрбір сәтте пайдалы ғылым ретінде тәпсір мен хадис ғылымдарына көмектесуі керек. Басқа топтың сенімінше, тарих – болашақ адамдарға пайдалы, материалдық ғылымдардың бір бөлігі болғандықтан шара ойластыруда тиімді құрал ретінде қолданылуы тиіс тәжірибелердің тізбегі. Мұсылмандар мен сол заман қоғамындағы осы екі топ жақтастырының ойлау жағдайын назарға алсақ, Табаридің тарих жазуды өзіне ғана тән тәсілмен бастағанын көруге болады. Бұл тәсіл кейін тарихшылардың көбі тарапынан қолданылды.
Табари тарих кітабын жазу үшін көбінесе х.қ.ж.с.б. 1 ғасырдың алғашқы жартысы мен 3 ғасырдың бірінші жартысына дейінгі (х.қ.ж.с.б. 50-250 жылдар) жазба еңбектерді пайдаланғанымен өз замандастарының еңбектерін қолданбаған. Марқұм доктор Садеқ Айиневандтың пікірінше, Табари дереккөздерін көбінесе Ирактан алған, өйткені ол сол елде көп өмір сүрген. Сонымен қатар Бағдад оқиғалар айналысы тұрғысынан ислам әлемінде маңызды рөл атқарып, Умави заманында наразылық пен күрестің ошағы болған. Абу Мұханнаф, Аване бен Хокм және Сейф бен Омар Табаридің өз тарихын жазуда қолданған «Ахбаруин» тобының үш мүшесі болып табылады. Айиневандтың пікірінше, Табари осы рауаятшылар мен басқа адамдардан келтірген мағлұматтарды алдымен жинап, топтастырып, таңдап, саралап қолданған.
"Табари тарихы" еңбегі негізінде тарихи ақпараттарға қатысты. Бірақ оқырман оның парақтарында әдет-ғұрыптың мол қорымен кезігеді. Ол жетілген әрі мықты тілмен баяндалған әртүрлі рауаяттарды жинастырған. Табари жаратылыс пайда болғаннан өз өмірінің соңына дейінгі жалпы тарихты жазуда көптеген адамдардың жазбаларын пайдаланған. Қазіргі зерттеушілердің көзқарасы мен жүргізілген зерттеулер тұрғысынан кейбір еңбектер мен адамдардың тиісті беделге ие болмауы табиғи нәрсе. Кааб ул-Ахбар және Абдулла Салам сияқты адамдар Табаридің кітаби дереккөздер мен көптеген еврей дәстүріне қатысты діни әдебиеттер алған дереккөздері болып табылады. Бұл аталмыш еңбектің беделіне аздап нұқсан келтірді. Осы аталған аз ғана адамның жанында Табари тарихында Вақеди сияқты беделді адамдардың еңбектерінің қолданылғанын естен шығармау қажет. Сол себепті оның тарихы ең беделді әрі ең көп қолданылатын тарихи кітаптардың қатарында тұр. Табари тарихындағы маңызды жайт – автордың Умави үкіметіне жақтаспауы. Табари кітабын х.қ.ж.с.б. 3 ғасырдың екінші жартысында жазды. Тарихшылардың айтуынша, ол заманда Умави үкіметінде жағдай ушығып тұрған еді. Табари үкіметке бағынатын фикхтік мектептер мен мазхабтардан тәуелсіз мектеп иесі әрі факих болғандықтан әрбір тарихшы үшін асыра сілтеушілік пен жақтастықтан бойтартқан.

"Табари тарихы" еңбегі «жаһан тарихы» және «ислам тарихы» деген екі негізгі бөлімнен тұрады. 13 томның екеуін алып жатқан жаһан тарихы бөлімінде Табари жаратылыстың басталуы, Адам ата мен Хауа ананың жерге түсуі, Әбіл мен Қабылдың хикаясын баяндаған. Содан соң хазірет Нұхтан бастап соңғы пайғамбар хазірет Мұхаммадқа (с.ғ.с.) дейінгі пайғамбарлардың тарихына тоқталған. Табари осы тақырыптардан кейін үмбеттердің тарихын жазып, Иран тарихында Манучехрдің заманынан Хосроу Парвизге дейінгі тарихты баяндаған. Содан соң Зиқар мен Йездигерд бен Шахрияр жайлы айтып, Бәни Исраил туралы сөз қозғаған. Рим патшалары мен христиандықтың басталуы жайында нақыл еткен. Содан соң Ад, Самуд, Тасм, Джирждис, Джархам мен Йемен патшалары және арабтың кейбір танымал тұлғалары жайлы сөз қозғаған. Осы бөлімнің соңында Исламның ұлық пайғамбары Мұхаммад бен Мұстафаның (с.ғ.с.) ата-бабасына набовват-пайғамбарлық заманының бастамасы ретінде тоқталған. Бұл бөлімде жыл бойынша тәртіп жоқ. Табаридің басты назары тақырыптардың тарихи орны мен маңыздылығына аударылған. Алайда тақырыптарды реттеуде хронология сақталынған. Табари бұл кітаптағы мақсатының шахтар мен пайғамбарлардың тарихын жазу және тарих пен уақытты күн мен түндей айқындау екенін айтқан. Сол себепті ол кітабын уақыт пен оның болмысы, адам жаралғаннан бергі оның көлемі жайлы сөз қозғап, дереккөздерінің егжей-тегжейлі мағлұматтарын келтіргеннен кейін әртүрлі діндер мен ұлттардың наным-сенімдері мен зәртушттердің пікірлеріне тоқталған.

Табари жаратылыс пен адам баласының жерге таралуы туралы бөлімінде Ислам пайғамбарынан хадистер келтіріп, оларды растау үшін Құран Кәрімнен аяттар жазып, түсініктеме берген. Ол осы тақырыпта бұл кітаптағы басқа тақырыптардан көбірек өзінің жеке көзқарасын баяндаған. Табари жаратылыс дастаны мен Бәни Исраил пайғамбарларының тарихын көбінесе мұсылман рауаятшыларының сөзі мен Құран аяттарына сүйеніп жазған. Бұл бөлімде діни сипаттағы тақырыптар қозғалған. Кітап иелерінің кейбір көзқарастары мен сенімдері Вахаб бен Мұнабба сияқты рауаятшылар арқылы берілген. Табари, сондай-ақ, ирандықтардың жаратылыс жайлы сенімдері мен кейбіреулердің Киумарсты алғашқы адам санағаны жайлы баяндаған. Табари кітаптың бірнеше жерінде әлемдегі барлық ұлттардың арасынан неліктен Иран шахтарының тарихын ғана жазғанын түсіндіріп өткен. Оның айтуынша, басқа ұлттарда нақты тарих пен үздіксіз патшалық болмаған, сондықтан тарихты олардың патшалық еткен дәуіріне негіздеуге болмайды. Иран тарихын жазу туралы айтқанда Табаридің жеке көзқарастарымен қоса, Иран тарихының Ислам тарихымен сабақтасып жатқанына көңіл аудару керек. Табари Иран тарихы бөлімінде өзі қолданған дереккөздерін атамаған, тек «хабардарлар, парсы ойшылдары» деген сөздермен шектелген.
Табари тарихын басқа тарихтармен салыстырғанда оның Иран тарихы, әсіресе Александр жайлы баяндайтын бөлімінде тек ирандық дереккөздерін пайдаланғанын байқауға болады. Табари тайпалардың билеушілері жайында сөз қозғағанда Ашкани патшаларының есімін оларға ешқандай түсіндірме берместен келтірген. Басқа дереккөздерінде кездесетін Ашканилер мен Александрдың орынбасарлары жайлы мағлұматтар Табаридің рауаятында жоқ. Табаридің Сасанилер тарихы туралы рауаяты оған дейінгі дәуірлермен салыстырғанда ауқымдырақ жазылғандықтан тарихи оқиғаларға кепілдігі айқын байқалады. Бірақ онда да шындықтан тысқары оқиғалар келтірілген. Табари бұл бөлімде өзі қолданған дереккөздерін атамаған. Тек мұсылман рауаятшылардан алған жағдайда ғана олардың есімдерін келтірген.

Табари рауаяты оқиғалардың тәртібі бойынша басқа дереккөздеріне сәйкес келеді. Мұның өзі ислам тарихшыларының Иран тарихын жазуда ортақ ирандық дереккөздерін пайдаланғанын көрсетеді. Табари тарихындағы Сасанилер бөлімінің кітаптың басқа бөлімдерінен негізгі айырмашылығы дереккөздерінің алуандығы және тақырыпты салыстырмалы түрде нақты әрі егжей-тегжейлі баяндауы болды. Осы тұрғыдан "Табари тарихының" Сасанилер бөлімі сол замандағы тарихтардан көш ілгері. Мұнымен қоса, Табари әдеби жанрда жазылған дереккөздерді қолданудан бас тартқан. Соның ішінде Хосроу Парвиз сияқты патшалардың жеке өмірі мен сарай маңындағылар туралы кейбір тарихтарда берілген хикаяттарды қолданбаған. Табари Йемен тарихында, Таба-Йемен патшалары дастаны мен Ардашир Бабакан заманында әл-Хазр (Хатра) қамалын басып алу дастаны, Хосроу Парвиз заманында Иран патшалығының құлдырау белгілері мен себептерін діни тұрғыдан түсіндіруде әртүрлі исламдық рауаяттарды көп қолданған. Алайда мұсылмандардың жеңісімен тұспа-тұс келетін Сасанилердің соңғы патшаларына қатысты исламдық рауаяттарды пайдаланбаған. Мұның себебі жеңістер туралы мағлұматтар әртүрлі дереккөздерінен алынғандықтан көп жағдайда бір-біріне қарама-қайшы көзқарастар мен пікірлерден тұрады.