Қыр 13, 2018 16:09 Asia/Almaty

Бүгінгі бағдарламада Мұхаммад ибн Жарир Табаримен таныстыруды аяқтаймыз.

Айтып өткеніміздей, тарихшы әрі Құран Кәрімнің ұлы тәпсіршісі Абу Джафар Мұхаммад бен Жарир Табари х.қ.ж.с.б. 224 жылы (сәйкесінше х.ш.ж.с.б. 218 жылы) Иранның солтүстігінде орналасқан Амол қаласында дүниеге келген. Ол зеректігінің арқасында сол қалада ғылымдардың бастамасын жылдам меңгеріп, 12 жасынан бастап әкесінің ынталандыруымен білімін толықтыру үшін сапарға аттанған. Табари білім алу жолында Рей, Бағдад, Шам мен Мысыр қалаларында біраз тұрып, философия, фикх пен хадис бойынша сол қалалардағы атақты ұстаздардан білім алған. Ол ақырында Бағдадта тұрақтап, өмірінің соңына дейін сонда болған. Табари Бағдадта фикх, тарих пен хадис бойынша білімін толықтырумен қатар, шәкірт тәрбиелеп, өзінің құнды туындыларын, соның ішінде Табари тарихы мен Құран Кәрім тәпсірін жазды.

Абу Джафар Мұхаммад ибн Жарир Табари х.қ.ж.с.б. 310 жылдың шаууал айының 26-ы, сенбі күні кешке  Бағдадта көз жұмып, жексенбі күні өз үйінде жерленді. Сонымен қатар,  Табаридің танымал әрі құнды екінші туындысы – Құран Кәрімге жазылған тәпсірі. Тәпсір тарихының классикалық дәуірі деп танылған Табари заманында оған дейінгі кезеңмен салыстырғанда көбірек еңбектер жазылды. Табари тәпсірі солардың көш басында тұр. Табари өзінің тәпсірінде  әртүрлі көзқарастарды баяндап, оларға сыни пікір жазып, соңында біреуін таңдайтын болған.

Абу Джафар Мұхаммад бен Жарир Табари

Абу Джафар Мұхаммад бен Жарир Табари Құран Кәрім аяттарын тәпсірлеуде белгілі бір үлгі мен жолды ұстанған. Өзінің тәсілі негізінде әрбір аятты тәпсірлеуде сол жолды жүріп өткен. Ол таңдаған үлгі мынадай: әрбір аятты келтіргеннен кейінгі бастапқы бөлімде сол аятты тәпсірлеуге қатысты өз  көзқарасын, оны оқудың әртүрлі қырын, содан соң бар болған жағдайда оның түсірілу себебін баяндайды. Виктория университетінің исламдық зерттеулер пәнінің ұстазы Эндрью Риппиннің пікірі бойынша, "түсірілу құндылығы" деген термин бірінші рет Табари тарапынан қолданылуы мүмкін. Табари содан соң құжаттардың тізімін толық баяндап, сол аятқа қатысты рауаяттарды келтіріп, асқан шеберлікпен оларды сынап, ақырында өзінің пікірін көп жағдайда өте қысқа жеткізеді. Құранның алғашқы сүрелерін тәпсірлегенде ол аяттың бір бөлігін ғана назарға алып, алға жылжыған сайын аятты толық тәпсірлеген, ал соңғы сүрелерде бірнеше аятқа түсіндірме берген.

Табари әрбір аяттан кейін берген бөлімде көбінесе аяттағы қиын сөздер мен терминдерді түсіндіріп, көзқарасын баяндау үшін Құранның басқа аяттарын, жәһілдік заманындағы өлеңдер мен арабтың лексика, морфология мен риторика ілімдерін пайдаланған. Бұл тәсіл, яғни арабтың жәһілдік заманындағы өлеңдерін пайдалану Табариге дейін де кең таралған.

Доктор Пьер Хистің пікіріне сәйкес, бұл бөлімдегі Табаридің тәпсірлік көзқарастары оның Құран аяттарын тәпсірлеудегі тәсілінің сөзтану болғанын көрсетеді. Ол тәпсірлеуде сөздердің мағынасын баяндауды мақсат тұтқан. Доктор Хис Табари кейбір аяттарды тәпсірлеуде тарихи рауаяттарды қолдану арқылы өз тәпсірін сөздерді талдау деңгейінен тарихи деңгейге көтере алған деп санайды.

Табари тәпсірлік рауаяттарды баяндау бөлімінде әрбір аятқа қатысты рауаяттарды дәлелдерінің біркелкілігі негізінде классификациялаған. Осы ерекше тәртіп оған оқырманның ойын аят жайлы дәстүрлі түсініктен басқа түсінікке қарай бағыттауға көмектескен. Табари, сондай-ақ, осы нақты классификацияны ұсыну арқылы өз кітабының рауаяттардың бейберекет базарына айналуына рұқсат бермеген.

Табари тәпсірі

Табари рауаяттарды баяндау бөлімінде әртүрлі елдерге жасаған ұзақ мерзімді сапарларында алған ауқымды білімін, араб тілін, Құран Кәрім мен тарихты рауаяттарды сынау үшін пайдаланған. Табари теологиялық мәселелерді қамтыған ахкам мен аяттардан кейін әртүрлі мазхабтардың  фикхтік және теологиялық ұстанымдарын келтіріп, оларды сынап, ақырында өзінің көзқарасын баяндаған. Табари тәпсірінің осы бөлігінде кейде кейбір әлсіз рауаяттар да ешбір сыни талдаусыз берілген. Табаридің бүкіл еңбектегі нақтылығын назарға алғанда осындай әлсіз тұстар зерттеушілер мен сыншыларды таңқалдырады.

Табари еңбектерін зерттеушілердің ойынша, көптеген рауаяттардың арасынан дұрыс көзқарасты таңдап, соны баяндау оның методологиялық негіздерінен бастау алатын принципке бағынады.  Табари дұрыс рауаятты таңдауда бірнеше  маңызды жайтты назара алады: біріншіден, үлемдер сол рауаятты бірауыздан растауы керек; екіншіден, егер сөзтанушылар мен тәпсіршілердің көзқарасында рауаятқа қатысты айырмашылық болса, Табари тәпсіршілердің ойын сөзтанушылардың пікірінен артық санайды. Үшіншіден, Табари аяттың сыртқы мағынасын, одан бас тарту үшін Құран немесе рауаяттан дәлел келтірілмесе, қабылдаған. Тура осы жайт кейбіреулердің оны «захери»-«сыртқы» мазхабына жатады деп санауына себеп болған.

Тәпсірлік рауаяттарды баяндаудағы Табаридің қолданған дереккөздері туралы Яқут Хамави сияқты алғы буын өкілдерінің еңбектерінен мағлұматтар табуға болады. Алайда автордың өзі қолданған дереккөздеріне сілтеме жасамағандықтан, бұл жөнінде нақты ештеңе айта алмаймыз. Табари тәпсірінде қолданылған құжаттарға сәйкес, Табари х.қ.ж.с.б. 50 және 250 жылдар (670-864 жылдар) аралығында әртүрлі ғылым салаларында жазылған  шамамен 50-100  еңбекті пайдаланған, ал өз замандастарының еңбектеріне көңіл бөлмеген деп айтуға болады. Табаридің осынша көп дереккөзін пайдалануы Купер сияқты кейбір шығыстанушылардың оны тәпсірші емес, тәпсірлік еңбектің жазушысы деп атауына себеп болды. Сонымен қатар оның дереккөздерінің көбі жазбаша және тәпсірлеу тақырыптарында болғандықтан, оның құжаттарының көбі сахабалар мен табеиндермен аяқталады. Пайғамбарға жеткен құжаттарды өте сирек кездестіруге болады. Сол себепті исраилият оның кітабына енгізілген.

Табари тәпсірі жазылғаннан кейін-ақ сол замандағы ғылыми ортада танымалдыққа ие болды. Ибн Надимнің осы тәпсір жазылғаннан аз ғана уақыттың ішінде оның екі нұсқасының Яхия бен Ади (х.қ.ж.с.б. 363 жылы, 974 жылы) тарапынан басқа ислам елдеріне сату үшін жасалғанын жазуы осы сөзіміздің дәлелі бола алады. «Табари тәпсірі» деген атпен танымал «Джаме ул-Байан» кітабының танымалдығы мен ислам әлемінің басқа жерлеріне таралуы кейінгі ғасырларда жалғасын тапты. Әртүрлі ғасырларда әралуан дереккөздерінің осы еңбектің артықшылығына меңзеуі және кейінгі ғасырларда ислам әлемінің әртүрлі жерлерінде осы кітапқа жасалған қысқа мазмұндамалар тақырыпты айқынырақ ашып береді.

Тәпсір тарихының әртүрлі кезеңдерінде, әсіресе классикалық дәуірде жазылған тәпсірлердің арасында Табари тәпсірінің көрнектілігінің басты себебі оның тәпсірлік рауаяттардың энциклопедиясы болуымен қатар әдетте рауаятталған тәпсірлердің қатарына жатқызылады. Рауаяттарды сынау жай ғана тәпсірлеу дәуірінің аяқталуына себеп болды. Осы мәселе мен Табаридің тәпсірлік рауаяттарды кең көлемін жинауы «Джаме ул-Байан»  еңбегінің мазмұн тұрғысынан өте бай, тәсіл тұрғысынан одан кейінгі маңызды тәпсірлік еңбектердің қалыбы үшін тиімді үлгіге айналуына себеп болды.

Сыншылар мен зерттеушілер әртүрлі ғасырлардағы ислам ойшылдары арасында осы еңбектің маңызды әрі танымал болуының көптеген себептерін атаған. Біріншіден, Табари тәпсірі 38400 рауаят келтіру арқылы өзіне дейінгі тәпсірлік оқиғалардың әрбір сәтін баяндаған.  Шын мәнінде, бұл еңбек өзінің құрамына жоғалып кеткен көптеген еңбектерді енгізу арқылы оларды қайта құрастыруға немесе олар жайлы пікір білдіруге  қолайлы дереккөзіне айналды. Басқа жағынан, автор ғылымның әртүрлі салаларын, соның ішінде Құранға қатысты ілімдерді пайдаланғандықтан өз заманындағы сол салалардағы данышпандардың ой-пікірлерін келтірген. Оның кітабы сол замандағы аталған ғылым салаларының жағдайынан хабар алу және сол дәуірдегі идеологиялық ағымдарды тану үшін құнды дереккөзі болып саналады.

Табари Құрандағы қиссаларға қатысты кейбір аяттарды тәпсірлеуде кейбір исраилдық рауаяттарды ешбір сыни талдаусыз пайдаланған. Бұл кейбір сыншылардың оның еңбегіне сын айтуына себеп болды. Алайда, сол заманда исраилдық рауаяттарды пайдалану кең таралған еді. Мұндай рауаяттарды тәпсір  және хадиске қатысты басқа да мәтіндерден кездестіруге болады. Хариридің пікірінше, исраилдық рауаяттарды пайдалану Табариға Құрандағы бір сөздің мағынасын ашу үшін жәһілдік заманның өлеңдерін пайдалану сияқты болған, әрі тек аяттардың мазмұнын растау үшін қолданылған.

Табари тәпсірінің ислам мәдениеті мен шығыстанушылар арасындағы ерекше орны  оған қатысты әралуан істердің атқарылуына себеп болды.