Қаз 05, 2018 13:44 Asia/Almaty

Топтамамыздың бүгінгі бөлімінде имам Садықтың (ғ.с.) өмірімен таныстырамыз.

Қымбатты оқырмандар, бүгінгі бөлімді жетекшіліктің алтыншы жарық жұлдызы имам Джафар Садықтың (ғ.с) өмір жолына арнаймыз. Бағдарламамыз көңілдеріңізден шығады деп үміттенеміз.

Басқа имамдардың ішінде имам Садықтың (ғ.с) өмір сүрген кезеңі басқа кезеңдермен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылыққа ие болды. Себебі, ол хазірет өмір сүрген кезеңінде саяси, мәдени және әлеуметтік тұрғылардан үлкен дағдарыстармен бетпе-бет келді. Саяси тұрғыдан шәһидтердің көшбасшысы Хосейн ибн Әли (ғ.с) мазлұмдықпен шәһид болып, жаппай адам өлтіру және тонау оқиғаларынан кейін олардың әулетінің құлдырағанының нышандары айқын байқала бастады. Сол маңызды кезеңдегі басты қиындық Бани Һашем тайпасының рубасылары Мекке мен Мединенің арасында орналасқан Абуа атты мекенде жиналып, құпия жиналыс өткізуі болды. Олардың ішінде имам Хасанның (ғ.с) ұрпақтары, яғни "Абдулла Маһд" деген лақаппен танымал Абдулла ибн Хасан Мұсанна мен ұлдары Мұхаммад пен Ибраһим, пайғамбардың немере ағасы Аббастың ұрпағы – Ибраһим әл-Имам, Абу әл-Аббас Саффаһ, Абу Джафар Мансур мен олардың ағалары да қатысқан.

Абуа мекені

Бұл адамдар өздерінің пайғамбар (с.ғ.с) әулетімен туыстығын көрсетуге талпынып, сол арқылы билікке қол жеткізуді ғана көздеді. Олар қоғамдық пікірді алдау үшін "Біз Мұхаммад әулетінен бір адамды таңдап, билік тізгінін соның қолына тапсырғымыз келеді" деген ұран таратты. Олар осы ұран арқылы имам Садықтың (ғ.с) есімін мүлдем атамай, өздерінің адамын билік басына отырғызуды мақсат етті. Осындай көзқарасқа сәйкес, имам Хасан Моджтабаның (ғ.с) ұрпағы Абдулла Маһд сол құпия жиналысқа қатысуға келген адамдарға: "Ей, Бани Һашем әулеті! Барша сіздерге көз тігіп, қоғамның барлық мүшесі сіздерге үміт артып отыр. Құдайдың рақымымен осы жерде басымыз қосылғандықтан бәріміз менің ұлымның билігін мойындап, оны өзіміздің басшымыз таңдап, Әмәви әулетімен соғысайық",- деді.

Абдулла Маһд сөзінің жалғасында жиналған қауымға: "Уа, халайық! Менің ұлымның "ислам үмбетінің Мәһдиі" екенін білесіздер. Сондықтан, бәріміз оның билігін мойындап, оған адалдық білдірейік» де.

Басында көтерілістің негіздерін дайын емес деп ойлаған Аббас әулеті бастапқыда халықтың көбірек ықыласына бөленген Әли (ғ.с) әулетінен тараған ұрпақтардың бірін ұсынып, билік тізгінін соның қолына ұсынып, сосын оны жолдан ығыстыруды көздеген еді. Сол себепті Мансур Аббаси Абдулла Маһдқа: "Жоқ, сенің ұлың Мұхаммадты "үмбеттің Мәһдиі" ретінде мойындамаймыз, бірақ билігін мойындаймыз. Уа, халайық! Сендер де оның билігін мойындаңдар",- деді. Сонда барлығы бір дауыстан оның рас айтып тұрғанын және "Нафс аз-Закия" деген атпен танымал Мұхаммадтың билігін мойындады.

Абдулла Маһд имам Садықтың (ғ.с) қолдауына ие болып, өз ұлының мансабын сақтап қалу үшін бір топ адамды имам Садыққа (ғ.с) жібереді. Абу әл-Фарадждың айтуынша, Абдулла: "Джафардың соңынан адам жібермеңдер, себебі ол келетін болса, бұл мәселемен келіспейді",- деп айтқан. Ал келесі бір топтың пікірінше, Абдулла мұндай сөз айтпаған. Алайда тарихи деректер мен құжаттарға сәйкес, Абдулла имам Садықтың (ғ.с) көңілін өзіне аударуға қатты ықылас білдірген. Сол себепті хазірет олардың жиынына келгенде орынан тұрып, оған құрмет көрсеткен. Содан соң барлығына айтқан ұсынысын қайталап: "Қазіргі шиеленіскен жағдайға байланысты барша менің ұлымды "үмбеттің Мәһдиі" ретінде танып, оның билігін мойындап отыр. Сіз де оның билігін мойындаңыз",- деп айтқанда имам Садық (ғ.с) ашық түрде: "Пайғамбар (с.ғ.с) уәде еткен, көтеріліске шығатын "ислам үмбетінің Мәһдиі" сенің ұлың емес. Егер өзің солай ойласаң, қателесесің",- деп жауап қайтарып, жиналған қауымға: "Егер сіздер "үмбеттің Мәһдиі" ретінде оның билігін мойындағыларыңыз келсе, мойындаңыздар, бірақ мен олай жасамаймын. Бұл – жалған уәж. Адамзат баласы қоғамының соңғы имамы мен Алланың дәлелі – Мәһди біздің заманда келмейді. Алайда, егер сендер жақсылыққа үндеп, жамандықтан жирендіріп, зорлық-зомбылықпен күресу мақсатында көтеріліске шығуды қаласаңдар, мен де оның билігін мойындаймын",- дейді.

Имам Садық (ғ.с) осындай ашық ұстанымымен пікір білдіргенде жиналған қауым өздерінің теріс көзқарастарына табандылық танытып: "Ол – "ислам үмбетінің Мәһдиі",- деп қуаттайды. Сонда хазірет тағы: "Ондай болса, мен оның билігін мойындамаймын",- дейді. Абдулла Маһд ашуланып, хазірет оған: "Абдулла, саған сенің ұлыңның "үмбеттің Мәһдиі" еместігін айтамын. Біз, «Аһле бейт» кімнің пайғамбардың (с.ғ.с) ізбасары және ислам үмбетінің имамы болуға лайық екендігін және кімнің оған лайық еместігін білеміз. Сондықтан саған тағы қайталап айтамын: сенің ұлың – ислам үмбетінің Мәһдиі емес, он дұшпан өлтіреді»,- дейді. Бұған қарамастан, имам Садық (ғ.с) Абдулла Маһдтың ұлы Мұхаммадты тақуалығы үшін жақсы көретін. Абу әл-Фарадж Исфаһани былай деп жазды: "Хазірет оны көргенде, көзі жасқа толып: "Садағасы болайын. Халық ол жайлы жалған әңгіме айтып, қателесіп, «ислам үмбетінің Мәһдиі» деп ойлап жүр. Алайда оның билігін мойындағандардың бірі өзі билікке қол жеткізіп, оны өлтіреді",- деп айтқан".

Билік басына қол жеткізуді ғана көздеген Аббас әулеті сырттай Абдулла Маһд ұлының билігін мойындап, өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін Куфада «Абусаламе Халал» атты адамды таңдап, қоғамдық пікірді алдау үшін оған "Мұхаммад әулетінің уәзірі" деген лақап ат беріп, «Хорасан» атты ұлан-ғайыр аймақтан «Абу Мослем» деген адамды таңдап, оған "Мұхаммад әулетінің әміршісі" деген лақап ат берді. Абу Мослем билікке қол жеткізуде өзінің басты бәсекелесі болған Абусаламені өлтіруге бел буып, ақырында өз жоспарын жүзеге асырды. Өлімінің алдында билікқұмар адамдардың қолындағы ойыншығы екенін түсінген Абусаламе өз ісіне өкініп, халифаттың басшылығын Аббас әулетінен Абу Талибтың әулетіне қайтарып беру керек деген пікірге келеді. Сол себепті хат тасушы арқылы Мәдинеге барып, имам Садыққа (ғ.с), Абдулла ибн Хасан мен Омар ибн Әли ибн Хосейнге хат жолдап, хат жеткізушіден хатты алдымен имам Садыққа (ғ.с) жеткізуді сұрайды. Егер ол хазірет оның хатында жазғанын қабылдаса, қалған екі хатты жыртып тастауды, егер қабылдамаса, Абдулла ибн Хасанға барып, ол қабылдаған жағдайда үшінші хатты жыртып тастауды сұрайды. Бірақ, егер ол да қабылдамаса, үшінші хатты Омар ибн Әли ибн Хосейнге беруді өтінеді. Бірақ, имам Садық (ғ.с) Абусаламенің хатын оқымастан, бірден отқа өртеп, оның басқаның жолын қуғанын айтып, әл-Күмайт ибн Зайдтың өлеңін оқиды: "Отты тұтандырып, енді басқа адам оның нұры мен жылуын пайдаланып отыр. Отын жинадың, бірақ басқаның арқанының алдына тастадың. Сондықтан оны басқа адам жинап, әкетіп бара жатыр".

Абусаламенің жіберген адамы екінші хатты алып, Абдулла Маһдтың алдына барады. Алайда ол имам Садық (ғ.с) сияқты емес хатты оқып, қатты қуанады. Содан кейін хатты алып, имам Садыққа (ғ.с) барып: "Мынау – Абусаламенің маған жазған  хаты. Ол онда былай деп жазған: «Біздің Хорасандағы барлық шиіттер халифатқа билік пен жетекшілікті қайтаруға әзір екен. Сондықтан менің осы мансапты қабылдауымды сұраған",- дейді. Атақты тарихшы Масуди былай деп жазды: "Имам Садық (ғ.с) оған: "Хорасан халқы біздің шиіттер деп жазатындай қашаннан бері сенің шиітіңе айналған? Әлде Абусаламені Хорасанға билік етуге сен жібердің бе? Сен өзің Хорасаннан бір адамды болсын танисың ба?",- деп айтқан екен". Сонда мұндай сөзді естуді күтпеген Абдулла ашуланып, арсыздықпен хазіретке: "Сен бұл сөзді қызғаныштан айтып тұрсың",- деген екен. Сонда имам Садық (ғ.с) оған: "Құдайдың атымен ант етемін, мен тек жақсылық тілеймін. Абусаламе дәл осы хатты маған да жазды. Мен хатты оқымастан, оны отқа жағып жібердім",- дейді. Абдулла одан бетер ашуланып, кетіп қалады".

Жоғарыда айтылған мәселе мына жайтты баяндайды: билікқұмарлық пен үстірт көзқарасы үшін Һашеми әулетіне үміт артқан Абдулла Маһд бен оның перзенттеріне қарағанда имам Садық (ғ.с) ойы мен саяси түсінігінің тереңдігіне байланысты пайғамбардың (с.ғ.с) немере ағасы Аббас ұрпақтарының алдамшы ұрандармен тек билікке қол жеткізуді көздеп отырғанын, «Аһле бейт» (ғ.с) пен Исламды қорғау үшін ешқашан қадам жасамайтындықтарын өте жақсы білген. Сол себепті билікке қол жеткен сәтте Абумослем секілді жалдамалы адамдарымен қоса, өздерінің барлық қарсыластарын жаппай қырып салған.

Имам Садық (ғ.с) бұдан басқа тағы бір шынайы мәселемен бетпе-бет келіп, жол айрығында тұрды. Себебі, оларды растай да алмады, сондай-ақ, адал жолдастарының болмауы салдарынан көтеріліске де шығып, билік тізгінін де қолына ала алмады. Құрметті оқырмандар, осымен бағдарламамызға берілген уақыт тәмамдалды. Алланың жар болуымен бұл тақырыпты келесі бөлімде жалғастырамыз.